Адам Смиттің түйінді ойларын қайыра пысықтасақ
Көзі қарақты жұрт Адам Смитті экономиканың атасы деп біледі. Оқымыстылар қатпарлы микроэкономиканы індете зерттеп, арнаулы ғылым дәрежесіне көтерген шотландтық философ деп таниды. Оны еркін нарық идеясының жақтаушысы деп түсінетіндер де бар. Алайда, асырасы мол, әсіресі көп түйіндер жасап, ақиқаттың бояуын мейлінше өзгерткен экономистер мен журналистер де жетіп артылады.
Смиттің “біздердің ішіп-жеміміз қасапшы немесе наубайшының бізге деген сый-құрметінен емес, өз тірлігін күйттегенен келеді” деген сөзі бар. Әдетте, эгоистік көзқарасты дәріптеушілер осыны медет қылады. Адам Смит “жеке бастың қамын ойла” деп жар салып тұрғандай ұшырайды. Ал, экономиканың тарихын зерттеп жүрген Атол Фитзгиббонс Смиттің мұндай ойларын оқшауламай, атаулы контекстіде қарастыру керектігін айтады.

The Theory of Moral Sentiments атты екінші еңбегінде Адам Смит философтардың қоғамдағы орнын бағамдайды. Оның пікірінше, философтардың жеке басты күйттеп, эгоистік көзқарасты ту етулері әбестік. Керісінше, олар адамзат баласының қайғы-қасіретіне ортақтасып, түйткілді мәселелердің күрмеуін ағытуға атсалысқаны жөн. Ал, қасапшы мен наубайшының әлемдік деңгейдегі, шиыртпақты сұрақтарға жауап іздеп, бас қатыруы қате. Олар өз кәсіптерінде шыңдалып, жеке бастың қамын алдыңғы орынға қойғаны абзал. Фитзгиббонс айтады, Адам Смит барлық кәсіп иелерін меңземеген, базбірінің ғана өз мүддесін бұрын ойлағанын құптаған.
Екінші бір мәселе Смиттің көрінбейтін қол (invisible hand) теориясына қатысты. Бұл теорияны жалпақ жұрт былайша ұғады: егер әркім өз басының пайдасын ойлап, дербестікке ұмтылса, онда қоғам да ұтады, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман да орнайды. Алайда, XVIII ғасырдың экономикасын жан-жақты байыптаған, көрнекті маман Эмма Ротшильд осынау тамырлы пікірмен келіспейді. Себебі, Адам Смиттің еңбектерінде «көрінбейтін қол» сөзі 3-ақ жерде кездеседі екен. Үшеуінде де ирония басым, шынайылық жоққа жақын.

Адам Смиттің ендігі бір танымал теориясы еңбектің бөлінісі туралы (division of labor). “Он адам бірігіп, әрқайсысы өндірістің бір шетін ұстаса, күніне 48 000 ине шығарады. Ал, басы бірікпей, оқшау әрекет етсе, онда жиырма емес, біреуін де жасауға шамасы келмейді” деген сөзі уақыт оза келе еңбек бөлінісін жақсартып, әртүрлі әрекет бір арнада тоғысса, бизнестің тасы өрге домалайтынын көрсеткен. Бір қызығы, Смит экономикалық ұтымдылыққа еш уақытта үлкен мән берген емес. Оның пікірінше, еңбек бөлінісінің кері әсері мол, келешекте қоғамға да, жеке адамға да зиянға шығуы әбден мүмкін.

Wealth of Nations еңбегінің соңғы бөлімдерінде мынадай тұжырым бар: еңбек бөлінісінің салдарынан “жұмысшы өзі ойлап тапқан затын түсіну және оны іс жүзінде жан-жақты байқастау мүмкіндігінен айырылады. Тіпті, бұл біржақтылыққа, надандық мен қараңғылыққа жетелейді”. Адам Смит еңбек бөлінісі адамдар арасындағы сенімді азайтып, ымырасыздыққа жол ашады деп қауіптенген.
Расында, жалқыны түсінуге ұмтылыс кейде жалпыны талдауға бөгет боп жатады. Бірі-біріне мінбелеп, ұғымсыз ұштасқан үдерістердің ортақ бастауын тауып қана кейінгі өрісін анықтау мүмкін. Сондықтан, бір салада маманданып білімін тереңдеткен кісі бөтен салаға да назар аударып, танымын кеңейткені жөн.
Пікір қалдыру алдыңғы мақала | келесі мақала


