Менеджмент майталманы – Питер Друкер

1

Менеджмент – өзіндік арнасы, бағыт-бағдары қалыптасқан дербес ғылым. Ең қызығы, өткен ғасырдың алғашқы үшегінде оның өзі тұрғай, көлеңкесі де жоқ еді. Менеджментті қоғамдық ғылымдардың қолтығынан шығарып, қатарға келтірген – Питер Друкер. Адами ұзақ ғұмыр кешкен ғалым өзі қазған құдықтың қабырғасын шегендеп, аузын әйкелдеп кетуге де жараған. Басқаша айтсақ, ондаған кітап жазып, балаңқы ғылымның дара жолын сызып, бар болмысын айқындап берген. Бүгінде Друкер есімі түн түбінде ғана емес, күншығыста да әйгі. Жапондар мен корейлер айрықша құрметпен атайды. Қытай жұрты да алқау сөзін салиқалы іспен бекітіп отыр. Жер-жерде бой көтерген Питер Друкер Институттары – соның айғағы.

Бір кезде ақырсам аспан тітірейді дейтін Гарвард университеті Друкерді жұмысқа шақырған екен. Бір емес, бірқанша рет. Жалынған, жалпайған, бірақ қолқасын өткізе алмаған. Қандай да жетістікке еңбексіз жету мүмкін емес деп білген Друкер Гарвард сынды айдынды университтерден өркеуде жастар шығады деп сенген. Түлектердің көбі алатер болғысы келмейді. Асқаралы университеттің дабыралы беделін қалқалап, бірден айға шапқысы келеді. Мансап қумаған, престижге ермеген Друкер өмір бойы ортақолды университетті жағалайды. Бұл – ғылымға еселі үлес қосуға, өзі қазған сара жолдың кенересін одан әрмен кеңейтуге бөгесін емес, себесін болады. Бір мысқал ақылын тыңдауға бизнес ұстаған кәсіпкерлер ғана емес, жұрт ұстаған жақсылар да ағылады. Тілін алып, саясатын түзегендер тығырықтан шығады, мұратына жетеді, елеп-ескермегендер сыбағадан қағылып, көш соңында құлазып қалады. Бұл – Друкердің идеяларымен «басы шырмалған» шәкірттерінің дәйекті дерегі.

Анығы – алмағайып заманда жасап, Батысты да, Шығысты да таныған, жаһандық өредегі компанияларға жол нұсқап, азаматтық қоғамның қалыптасуына ат салысқан Питер Друкерді зерттеп жүргендердің қарасыны күн озған сайын молайып келеді. Артында қалған мұрасы мәнін жоғалтпады, маңызын жоймады деген сөз. Сыртында сөлі, ішінде нәрі тұнып тұр деген сөз. Біздер де қалыс қалмайық, біртуар ғалымның тырнақалды еңбектерімен там-тұм танысайық дедік. Капиталисттік қоғамның қағидаларына қанық Батыс жұрты жапырып оқып жатса, біздерге қақас қалу жараспайды. Мәселе – дүрмекке еруде емес, дүниенің төрт бұрышына танылған тұлғаның түйінді ойларына үңіліп, ептеп-септеп сабақ алуда. Қазақ «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген.

Мана айттық, Друкер өндіріп жазған, деп. Шынында да, атауы басқа, мұқабасы бөлек, мазмұны төтен еңбектері үйме-жүйме араласып, бықып жатыр. Алғашқысы жарияға 1939 жылы шықса, соңғысы баспа бетін 2008 жылы көрген. Даңқты ғалымды қадағалап оқуға бекінген қандай да оқырман мәңгіріп қалатындай ұшан-теңіз дүние. Басынан бастап аяғына түскен жөн бе, бақайшығынан тартып төбеге шыққан дұрыс па?! Әлде, «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, қолға түскенін тиісінше тексермей, бей-берекет түгескен ақыл ма?! Бақытымызға қарай, бар ғұмырын менеджмент деп аталатын ғылымның мерейін көтеруге бағыштаған Друкер шау тартқан шағында құбылнама есепті бір кітап жазған екен. Бұл еңбекке озық та өміршең тұжырымдары мен тиянақты толғамдары енген. Сұңғыла ғалымның менеджментке қатысты пікірлерін толыққанды ашпаса да, аз-мұз қарақтануға мүмкіндік беретін «The Essential Drucker» – біздің кіріспе кітабымыз болмақ.

Ал, кеттік…
[толығырақ журналда]

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-жөніңіз:*
E-mail:
Байланыс телефоныңыз:
×