Мейманы үзілмейтін мажар ауылы
Күніне 700 доллар төлеуге келіссеңіз, Будапешттен 180 шақырым жерде орналасқан, халқының саны 18 адамды әрең құрайтын, көлемі шағын Megyer ауылын тұтасымен жалға алып, уақытша болса да, әмірі күшті әкімнің қызметін атқаруға мүмкіндік аласыз.
40 адамдық жатын орны бар коттедждер ғана емес, ауылдың бар игілігі – қора толы қойы, сиыр мен тауығы, Csikas атты иті, ескіліктің велосипедтері, қасапхана, тренинг өткізуге таптырмас залдар және тағысын тағылар – сізге қызмет етеді. Айтқаныңызға көніп, айдағаныңызға жүреді. Ауыл әкімінің әйдік қызметі көше аттарын ауыстырып, артынша тақтайшаларды естелік ретінде алып кетуіңізге рұқсат береді.

Қазірде көздің құртына айналып, көп жұрттың түсіне кіретін, дегбірін тауысатын жобаның әу баста болашағы бұлдыр еді. Отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жанашырдың өзі сенім артпаған. Ақша құюға ынталының қатары күн озған сайын селдіреп, мардымсыз инвестиция қысқа уақытта бітуі керек шаруаны ұзартып отырған. Ал мерзімі толып, туристер қара нөпір боп ағылады деген күндері иендегі ауыл көп уақыт қаңырап бос тұрған.
Алайда, қалталы клиентке зәру боп келген атаулы жобаның қазіргі кейпі басқаша. Білетіндер кей күндері ауылды жалдауға ықылас танытатындардың саны төрт жүзге жуықтайтынын айтады. Заңды әкім Kristof Pajer-дің тақау болашақтағы жоспары – тасы өрге домалаған шағын ауылдың бағын одан әрмен асырып, Еуропа туризмінің кіндігіне, ұйықты ордасына айналдыру.
Тұрпаты бөлек бизнестің өмірге келуіне Kristof Pajer-дің жұбайы түрткі болған екен. Тура емес, жанама ықпал. Megyer ауылының таңдай қақтыратын әсем табиғатына құлай ғашық болған келіншек әупірімдеп жүріп, отағасын бір үйді сатып алуға көндіріпті дейді. Көп кешікпей дос-жарға сәлем айтып, базбірін құдайы көрші болуға үгіттеген. Ежеттес дос, жаһаттас жолдас төтенше тірлікке кіріскен екеудің сөзін жерге тастамайды. Тайлы-таяғымен көшіп келмесе де, сатылымға түскен үй-жай, қора-қопсыны сатып алуға айрықша ықылас танытады.

Әрине, әңгіменің тиегін ағытып, жора-жолдастың қияндағы Megyer ауылына қол созып, аяқ артуына мұрындық болған Kristof Pajer бір ауыздан әкім боп сайланады. Күткені де осы еді. Қолына тежеусіз билік тиген іскер басшы ғұзырындағы базбір коттедждерді жалға беретінін айтып, алыс-жақынға жар салады. Маркетингке қомақты ақша жұмсалып, қысқа уақытта ел біледі, жұрт таниды. Уақыт өте келе, бірлі-жарым үй емес, тұтас ауылдың жалға берілетіні мағлұм болады. Сөйтіп, кеше ғана құрсауы сөгіліп, басынан бағы тайғандай көрінген ауыл бірте-бірте Kristof Pajer-дің құтты қонысына, байлыққа бөгіп, дәулетке жеткізер ұйықты ұясына айналып шыға келеді.
Қазірде санаулы түтіні бар шағын ауылдың даңқы шетел асып, дабырасы алыс-жақын жұрттың бәріне жеткен. Іргедегі Голландиядан артынып-тартынып келетін қауымның қарасыны айрықша көп. Құдалар құйрық-бауыр жесіп, мыңжылдық туысқа айналатын үйлену тойлары, жыл сайын қайыра соғатын туған күндер, ұжымның ұйысуына ұйытқы болатын корпоративтік кештер – бәрі-бәрі маңдайы жарқыраған мажар ауылында мамырлы жазда да, қақаған қыста да өтеді.
Әйткенмен, әлі де атқарылатын шаруа шаш-етектен. Мәселен, Wi-Fi сигналын күшейтіп, телефон сымын өткізу, табиғи газ желісін тарту керек. Әрине, сұраныс бүгінгідей биікте болса, ұтықты ұсынысы бар ұжымды ауыл да ұдайы ұсынақты болары даусыз.
алдыңғы мақала | келесі мақала


