«ЖЕТІ ЖҰРТТЫҢ ТІЛІН БІЛ»

7

«Жеті жұрттың тілін біл»

Ағылшын тілі – әлемнің лингва франкасы екені белгілі. Алыс та, жақын да мойындаған, талассыз ақиқат. Үлкен-кіші халықтардың ана тілдерінен соңғы жерде ағылшын лұғатына ден қойып жатқаны содан. Олай етпес жөні жоқ. Адамзат шеруінен қалып қойған қауымның бүгін еншісінен айырылса, ертең сыбағасынан қағылатынын тарих ақсақал талай мәрте әйгілеген.

Бір есеп бойынша, алдағы он жылда ағылшынның тілі мен хатына жетік жұмыр бастының ұзын саны екі миллиардты төңіректейді. Лақап емес, шындыққа жақын, дәйекті дерек. Қонысы жапсарлас Қытайдың өзінде жаһанның лингва франкасын оқытатын 30 мың компания бар. Білетіндер 4 миллиард долларды құрайтын айтылмыш индустрияның нарқы артпаса, кемімейді дейді. Себепсіз емес. Ауылдан қалаға қарай қопарыла көшіп жатқан қара нор шаруа басқаны толық түсінбесе де, кейінгі ұрпағының ағылшын тіліне жетігуі қажет екенін бұлдыр түйсінеді.

Дүниенің төрт бұрышы ағылшынша шүлдірлеп жатқан заманда оны ананың сүтімен бойға сіңіретін адамда не арман бар дерсіз?! Жалғанды жалпағынан басады. Ал егер таршылыққа ұшырай қалса, қайыр сұрап, сергелдеңге түспейді, қаймана жұрттың баласын оқытып тіршілігін жалғайды. CELTA (Certificate in Teaching English to Speakers of Other Languages) иәки Delta (Diploma in Teaching English to Speakers of Other Languages) деп аталатын қағаздың бірін алса, болды, жерде қалмайды, тума тілінің арқасында қазанына ет салуға жарайды.

Бәрі де жөн. Әйткенмен, ағылшын тілінің дүлей тепкініне шыдай алмай, басқа тілдер түнекке кетеді деп тон пішкен білгіштердің долбары теріске шыққаны және аңдалады. Бажайлап қарасақ, технологиялық дүмпумен бір уыс боп қалған әлемде англо-фонды елдердің ғана қарымы ұзармапты. Лингва франканың өрісін өлшеусіз кеңейткен жаһандану үдерісі ірілі-ұсақ тілдердің де бағын ашыпты. Бүгінде 90 миллиард долларға жете-қабыл тіл үйрену индустриясында (language-learning market) испан, француз, неміс, араб, қытай, корей тілдерінің де әжептәуір үлесі бар. Сондықтан шығар, көп білетін социолог ғалымдардың қазіргі дәуірді «глобализм» немесе «локализм» деп кейіптеуден тартынып, «глокализм» деп сыпаттап жүргені. Алыстағының ықпалы жақындағының жаңғыруына себесін болды, ағылшынның тасасында қалуға тиіс тілдер тың екпін, соны серпінмен қатарға қосылды деген сөз.

Ана тілімен шектеліп қалмай, ағылшын тілін қанағат тұтпай, жеті жұрттың тілін меңгеріп жүрген көшелі кісілердің көбейіп жатқаны да содан. Жеті қайда, жетпіс тілге жетік полиглоттар бар. Бірнеше тілді тұтынатын мықтылардың өміріне шолу жасаған Майкл Ерардтың «Babel No More: The Search for the World’s Most Extraordinary Language Learners» атты кітабы соны аңғартады.

Кітаптың кіріспе тарауында XIX ғасырдың басында ғұмыр кешіп, елу тілде еркін көсілген Джузеппе Меццофанти есімді оқымысты сөз болады. Айрықша дарынды екен. Естіген сөзді ешуақытта ұмытпайды екен. Болон университетінің тумысы өзгеше профессорымен танысуға тақау төңірек қана емес, алыс қиырдағы қарақты жандар да құмартады. Іздеп барғандар жүздеседі, сұқбаттасады, шын мәнісінде, елден асып туған полиглот екен деп таңдай қағады. Араб пен ивриттен бөлек, парсы, түрік, албан, латын, испан, француз, неміс, голланд, ағылшын, поляк, мажар, қытай, румын және толып жатқан басқа тілдерді білетінін таңбаға түсіреді. Кейінгіге өнеге болсын деген ниет.

Меццофантиді мақтай, мадақтай келе, Майкл Ерард қабілеті зор жандардың қазір де бар екенін, аз емес, көп екенін атап өтеді. Ендігі жерде соларды тауып, тағлымын үйреніп, ел-жұртқа тарату керек. Айтылмыш еңбек – сондай игі мұраттың жоралғысы екен. Біздер Автордың барлық табысын тәптіштемейміз. Ұлағаты мол екі полиглотты ғана сөз етеміз. Айызыңыз қанбай қалса, атаулы кітапты тауып алып, мұқият оқып шығыңыз. Бәлкім, қанаттанасыз, қайраттанасыз, құрсауы сөгілмей жатқан тілге қасқырша тиесіз. Біреуін емес, оншақтысын бірден жәукемдеп, дәргейіңізге келтіресіз. «Естімеген елде көп» деген!

Сонымен, тілге мәттақам, айрықша қабілетті жандарды іздеуге шыққан Майкл әу баста интернетке жүгінеді. Қисыны да сол. Татымды-татымсыз ақпарды ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстаған Google гиперполиглот санатындағы Александр Аргулисті ешбір шырғалаңсыз тауып береді. Электронды поштамен мақсат-мұратын мағлұм еткен Майкл Александрдың мақұлын алып, көп ұзамай, Калифорнияға аттанады. Бірқанша күн қасында болып, оның тіршілік кебіне, өмір салтына қанығады.

Ерте тұратын Александр таңды – қытай, араб, латын, орыс, парсы, неміс және басқа тілдерде – жаттығу жасап отырып атырады екен. Іле-шала үй іргесіндегі жасыл тепсеңге жүгіруге шығады. Тақыр-таза емес, құлағына Walkman тағып. Бұл – сейіл, серуеннен гөрі, созалаң марафонға ұқсайды. Александр неміс тіліндегі әлдебір кітаптың аудио нұсқасын тыңдап отырып, саялы бақты шарқ ұрып шарлайды. Бірде аз-кем емес, тура отыз шақырым жүгірген екен. Табиғат аясында неғұрлым көп уақыт өткізсе, соғұрлым өзін барақатта сезінеді. Бір оқпен екі қоянның басын қайыруға мүмкіндік беретін ұтымды кеп екені күмәнсіз.

Ұзаққа жалғасатын таңғы жаттығудың кезінде Александр көлеңкелі бір жерге тоқтап, құлағында жаңғырып жатқан сөздер мен тіркестерді дауыстап қайталайтын көрінеді. Мәнін түсінбесе де, бірінен соң бірін тоқтаусыз тоғытып, белгісіз сөздерді қадарынша дыбыстайды. Кейін аталмыш мәтіндер мен диалогтарды тауып алады да, манағы дыбыстарға мағна беруге тырысады. Бұл – жаңа сөздерді есте сақтап қалуға септесетін өзгеше тәсіл.

Дейтұрғанмен, Александр жат жұрттың тілінде сөйлеуді мақсат етпейді екен. Саяқ жүргенде әр түрлі сөйлемдерді дыбыстап көргенімен, көптің көзінше шешенсуді ойламайды. Түпкі мұраты – шет ел шығармаларын түпнұсқада оқып, тұма бұлақтан сусындау. Мәселен, голланд лұғатына жетіккен ол аталмыш тілде жазылған сүбелі еңбектермен қотармасыз таныссам дейді. Сөйтсе ғана әрбір сөздің байыбына барып, толайымен түсінбек. Сөйтсе ғана Амстердамда өзін шет жұрттық турист емес, жергілікті халықтың бір өкілі ретінде сезінбек. Әділін айту керек, басқа тілді жан бағу үшін емес, сол тілде жасалған әдебиетпен танысу үшін меңгеру – тұлғалық дамудың төте жолы, баяғының мықтылары түскен дәріпті даңғыл. Александрдың бірден-бір ұлағаты осы дер едік.

Алыс, жақын жұрттың рухани қазынасымен жақыннан танысатын Александр бір тілді ғана білетін моноглоттарға жаны ашиды. Оның пікірінше, қазіргі заманда өзін «оқығанмын» деп есептейтін қарақты кісі, кем тартқанда, алты тілде еркін көсілуге тиіс. Өткеннің бес аспап тұлғаларын айрықша құрметтейтін ол бүгінгінің интеллектуалдарына мүсіркей қарайды. Айтуынша, қазіргі жағдай – өркениеттің кері кете бастағанының айшықты белгісі. Олай дейтін себебі, бұдан бір-екі ғасыр бұрын оқу тауысқан адам «айды аспанға шығаратын»; жаңа құралдар ойлап табатын, өлең жазатын, ғылыми жаңалықтар ашатын, шет жұрттардың тіліне жетігетін, әйтеуір, ойға алған ісі баян тауып, қарымы ұзара беретін. Есебі, Александр да баяғының мықтылары құсап әлемді кеңінен қамтып, тереңінен танымақ болған.

Белгілі, бір тілдің ұңғыл-шұңғылын білетін адам екінші тілді артық қиындықсыз еңсереді. Ал егер екі-үш тілге жүйрік болса, онда төртінші, бесінші лұғаттың құрсауын тіпті оңай ағытады. Үйлес түр, ұқсас сыпаттар, мағналас мәтіндер, қойындас сөйлемдер нәтижесі. Жаңа сөздер қордаланып қалған, тамырлы тіркестермен емін-еркін жымдасады деген сөз. Табиғаты бөлек, іргесі алшақ ондаған тілді білетін Александр да жаңа бір тілді азғана уақытта меңгере алатынын айтады. Қаншалық күрделі, шиыртпақты, шиырлы болса да, айтарлықтай қиналмайды, бардың үстіне қиюластыра қалап, мейлінше қысқа мерзімде бойына сіңіреді.

Жетпіс жұрттың тілін білетін Александрдың пайымынша, полиглоттар үш түрлі болады. Бірінші топ – тума генийлер. Бұлар кез келген салада топ жарады. Қандай бәйгеге түссе де, дүрмектен бірден оқшауланып, мөлшерден тыс озғындап кетеді. Екінші топ – тіл үйренуге ғана икемі бар кісілер. Жоғарыдағы Джузеппе Меццофанти осы қатарда. Үшінші топ – өзі сияқты, ертелі-кеш тер төгетін, жанкешті жандар. Құдай бұларды да тегін жаратпаған, таусылмайтын қажыр, сарқылмайтын қуат берген.

Іждағатты Александр әрбір тілге белгілі бір уақыт арнайды және сол ақпарды Excel-ге тіркеп отырады екен. Соған қарап қай тілге қанша сағат бөлгенін айта алады. Мәселен, неміс тіліне елу жеті сағат дегендей. Айтылмыш уақыттың ішінде не оқығаны, не тыңдағаны, нендей грамматикалық жаттығуларды орындағаны – бәрі-бәрі ежіктеп жазылады. Ең қызығы, Александр грамматика, лексика деп жіктеп, тексеріп жатпайды, тек қана жұмсалған уақытты ғана есептейді.

Осы тараптағы әңгімені түйіндей отырып, Майкл Ерард Александрдың соңғы 456 күнде тіл үйрену бағдарында не істегенін көрсетеді. Айтуынша, гиперполиглот тілін ұштауға аз-кем емес, тура 4 454 сағат арнаған екен. 456 күнде 10 944 сағат қана барын ескерсек, адам айтса нанғысыз көрсеткіш екенін мойындайсыз. Александр еншілі уақыттың 40 пайызын тілге бағыштаған. Ағылшын – 456 сағат, араб – 456 сағат, француз – 357 сағат, неміс – 354 сағат, латын – 288 сағат, қытай – 243 сағат, испан – 217 сағат, орыс – 213 сағат, корей – 202 сағат, санскрит – 159.5 сағат, парсы – 153 сағат, грек – 107 сағат, хинди – 107 сағат, гэлик – 107 сағат, поляк – 102 сағат, исланд тілі – 83 сағат, чех – 57.50 сағат, серб-хорват – 57.50 сағат, швед – 51 сағат, каталан – 44 сағат, ескі норс – 40 сағат, италиян – 39.50 сағат, португал – 37.50 сағат, түрік – 34.75 сағат, жапон – 30 сағат, румын – 26.25 сағат, көне грек – 22 сағат, ежелгі неміс – 17 сағат, дания – 17 сағат, англо-саксон – 14 сағат, көне француз – 14 сағат, африкалық – 12 сағат, норвегия – 12 сағат, свахили – 12 сағат, украйн – 12 сағат, жаңа норс – 8 сағат, вьетнам – 4 сағат.

Бұдан бөтен тағы да 67 тілді оқыған. Оларға жарым сағаттан үш сағатқа дейін уақыт арнаған.

Майкл Ерард кездесіп, ғибратын таныған келесі полиглот – Дүниежүзілік Банк қызметкері Хелен Абадзи. 1950 жылдары Грекияның шалғайдағы бір ауылында дүниеге келген ол өзінің тума тілінен бөлек тағы да 19 тіл біледі екен. Сол себепті алыс, жақын елдердегі жергілікті өкілдермен аралық тілмашсыз, еркін ұғысады. Өз айтуына қарағанда, атаулы қабілет дегдар әкесінен қонған. Ол кісі кітаптың көмегінсіз түрік, болгар, неміс тілдерін аз уақытта меңгеріп алған дейді.

Хелен күнделікті жұмыс барысында грек, ағылшын, испан, француз және португал тілдерін қолданады (соңғы төртеуі Дүниежүзілік Банктің ресми тілдері). Қалғандары шет елге шыққанда кәдеге асады. Ғажабы, онсыз да қарымды келіншек барымен базар деп, тоқмейілсіп отырған жоқ. Ауқымы шектеулі, дабырасы кемшін лұғаттардың өзіне ауыз салуды ойлайды. Майклмен кездесуден көп кейін Танзанияға жолы түседі екен. Сол үшін суахилимен там-тұм таныса бастағанын айтады.
Александр құсап Хелен де аудио құрылғыны пайдаланады. Сәйкесінше, аудио таспасы бар материалдарға пейіл береді. Ал егер болмай қалса, жергілікті кісілерге ақша төлеп, қолындағы мәтінді дауыстап оқытып алады. Жиып-терілген барлық аудио мәтінді алдағы уақытта кем дегенде он бес рет тыңдайды. Сөздердің мағнасы мен дыбысталу ерекшелігін әбден меңгергенше.

Әңгіменің келе жағында Хелен суахилиді еңсеру қиынға соғып жатқанын тілге тиек етеді. Басқа тілдерге ұқсамайтын табиғатынан екен. Жасының келіп қалғаны және ақиқат. Баяғыша жеделінен жадына таңбалай алмайды, артығымен бейнеттенеді. Осы бір тұста Майкл: «Кәрілік келгенде осыншама ауыр болатынын ертерек білгенде қайтер едің?», – деген қитықты бір сұрақ қояды. Ықыласты келіншек бірден: «Қосымша 15 тіл үйренер едім», – деп қысқа қайырады.
Иә, жер-әлемде дарынды адамдар көп. Бірақ талапты жандар одан да көп. Жетпіс тілді үйренуге уақыт табылмаса, онда жеті тілді меңгеруге болатын шығар, құрметті оқырман!

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×