Ерте тұрғанның 3 ісі – ырысы
Райан Холидэй
Күнделікті атқарылмақ ірілі-ұсақ шаруаларымыз шашетектен. Оқушы, бала, әке, қызметкер ретіндегі міндеттерімізді санап болмайсыз. Бұған жалғас медитация, шүкір айту, денсаулықты ойлау сынды үстеме қам-қарекет те жетіп артылады. Расында, осының бәрі сау адамды діңкелетіп, ойын онға, санасын санға бөледі. Әуелде мінсіз тоқылған жоспар шылпара ыдырап, көңілді құлазытады.
Дейтұрғанмен, шиыры көп шиыртпақты жоспарымызды тәртіпке келтірудің қарапайым әдістері бар. Кімде-кім ерте тұрып, әр күнін 3 позитивті әрекетпен бастаса, ырысы артып, өрісі кеңейеді, денсаулығы нығайып, ақылы толысады. Әрине, барлық кілтипан осы үштікте деу қате. Бірақ өмірімізге әр, жұмысымызға нәр қосатыны даусыз.
Кітап оқыңыз
Қалың ұйқыдан оянып, бетіңізді сумен шайған соң, жалма-жан кітапқа ұмтылыңыз. Уақыттан ұтылып жатсаңыз да, бірқанша парағын аударыстап, мұқият көз салыңыз. Мәселе, көп оқығанда емес, машықтан жаңылмауда. Ғасырдан ғасырға өтіп бүгінге жеткен даналықтың бәрі кітапта. Эмерсон «әрбір кітап өзге кітапқа, жеке бастың немесе қауымның жылнамасына, адамзат тарихындағы мызғымас тұлғалардың түйінді ойларына сілтеп отырады» деген. Қамшының сабындай ғана ғұмырыңызды кітаптағы қазынадан хабарсыз өткізуіңіз өкінішті емес пе?!
Жаңа жерге қоныс аудару, машақатты ғұмыр кешу, арпалысып жүріп өрісті бизнес негіздеу, таныс-біліс көбейтіп, әріптес табу бүгінгі заманға ғана хас дүниелер емес. Талай мықтыға бұйырған дәм-тұз, талай арыстанның басып өткен соқпағы деп біліңіз. Бәрі-бәрі я таңбаға түскен, я ауыздан-ауызға жетіп, кейінгі дәуірде кітапта тоғысқан. Демек, сәл-пәл талап қылсаңыз, ұшы-қиыры жоқ осынау дариядан қана ішіп, іші-сыртыңызды бүтіндейсіз, арман-мұратыңызды айқындайсыз.
Кәдеге асатын кітаптар қисапсыз: ғұмырбаяндар, философия, классика, өзін-өзі дамыту кітаптары, соғысты сыпаттайтын еңбектер, фантастика, тіпті маркетинг және бизнес тарабындағы шығармалар. Бәрі дерлік танымыңызды кеңейтеді, түйіткілді түйіндерді тезінен ағытып, күрмеуі қатты сұрақтарға орнықты жауап табуға септеседі. Уақыт безбенінен өткен құнды, дәркер кітаптардан қанаттанып, жаңа белестерге, соны асуларға ұмтыласыз.
Соқталы зерттеулер, кітаптарды оқу әдеті адам бойындағы мейірбандық, бауырмалдық сияқты сезімдерді күшейтіп, басқа да игі қасиеттерді дарытатынын анықтаған. Демек, кітапқа шұқшиятын адамның көптігі қоғамды сауықтырады, сыйластықты арттырады.
Жаттығу жасаңыз
Медитация көп жұрттың көңіл ауқымынан табылып, күнделікті рәсіміне, бұлжымас әдетіне айналып келеді. Ал, шындығында, дене жаттығулары дұрыс орындалған жағдайда рухымызды да күшейтетін дәрумен қасиеттерге ие. Жаттығудың өзіңізге қажетті, қолайлы түрін таңдап алыңыз да күн құрғатпай жасаңыз. Мүмкін жүгіруді, әлде жүзуді, немесе кроссфит пен йоганы, тіпті, ауыр заттарды жерден жұлып алуды ұнататын шығарсыз. Ең бастысы, бастау, әйтеуір біреуінің құлағынан ұстап, жалғастыра білу, желімдей жабысып, айырылмауға бекіну. Күн сайын жүрегіңізге әдейілеп салмақ салып, бұлшық еттеріңізді ойнатып тұрыңыз. Мұндай жаттығулар кемінде бір сағат жалғасуы керек. Әуелде өзіңіз еркін еңсеретін межеден бастаңыз да, оны қалыпты әдетке айналдырыңыз, тайқып кетуші болмаңыз. Әрине, белгілі бір мақсат қойып, сол бағытта ілдебайлап жылжығаныңыз дұрыс. Неге дейсіз ғой? Себебі үйдегі, жұмыстағы, жалпы экономикадағы келеңсіз жайттар көңіліңізге қаяу түсіріп, салыңызды суға кетірген орайсыз күні жігеріңізді жанып, еңсеңізді тіктейтін бірден-бір шаруа осы болмақ. Ойға алған шақырымды тезінен өтіп, әдеттегіден көбірек жүзіп, зілтемірдің ауырын көтеріп әбден шаршағаныңызда қабырғаңызды қайыстырған дүниелер көзден бал-бұл ұшады, із-түссіз жоғалады. Қалтафоныңыға тоқтаусыз үңілу, кеңірдекке тақалған тапсырмаларды ойлану сынды ауруға шалдықтыратын орынсыз әдеттен құлан таза арылып, өмірге жаңаша қарауды үйренесіз. Жаттығудың пайдасы мен бағасын бұрын бағамдап, ел-жұртқа ұлықтап жүрген бірден-бір қауым – оқымыстылар, ғалымдар қауымы. Атышулы Ричард Брэнсон да бизнесмендерге қайта-қайта айтатын бір сөзі бар. Ол – жаттығу.
Жаяу жүріп қыдырыңыз.
Жаяу жүру де жаттығудың бір түрі. Оған дау жоқ. Бірақ жаттығудағы мақсат дене шынықтырып, физикалық жағдайымызды жақсарту болса, жаяу жүрудегі мұрат – мыйды тынықтыру. Бұл жұмыс үстеліңізден аулақтап, табиғатқа шығу үшін керек (тым болмағанда сыртқа шығу үшін). Кей күндері 10 минут қыдырасыз, кейде бір сағат. Әр түрлі уақытта, әр түрлі жағдайда жүргізілген зерттеулер жаяу жүру ойлануға септесетінін анықтаған. Жеке басым қыдырып жүріп, музыка тыңдауды ұнатамын. Үйдің төңірегінде, кеңсенің жанында немесе мүлдем басқа бір жерде жаяу жүруге әдеттеніңіз. Табиғатты тамашалаңыз. Жұмыстан аулақтап шыққаныңызды медет қылыңыз. Өзіңізбен өзіңіз бірер минут болыңыз.
Анығы, бұл үшеуін жүзеге асыру үшін қашанда уақыт табылады.
Бастаңыз. Дами түсіңіз.
Пікір қалдыру алдыңғы мақала | келесі мақала


