Financial Times газеті түтіні түзу шығатын Nikkei-ге өтті

Тарихы тереңде жатқан Financial Times (FT) газеті жапонның қарымы шектеулі Nikkei компаниясының ғұзырына өтті. Білім мен медиа саласында атағы шыққан Pearson конгломератына тиесілі батыстың іргелі басылымын шығыстың ортанқол компаниясы сатып алуға жарап жатса, жаһандану үдерісінің үдегені, әлемдік бизнестің ұйықты ордасы Тынық мұхитына қарай еңкейгені деп біліңіз. Алмандық Axel Springer сатып алуға үмітті ірілердің бірі еді, бірақ қолма-қол 1.3 миллиард доллар төлеуге дайын Nikkei-дің бағы асты.

0_17e8a7_75d4ed8d_orig

Financial Times – 1888 жылдан бері бизнес пен экономика тарабына ағылшын тілінде татымды шолу, пайымды сараптама жасап келе жатқан, атағы алыс-жақынға бірдей жеткен, тамырлы басылым. Қазіргі таңда атаулы ақысын төлеп оқитын қауым 720 000 болса, оның 2/3 бөлігі электронды қолданушылар. Онлайн жазылудың құны  аптасына – 5.35 британдық фунт  ($8.30). Әрқилы дискаунттарды  қоса есептегенде, бір жылдық бағасы – 300 доллар. Өткен жылы Financial Times-ды 600 000 адам оқыған, сонда электронды форматтағы өнімнің кірісі 180 миллион долларға жеткен. Ресми 910 000 оқырманы бар New York Times-дың кірісі 169 миллион доллар болғанын ескерсек, онда Financial Times қомақты табыс әкелетін сүбелі газет екенін аңдау қиын емес.

Табысы таудай бизнесті сатуға бел байлаған Pearson-нің да ұпайы түгел, есебі түсінікті. Леонид Бершидски мырзаның Блумбергке берген сұхбаты көмескі көп жайтқа сәуле түсіреді. Айтуынша, Pearson көп жылдардан бері білім саласында жұмыс істеп келеді, еңбегі өнімді, табысы тартымды. Электронды оқу құралдарына сұраныс артқан бүгінгі заманда (бес жыл бойы 9.2%-ға өсіп отырған) ауқымды жобаларды еңсеріп кете алатын Pearson сынды алпауыт компаниялардың дәурені жүріп тұр. Ендеше, компания екі кеменің басын ұстамай, өзі маманданған салаға бұрылып жатса, несі ерсі?!

images

Әлемдік бизнес қауымдастығына белгісіздеу боп келген Nikkei де жаңа өреге шыққанын танытып отыр. Батыс журналистикасының жауһары саналатын Financial Times-қа тісі батып, заңды қожайыны атанып жатса, жапон компаниясының да осал болмағаны.

 

 

 

Пікір қалдыру |

A- A A+
Журналға жазылу

 

Аты-жөніңіз:*
E-mail:
Байланыс телефоныңыз:
×