Еуропа Венчурлі Капиталы
Төмендегі мақала The Economist журналында жарық көрген. Мұнда Еуропа мен АҚШ-тың старт-аптарды қаржыландырудағы айырмашылықтары мен бүгінгі жағдаяты баяндалады.
Люксембург әуежайына апаратын жолдың бойында орналасқан алып кеңседе бір топ азаматтық қызметкерлер Еуропа Венчурлі Капиталистерінің жаңа толқынын таңдаумен әлек. Әр жылы жүздеген қаржы мамандары келесі Фейсбукті ойлап табу үшін үкімет қаржысын алу мақсатында Еуропа Инвестиция Қорының кеңсесін торуылдайды.
Анығы, Еуропа Одағы венчурлі капиталистерді әзірлеуде ешқашан Силикон аңғарының алдын ораған емес. Бұл жағымсыз болса да шындық ақпар Еуропа саясаткерлеріне түрпідей тиетіндіктен, олар жұмыс орнын жаратып, инновацияның локомотиві саналатын жергілікті венчурлі капиталистерге қолдауларын аяған емес. Әлемнің өзге аймақтарының зейнеткерлік қорларына және банк тәрізді қаржы институттарына қомақты қаржы салуға үйренген жеке инвесторлар Еуропаның бизнеске қолапайсыз ортасында жергілікті старт-аптарға құюға әсте белсене қоймайды. Мұндайда, саясаткерлер бұған жауап ретінде, ортаны бизнеске оңтайлы етудің жолдарын қарастырудың орнына, билікті мемлекет-қолдаған бюрократтарға табыстаған.
Былтыр Еуропа Венчурлі Капиталына құйылған қаржының 40%-ы үкіметке қатысты ұйымдардан келген болса, 2012 жылы ол 14% болатын. Жалпы 4 миллиард еуроның 600 миллионын Еуропа Инвестиция Қоры қосқан. Бұдан бөлек, әрбір Еуроодақ елінде өз венчурлі капиталистерін таңдайтын шағын бағдарламалары бар.
Есебі, салық төлеушілердің жомарттығына қарамастан Еуропа венчурлі капиталистерінен жинақталған қор американдық деңгейге жетеді дегенге сенетіндер некен-саяқ. Thomson Reuters ақпарына сенсек, 1990 жылдан бері Еуропа венчурлі капиталының қайтарымы 2.1%-ды құраса, олардың американдық әріптестері 13% қайтарымға ие болған.
Жалпылай алғанда, Еуропа Инвестиция Қоры (ЕИҚ) 260 венчурлі қорларға 3.8 миллиард еуро құйғанымен оның инвестицияларының қалай қолданылып жатқаны турасында шынайы мағлұмат тіптен жоқ. Компанияларды мерзімінен ерте сатуға қою, ұзақ-мерзімдік ғаламат келісімдерден ат тонын ала қашу – үкімет тарапынан қолдау тапқан қорлардың аз қайтарымына себесін болады. Мұндай қанағаттанушылық консерватизм алдағы уақытта үкімет қаржысына тағы да қол созу мүмкіндігінен айрылып қалмаудың салдары екендігі айқын. Бұған қоса, алып корпорация жұмысшыларының мұң-мұқтажын күйттейтін Еуропа заңдары старт-аптардың аумақтануына біршама бөгесін болып, томпақ шығып жатады.
Анығы, ойындар құрастырумен айналысатын King.com және жарнамалық технология Criteo тәрізді бірнеше Еуропалық старт-аптар IPO-ға шыққаны мағлұм. Бірақ екеуі де бір мезетте Америка және Еуропа капиталына қаржыландырылса, олардың акциялары АҚШ-та сатуға қойылған.Бұлардың тізімі жақында Еуропа капиталына негізделген трендті музыкалық қызмет Spotify-мен толығады деп күтілуде. Еркін ойлы, зердесі тұнық Еуропалықтар тіпті өз бизнесін бастамай жатып, Калифорнияға топ тобымен қоныс аударып жатқаны да белгілі жағдай. Бүгінде, Калифорнияда старт-аптармен шұғылдануға бел буған 100 000 британдық азамат қызмет етеді екен.
Жинақтап келгенде, Еуропа мен АҚШ-тың лидер компанияларды сұрыптау әдістерінде айырмашылық үлкен. Түбі, ескі құрлықта қазірде кәсіпкерлік пен старт-ап индустриясын жөн-жосықсыз субсидиялаудан гөрі оны пайда табатын тартымды салаға айналдыру саясатына жылдам өту маңызды болып тұр.
Пікір қалдыру алдыңғы мақала | келесі мақала


