Көшпелі өмір – заман талабы
Технологиялардың жаңа буыны өмірімізді өзгеше қалыптауда. Сымсыз қатынасып, үздіксіз араласып, шалғай өңірлерді ойша шарлап, оп-оңай барлап, көңіл тойдырамыз. Драмматикалық трансформациялар үйде де, түзде де аңдалады. Қарымы ұзын интернет тұрақты жұмыс орнына деген жаппай зәрулікті де азайтып тастады. Істің қай жерде емес, қалай аяқталатыны маңызды боп барады. Зады, бүгінгі тау жыққандай екпінді заман «отырықшыны» емес, «көшпендіні» жарылқайтын сыңай танытуда.

Келешекке қатысты болжам, тұспал жасау қашанда қиын. Анығы ұялы желілер мен гаджеттердің саны еселеп артпақ. Байлаулы мекені жоқ, үнемі қозғалыста жүретін, бар шаруасын орайымен көлікте, пойызда, ұшақта бітіретін іскер адамдар қатары кемелдене бермек. Мұндай цифрлы-номадтардың қарасыны қазір де мол. Тың ой, соны сурет, көңілдің жаңа иірімдерін іздеген жазушылар, төтенше оқиға, бөтенше ақпар қуалаған тілшілер, алпауыт компаниялардың нұсқауымен жер шарлаған инженерлер – бәрі-бәрі цифрлы-номадтар қауымынан.
Әдетте, цифрлі-номадтардың жүгі жеңіл, қаржысы шектеулі. Есесіне, бөтен жұртпен араластығы мол, көңілдері тоқ, көргендері көл. Мұндай өмір салты білім-білігіне сүйеніп жан баққан кәсіби мамандарға аса ыңғайлы, айрықша оңтайлы дер едік. Бір мысалды Джэй Мейстрихтан келтірейік. Ол еңсесі әлі де биік, ал дабырасы алыс-жақынға бірдей жеткен Майкрософт компаниясындағы әйдік қызметін тәрк қылып, бар мүкамалын саудаға салған да цифрлі-номадқа айналып шыға келген. Жиыны 20 елді 45 қаланы шарқ ұрып аралаған екен. Жөнекей неше түрлі стартаптың іргесін қалап, түсімі мол бизнестердің бой көтеруіне себесін, демесін болған. Уақыт оза келе, бар шығынын қайыра санаса, ұзақ сапарға кеткен ақша Сан-Францискодағы пәтерақысынан мейлінше аз боп шыққан.

Қазіргі таңда bootsrapping саласындағы Moo.do жобасының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жырынды Мейстрих номадтық өмір салты бизнес үшін аса тиімді деп дәріптейді. Сірә, шығыны аз, пайдасы зор. Оның базбір түйінді ойларын төменде келтіреміз:
9-5 жұмыс кестесі қолайсыз. Күндізгі уақытымды жұмысқа емес, ел аралап, жұрт тануға жұмсаймын. Күн ұзақ қыдырып, мәнді, тосын дүниелерді іздеймін, ал кеш түсіп, көз байланғанда аяқ-қолды сыбанып жұмысқа кірісемін. Аптаның 7 күнінде де көңіл соққанда ғана жұмыс істеймін. Не деген бақыт десеңші?!
Бір жерге қазық боп қағылғанды ұнатпаймын: Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымды мызғымайтын көршілеріммен табан аудармай бірге өткізгенше, әлемді жалпағынан кезіп, мәндірек тіршілік кешуді артық санаймын.
Іш пыстырып, ұйқы шақыратын дүниеден аулақ жүремін. Қашанда бұрын-соңды аяғым баспаған жерлерді көруге, әр қилы адамдармен танысып, алуан түрлі тәжірибе жинақтауға ынтығып, ұмтылып жүремін. Келте саяхат, шұғыл сапарларға етім үйрене бастағалы, теледидар көруден қалдым, ал видео ойындарына зауқым тіпті соқпайтын болды.
Мейстрих тынымсыз саяхат нәтижесінде қаншама дос тапқан. Олардың өмірі оның идеяларына серпін беріп, таным көкжиегін мейлінше кеңейткен. Жаһандық масштабтағы проблемалардың төркінін түсінуге, ұғынуға септескен.
Ғибрат аларлық адамдар әлемде көп. Базбір қалаларда цифрлы-номадтар бас қосатын коворкинг орындары да баршылық.
Көшпелі өмір және ермелі жұмыс ешқашан мұндай оңай болған емес. Саяхаттау бірте-бірте арзан, ұтымды және шабытқа жел беретін ерекше әрекетке айналып келеді.
алдыңғы мақала | келесі мақала


