Әлемді араладым – едәуір дараландым
Гиллиан Моррис – арзан ұшақтар туралы ақпарды арнайы әзірлеп, проактивті ескертулер жіберетін Hitlist қалтафон қосымшасының бас директоры (CEO). Жақында оның бір ауқымды мақаласы Harvard Business Review-да жарияға шықты. Әлемді қоймай адақтаған америкалық автор кәсіпкер ретінде шыңдалғанын айтып, ағынан жарылыпты.
Мен университет қабырғасынан түлеп ұшқанда көлденең жұртқа қораш көрінетін карьера соқпағын таңдадым. Қарымы ұзын банк, тамырлы консалтинг саласы емес. Ата-анама ұнаған сыбағалы қызмет те емес. Ауылы алыс Қытай елінде 1 ай ағылшын тілінен сабақ беруге бекіндім. Егжей-тегжейлі тоқылған, нақпа-нақ жоспар жоқ. Нысаналы өлкеге жеткен соң көрермін деп, тәуекелге бел байладым да жүре бердім.

Қызығы, соған жалғас күректей бес жыл Моңғолия, Ресей, Тайланд, Ауғанстан, Сирия, Кувейт, Катар және Түркия сияқты елдерде өтті. Ағылшын тілі мұғалімі, фрилансер журналист, консалтинг компаниясының жобагері ретінде нәпақамды тауып, бай тәжірибе жинақтадым.
Ежеттес достарым мені кәдімгідей аяды білем, елге оралар, жұрт қатарлы еңбек етер деп үміттеніп жүрді. Бірақ олар да, мен де тап сол кезде байыбына бара алмаған нәрсе – менің әлдеқашан кәсіпкерлік сүрлеуіне түсіп, қақ ортасында ойқастап жүргенім. Бақсам, саяхат барысында кейінде венчурлі старт-апқа қажетті машықтарды игеріппін. Түсінігім артты, ақылым толысты, тәжірибем молайды.
Ордалы ел АҚШ-та болмысы айқын, бағдары нақты үдерістерге етіміз үйренгені сонша – «басқаша да болуы мүмкін» деген ой келе бермейді. Мәселен, біреу атаулы бизнес келісімді бұзса, сөзбұйдаға салмай, тезінен сотқа береміз. Жұмыста әлдекіммен жұлдызымыз қарсы келсе, кадр бөліміне асығамыз. Вебсайт істен шықса, қолдау көрсететін фирмаға қолқа саламыз (file a support ticket). Алайда, жер шарының басым бөлігінде мұндай құрылымдар атымен жоқ немесе қызметтері мардымсыз. Көлденең сұрақтарды шешуге келгенде көбінше өз күшіңізге сенесіз.
Әлі есімде, Ауғанстан, Пәкістан, Қытай, Тәжікстан және Қырғызстанның шекаралары тоғысар тұс – солтүстік Бадахшанда едім. Батыс Тәжікстандағы ұшаққа дер кезінде жету үшін әлі 3 күнім бар. Ал, оған барудың амалы екеу: бірі – Оңтүстік Қырғызстан арқылы, екіншісі – бес күндік машақатты жол Ауған шекарасымен жүріп өту. Қырсыққанда, қақтығыстар басталып, Қырғыз шекарасы уақытша жабылып қалады.
Жығылғанға жұдырық демекші, қалтамдағы қаржы да шектеулі, бары $200 ғана. Ал, ең тақау банкомат Гиндукуштың арғы жағында.
Ресурсы шектеулі, транспорты қолайсыз жапан түзде сопиып жалғыз қалғаныңызды елестетіп көріңізші! Нағыз старт-ап өмірінің елесі менмұндалайды. Байқайсыз ба?
Сонымен не керек, әу баста тетігі табылмайтын іс сияқты ұшырады. Олай емес екен. Мен тұрақтаған үйдің баласы қасына әлдебір жүргізушіні ертіп алады да көше бойындағы есіктің бәрін қағып шығады. Сәті түседі, бағымыз жанады, шекарада танысы бар қажетті адамға кезігеміз. Оған бірнеше қорап темекі ұстатып, көңілін табамыз да, межелі жерімізге жетіп аламыз. Шытырманнан дін аман өткен мен жоспарлы ұшағыма мініп, елге қайтамын. Өңім бе, түсім бе – түсініп болмайсыз.

Бөтен елде басыңызға іс түскенде көлденең таныс, қолұшын беретін ағайын іздейді екенсіз. Қиын жағдайдан досы көп, қоғамы үлкен адам ғана шырғалаңсыз шығады. Таныс-тамырдың ықпалы зор, мәні терең. Қытайлар мұны guanxi, ал арабтар wasta деп атайды.
АҚШ-тағы достарым жұмысқа орналасарда резюме жібереді де, жауабын сарыла күтіп отырады. Басқа елдерде бұл жеткіліксіз. Әлгі CV-ді дайындап, атаулы адреске жіберіп қана қоймай, жауапты бөлімнің тынышын алып, қадағаламақ керек.
Көмекке Wasta келмесе, бизнес идеяңыздың бойына қан жүгіртетін инвестиция тарту (raising money) да қиын. Ал, дегеніне жететін жырынды кәсіпкерлер Wasta-ның күшін жыға таниды, кәсіби байланыстарын ұтымды пайдаланады. Акселераторға жүгінуге бел байласаңыз, ресми түрде тіркеліп қана қоймаңыз, оған қатысы бар жандардың профайлдарын ақтара тексеріп, ортақ тұстарды байқастап, алдын-ала байланысқа түсіңіз.

Кейбір елдерде сатып алушының мақсаты – сатарманды арзан бағаға көндіру, тіпті тегін беруге үгіттеу. Саудаласу – өнердің бір өзегі. Түркияда жүргенде сүт сияқты қарапайым тауардан бастап ірі заттарға дейін саудаласуға машықтанып алдым. “Пиджакты маған тегін берсең, дүкеніңді достарыма мақтаймын” я болмаса “үйдегі құбырымды жөндеп берсең, жиенім көлігіңнің ақауын дұрыстап береді” секілді әңгімеге көп кезігесіз.
Силикон аңғарының маңдайалды инвесторының бірі Крис Сакка (Chris Sacca) жұмыс іздеп келген үмітті жандарға «тілін білмейтін елде жападан-жалғыз қалып, өзгенің мейірімімен ғана аман қалған кезіңіз болды ма?» деп сұрақ қояды екен.
Мен жұмбағы мол әлемді аралап жүріп, сан мәрте қысылтаяң жағдайға душар болдым. Мойымадым, қиыннан қиыстырып жол тауып отырдым. Тағдыры бөлек, дәстүрі бөтен елдерде жалғыз жүріп, бойымды құрсаған қорқыныш, үрейді жеңдім, сабыр сақтауды үйрендім.
Әсілі, старт-аптардың басқы капиталы қомақты бола бермейді. Баз-базында ақысыз жұмыс істеуге тура келеді. Старт-аптар әлемі құдды бір саяхат тәрізді, әрдайым күтпеген бөгесіндер мен тосқауылдарға толы. Мақсатыңызға әрқашан жете бермеуіңіз мүмкін, бірақ түбінде осы соқпақты таңдағаныңызға өкінбейсіз.
Пікір қалдыру алдыңғы мақала | келесі мақала


