Жапондар ағылшын тілін филиппиндіктерден үйренуде
Жапонның еңселі басылымы Асахи Шимбун қызықты бір үдеріске назар аударыпты. Айтуынша, Филиппин жерінде ірге көтерген QQ English компаниясы ағылшын тілін үйренемін деген жат жұрт өкілінің, әсіресе, жапондық талапкердің айнымас серігіне айналып келеді. Атаулы жоба студент қауымның талап-тілегін ескере тоқылған, барлық түрғысы ұтымды һәм мейлінше арзан.
Тұрпаты ерек QQ English компаниясының болмыс-бітімін негіздеп, бекіткен Райко Фужиоканың ұлты – жапон, сондықтан билік тізгіні жапондық менеджерлердің қолында. Мектептегі 600-ге жуық Филиппиндік нұсқаушы екі ауысыммен жұмыс істейді. Ал, онлайн бағдарламаға тіркелген шетелдік студенттің жиын саны 10 000-ның ар жақ, бер жағында. Оның 80 пайызы жапон болса, қалғаны қытай,оңтүстік корейлік, орыс және ирандық қауым. Жосыны бөлек компанияның онлайн дәрістерін тыңдаушы қалың жұрт демалыс уақытындак ампустағы интенсивті курстарға да қара нөпір боп ағылады.
Екі елді жарасты үйлестіріп, үлкен құрметке жеткен Фужиока мырза жапонның іргелі университеттерін ара-тұра аралап, ақыл-кеңесін, көрген-білгенін айтып отырады. Тіпті, Мейджи Университетіне филиппиндік нұсқаушыларды жіберіп, оңды нәтижеге жетелейтін оңтайлы жүйеқалыптаудың тәсілін де көрсетуде. Ағылшын тілін «сапыратын» филиппиндік нұсқаушыларға деген зәрулікшатқаяқ бизнес әлемінде найқала жылжыған жапон компанияларында да аңдалады.
Ағылшын тілін үйренуге бүткіл әлем ден қойған толқымалы заманда байырғы,төлтума мәдениеті бар жапон халқын жаһандық көшке іргедегі филиппин жұрты арқылы ілестіріп отырған Райко Фужиокадың болмысы айрықша бизнесінің тарихын ғибрат үшін баяндап өтейік.
Білетін жұрт, Фужиока мырзаның әуелде мотоциклмен жүк тасымалдау, Еуропадан мотоцикл әкелу сынды қарабайыр істермен шұғылданғанын айтады. Алайда, ағылшын тіліне шорқақтығы әу бастан сор боп жабысқан, оқтын-оқтын салын суға кетіріп, бағын байлап отырған. Мотоцикл шығарушы құдыретті компаниялармен жиірек жөн біліссе де, сирек сөз байласқан. Көбінеки бәсекелестері шұғыл қимылдап, аяусыз шаң қаптырып отырған. Уақыт озған сайын Фужиока мырзаның қарымы қысқарып, өрісі тарыла беріпті. Қайыра соғатын тозақы өткелектерден әбден қажыған Фужиока, ақыр түбі бәрін тастап, ағылшын тілін түбегейлі үйрену үшін Филлиппинге жол тартқан.
Күнделікті тіршілікте өз тілдерін тұтынатын филиппин жұртының ағылшын лұғатында еркін меңгергені жапондық бизнесменді таң қалдырыпты. Жаһанның лингва франкасы бұл елде айрықша құрметте, тіпті, ресми тілдер қатарынан ойып алған орны да бар. Ендеше, АҚШ қана емес, басқа да Англофонды елдердің колл-центрлері Филиппинде орналасып жатса, несі таң?! Батыс пен Шығысты жалпағынан кезіп, талай құрлықты өктей өтіп, қақырата адақтаған Фужиока мырза Жапонияның тақау төңірегінде Филиппиндей басымдыққа ие ел жоқ деп тоқтайды. Әлемді бағындырған қарымды тіл – ағылшынды Англофонды елдерден гөрі басқа жұрттан үйренген әсерлі, ұтықты, өнімді көрінсе керек. Тік отырып сыйласып, тең отырып сөйлесу қашанда жайлы,тіл ұштау үшін аса ыңғайлы.Фужиока мырза орайлы сәтті қалт жібермей, бірден QQ English компаниясының шаңырағын көтереді.
Әлбетте, оның жоспарын балаңқы, іске татымсыз, түкке жарамсыз деп бағалаған дос-жаран, біліс-таныс көп еді. Бірақ құбыла бағдарын нақпа-нақ белгілеген Фужиока мырза Филиппиндегі жобасына 3.32 миллион доллар инвестиция құяды. Жиған-тергені бар, сатылымға түскен жылжымайтын мүлігі бар, дос-жараннан сұрағаны бар. Бұл –күні кеше қаржылық кризистен ауыр соққы жеп,пұшайман күй кешкен, талайсыз 2009 жыл еді.
Нәтиже-қорытынды адам айтса нанғысыз. 2013 жылы QQ English курсының сатылымы 6 миллион долларға жетсе, 2014 жылдың есебінде 1 миллиард доллар болады деп күтілуде. Арманы асқақ Фужиока мырза бәсіре жобасын Бразилия мен Италияда жарнамаламақ ойы да бар. Сәті түсіп, бағы жанса, сатылым бірден шарықтап, 100 миллиард долларға жетуі кәдік. Ағылшын тілін үйренемін деп жапондар тыраштануда, үйретемін деп филиппиндіктер, ал Фужиока мырза үйлестіруші, дирижер. Сондықтан бақытты, бақуатты.
Пікір қалдыру алдыңғы мақала | келесі мақала


