ҚАРА АҚҚУ (BLACK SWAN)
Насим Николас Талеб
Насим Николас Талебтің «Қара Аққу» (Black Swan) атты еңбегі – кітап дүкендерінде сөреден түспей, тұрақтап қалған, санаулы бестселлердің бірі. Әлі де сұранысқа ие деген сөз. Sunday Times оны «Екінші Жихан Соғысынан кейін шыққан ең әспетті 12 кітаптың» бірі деп атаған. Қатардағы көп шығарманың бірі емес, маңызды, мазмұнды дүние болғандықтан жоғары бағалаған.
Австралия құрлығына аяқ артқанға дейін Еуропа халқы аққулар ақ түсті болады деп білген. Сондықтан шырышы бұзылмаған шалғай құрлықта қара жолақтысын жолықтырғанда мейлінше таң қалған. Бағзыдан келе жатқан тамырлы түсінік, ғылыми тұжырым бірден өзгерген. Жер бетінің ғылымын түгескен оқымысты жұрт бұрнағы байыбынан айнуға мәжбүр болған. Бұра тартуға, көпе-көрнеу айғақты басқаша тәпсірлеуге кімнің батылы бармақ?! Бұл оқиға адам баласының мүмкіндігі шектеулі, қарымы қысқа екенін, ашылмаған жаңалықтардың әлі де көп екенін тағы да көрсеткен. Оның үстіне, бір ғана дәйекті дәлелдің көп жылдар бойы қалыптасқан қандай да қағиданы жоққа шығара алатын қауқары барын және әйгілеген. Насим Николас Талеб атаулы мәселені қаузай отырып, аса тағылымды түйіндер жасайды.
Автор тарихты – бірсыдырғы даму жолы емес, тұтқиылдан төніп келетін оқыс оқиғаларға толы, соқтықпалы соқпақ деп біледі. Баяу өзгерістер тек парадигма ғана, ал шынайы тарих – екпіні таудан жазаңға құлаған селдей, қым-қуыт оқиғалар тізбегі. Автор осы бір ақиқаттың басын ашып алады да, болажақ оқиғаларды, бұрылысты кезеңдерді анықтауға тырысатын «эксперт» қауымын түйреп, сынап өтеді. Уол Стритта болжам айтумен байлыққа кенеліп жүрген білгіштердің шалағай шешімдерін әшкерелеп, сәуегейлікке құмар экономисттердің түсінігі түйте екенін дәлелдеп бағады.
Талеб «Қара Аққуды» әдепкі болжамға сыймайтын, әсер-ықпалы ауқымды, шетін оқиға деп сыпаттайды. Оны күнібұрын танып-білу мүмкін емес, болары болып, бояуы сіңген соң, байыптап қарағанда болжамға келетіндей боп ұшыраса да, алданбаңыз, онда белгілі бір заңдылық та, қисын да жоқ. «Қара Аққу» – қайғылы, қасіретті ғана емес, мерейлі, думанды да оқиға. Жер астынан шықса болды, құлағы тік шыға ма, қалқиып шыға ма, оншама маңызды емес. Күтпеген жерде, ойламаған уақытта пайда болып, алапат өзгерістер әкелсе жетеді…[толығырақ журналда]
Пікір қалдыру алдыңғы мақала | келесі мақала



