Әлемдегі әлеуетті миллионердің жарымы – кәсіпкер

2014 жылы Credit Suisse Research жүргізген соқталы зерттеу әлемде 35 миллион шамасында миллионердің барын анықтаған. Оның 14 миллионы (40%) америкалық. Демек, АҚШ-тың әрбір жиырмасыншы азаматы шіріген бай. Жалпы ғаламдық көрсеткіште екінші орында жапондар (8%), cосын француздар (7%), немістер (6%) және британдықтар (6%) тұр. 3%-бен Қытай 8 сатыға шыққан.

Осы тектес зерттеуді Credit Suisse Research 2010 жылдан бері жүргізіп келеді. Қызметке жегілетін негізгі фактор – жылдық табыс емес, жалпы байлық. Атаулы жандардың сәулетті сарайлары, табысты бизнестері мен қаржылық активтері (акция, облигация) біріктіріледі де, одан жалпы берешектері шегеріледі.

global-wealth-report-credit-suisse

2014 жылдың ортасында әлемдегі жеке тұлғалардың дәулеті $263 триллионды төңіректесе, оның үштен бір бөлігі ($84 триллион) АҚШ-та шоғырланыпты. Экономикасы баяуласа да Қытайдағы миллионерлердің қарасыны да еселеп артуда. Ол ол ма, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жеке байлық мөлшері Еуропа көрсеткішінен артық шығып, Солтүстік Америка деңгейіне бір табан жақындағаны байқалады.

Бостон Консалтинг Грубының (BCG) соңғы есебіне жүгінсек, 2014 жылы Қытайдағы миллионерлер саны 3 миллионнан 4 миллионға өскен. Ал жалпы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы (Жапониядан тыс мемлекеттер) жеке байлық 29%-ға артып, дамушы аймақтардағы (Шығыс Еуропа -19%, Латын Америкасы – 10%) өсімнен молырақ шыққан. Осынау қарқын бәсеңдемей, жалғасын тапса, 2016 жылы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жеке байлық 57 триллионға жетіп, Солтүстік Америкадан бір триллионға асып түседі екен.

1413314485367_wps_12_Millionaire_s_graphУльтра-миллионерлердің саны жөнінен (кем дегенде $30 миллион) де АҚШ оқ бойы озық тұр. Қытайдан 5 есе артық. Алайда, халық санына шақсақ, миллионерлер Швейцарияда мейлінше көп. Әрбір 1000 адамға 135 миллионерден. Осы есеп бойынша, Бахрейн, Катар, Сингапур, Кувейт және Гонконг өкшелей қуып келеді.

Қазіргі заманда дәулеті шалқыған миллионерлер аз емес. Көбі өз тұрғысынан басымен озғандар, мол байлыққа маңдай терімен жеткендер. Capgemini консалтинг компаниясының пайымынша, миллионерлердің тек 16%-ының ғана байлығы атадан мұра боп өткен. Әрине, байлыққа жетудің ең ұтымды жолы – бизнеспен айналысу. Миллионерлердің жарымына жуығы (47%) – дәулетке жүрісімен жеткен қарымды кәсіпкер.

Миллион долларға бағаланатын бизнес құру елден ерек дарынды керек етпейді. Хакім Абай, «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген. Америкалық миллионердің көбі табыстың бір бөлігін депозитке құйып, қалғанын бизнесті дамытуға арнағандар екен. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ дейтін мықтыларының өзі қарапайымдылыққа бейім. Бөліне көшуге, ауа жайлауға ұмсынбайды. Жұрт қатарлы өмір сүруді тәуір көреді. Әдетте, $40 тұратын аяқ киім мен Форд мәшинесін місе тұтады. Осындай айрықша қорытындыға The Millionaire Next Door кітабының авторлары – Томас Стэнли мен Вильям Данко келген. Сену қиын, бірақ айғақты, дәйекті еңбекті сынауға тағы да болмайды.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-жөніңіз:*
E-mail:
Байланыс телефоныңыз:
×