Жетістікке жетелер сәтсіздіктер

Жетістік ұғымы – бизнес тарабына қалам тартып жүрген жазбагерлердің еті мен сүті, наны мен суы. Бұл туралы он мыңдаған кітап жазылып, жүз мыңдаған мақала жарияға шықты. Оқырман жұрттың қызығушылығы артпаса, кеміген емес. Сәтсіздік те бұрын-соңды айтылмаған тосын дүние емес. Арманына асыққан жұмыр басты пенденің бәрі танитын, белгілі бөгесін. Алайда, соңғы жылдары жетістікке жетелейтін сәтсіздікті дәріптеушілер көбейіп келеді. Дәлел көп. Мәселен, бизнесмендер жапырып оқитын Harvard Business Review журналының бірінші бетіндегі P&G компаниясының экс-басшысы Лафли мырзаның “біз жетістіктен гөрі сәтсіздіктен көбірек үйренеміз” деген сөзі немесе Wired журналындағы “Қателік жаса. Жылдам. Сөйт те, жетістіккке жет. Еуропа бизнесі Силикон аңғарынан не үйренеді?” сынды ұрандар. Консалтинг саласының тарланы IDEO-ның “Тезірек жетістікке жету үшін жиірек қателік жаса” деп жар салуы.

Quotation-Albert-Einstein-failure-success-progress-Meetville-Quotes-104580

The Economist та осынау трендтің ығымен таяуда  ғана “Жиірек қателік жаса, сәтсіздік ыңғайлы шықсын” атты мақала дайындады. Түйінді сөзі мынау – компаниялардың сәтсіздіктен үйренетіні көп, бірақ оны ұтымды пайдаланып, іске жаратпақ керек.

Сәтсіздік ұғымының сәнге айналып, жұрт үйіруінің  тұщымды себептері бар. Әсілі, жетістік пен сәтсіздік бір-біріне кереғар ұғымдар емес. Көбінше,  кейінгісінің соққысынан жығылмай, тойтарыс беру арқылы әуелгісіне қол жеткізіп жатамыз. Жетістікке қарағанда сәтсіздіктен үйренетініміз көп. Ол тіпті креативтіктің белгісі деп те жатады. Тәуекелден, рисктен жалтарғандар ұтысқа шықпақ емес. Келешекті бұрын болжап, ертеден қамданғандар ғана тәуекелге бел байлайды.

antifragile_cover

Тұғырға шығып, жеңіс дәмін татқан антрепренерлер мұның сырын жақсы біледі.  АҚШ сәтсіздікті ұлықтайтын мәдениеті арқылы Еуропаны шаң қаптырды дейтін теориялар шындыққа жақын. Мәселен, индустриясы іргелі Германияда банкротқа ұшырау бизнес карьераңызға нүкте қоюы әбден мүмкін, ал Силикон аңғарында қателік жасау абырой саналады.

АҚШ-та тәуекелшіл  жұрттың қатарын көбейтуге атсалысып жүрген оқымыстылар бар. Соның бірі Нассим Николас Талеб Antifragile атты кітабында “біз – қателік жасап, сәтсіздікке ұрынған кәсіпкерге сый-құрметпен қарағанымыз жөн. Халықты тәуекел етуге ынталандыру – экономикалық өсімнің қайнар көзі ” дейді. Кітабының соңында тіпті “Ұлттық Кәсіпкерлік күнін” атап өтуді ұсынады.

Десе де, қателік жасауды жай ғана ұлықтап қою жеткіліксіз. Оны ұтымды басқарып үйрену керек. Бұл өнімді және өнімсіз сәтсіздіктердің ара-жігін ажыратудан басталады. Ал бұған тағы да сәтсіздіктер арқылы жетесіз.

 

 

 

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-жөніңіз:*
E-mail:
Байланыс телефоныңыз:
×