Отбасы бизнесі
Компанияның бұйдасы іргесін көтерген әулеттің қолында болса, ұзақ мерзімді жобалардың саны артып, сапасы ұлғаяды деген сенім күшейіп келеді. Жуырда The Economist-те жарияға шыққан тиянақты зерттеу соны тағы да растады.
Бұдан жарты ғасыр бұрын атышулы менеджмент эксперттері капитал тарту, қарымды талант шақыру сынды атаулы үдерістер айрықша жеңілдейді, атадан балаға мұра есепті шырғалаңсыз көшетін басқару ғұрпының ғұмыры келте болады деп тон пішкен. Алайда, Wal Mart, Mars, Samsung немесе BMW тәрізді талай мықтыдан қара үзген алпауыттарды әлі күнге дейін құрушы әулеттер басқарып келеді. Сан өткелектен аман өтіп бүгінге жеткен олардың өрісі өлшеусіз, қуаты кенеусіз. Бірнеше миллион қызметкері, әлемнің түкпір-түкпірінде филиалдары бар компанияларды басқаша сыпаттау қиын.
Қазірде, отбасы басқаруындағы ірілі-ұсақты компаниялар Fortune Global 500 тізімінің 19%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш он жыл бұрын 4 пайызға төмен болатын. 2008 жылдан бері көлденең компаниялардың жылдық сатылымы 6.2%-ға өссе, жеке отбасылар туғызған еңселі бизнестер 7%-ға артқан. McKinsey болжамы тура шықса, аталмыш тренд жақын арада толастамақ емес.

Мұның бірден-бір себебі – қатарға тезінен қосылып, көз ілеспес қарқынмен алға ұмтылған дамушы экономикалар. 2005 жылдан бері Бразилия, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Тайвань сияқты елдерде қанаттанған компаниялар Fortune Global 500 тізімінде ойып орын алды. Егер де 2025 жылы ғаламдық нарықта жылдық табысы кем дегенде 1 миллиард долларды құрайтын компанияның ұзын саны 15 мыңға жетсе, соның 37%-ы дамушы елдердегі отбасыларға тиесілі болмақ.
Отбасы бизнестері құбыла-бағдарды әу бастан әйгілеп, шиыртпақты жобалардың нобайын мейлінше ұзақ тоқып, жеті рет өлшеуге, бір рет кесуге анағұрлым бейім тұрады. Ал, инвесторлардың қысқа мерзімді талаптарын орындауға еңкейгіш компаниялар ұзақтан күтпей, ұсақтан ұтуға тырысады. Алысқа емес, жақынға сілтейтіндіктен, көбінше ертеңгі елеулі өткелектер ескерусіз қалады. Салғастырсақ, отбасы бизнестері алған кредиттің мөлшері мейлінше шектеулі. Комақты қарыз шуақты күндері өсуді шектесе, тар уақытта дағдарысты ушықтырады.
Сонымен қатар, Нью-Йорк университеті Штерн Бизнес мектебі жүргізген зерттеу отбасы билігіндегі компаниялар қызметкерлерге қадір-құрметпен қарайтынын анықтаған. Еңселі компанияға ұйытқы болған құндылықтар көбінше құрушы тұлғадан мұра боп қалады.
Mckinsey тақау жылдары 114 отбасы және 1200 өзге алып компанияларды шендестіре зерттепті. Бақса, отбасы бизнестері әдепкі компанияларға қарағанда, корпоративтік мәдениет, қызметкерлерді ынталандыру және лидерлік қасиеттері жөнінен озық шыққан. Edelman PR компаниясының 12 елде жүргізген сауалнамасы отбасы билігіндегі компаниялардың бизнестегі имиджі анағұрлым артық екендігін тағы әйгілеген.
Солайы солай, бірақ кейде әулеттің бәсіре бизнесіне титтей де араласқысы келмейтін яки оны алға сүйреп, тұғырға жетелейтін антрепренерлік қасиеттерге кенде мұрагерлер де болады. Мұндайда сырттан кәсіби менеджер жалданатыны белгілі.
алдыңғы мақала | келесі мақала


