Жапондар ағылшын тілін қонысы жақын көршіден үйренуде
Жуырда жапонның еңселі басылымы Асахи Шимбун аса тағылымды жобаға назар аударыпты. Айтуынша, Филиппинде бой көтерген QQ English компаниясы ағылшын тілін үйренемін деген жат жұрт өкілінің, әсіресе, жапондық талапкердің айнымас серігіне айналып келеді екен. Атаулы жоба студент қауымның талап-тілегін ескере тоқылған, барлық тұрғысы ұтымды һәм мейлінше арзан.

Тұрпаты ерек QQ English компаниясының болмыс-бітімін негіздеп, бекіткен – Райко Фужиока мырза. Мектептегі 600-ге жуық Филиппиндік нұсқаушы екі ауысыммен жұмыс істейтін көрінеді. Ал, онлайн бағдарламаға тіркелген шетелдік студенттің жиын саны 10 000-ның ар жақ, бер жағында. Оның 80 пайызы жапон болса, қалғаны қытай, оңтүстік корейлік, орыс және ирандық қауым. Жосыны бөлек компанияның онлайн дәрістерін тыңдаушы қалың көпшілік демалыс уақытында кампустағы интенсивті курстарға да қара нөпір боп ағылады.
Екі елді жарасты үйлестіріп, үлкен құрметке жеткен Фужиока мырза жапонның іргелі университеттерін ара-тұра аралап, ақыл-кеңесін, көрген-білгенін айтып отырады. Тіпті, Мейджи Университетіне филиппиндік нұсқаушыларды жіберіп, оңды нәтижеге жетелейтін оңтайлы жүйе қалыптаудың тәсілін де көрсетуде. Ағылшын тілін «сапыратын» филиппиндік нұсқаушыларға деген зәрулік шатқаяқ бизнес әлемінде найқала жылжыған жапон компанияларында да аңдалады.
Ағылшын тілін үйренуге бүкіл әлем ден қойған заманда байырғы, төлтума мәдениеті бар жапон халқын жаһандық көшке іргедегі филиппин жұрты арқылы ілестіруге асыққан Райко Фужиоканың болмысы айрықша бизнесінің тарихын ғибрат үшін баяндап өтейік.
Фужиока мырза бұрнағы жылдары мотоциклмен жүк тасымалдау, Еуропадан мотоцикл әкелу сынды қарабайыр тірлікпен айналысқан екен. Алайда, ағылшын тіліне шорқақтығы әу бастан сор боп жабысқан, оқтын-оқтын бағын байлап отырған. Мотоцикл шығарушы құдыретті компаниялармен жиірек жөн біліссе де, сирек сөз байласады екен. Көбіне бәсекелестері шұғыл қимылдап, аяусыз шаң қаптырады. Уақыт озған сайын Фужиока мырзаның қарымы қысқарып, өрісі тарыла беріпті. Қайыра соғатын тозақы өткелектерден әбден қажыған Фужиока ақырында бәрін тастап, ағылшын тілін түбегейлі үйрену үшін Филлиппинге жол тартқан.

Күнделікті тіршілікте өз тілдерін тұтынатын филиппин жұртының ағылшын лұғатын да еркін меңгергені жапон бизнесменін таң қалдырыпты. Жаһанның лингва франкасы бұл елде айрықша құрметте, тіпті, ресми тілдер қатарынан ойып алған орны бар. Ендеше, АҚШ қана емес, басқа да англофонды елдердің колл-центрлері Филиппинде орналасып жатса, несі таң?! Батыс пен Шығысты жалпағынан кезіп, талай құрлықты көктей өтіп, қақырата адақтаған Фужиока мырза Жапонияның тақау төңірегінде Филиппиндей басымдыққа ие ел жоқ деп тоқтайды. Әлемді бағындырған қарымды тіл – ағылшынды англофонды елдерден гөрі басқа жұрттан үйренгені әсерлі, ұтықты, өнімді көрінсе керек. Тік отырып сыйласып, тең отырып сөйлесу қашанда жайлы, тіл ұштау үшін аса ыңғайлы. Фужиока мырза орайлы сәтті қалт жібермей, бірден QQ English компаниясының шаңырағын көтереді.
Әлбетте, оның жоспарын балаңқы деп бағалаған дос-жаран, біліс-таныс көп еді. Бірақ құбыла бағдарын нақпа-нақ белгілеген Фужиока мырза Филиппиндегі жобасына 3.32 миллион доллар инвестиция құяды. Жиған-тергені бар, сатылымға түскен жылжымайтын мүлігі бар, дос-жараннан сұрағаны бар. Бұл – күні кеше қаржылық кризистен ауыр соққы жеп, пұшайман күй кешкен, талайсыз 2009 жыл еді.
Күткен нәтиже адам айтса нанғысыз. 2013 жылы QQ English курсының сатылымы 6 миллион долларға жетеді. Арманы асқақ Фужиока мырза бәсіре жобасын Бразилия мен Италияда да жарнамаламақ ойы бар. Сәті түсіп, бағы жанса, сатылым бірден шарықтап, 100 миллиард долларға жетуі әбден мүмкін.
Ағылшын тілін үйренемін деп жапондар тыраштануда, үйретемін деп филиппиндіктер, ал Фужиока мырза үйлестіруші, дирижер бейнесінде. Сондықтан бақытты, бақуатты.
Пікір қалдыру алдыңғы мақала | келесі мақала


