Мазмұны бай 10 вебсайт

Онлайн дәрістер өзгеше өріс алып, алдыңғы толқын құрылымдарды тұтасымен алмастыруға жарамаса да, көп жақсылыққа мұрындық болып отыр. Бүгінде атағы алысқа тараған ғалымдарды, білімпаз оқымыстыларды елде жүріп, үйде жатып тыңдауға болады. Игілігі мол интернеттің арқасы. Алайда, берекелі-берекесіз вебсайттар бір қазанда қайнап, бір табақта тартылады. Озығын тозығынан айырып, жақсысын жаманынан бөлектеу мейлінше машақатты. Сондықтан, осы тарапта өрелі зерттеу жүргізген lifehack.org, businessinsider.com сынды сайттардың еңбегі ерен. Олар нұсқаған интернет ресурстар білімін биіктетуге бекіген ықыласты талапкердің қажетіне жарары сөзсіз.  

1. Duolingo

Duolingo – шет тілдерін меңгеруге септесер бірегей ресурс. Әсіресе, талайдың түсіне кіріп қана қоймай, көшелі ісіне кеселі тиген ағылшын, испан, неміс, француз сынды тілдерде көсіле сөйлеп, шешіле жазуға мүмкіндік береді. Сөздік қорыңызды барынша байытып, жат жұрттың лұғатында байыпты бағамдауға үйретеді. Өкініштісі, шығыстың шимайы мол шұрайлы тілдері әлі тоқылу үстінде. Ұзамай олар да қатарға қосылады. Сонда жеті жұрттың тілі жеті қырда емес, бір арнада –  www.duolingo.com-да тоғысады.

2. Khan Academy

Атаулы ресурс университет қабырғасын көрмеген, тіпті мектепке баруға мүмкіндігі болмаған, бірақ үйренуге, білуге деген құштарлығы жойқын, алғырлығы айқын жандарға арналған. Математика, физика, тарих тәріздес ондаған дәрісті оңтайлы, жеңіл жүйемен түсіндіретін www.khanacademy.org – уақыт озған сайын молыға, толыға түсетін болмысы айрықша сайт. Қажетті ақпарды ақтарып, белгілі білімді беріп қана қоймай, ілгеріде тексеруге, ілдебайлап бекітуге де көмектеседі.

bigstock-Portrait-of-smart-businessmen-55206620-300x200

3. Project Gutenberg

Тамаққа ақшасын аямайтын, бірақ кітапқа келгенде төтенше сараңдық танытатын жұрт  www.gutenberg.org-тегі тегін кітаптарды қажетінше қолданса болады. Мүндағы ресурс заңнан тысқары, кеселді жолмен емес, бар тұрғысы келісті, келелі жүйемен жинақталған. Ар-ұжданды сылтау еткісі келетіндерге алтын сырға.

4. Codeacademy

Бүгінде клавиатураның кенеуін кетірген програмистердің дәурені жүріп-ақ тұр. Атақ-абырой да, қомақты жалақы да солардікі. Жүзден озғаны елінде сыйлы, мыңнан озғаны алыста күйлі. Мектептегі бағдарламалар да өзгеріп, орайымен тоқылуда. Дегенмен, www.codecademy.com сынды іргелі ресурстарды қолдану артықтық етпейді. Сірә, ұстаздың жақсысы көңіл-күйіңізді әлден танып, оқу мерзімін тиісінше ыңғайлағаны, қажетіңізді бұрын аңдап, оқу құралын сәйкесінше сайлағаны емес пе?!

5. MIT Open Courseware

Бұл – талайдың бағын асырып, берекесін арттыратын, іші де, сырты да бүтін, бірегей дүние. Атышулы Массачусетс Технология институты студенттерінің жанкешті еңбегі мен азаматтық арынының арқасында жүздеген дәріс онлайн режимге көшіріліп, жалпақ жұртқа қолжетімді қалыпқа келтірілген еді. Зерделі зерттеушінің бір шоғырын осы ресурста жолықтыруға мүмкіндік бар.

6. Coursera

Онлайн дәрістерді дәріптейтін интернет сайттардың ішіндегі шоқтығы биігі осы www.coursera.org. Интернет тарихы сынды қарабайыр курстармен қатар, қаржылық инженерия сияқты мақтаулы модулдерді ұсынады. Аңсарыңыз ауған салаға жақын жаңа дәрістер басталса, тезінен хабардар етіп отыратын төтенше тетігі де бар.

7. TED

TED – өз саласында елден ерек жаңалық ашқан, жетістікке жетудің ұтықты жолын тапқан, ел бастаған, сөз бастаған, халыққа айтары бар айрықша жандарды шаршы топқа шығарып, ағынан жарылуына мүмкіндік беретін, баға жетпес ақыл-кеңестерін алыс-жақынға түгел жеткізетін, пәлсапасы ұтымды ресурс. Ұзынды-қысқа видео лекциялар түйткілді көп дүниеге сәуле шашып, қуаты түгесілуге айналған көп жанға күш береді, жігерін жанып, кеудеде бұлықсыған арманға адал боп қалудың маңызын жеткізеді.

8. Fast Company’s 30-Second MBA

Қысқа видеолар арқылы алпауыт компаниялардың талайы өзгеше лидерлерімен таныстырып, алымды кеңестерін, бағалы пайымдарын көрсететін атаулы жобаның берері мол. Арнайы шақырылған басшылар бизнес әлеміндегі құпиямен бөлісіп қана қоймай, өмірлік мәні бар талай сырды ақтарады.

9. edX

Осы ресурстың көмегімен әлемдік өреде білім беретін дабыралы университеттердегі Бақытқа жету ғылымы және Жауапкершілікті инновация сынды жүздеген онлайн дәрістерді тыңдауға мүмкіндік аласыз. Тұрғысы алдыңғыларға ұқсас, бірақ мақсаты бөлек.

10. Justin Guitar

Жұмыста немесе жеке өмірде машығы артық, өнерлі жанның қоғамы үлкен, танысы көп болады. Ондайлар қандай да бір ортада көзге түсіп, мейманасы тасып отырады. Шіреніп гитара тарту да үлкен өнер, елден ерекшелейтін елеулі басымдық. Технологияның қарымы ұзарған қазіргі заманда гитара үйрену де мұң емес. Жақсы ұстаз жолықса, болды. Ал, Justin жай ғана ұстаз емес, тәжірибесі мол, ықыласы артық ұстаз екендігін ақысыз дәрістерінен бірден ұғасыз.

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-жөніңіз:*
E-mail:
Байланыс телефоныңыз:
×