Әлемнің алпауыт 6 тілі

Негізі 2008 жылы қаланған, әлемнің 100 елінде 75 тілде қызмет көрсететін 15000 аудармашысы бар One Hour Translation онлайн аударма компаниясының бас кеңсесі Кипрда. Ай сайын 100 000-ға жуық жобамен айналысатын атаулы компанияның Тойота мен Шелл тәрізді білдей клиенттері бар.

Аударма нарығының қалтарыс-бұлтарыстарын бұрын таныған компанияның басшысы Офер Шошан мырза темірді қызған кезде соғып отыр. Әлемдік бизнестің өрісі кеңейіп, ауқымы ұлғайған қазіргі алмағайып заманда бірнеше тілді аудармаға сұраныс шашетектен. Тақауда The Entrepreneur журналына сұхбат берген Офер мырза қарымы ұзын, беделі зор тілдердің атын атап, түсін түстеп берді. Оның пікірінше, әлемнің түкпір-түкпірінде түтін түтетіп, тамыр жіберген жаһандық өредегі компаниялардың тізгінін ұстаған директорлар осы тілдерді жетік білгені абзал. Қолы ұзарады, адымы ұлғаяды, досы көбейеді.

Атағы алыс-жақынға бірдей жеткен Билл Гейтс Reddit әлеуметтік форумында ағылшын тілінен басқа тілді білмегені үшін қатты қамығатынын айтып, ағынан жарылған екен. Фейсбук қожайыны Марк Цукерберг Тсинхуа университетіндегі кездесуде азды-көпті қытай тілін білетіндігін байқатып, абырой жинаған, екі дай күйде жүрген көп жұрттың тіл үйренуіне қамшы болған.

Бүгінгі әлемде емін-еркін бизнес жасауға септесетін тілдердің ірілерін төменде беріп отырмыз:

1.Испан тілі

Офер Шошанның онлайн аударма агенттігі ең жиі тапсырыс алатын тіл –испан. Осыдан-ақ испан тілді нарықтың ауқымын андауға болады. Бұл тілді Орталық және Оңтүстік Америка тұтасымен тұтынады. Уақыт озған сайын экономикалық қуаты артып келе жатқан Мексика, Аргентина, Чили, Перу, Колумбия және Венесуэла испан тілінің құлашын мейлінше ұзартуда. Еуропаның төртінші экономикасы – Испания да қарап жатқан жоқ. Ал АҚШ-тағы испан тілділердің нарығы әлдеқашан триллион долларға жеткен.

2.Португал тілі

One Hour Translation компаниясында португал тілі беделі бойынша төртінші орында тұр. Соңғы уақытта өрісінің кеңеюіне жағдайы шатқаяқ Португалия емес, адымы қатты, жұрты қордалы, экономикалық әлеуеті күшті Бразилия атсалысуда. Халқы көп, жері құйқалы Бразилия нарығына кіру үшін португал тілін білу – парыз.

3.Қытай тілі

Диалектісі көп, қарға тамырлы қытай тілінің Бейжің нұсқасын қолданатын жұрт 1 миллиардтан асып жығылады. 2050 жылға қарай Қытай экономикасы АҚШ-ты қуып жетеді деген болжам бар. Сәйкесінше, қытай тілінің абыройы асқақтап, ағылшын тілін меңгеріп жүрген көп жұрттың талабы жаңа арнаға түсуі мүмкін.

4.Орыс тілі

Ресей нарығы 140 миллиондық халқы, шексіз табиғи ресурсы және болашағынан үміт күттіретін IT секторымен әйгілі. Тақау төңірегінде әр түрлі деңгейде қолданылып келе жатқан орыс тілі сұраныс тұрғысынан Офер Шошан мырзаның компаниясында тоғызыншы сатыда. Орыс тілін білу жергілікті бизнес лидерлермен байланысты күшейтіп қана қоймай, Толстой мен Достоевскийді түпнұсқада оқуға мүмкіндік береді.

5.Араб тілі

Бүгінде араб лұғатында тілдесетін жұрттың да қарасыны мол. Қолданушысы жағынан әлемде 5 орында, ал One Hour Translation аударма агенттігінде тапсырыс жағынан 10 сатыда. Онлайн нарығы айрықша өскенімен, Араб әлемінің әлі де төл Amazon-ы мен Alibaba-cы жоқ. Табиғи ресурстарын айтпағанда, мұндай нарықта мүмкіндіктер ұшан-теңіз. Кросс-континентальді нарықта басымдыққа ұмтылған компания басшылары араб тілін меңгеруді жадағай тастамаса игі.

6.Неміс тілі

Аударма агенттігіндегі ең жиі тапсырыс алатын ендігі тіл – немісше. Бұл – Еуропада төңірегінен биік, экономикалық қуаты жөнінен әлемде 4 төртінші орында тұрған, іргелі елдің тілі.

Кез келген шет тілін меңгеру уақыт пен энергия жұмсауды керек етеді. Бірақ қарапайым деңгейде шүйіркелесудің өзі көп қиындықтан құтқарады.

 

 

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-жөніңіз:*
E-mail:
Байланыс телефоныңыз:
×