КАРЬЕРАНЫ MCKINSEY-ДЕ БАСТАУ – ҚАЛАУЛЫ МҰРАТ

mckinsey-company-hires-mbas

Тегеурінді әлемдік трендтер қандай да индустрияны шайқай бастаса, ақыл айтатын, жол көрсететін фирмалардың дәурені басталады. Мәселен, қаржылық дағдарыс жан-жақтан қысқан қысталаң жылдары менеджмент консультанттары титтей де ұтылмады. Қайта табысы молайып, дабырасы арта түсті. Сырттай қарағанда, бағыт сілтеп ақша табу оңай боп көрінсе де, атаулы салада атаққа шығу, сенімге жету аса қиын. Сірә, қиналысқа түскен үлкен бизнестер тыңнан ақыл қосатын данагөйге емес, айтқанын іске асыра алатын, қиындықтан шындап құтқаратын, сөзі мен ісі үйлес, тәжірибесі мол консультантқа жүгінеді. Ондайларға сұраған ақшасын қиналмай береді. Дағдарыстың зәрі сынған 2011 жылы атақты Bain 17.3%, BCG 14.5%, ал McKinsey 12.4% өсуі содан.

Көп жылдардан бері аудитпен айналысып келген таңдаулы төрттік – KMPG, PwC, Deloitte, Ernst&Young, соңғы жылдары мақтаулы үштіктің – Bain, BCG, McKinsey алдын орап, консультация саласындағы үлес-салмағын арттырып келеді. Көмектің көбі технологияның интеграциясымен байланысты. Сондықтан олар осы салада аз-кем тәжірибесі бар кішігірім фирмаларды сатып алуға барынша ықтиятты боп алды. Бұдан бірқанша жыл бұрын Deloitte атағы шықпаған, шағын Monitor компаниясын бауырына басқанда көлденең жұрт екеуінің жарасты тіршілігіне күмән білдірген. Алайда, мақтаулы үштікпен жарысқа түскен Deloitte жарастықтан бұрын, болашақта пайдаға асар басымдыққа көбірек мән беретінін байқатты. Осындай ниетті PwC-дан аңғаруға болады. Бәсіре бизнестеріне келген қауіпті мақтаулы үштік те мойындайды. Бірақ алға оздырып алмайтынына мейлінше сенімді.

Қызығы, қатерлі қауіп тек жаңа бәсекелестер тарапынан емес, клиенттер жағынан да төніп келеді. Соңғы уақытта кейінгілер айтарлықтай тәжірибелі, әккі боп алды. Бұрнада BCG-да стратегия бөлімінің басшысы болған Индра Нуи кейін PepsiCo-ның тізгінін алғанда консультанттарды қатты қинаушы еді. Бірақ бұл шетін, әредік жағдай-тын. Бүгінгі таңда карьерасын мақтаулы үштікте бастап, кейінде әлдебір компанияның CEO-сы атанған адамдар көптеп саналады. Әрине, ондайлардың көмекке келген консультанттарға талабы жоғары болады.

Бүгінде кареьерасын менеджмент қана емес, инвестиция, заң тарабында конcультация жасайтын алпауыт компанияларда бастағысы келетін жастардың қарасыны мол. The Economist-тің есебі бойынша, әлемдегі ең үздік университеттерді тәмамдаған түлектердің үштен бірі атаулы салаларды таңдайды. Десе де, жұлдызы жарқыраған көп алыптың ішінде МсКinsey-дің шоқтығы биік. Бір ғана дәйек – күні кеше МсКinsey-де жұмыс істеген 440 қызметкер бүгін жылдық айналымы кем дегенде 1 миллиард долларды құрайтын компанияларды басқарып отыр.

МсКinsey – негізі 1926 жылы Америкада қаланған, әлемдік деңгейде консультативтік қызмет көрсететін, тамырлы компания. Сандық, сапалық анализге сүйеніп, асқаралы бизнестердің менеджерлік проблемаларына орнықты шешім іздейтін, тереңнен тартқан стратегия сызатын теңдесі жоқ, гигант. Компанияның сүбелі зерттеулері жалпақ жұртқа да қолжетімді. Үш ай аралатып жарияға шығатын Mckinsey Quarterly корпоративтік журналында жақыннан танысуға мүмкіндік бар. Бүгінде әлемдегі ең озық корпорациялардың 80 пайызы МсКinsey-дің кеңесіне жүгініп, қыруар ақша төлейді.

Сәйкесінше, атағы дабыралы компанияда жұмыс істеуге ұмтылатын жас та, жасамыс та құрақұрым, кейінгі жылдары көбеймесе, азайған емес. Әсілі, МсКinsey жұрағаты нендей проблемалармен айналысады деген сұраққа жан-жақты жауапты Этан Расиелдің «McKinsey Way» атты толымды еңбегінен таба аласыз. Аталған компанияда едәуір қызмет еткен Расиел заманынан озық корпоративтік мәдениетті де егжей-тегжейлі сыпаттайды. Кітапты жіті оқыған ықыласты жан бизнес тарабында маккинсиліктерше ойлануға, күрделі проблемалардан ұтысты шығуға, ұтымды шешімдерді талабы зор клиенттерге түсінікті етіп жеткізуге, McKinsey-ден соңғы еңбек жолын таңдауға қатысты бағалы мағлұматқа қанығады.

Төңірегінен биік McKinsey Fortune тізіміндегі таңдама 500 компанияның түгелге жуығына консультативтік қызмет көрсететіндіктен, өз қызметкерлеріне үлкен талап қоятыны, салмақты жауапкершілік жүктейтіні айтпаса да түсінікті. Болашақ қызметкерлердің дені әлемдік деңгейде білім беретін топ университеттерден және деңгейі айрықша жоғары Бизнес мектептерден құйылады. Іріктеу процессі McKinsey-дің босағасында емес, атаулы оқу орындарының кампустарында басталады. «Болатын баланы» дәріс тыңдап жүрген кезінен байқап, бәсекелестерден бұрын қармап қалуға тырысады. Әлбетте, құрқол жүрмейді, ақысыз ішіп-жем, тәтті сусынның неше атасын өздерімен алып жүреді. Сөйтіп, ашқұрсақ болмаса да, тегін тамаққа үйір студент қауымды қадарынша ұйыстырып, көптің арасынан қабілетті жастарды түстеп-танып алады. Ілгеріде, базбіріне компанияда жұмыс істеу туралы ұсыныс-хат жібереді. Анығы, университет қабырғасын ертеден торуылдау қарекеті өз жемісін толайымен беріп келеді. Қармаққа қапысыз ілген де, ойда-жоқта ілінген де алдағы жылдары компанияның даңғыл жолын одан әрмен ұзартуға атсалысады.

McKinsey-дің негізгі жұртын Harvard, MIT, Oxford сынды айдынды университеттердің түлектері құрайды. Атаулы оқу орындарын бітіріп шығуға жарағандар McKinsey-дегі қытымыр тәртіпке, мерзімі ұзақ іссапарларға, таң бозынан басталып, қараңғы түнге ұласатын жұмыс кестесіне дағдыланып, атан түйе шыдамас ауыр міндетті еңсеріп кете алады деген сенім бар. Атап айтайық, көлденең компаниялар көбінше тәжірибесі шектеулі жандарды шетқақпай қылады. Ал, McKinsey кандидаттың интеллектісіне, машықтарының алуандығына, жалпы кісілік потенциалына айрықша мән береді. Тәжірибе дегенді алдағы уақытта игерілетін үстеме деп біледі. Түсінікті де. Ертең бітіп болмайтын жобалардың отымен кіріп, күлімен шығатын жас қызметкер басқа емес, молынан тәжірибе жинайды. Сондықтан, жігері мұқалмайтын, көңілі тоналмайтын, көзінде оты, кеудесінде үйренуге деген құлшынысы бар талапкер қажет. Кешегі боркемік студент азғана уақытта білімі терең, танымы кең, жүйкесі темір маманға айналып шыға келеді. Қайнауда шыныққан мұндай адам қандай да бір компанияның тізгінін ұстауға тастүйін дайын тұрады.

McKinsey-дің қызметкері атану қол жетпейтін арман емес. Құзар шыңдағы қорғанды қамалды құрсаудың жолдарын түсіндіретін кітаптар көптеп жарық көруде. Мәселен, Келлогг Менеджмент мектебінің профессоры Лорен Ривераның (Lauren Rivera) “Асыл тұқымдылар: Элиталық студенттер қалайша элиталық жұмыстарға орналасады?” атты академиялық зерттеу еңбегі бар. Мұндағы кәделі кеңестер көп жастың бағын көтеруі әбден мүмкін.

«Ең негізгі шарт – алдыңғы қатарлы университеттің бірінде білім алу», -дейді автор. McKinsey-дің шалғыншы тобы осы төңіректі мейлінше ұзақ барлайды. Солайы солай. Бірақ профессор Ривера рекрутинг кезінде сұқбатты өткізетін адамға баса назар аудару қажет деп кеңес береді. Әдетте, консалтинг, инвестмент банкинг немесе заң фирмаларында атаулы функцияны HR бөлімі, я да компанияға пайда әкелетін қызметкерлер (revenue-generating staff) атқарады. Рекрутинг – көбінше сұқбат алушылардың (interviewers) негізгі шаруасы емес, қосалқы міндеттері. Сондықтан олар CV-ге ұзағынан тоқталмайды, атүсті қарайды. Ары кетсе, бір минут. Интервью әдепкі жора бойынша өтеді. Амандық-саулықтан соң, жеке басыңызға қатысты мағлұмат бересіз. Ізінше, жұмыс барысында кездесетін әлдебір қиын мәселені баян етеді де, қандай шешім қабылдар едіңіз деп сұрау салады. Әрине, мұқият ойланасыз, жан-жақты сараптайсыз, алайда жылдам әрі орағытпай, тура жауап берсеңіз үлкен ұтысқа шығасыз. Көпе-көрнеу момындық, томаға-тұйықтық мұндайда бағыңызды байлайды. Көзден от ұшқындап тұрса игі. Және, компанияның ірілігін дәріптейтін бірнеше мақтау сөз қосқаныңыз абзал. Қораш көрінбейді, «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген. Барлық жерде, барлық уақытта өтімді тәсіл.

Профессор Ривера рекрутер тобы басымдықты мінезі жұғымды, компанияның қызметкерлерімен тіл табысуға икемді кандидаттарға береді дегенді де ескертеді. McKinsey сынды қызмет көрсету саласында нәпақа тауып жүрген компаниялар клиенттермен қоян-қолтық араласатындықтан және қызметкерлер көп уақытты бірге өткізетіндіктен (кеңседе кешірек қалу, адам білмейтін жерлердегі әуежайларда сағаттап күту), компаниядағы атмосфераға тезінен бейімделіп кететін талапкердің жолы үлкен.

Расында, рекрутер тобын алдын-ала танып-білу мүмкіндігі атаулы сұқбатты сәтімен аяқтауға көмектеседі. McKinsey қызметкерлері қатысатын ірілі-уақ жиылыстарды қалт жібермеуге тырысыңыз. Бейсауат жүрген рекрутермен құрылған нетворктың пайдасы орасан.

Кандидаттың түлеп шыққан «ұясы», дәлірек айтсақ, университеті бәрібір үлкен рөл ойнамақ. Сондықтан, қатардағы оқу орнын бітірген кандидаттар жеке қасиеттерін барынша әйгілеп, қабілет-машықтарын жарқырай көрсетуге талап қылғаны дұрыс. Себебі, Маккинсиліктерді басқадан бөлектейтін ең басты қасиет – өздерінің озықтығына деген талассыз сенім.

Вебсайтын үстірт қана шолып шықсаңыз, McKinsey-ге жұмысқа тұруды ойлаған талапкерлердің төрт топқа жіктелетінін аңғарасыз. Бакалавр бітіргендер (undergraduates), MBA дәрежесі барлар (MBAs), ғылыми дәрежеге ие болғандар (advanced professional degress) және тәжірибесі мол, кәсіби мамандар (experienced professionals). Алайда кейінгі жылдары талабы күшті клиенттер жай ғана консультантты емес, белгілі бір саланы түгескен ғалым, PhD дәрежесі бар білгір немесе индустрияда еңбегі сіңген айтулы маманды айрықша бағалайтын боп алды. Сондықтан McKinsey MBA дәрежесі бар кандидаттардың санын азайтуға кіріскен.

Сәті түсіп, бағыңыз жанса, әлемнің әр тарабында орын тепкен 75 кеңсенің бірінде қызмет етуге жолдама аласыз. Бүгінде McKinsey-дегі қызметкердің жиын саны 4500. Қазақстанға 2013 жылы келген алпауыт компания бір емес, екі кеңсесін ашқан. Бірі – Астанада, екіншісі – Алматы қаласында. Тақау елдердің ішінде Ресейдің Мәскеу қаласында және Қытайдың Бейжің, Шанхай, Шенжен, Гонгконг және Тайванның Тайпей сынды дулы шаһарларында бар.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×