ҚЫЗЫҚ АДАМ БОЛУДЫҢ 9 ЖОЛЫ

11

Тарихы байтақ, айдынды компанияға жұмысқа тұру – қиынның қиыны. Жүзден бөлініп шығу жетпейді, мыңнан озу керек. Сәт тілемейтін, білімі мол, ықыласы зор маман ғана сын үстінде сыр бермейді. Себебі рекрутерлер жаңылмауға әбден машыққан, ішіңіз бен сыртыңызды ақтара қарап, бар қабілетіңізді бүге-шігесіне дейін тексереді. Бет пердеңізді жұлып, бүркеулі болмысыңызға қапысыз қол созады. Отқа да айдайды, тасқа да салады, бірақ, түптің түбінде, жетеңіздің бар-жоғын анықтауға жарайды. Мақтарлық, игі қасиеттеріңізбен бірге, жұмысқа кесірі тиетін кеселді әдеттеріңізді де таниды. Ақырында, өздеріне қажетті кісіні тауып алады да, лайықты лауазымға жеткізеді.

Компаниялар әр түрлі индустрияда қанат жайғанымен, рекрутинг тәсілдері мен талғам-таңдауы үйлес келеді. Бәрі дерлік қия беттен тайғақсыз жол табатын, ынтымақты ұжымның тұнығын шайқамайтын, сегіз қырлы бір сырлы адам іздейді. Мұндай адам көп жайға қанық болса да, бойындағы барын қанағат тұтпай, қабілетін шыңдап, білімін жетілдіріп тұруы, кез келген адаммен еркін қатынасып, тіл табатын болуы керек. Жақында Entrepreneur журналы осындай адам болудың 9 әдісін әйгілепті. Төменде атаулы мақаланың мазмұнын ұсынамыз.

1. Жаңа машықтарды игеру

Жан-жақты болыңыз. Он саусағынан өнері тамған адамды үлкен-кіші түгел іздейді. Оқтын-оқтын ошар алып, хал-жағдайын сұрап тұрады. Біреу веб дизайн жасаймын десе, шет жұрттың тіліне жетігемін десе, демесін болатын таныс іздесе, сізге келсін. Сіздің сала-құлаш нетворкыңыздан толайымен пайдалансын. Алыстағы арбалап, жақындағы дорбаласа да, сіздің қабілет-машығыңыз сарқылмасын, ауқымдана түссін.

2. Өзгелерге қызығушылық таныту

Санаңыз ашық, ойыңыз тұнық болсын. Бөтенді бөлектемей, босағаға тартыңыз. Атасы бөтен деп бұра тартпай, кісілік қасиеттерін құрметтеп, татымды идеялары мен парықты пікірлеріне құлақ асыңыз. Айдар мен мазмұнның сәйкес келе бермейтінін біліңіз. Мақталғанның бәрі асыл емес, датталғанның бәрі жасық емес. Кең болғанның кем болмайтынын ұмытпаңыз.

3. Хикаяны қызықтырып айтуды үйреніңіз

Тыңдарманды үйіріп әкететін әңгімешіл болыңыз. Әрнені көки бермей, көкейге келген көрікті ой мен бастан кешкен қызықты жайды бар бояуымен жеткізе білуді үйрену керек. Шарай топты жосықсыз сөзбен шаршатпай, арқасын шымырлатып, делебесін қоздыратын алабөтен хикая шертіңіз. Жұрт таңырқай ошарылсын, көңілі өсіп, мейлінше марқайсын. Өшкені жанып, өлгені тірілгендей болсын. Үлкендер батасын береді, құрбы-құрдас жақын жүреді.

4. Басқаны тыңдауға тырысыңыз

Дос-жарды тыңдап үйреніңіз. Көп тыңдасаңыз, көп қызыққа қанығасыз. Әңгіменің тиегін ағытқан кісінің ішкі әлемін танисыз, қатпарын көресіз. Әрбір адамның бір-бір тоғай дастан екенін түсінесіз. Кім біледі, сырты жадау жанның іші толған қазына шығар?! Елеусіз жүрген жаман шал ескілікті оқиғаларға жетік шежіре шығар?! Құлақ түріп, түбегейлі тексермек керек. Кеңеске кіріп, көсемдік таныту жақсы, бірақ естиярдың өсиетін естіп қалу одан да жақсы.

5. Жақсы сұрақ қойыңыз

Орайлы жерде сауал тастап үйреніңіз. Қиюы кеткен кеңесті байсалды арнаға түсірудің жолы – сәтімен қойылған, орынды сұрақ. Сұқбаттастың өнімсіз әңгімесін жандандыру үшін сәт-сәт қызығушылық танытып, әлдебір мәселе турасында анығырақ білгіңіз келетінін білдіріңіз. Екеуара әңгіменің ауаны мен сарыны сізге де байланысты екенін ұмытпаңыз.

6. Ойыңыздағыны нақпа-нақ айтып үйреніңіз

Бас шұлғи берсеңіз, жарамсақ екен, жалғаншыл екен деп ойлайды. Әдеп сақтай отырып, құныңызды түсіріп алмаудың жөнін біліңіз. Әлдебір мәселеге қатысты кереғар пікіріңіз болса, бүкпесіз жеткізіңіз. Сұқбаттастың көңілін жығып аламын ғой деп, қорықпаңыз. Тұйықтығыңызды басқа себепке тіреуі мүмкін. Көп жағдайда шын сөз ғана шыңға шығарады.

7. Қызыққан өнерді үйреніңіз

Өзгені жарылқаймын деп өзіңізге ұнамайтын тірлікке жегілмеңіз. Өзіңізді өлшеусіз қызықтыратын өнерге ғана пейіл беріңіз. Ол турасында толымды ақпар жинап, жөн білетін адамдармен сөйлесіп тұрыңыз. Ертең әңгімеге арқау болса, тыңдаушы жұрт жалықпай тыңдайды. Өзіне етене жайтты баяндап жатқан адамның тілі тұтқырланбайды, көзінен от ұшқындайды.

8. Көп оқыңыз

Уақытыңыз мол, қаражатыңыз көп болса, әлемді қоймай аралаңыз. Бармаған жер, баспаған тау қалмасын. Ал бірақ қолыңыз қысқа, мүмкіндігіңіз шектеулі болса, алыс-жақынды кітап арқылы таныңыз. Әр түрлі тақырыпты қаузайтын кітаптарды іздеп жүріп оқыңыз. Сонда ойыңыз ұзарады, көңіліңіз тоғаяды. Айтарыңыз көбейіп, байыбыңыз байыпты болады. Кітаппен шектеліп қалмай, газет-журналдарға да ара-кідік шолу жасап қойыңыз. Қырдың ар жағын адақтау жетпейді, ойша аспанға көтеріліп, жаһанды шарқ ұрып шарлау керек.

9. Ортаңызды өзгертіңіз

Кейде айналадағы кісілер өрісіңізді шектеп, өсірмей тастайды. Өзіңізге түзу ниет, дос пейілдегі адамдарды іздеңіз. Құныңызды білетін қарақты жандармен қалтқысыз түсініссеңіз, арманыңыз асқақ, иығыңыз шалқақ болады.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×