Бірнеше жыл бұрын таңбаға түсіп, әлем тілдеріне аударылған Джим Коллинздің «Жақсыдан Ұлыға» (From Good to Great) атты кітабы заман мың құбылса да, тозбай, толайымен пайдаға асатын еңбектер қатарында.

Автор біршоғыр зерделі зерттеушімен бірге «орта дәрежелі компанияны ұлылыққа жеткізетін не?» деген сұраққа жауап іздейді. Сырттай қарағанда, Fortune 500 тізіміндегі ірілі-уақ фирмалардың бәрі дерлік ғаламат, төңірегінен биік, асқаралы. Алайда, Коллинз кем дегенде 30 жылдық тарихы бар, соңғы 15-20 жыл бойы тұғырдан түспей, ұдайы дамып отырған 11 компанияны ғана «ұлы» деген атқа лайық деп есептейді. Оларды қатарлас, қанаттас ортақолды бәсекелестерімен салғастырып, алдыңғының бағын асырған, кейінгінің берекесін қашырған жағдаятқа назар аударады.

Атаулы кітаптың түйінді тұстарын таратып, төменде беріп отырмыз.

5-інші дәрежелі көшбасшылық (Level 5 Leadership)

Автордың айтуынша, жақсы компанияны ұлылыққа жеткізетін жетекші фактор 5-інші дәрежелі көшбасшы екен. Түймедей жетістігін түйедей қып көрсететін, іскерлік журналдардың алғашқы бетінен түспейтін, даурықпа көп лидердің бірі емес, 5-інші дәрежелі көшбасшы мейлінше қарапайым, томаға-тұйық, тіпті ұялшақ келеді. Оның бойында кішіпейілділік (personal humility) пен кәсіби құлшыныс (professional will) сәтімен тоғысып, біте қайнасады.

Коллинз атаулы тұжырымның дұрыстығын дәлелдеу үшін бір кезде күйреп, құрып барып қайта серпілген, содан үздіксіз дамып, өркендеп отырған бірқатар компанияның дарынды CEO-ларының ортақ болмысына үңіледі. Олардың қолы тізгінге жеткен кезде компаниялары алмағайып, қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан.

Соның бірі – қағаз индустриясында тамыр жіберген, даңқты Кимберли-Кларк (Kimberly-Clark) болатын. Бірқанша жыл қабатынан ойсыраған шығынға ұшырап, құр сүлдесі ғана қалған компанияның басшылығына 1971 жылы мінезі биязы, заңгер Дарвин Смит келеді. Оны ертеден танитын ежеттес достары мен әріптестері мейлінше таң қалған. Сірә, Смит сөзге сараң, ұйымдастырушылық тәжірибесі төмен, көшбасшыға тән айтулы қасиеттерге кенде, қатардағы қаражаяу қызметкер еді. Дейтұрғанмен, ойда-жоқта CEO атанып, үлкен мансапқа жеткен Смит аз-кем емес, жиырма жыл бойы басшылық қызметте болып, банкротқа бір табан жақын тұрған дабыралы компанияны кеселді соқпақтан құтқарып қана қоймай, табысты, даңғыл жолға салады. Уақыт өте келе, Кимберли-Кларктың алапасы айрықша артады, Scott Paper мен Procter&Gamble сынды қарымды бәсекелестерді біржола бұқтырып, алға озғындап шығады.