Өзіңе сен…
Әлдебір шақта, әрекетіміздің нәтижесін өзгелердің аузынан жылы сөз естіп қана бағалайтын қылықты өз бойымыздан көріп қалып жатамыз. Ақ-қараны тексеріп алмай, қандай сезім құшағына кенелетініміз де өзгелердің бағасына, пікіріне тәуелді болады ондай кездері. Айналадағылардың сынынан сескеніп, таңдаған ғұмыр соқпағымыздан, жүрекжарды мақсатымыздан бас тартып жатамыз. Қоғамның теріс пікірінен жараланып, ойға алған бизнестен әлдебір карьеаралық өзгерістерден оңай қол үзіп, қиғаш, байыпсыз әрекеттерге бас қоямыз. Қоғамдық қысым буындырып, іштегі мақсаттар шықпай жатып сөнеді де ықылас атаулымен біржола қош айтысамыз.
Әдетте, өзімізді, нәпсімізді тым жақсы көрсек те, өзгелердің пікіріне тым үлкен маңыз бере қоятынымыз қалай? Басқалардың сөзінде жылпостық, жағымпаздық байқасақ та оны талғажау етіп, соған алданып, іштей қанағат табатынымыз не жөн?
Қоғам бірегейлікті насихаттайтыны, сара жолын таңдағандарды құптамайтыны бар. Өз үйінен үш қадам аттап баспағандар, тәуекелге бел байлап, түзден ғылым-өнер іздеуді тіпті ойға алмайтындардың бар істейтіні – өзгенің тіршілігін бағу, өзімен емес,өзгенің нәпақасына телміру.
Өсек, өтірік, жағымпаздықты ту еткендер кімдер? Тегінде, ондайлар ғұмырында тәуекелге бармай, қоғам қысымынан аттай алмай, өзінің еріншектігін сылтау еткендер, еңбегімен не өзіне, не айналасына пайдасы тиіп жарытпағандар.
Біреуге сенгендердің, туысына иек артып, тағдырын бір шүберекке буып, өзгеге тапсыратындар ұзақ мерзімде әрдайым ұтылыста болмақ. Жастайынан ата-анасының қамқорлығынан аса алмай, жылыжайда өскен, комфорт аймағынан шыға алмағандардың іске татыр дүниемен айналысуы тіптен неғайбыл.
Ақиқаты, отызды күтпей, жиырмадағы алтын кезеңде уақытты бос өткізбеу маңызды. Әлемнің 7 миллиард халқымен өмірлік кеңістік үшін күрес әр бір таң атқанда қайта басталады. АҚШ-та 2015 жылдың тек мамыр айында 370 000 адам жаңадан кәсіпкер атанса, жылдың алғашқы бес айы бойынша 1 миллионнан астам кәсіпкер еңбек нарығына қосылған. Мемлекеттің аузына қарамайды олар. Мемлекет қазынасына үңілуді ар санайды олар.
Хакім Абай: Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап- дегені өз бағасын ешқашан жоғалтпақ емен.
Сенекаға сенсек, өмір – қысқа емес, тек уақытты бос өткізгеннен өмір қысқа көрінбек.
Пікір қалдыру алдыңғы мақала | келесі мақала


