ЕРТЕГІНІҢ ҚҰДІРЕТІ
Жаңа Зеландия – толқынды мұхит ортасындағы оқшау арал(дар), құлақ естісе де, көз көрмеген қияндағы ел. Ұшақпен қалтырап ұшып барасың, кемемен қалқылдап жүзіп барасың. Төменде шиыршық атқан толқын, үйіріле ұйытқыған құйын. Жүрек кілкілдеп, көңіл бұзылады. Жету қиын, жерсіну тіпті ауыр. Қазаққа ғана емес, басқа жұртқа да солай. Шырышы бұзылмаған бұла табиғат бауырға тартып, барымен қызықтырса да, турист қауым барынша қашқақтап бағатын. Шытырманға әуес жанкешті жиһанкез болмаса, көлденең жұрт шалғайдағы аралға асықпайтын, таңдама тізімнен қақас қалдыратын.
Ал, 2001 жылы бәрі де өзгереді. Үлкен де, кіші де қашықтықты ұмытып, Жаңа Зеландияға қара нөпір боп ағылады. Түрткі болған төрт аяғын тең басқан туризм саясаты емес, қасақана жүргізілген тегеурінді науқан да емес, алақандай аралда түсіріліп, төрткүл дүниеге тараған фантастикалық фильм. Әрине, көп жұрттың назарын тоқтатып, дегбірін тауысқан Сақиналар Әміршісі (Lord of the Rings) – қатардағы қарапайым жоба деуге келмейді, болмысы бөлек, мазмұны қорабалы, ғаламат туынды. Анығы – жоба авторлары елдің имиджін жақсартуды, жергілікті туризмді дамытуды мұрат етпеген. Қағазға түскен, бояуы қанық шығарманы шынайы қалпында жұртшылыққа жеткізетін оңтайлы орта – жерұйық іздеген. Іздеп жүріп, шалғайдағы жап-жасыл аралдан бір-ақ шыққан. Ұнатқан да, ойдағы жобаны орайымен орындап шыққан. Әйтсе де, ілгеріде атаулы фильм – қырық ру қауымның Жаңа Зеландияға жекелей де, тобымен де сапар шегуіне желеулі себеп болады. Алыс-жақын демей, үлкен-кіші демей, түсі бөлек, тілі бөтен сан-сапалақ туристер жан-жақтан тасқын боп төгіледі.
Соңғы жылдары ертегі сатылымы жоғары жанрлардың біріне айналды. Жұрт жапырып оқиды, жалықпай күтеді. Аузынан емшек табы кетпеген балалар ғана емес, ақылы толысқан ересектер де. Себебі түсінікті. Жоқты бар, алысты жақын ететін, ойды ұзартып, көңілді кеңейтетін ертегі екен. Ескілікті оқиғаны тірілтіп, болажақ құбылыстың сұлбасын сызатын да ертегі екен. Елесті арман тудырып, сарқылмас қуат беретін де ертегі екен. Итырғылжың тірліктен ажыратып, аулаққа апаратын да ертегі екен. Төтесінен қайырсақ, ертегі – бар игіліктің басы екен… [толығырақ журналда]
Пікір қалдыру алдыңғы мақала | келесі мақала



