Мәртебелі МВА

Master of Business Administration немесе МВА – бизнес саласында оқу тәмамдаған түлектерге берілетін аса көрнекті «ғылыми» дәреже. Мұндай қағазы бар жұрттың көбінше жолы болады, айлық жалақысы үздіксіз өсіп, мансабы шарықтай береді. МВА студенттері бизнес пен менеджмент әлемінің үздік теориясы мен парықты практикасын қоса меңгеріп, шынайы өмірде қолдануға машығады. Әдетте, бағдарлама – бухгалтерия, бизнес, менеджмент, экономика, е-коммерция, кәсіпкерлік және қаржы тәріздес дисциплиналарды қамтиды.mba-degree-ribbon                                          

Қазіргі таңда МВА дәрежесіне деген қызығушылық АҚШ-та кәдімгідей азайып, кешегідей жойқын құлшыныс құлдырап барады. Бизнес мектептер сұрайтын GMAT (Graduate Management Admissions Test) емтиханын тапсырушылар қатары едәуір селдіреп, күн өткен сайын төмендеуде. Мысал үшін айтайық, 2013 жылдың шілдесі мен 2014 жылдың маусым аралағында 89000 талапкер GMAT тапсыруға ниет білдірсе, бұл көрсеткіш 2009 жылы 130 000 адамды құрапты. Мұның себебі көп, бірақ ең негізгісі – экономикалық ахуал. Экономика жанданып, сауда-саттық, алыс-беріс қайнап жатса, тәуір қызметі бар жұрттың делебесі айрықша қозады. Бап емес, бақ шабатын кез деп ондайлар жаннан кешіп жұмыс істейді, бодауын, төлеуін де тиісінше алады. Ал, экономиканың дамуы тежелсе, яки мүлде тоқыраса, GMAT емтиханын тапсырушы қауым күрт өсіп, МВА дәрежесіне сұраныс аспандап қоя береді екен.

Әсілі, МВА-ге қатысты «дау» әлі жалғасып келеді. Оның ұлылығын ерекше дәріптеп,  болымсызды болдыратын сиқырлы күшіне құлай сенетіндер мен түпкі мақсатына, ақырғы пайдасына күмәнмен қарайтындар өзара қырғи-қабақ. Алдыңғы топтың уәжі мықты, дәлелі дәйекті. Айтуынша, МВА бағдарламасы карьераға соны серпін беріп, жаңа белестерге жетелеп қана қоймай, «қиын-қыстауда» жол көрсетіп, демеу болатын «пайдалы» адамдармен танысуға мүмкіндік тудырады-мыс. Бүгінге дейін Гарвардтың дабыралы МВА курсын 64 миллиардер (арасында Nike компаниясының негізін қалаушы Филип Найт та бар) тәмамдаса, Стэнфорд бизнес мектебінен 20 миллиардер түлеп ұшқан. Олар оқу ордасын бітіріп шыққан соң, бір-біріне септеспеді деу қиын. Желеп-жебеп жүргені, қысталаңда қол ұшын бергені айтпаса да түсінікті.

Дейтұрғанмен, басқаша ойлайтын жұрттың да қарасы біршама. Оларға сенсек, жасы жиырманың ішінде, келешегінен үміті бар жұмыста жүрген жанның ендігі бір жерде МВА дәрежесін аламын деп құлшынуы, сол жолда едәуір уақыт, қомақты қаржы жұмсауы мүлде қате. Тіпті, қатері, тәуекелі мол өткелек екен. Қайта тәжірибе жинап, мүмкіндіктер шеңберін кеңейте берген абзал. Егер мақсат жетістікке жету болса, МВА дәрежесі бар дос-жаран да бірте-бірте көбейе бермек дейді олар.

Әрине, бетті-беделді, айрықша қарымды бизнес мектептердің ұйықты қонысы – Америка Құрама Штаттары. The Economist газетінің өткен жылғы МВА рейтингісін төменде беріп отырмыз (2014):

Рейтинг

    Бизнес Мектеп

Ел

1

Booth Бизнес Мектебі, Чикаго Университеті

АҚШ

2

Tuck Бизнес Мектебі, Dartmouth Колледжі

АҚШ

3

Darden Бизнес Мектебі, Вирджиния Университеті

АҚШ

4

HEC Менеджмент Мектебі, Париж

Франция

5

IESE Бизнес Мектебі, Наварра Университеті

Испания

6

Гарвард Бизнес Мектебі

АҚШ

7

Haas Бизнес Мектебі, Беркли Калифорния Университеті

АҚШ

8

Leonard N Stern Бизнес Мектебі, Ньюйорк Университеті

АҚШ

9

Стэнфорд Жоғары Мектебі, Стэнфорд Университеті

АҚШ

10

Колумбия Бизнес Мектебі

АҚШ

Ел-елдің салты басқа, МВА бағдарламалары да әр түрлі, қайтарымы әр қилы. The Economist-тің зерттеуіне қарасақ, Пенсильвания университетінің Уортон Бизнес мектебінде оқу ақысы аспанменен тіресіп, бұлтпенен күресіп тұр. Нақты оқу ақысы мен оқу барысында қолдан сусып шыққан «жалақыны» қоса есептегенде орташа шығын $ 330 000. Мұндай дипломға «піс, қазаным, піс» әмірі жүрмейді. Аз уақытта көп пайда әкелуге жарамайды. Кеткен ақшаның орнын толтыру үшін уақыт сұрайды. Ал, АҚШ-тың сыртында бой көтерген ірілі-ұсақты мектептердің оқу мерзімі қысқарақ, қайтарымы мол, пайдасы зор. HEC Париж Бизнес мектебінің түлектері оқуға кеткен қаржыны екі жылдың ішінде толығымен қайтарады. Испанияның іргелі IESE мектебінде оқу тауысқан студенттердің тағдыры тіпті өзгеше. Олар атағы дардай оқу орнының салмағы таудай дипломымен Испан жерінде қалуға бекінсе, өздеріне оңтайлы жұмысты шертіп жүріп таңдайды.

МБА бағдарламасының басқадай басымдықтары бар. Бизнес мектептер өз түлектерін көзден таса етпейді, ұдайы хабар-ошар алып, жаңа ақпармен сусындатып отырады. Мысалы, Гарвард  Бизнес мектебінің alumni қатарында 44 500 МВА түлегі бар. Әрине, өңшең қасқа мен жайсаңнан құралған байланыс ошағы – күнделікті қызметте, әлдебір стартапқа инвестор іздегенде немесе білікті адамға қажеттілік туғанда таптырмайтын құрал, тартылмайтын бұлақ іспеттес.

 

 

|

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-жөніңіз:*
E-mail:
Байланыс телефоныңыз:
×