Шаршы тақта шеберін таққа қондырған 2 аламан

Жасы жиырманың жуан ішіне кірген, дабыралы викингтердің дарынды ұрпағы Магнус Карлсен – әлемді мойындатқан марғасқа шахматшы. 2013 жылы Үндістанның дулы қаласы Ченнайда өткен чемпиондық ойында 46 жастағы Виши Анандты ойсырата жеңіп, Боб Фишер мен Борис Спаскидің 1972 жылғы айтулы ойынынан кейін қалың жұрттың сарыла күткен, ең мақтаулы матчын өз пайдасына шешкен. Өткен жылы Сочиде тап сол Виши Анандты тағы да сан соқтырып, қарсылас шақ келтірмейтін шалымды екенін байқатқан.

Магнустың және бірге туған бауырларының шахматпен ерте шұғылдануына мұрындық болған әкелері екен. Алайда, балаларының үлкен кеңістікте ойлануға шорқақ екенін бұрын аңдаған Хенрик Карлсен оларға көп үміт артпаған, шиыры көп шахматты үйішілік хоббиге айналдырумен шектелген. Көп ұзамай, көреген әке қателескенін кәміл түсінеді. Баласы Магнустің талайы өзгеше ойыншы болатыны бірте-бірте байқала бастайды. Шынында, лего ойындарын талмай құрастырып, өзінен жасы үлкендерге арналған нұсқаулықтарды ақтара оқып, қыруар уақыт жұмсайтын бала құдайдың тегін жаратқан пендесі емес екен. Ілгеріде, шахмат комментаторлары Магнустің елден ерек сабырлылығын, қарсыластың болмашы қателігін тағаттана күтіп, ойынды ұзақ бақылай алатын қасиетін жарыса жазып, жапыра мақтайды.

Білетіндер 8 жасар Магнус әкесі мен әпкесінің «жан алып, жан берген» тартысты ойынынан кейін ерекше толқып, тақа өзгерген айтады. Сол сәттен бастап, кешкі асты бөлек ішіп, шахмат тақтасына ашқарақтана қарауға, алаңсыз зерттеуге көшіпті. Келе-келе ірілі-ұсақ жарыстарға қатысып, сан мәрте қанжығасын майлайды. Шыдамдылығы, жанқияр еңбегі мен тиянақты жаттығулары оны жаңа шыңдарға жетелейді. Тіпті, атышулы Реал Мадрид клубының бірқанша кездесуінде теңбіл допты шірене теуіп, ойынды бастап береді. Атағы асқақтағаны сонша – Time журналы Магнусты әлемдегі ең ықпалды 100 адамның бірі деп айғақтайды.

FIDE_130401_1344-Edit-L

Қандай да кездесуде ұзақ мерзімді жадын қызметке жегетін, 10 000-дай ойынды жатқа білетін Магнус шахматтың алдын-ала жоспарлауға үйрететін қасиетін ерекше бағалайды. Жырынды жеткін шахмат арқылы сабырлы болуды, темірді қызған кезде соғуды көрсеткісі, танытқысы келеді. Play Magnus атты қосымшаны шығаруы да содан.

Әсілі, Mr Confident атанған Магнустың тасын өрге домалатып, жетістікке жетелеп жүрген екі аламанды -сабыр мен уақытты – атақты жазушы, ойшыл Лев Толстой ерте таныған, Кутузовтың да бағын асырып, жеңіске жеткізген осы қасиеттер деп әйгілеген еді.

|

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-жөніңіз:*
E-mail:
Байланыс телефоныңыз:
×