Шетжұрттың 25 тілін меңгерген мақтаулы жігіт

Қабілеті өзгеше жеткін Тимоти Доунер 2013 жылдың жазында шаршы топқа 3 рет түсіп, сөз сөйлеген екен. Алқалы жиынның алғашқысы Apple компаниясының игі жақсылармен өтіпті. Кейінгісінде TEDxTeen көрермендері, ал соңғысында жиын саны 25 мыңнан асып жығылатын Орландо тұрғындары болған.

Медиа ресурстарында Тимоти турасында ерінбегеннің бәрі жазып, айрықша дарынын дамылсыз әйгілеуде. 20-дан астам тіл білетін гиперполиглоттың ғибратты өміріне келте шолу жасауды біз де ұйғардық.

polyglott-tim-doner-spricht-20-sprachen

Тимоти шет тілдерін меңгеруді он үш жасында бастаған. Таяу Шығыс елдерін танып-білуге деген құмарлығы қамшы болған екен. Тамырлы тілдің бірі – ивриттен бастауы да содан.

Аз уақытта әлдебір израильдік топтың репертуарындағы 20 әнді жадына тоқып, көңіліне түйген дейді. Келе-келе сөздердің орнын ойша ауыстырып, тілдің ұңғыл-шұңғылын байқастаған. Мұны да қанағат тұтпай, Нью Йорктің іргесіндегі Израильдік мейрамханаларды төңіректеп, құлақ тосқан, тіл сындырған. Осылайша, ивритті алды-артынан қыспаққа алып, қысқа мерзімде меңгеріп шыққан.

Артынша, қолданыс аясы кең араб тіліне еңкейген. Бұл жолы басқа әдіске көшіпті. Күнбе-күн жаңалық оқып, көшедегі араб тілді сатушылармен шүйіркелесіп, тіл ұштаған. Арманды арабшаны да еңсере салысымен, тезінен парсы, орыс, қытай және басқа да ірілі-ұсақ тілдерге қасқырша тиіп, ығына көндірген. Бүгінде арыны қатты Тимоти достарымен француз, түрік тілдерінде сөйлеседі, хинди поп музыкасын тыңдайды, латын, грек лұғатындағы кітаптарды жанында тұтып, кешкі асын ішеді. Үйреншікті, қанықты сурет емес, оқшау, төтен.

Адам ұғлы әр түрлі жаратылған. Бірі-бірін қайталамайды. Сондықтан, Тимотиді оздырған тәсілдер басқаның шабысын тежеп, ойын он тарапқа таратуы бек мүмкін. Десе де, бажайлы, шетін мағлұмат артықтық етпейді; базбір оқырманның көңіл ауқымынан табылуы да кәдік.

Тимоти Доунер кез келген тілді меңгеруді грамматикалық құрылымын ежіктеп зерттеуден бастайды екен. Осы тәсіл арқылы нысанадағы лұғатты ойша жіліктеп, аяусыз бұтарлап, іші-сыртын ақтара қарайды. Оның пайымында, тілдің қаңқасымен бұрын танысу – коммуникациядан да байыптырақ қадам.

884ed32f95bad0f97fa01f94cfae29dc

Содан кейінгі мәселе, әрине, дисциплина – темірдей тәртіп. Жаңа тіл бағы бар жанның емес, бабы бар мықтының ғана еркіне көніп, айдағанына жүреді. Тынымсыз сөйлесу, тоқтаусыз тыңдау керек. Музыка тыңдаңыз, теледидар көріңіз, әңгіме-дүкен құрыңыз. Әйтеуір, тыным таппай, жаңадан үйренген сөздерді алға жіберіп, тамырын бекіту керек. Атаулы жаттығуларды күн құрғатпай орындаған ыждағатты талапкер ғана дегеніне жетеді. Тілді сезіну, акцентсіз сөйлеудің жалғыз жолы осы.

Ал, тағам дайындауға ебі, үйренуге ынтасы бар жандар өзге тілде жазылған рецептілерді қотармай, қаз-қалпында оқуға тырысса немесе теледидар шоуларын субтитрсіз тамашаласа, бірте-бірте тілдері сынады да, бір оқпен екі қоян атады. Ағылшын тілін меңгеруге талап қып жүрген «аспазшылар» қауымы Джимми Оливердің бағдарламасын қалт жібермесе игі.

Анығы, Тимотидің дәргейіне жығылған тілдердің ешқайсысы өз аяғымен келмеген, арнайы шақыру, салмақты сәлеммен келтірілген. Сол жолда көздің майы кетіп, талай қаламның ұшы кертілген. Сондықтан, тіл үйрену үшін табандылық пен еңбекқорлық жетпейді, тұщымды себеп керек. Үміт үзіліп, жан қиналғанда, өрге сүйрейтін жырынды жолбасшы керек. Тимотидің тіл үйренуінің астарында ескілікке, көне шежіреге, тарихқа асықтығы, тілдердің алуандығын түсінуге құлшынысы жатыр. Адамзат баласының байтақ тарихын байыпты зерделеп, қалтарыс, бұлтағын ұғынуға ұмсынған зейінді жасқа шет тілдері үлкен бөгесін боп көрінген еді. Қорықпады, күйсей-күйсей күрмеуін ағытты. Ақыры, көп ғұламаның аяғы баспаған қазыналы өлкені еркін қыдырыстауға мүмкіндік алды.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-жөніңіз:*
E-mail:
Байланыс телефоныңыз:
×