ТИМ ФЕРРИСТІҢ ТІЛ ҮЙРЕНУШІЛЕРГЕ КЕҢЕСІ

12

Тим Феррисс – әлемді жалпағынан жалықпай кезген, жолай неше түрлі бизнестің іргесін көтеріп, молынан тәжірибе жинаған, орта жастағы қарымды кәсіпкер. Шет жұрттың тілін үйренуге, уақытты ұтымды пайдалануға, салауатты өмір салтын қалыптауға қатысты толғамдарын қағазға түсіріп, жарияға шығарған Феррисстің кітаптары New York Times-дың бестселлері қатарында. Оларды жіті парақтаған оқырман майталман бизнесменнің қандай да істе тиімділікке айрықша мән беретінін аңғарады. Журналдың жалғас сандарында Феррисстің өзгеше тағдырын арнайы сөз етеміз. Әзірге, оның тіл үйрену бағдарындағы кеңестерін қанағат етесіз.

Тим Феррисс тіл үйрену үшін арнайы жоспар жасап, үш тұрғыға негіздеу керек, дейді:

1.әсерлілік
2.тұрақтылық
3.тиімділік

Атаулы үштік, әдетте, нысанадағы тілді меңгеруге шешінген кезде пайда болатын «не? неге? және қалай?» сынды cұрақтарға жауап береді.

Әсерлілік.

Шалағай, толымсыз материал – тілді практикалық дәрежеде меңгеруге үлкен кедергі. Әу бастан сыннан өткен, салмақты оқулыққа бейіл берген абзал.

Нақты тәжірибеде әсерлілік үшін Парето қағидасын қолданғанның пайдасы мол. 18-ші ғасырдың екінші жарымында жасаған Вильфредо Парето Италиядағы халықтың 20 пайызы бүкіл ел табысының 80 пайызын өндіретінін байқаған. 20/80 теориясының салмағын бұрын түсінген ойшыл Джозеф Джуран оны «Парето қағидасы» деп атап, экономикадан тысқары барлық салаға көшіруге тырысады. Джуран ұдайы ұтысқа шығу үшін қат-қабат проблемалардың ішінде ең соқталы бірқаншасына күшті жұмылдыру керек деп жар салады.

Парето қағидасының астарында өнімді еңбек ету үшін ақылды қалтқысыз қолдану керек деген емеурін бар. Құр жүгірмей, алдағы жолды барынша бағдарлап, ұзағынан бағамдап, содан кейін ғана барып қимылдасаңыз, межелі асуды ақ тер, көк тер болмай, еркін еңсересіз. Стив Джобс «маған ақша қажет болса, жұмыс іздеп сандалмаймын, отыра қап ойланамын. Сірә, идея – ең қымбат тауар», – деген екен.

Расында, түкпірлеп ойланған адам өмірдегі маңызды көрінген көп нәрсенің ұрымтал сәтте айтарлықтай үлкен рөл ойнамайтынын аңдайды. Парето қағидасы бойынша, қалаулы нәтижеге жету үшін ірілі-ұсақ шаруаның бәрін жеріне жеткізе орындау шарт емес. Ұтымды екі жоба ортақолды сегіз жобаның табысын әкелуі мүмкін. «Мәселе – көп білуде емес, білуге болатын нәрсенің ішінде ең қажеттісін білуде», – деген ұлы жазушы Толстойдың сөзі де Парето қағидасының мәнін аша түседі.

Инвестиция саласында үлкен құрметке жеткен Уоррен Баффеттің ұстанымы да атаулы қағиданы дұрысқа шығарады. Жүздеген компанияға қаржы құюға мүмкіндігі болған Баффетт қазіргі байлығының 90 пайызын сәтімен біткен он инвестициялық жобадан тапқанын айтады. Оның пікірінше, шақтаулы жұмыстың өзін орайымен бітіру қалаулы табысқа жетелейді.

Тим Феррисс Парето қағидасын мейлінше ұтымды қолданып жүрген кәсіпкер. Ағылшын тілін үйренуді ойға алғандар әуелде ең көп қолданыстағы 100, 300 немесе 500 сөзді меңгерсін дейді ол. Сөйтсе жұмсалған әрбір сағаттың қайтарымы жоғары болмақ. Феррисстің айтуынша, тілдің 95%-ын түсініп, ауыз-екі тілде еркін тілдесу үшін 3 ай жетеді. Ал бірақ, 98% дәрежеде үйрену үшін аттай 10 жыл уақыт кетуі мүмкін. Себебі инвестицияның қайтарымы кемитін (diminishing returns) кезі болады. Сондықтан, бес жыл сайын 1 пайыз жылжығанша, басқа тілді немесе мүлде бөлек бір саланы меңгеріп алған абзал.

Тұрақтылық.

Тұрақты дайындық болмаса, ең таңдаулы материал да, ең озғын әдіс те оңды нәтиже бермейді. Әуелгі іждағаттылықты сақтап, талмай, талықпай үйрену – қиынның қиыны. «Пендеде бір іс бар жалығу деген», одан біржола құтыла алмайсыз, бірақ әлсіретіп, дәрменсіз кепке түсіруге болады. Жалығуды тежейтін ең негізгі фактор – тақырып. Үнемі өзіне қызық дүниені оқитын адам жалығу дегенді білмейді. Футбол десе, ішкен асын жерге қоятын фанат қажетті ақпарды үйреніп жүрген тілінде алуға талпынса, әлдеқайда ұтысты шығады.

Мәселен, испан чемпионатын қадала қарайтын талапкер AS.COM немесе MARCA.COM сынды айтулы сайттарды үзбей оқыса, испан тілін тезінен меңгереді. Бөтен тілді белгілі бір салада білім алу, немесе машық қалыптастыру үшін пайдалану – үйреніп алуға үлкен көмектес. Тим Феррисс те жапон тіліне дзюдо спортын түсіндіретін құрал деп қараған. Ақырында, шимайы мол, күрделі лұғатты қиындықсыз, аз уақытта меңгеріп шыққан.

Сонымен қатар, интернеттің мүмкіндігін молынан пайдаланбақ керек. Бүгінде тіл үйренуші талапкерге жолбасшылық жасайтын онлайн жобалар шаш-етектен. Испандық El Mundo газеті BBC Learning English ресурсын айрықша мақтайды. Ағылшын грамматикасын ежіктеп түсіндіретін атаулы жоба, оқылған материалды біржола бекіту үшін басқа қолданушылармен чат арқылы сұқбаттасуға мүмкіндік береді. Ал, француз тілін үйренуге ниет қойған жан Radio France сынды қызметіне ақы сұрамайтын ресурсты қолданғаны мақұл.

Тіл үйрену үшін жалықпай, жаннан кешіп еңбектену керек. Сізді бекер жатқызбас қызықты тақырыпқа шолу жасайтын көлденең кітап пен журнал – үлкен себесін.

Тиімділік.

Егер түу бастан нысанадағы тілді 20 жылда меңгеремін деп ойласаңыз, ең татымды материал да, мақтаулы тұрақтылық та көмектеспейді. Тезінен үйреніп алуға септесетін сенімді тәсіл керек. Өзіңізден «қазіргі әдісім қысқа уақыт мерзімінде сөздерді жылдам үйреніп, жақсы есте сақтауға көмектесе ме?» деп сұраңыз. Болымсыз жауап алсаңыз, лезде өзге тәсілге көшіңіз. Тіл үйрену тарабында тәжірибеден қорықпау керек.

Шет жұрттың тіліне жас та, жасамыс та жетігеді. Орта жастан асқандар қолдарын «мезгілінен кеш сермесе» де, түсінетін-түсінісетін жұпыны деңгейде үйрене алады. Ал, егер атаулы тілді кейін ақпарат құралы ретінде пайдаланса, таным аумағы өлшеусіз кеңейеді. Қосымша тіл қатардағы қызметкердің нарықтағы бағасын айрықша көтеріп, айлық табысын да жақсартады. Шет жұртпен тілдесуге мүмкіндігі бар адам қашанда төңірегінен биік, қатарынан озық тұрады.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×