Кәсіпкерлер кімдер?
The Economist-тің тұжырымындауынша, кәсіпкерге екі түрлі анықтама беруге болады. Біріншісі көпке мағлұм, қарабайыр халық арасында кеңінен қолдау тапқаны: өзін жұмыспен қамтамасыз еткен ортаңқол компания қожасы немесе кішігірім бизнесін дөңгелеткен адам. Екіншісі, Жозеф Шумпетердің айтқаны: кәсіпкер бұл – инноватор – идея жарататын және оны өсімі жоғары алып компанияға айналдыратындар.
Түбінде, Шумпетер ізбасарлары репликативті (кіші бизнесті нарықтағы өзгелерге ұқсатып бастайтындар) және инноватор (түбегейлі жаңалық енгізген даралар) кәсіпкерлердің ара жігін ажыратады.
Әдетте, кез келген мемлекеттің кәсіпкерлік алаңында қаншалықты оза шапқандығын алғашқы анықтамаға сәйкес мөлшерлейді. Бұл елдегі шағын бизнес көлемін немесе өзін өзі жұмыспен қамтамасыз еткендердің санын есептеумен бітіп тынады. Дегенмен, бұл екіұдай нәтиже жарататыны мәлім. Мәселенки, бұл анықтамаға сүйенсек, Мысыр АҚШ-ты артқа тастап кәсіпкер саны жөнінен ғаламда алдыңғы орынға шықпақ.
Тегінде, халқының негізгі бөлігі шағын бизнеспен шұғылданатын елдер тоспа халде болады. Қоғамда өзгедей мүмкіндіктер болмағандықтан жеке бизнес суырылып шығудың жалғыз жолына айналады. Түптеп келгенде, аталған шағын кәсіпкерлер сол қалпын өзгертпек емес, себебі олар өзгешеленуді ұмыт қалдырып, тек өзгелердің жасағанын қайталайды.
Бұған қоса, The Economist Магнус Хенрексон және Тино Санандажи зерттеуін тәптіштеп сүзгіден өткізеді. Тап сол еңбектерінде авторлар кәсіпкерлік деңгейінің межесі ретінде селф-мейд миллиардерлердің санына назар аударуды ұсынады. Аталған зерттеушілер Форбс тізімінде орын тепкен соңғы 20 жылдағы миллиардерлер санына үңіліп, жалпы 996 мыңғырған байлар тізімін құрастырады.
Нәтижесінде, авторлар экономикалық динамизмді анықтайтын, адам басына шаққандағы патент және венчурлік капитал мөлшерін миллиардерлер шоғырланған елдермен байланыстырады.
Сөйтсек, миллион адамға шаққанда миллардерлер Гонконгта, Израильде және АҚШ-та шаш етектен екен. Халық саны Қазақстаннан екі есе аз Гонконг пен Израиль оқ бойы озық. Қорытынды мынау: инноватор кәсіпкерлер құны жоғары байлық жаратып, ел экономикасын еселеп арттырмақ.
Ендеше, The Economist сілтеме жасаған StartUp Britain сайтының деректеріне құлақ түрсек: былтыр Британияда 526 000 компания тіркеліпті. Алайда бір көзге ұшан теңіз бизнес ашылғаны елестегімен, бұлардың айтарлықтай бөлігі мәжбүрліктен өз ісін ашқан такси жүргізушілері, бағбандар және су құбыршылары екендігі таң қалдырады.
Осы орайда, Social Market Foundation ғылыми зерттеу институтының деректері қызық. Швеция байлық жарататын құны жоғары кәсіпкерлерді Британиядан 50%-ға артық шығарады. Мұның бірден бір себебі ретінде аталған институт мемлекеттің кірігу жағдаятын баяндайды. Яки білімді, қарымды жұмысшыларға ыңғайлы жұмыс графигін ұсыну арқылы оларды қосымша бизнеспен айналысуға ынталандыру болмақ. Керемет.
Демек, инновациялық ойлау жүйесі мен әрдайым шағын бизнесті алып компанияға айналдыру қабілеттерінің болуы – Шумпетерлік кәсіпкерлердің айрықша белігісі болып табылады. Ал, кіші бизнес тұрақсыз әрі тартымсыз жұмыс жүйесі мен шектеулі мүмкіндіктерді жаратады.
Елге оралайық. Қазақстанның стратегиялық орналасуын әрі шағын халық санын ескере отырып, біздің айналамыздағы елдердің кәсібінен артық болуымыз, өзіміздің ерен жолымызды табуымыз маңызды. Яки сапалы, құны жоғары кәсіпкерлерді тәрбиелеу –ұзақ мерзімдегі артықшылық қалыптастыруда шешуші рөл атқармақ.
алдыңғы мақала | келесі мақала


