Бүгін:

«The Lean Startup» by Eric Ries

Эксперт қауым Эрик Райстың «The Lean Startup» атты кітабын бірауыздан «соңғы онжылдықта жарыққа шыққан ең таңдама бизнес әдебиеттің бірі» деп бағалап отыр.

Балаңқы стартапты өрге сүйреудің ұтырлы әдістерін тәптіштейтін бұл еңбек боркемік кәсіпкердің бағын ашып, өрісін ұзартады екен, қызыл шақа бастамасын бар кемістіктен арылтып, кемеліне келтіреді екен. Шар тарапта айрықша дәріптеліп, ілтипатқа алынып жатқан атаулы бестселлердің ұлағатын біздің оқырмандарымыз да танысын деген ниетпен ықшамдалған мазмұны мен түйінді ойларын осы санымызда беріп отырмыз.

«The Lean Startup» екі бөлімнен тұрады. Алғашқысында, Автор, lean startup методологиясын таратып, табиғатын ежіктейді, ал кейінгісінде әр түрлі компаниялардың бизнес кешулерін түсіндіріп, олардың жетістікке жетіп-жетпеуінің астарында жатқан жетекші себепке тоқталады. Ең бастысы – Автор өзінің әрбір тұжырымын белгілі бір бизнес кейспен тұздықтап отырады; яғни, пәлен деген қағиданы іске асыруға жараған түген фирма ұшпаққа шықса, оны қаперге алмаған басқа фирма мұратына жете алмады деген тұрғыда.

Сондай қағиданың бірі – «MVP» немесе «minimum viable product» – қандай да бір өнімнің ілдалдаға жарайтын, ең жұпыны нұсқа, прототипі. Автордың айтуынша, егер компания өзінің жаңа өнімін сатылымға шығармас бұрын, жабайы, бастапқы күйінде (minimum viable product) халыққа жеткізіп, сыннан өткізсе, көп шығынға ұшырамайды. Себебі кемістік-кінәратты дер кезінде түзеп, анағұрлым өтімді жағдайға келтіруге және болашақ өнімнің нарықта сұраныс тудырып-тудырмайтынын байқастауға мүмкіндік алады.

MVP қағидасын сәтімен іске асырып, мұратқа жеткен бірден-бір стартап – Dropbox екен. Алайда, Dropbox өзінің MVP-сын ә дегеннен таба салмаған, шарқ ұрып, ұзақ іздеген. Сірә, ол технология саласында бағын сынап жатқан көп стартаптың бірі еді. Ал, технология тарабында нәпақа іздеген кез келген компания өзінің бәсіре тауарын түсінікті қалыпқа жеткізіп, ең жұпыны кепке түсіру үшін, кемі бірнеше ай кодтаумен айналысуға тиіс. Бұл деген – ойдағы проектіні жарым-жартылай бітіріп, шалажансар күйде жалпақ жұрттың алдына тарту үшін әжептәуір уақыт пен қаржы керек деген сөз. Ал инвесторлардың көбі болашағы белгісіз жобаның жөргектегі сұлбасын жасауға құлшына бермейді. Dropbox-қа ақша құймақ болған бай-бағлан да бірнеше айға созылатын кіріспе кезеңді қаржыландыруға оншама құмартпайды. Оның үстіне, сол жылдары клаудта мағлұмат сақтау – әлі тәртіпке енбеген, қисынсыз көп қиялдың бірі болатын. Сайып келгенде, Dropbox-ты сатылымға шығармақ болған кәсіпкер-програмистер оның жабайы нұсқасын (MVP) жұртқа жеткізудің оңтайлы жолын таба алмай, әбден қиналады.

Бірақ, ақыр соңында, табады. Dropbox-тың MVP-сы – қарапайым видео боп шығады. Қысқа-метражды бейнебаян электронды қалыпқа түскен деректердің әр түрлі дивайстағы синхронизациясының мүмкін екенін дәлелдеп, оның қайтіп жүзеге асатынын бажайлап береді. Не керек, өзгеше тұрпатты өнімнің артықшылығы мен қажеттігін бірден байқаған тұтынушылар жөппелдеме хабарласып, ырза-хоштарын жеткізеді. Және ертең сатылымға шығып жатса, тиісті төлеуін беріп, сатып алатынын айтады. MVP-дың халықтың көңілінен шыққанын байқаған жоба авторлары да, инвесторлар да ырғалып-жырғалмай, толғағы жеткен жұмысқа кірісіп кетеді. Арада біраз уақыт өтіп, Dropbox бастан-аяқ дайын болғанда, расында да, үлкен сұранысқа ие болады.

Аталмыш кітапта сөз болатын ендігі бір қағида «small batches» деп аталады. Эриктің айтуынша, шығынды азайтуды көздейтін өндірісте (lean manufacturing) кеңінен қолданылатын бұл тәсіл стартаптардың да жолына гүл бітіреді. Small batches-тың мағнасы – барлық заттардағы алғашқы бөлшекті жасап болғаннан кейін екінші, үшінші, төртінші, … бөлшектеріне көшкеннен гөрі, бір затты бастан-аяқ бітіріп, содан кейін екінші затқа кіріскен дұрыс. Мысал үшін, сіз 100 адамға пошта арқылы жарнама қағазын (flyer) жіберуге ниет еттіңіз дейік. Бұл процесс – қағазды бүктеу, конвертке салу, мөрді басу және желімдеу сынды әрекеттен тұрады. Адамдардың көбі бұл мәселені былайша шешеді: жіберілмек қағаздардың бәрін жеке-жеке бүктеп алады, содан кейін оларды бір-бірлеп конверттерге салады, содан кейін әрбір конвертке тиісті мөрді басып шығады, … осы тәртіппен жалғастыра береді. Ал шындап келгенде, уақытты үнемдейтін ең дұрыс тәсіл – конверттерді бөлек-бөлек дайындау, яғни, біріншісін толыққанды бітіргеннен соңғы жерде келесісіне өту. Автор атаулы қағиданы басшылыққа алып, мұратына жеткен Toyota компаниясын мысалға келтіреді-дағы, өндірісте ұтысқа шығарған small batches-тың басқа тарапта да кәдеге жарайтынын ескертеді.

Екінші Жиһан соғысынан қалжырап шыққан жапон экономикасы барлық жағынан қансырап жатқан. Қарымы қайтқан жергілікті көлік шығаратын компаниялар да қиыр бастыстағы бәсекелестерімен бәйгеге түсе алмайтын, кемшін жағдайда еді. Себебі көліктің әрбір бөлшегін топ-тобымен өндіретін техникасы бар америкалық фирмалар аз уақытта қисапсыз көп тауар шығаруға төселіп қалған. Және, бұл артықшылығын алдағы уақытта сақтап қалу үшін бөлшектерді жасайтын техниканы жетілдіре түсуге мән беріп жатқан. Әрине, көліктің барлық паршасын жеке-дара құрылғыларда қисапсыз көп мөлшерде жасайтын Америкадағы абдан бизнестердің жинақты шығыны – Жапониядағы компаниялардан мейлінше төмен шығатын. Оның үстіне, заманалық техниканы сатып алу мүмкіндігі туған күннің өзінде іргесі шайқалған Жапонияда қажетті инвестиция табылмайтын еді, дейді Автор. Бір сөзбен қайырғанда, жергілікті көлік фирмалары барлық жағынан ұтылыста көрінген.

Алайда, Таиичи Охно, Шигео Шинго сынды инноваторлар қысталаң бұл жағдайда бәсекеге қабілетті көлік шығарудың төтенше бір тәсілін табады. Олар Toyota басшылығын көліктің бөлшектерін мыңдаған данамен шығаратын әйдік моно-құрылғыларды емес, әр түрлі бөлшектерді санаулы данамен шығара алатын әмбебап құрылғыларды сатып алуға көндіреді. Бұл құрылғылар бір емес, бірнеше бөлшекті жасайтындықтан, сәт-сәт реконфигурацияны өткізіп, өнімнің пошымына қарап бейімделуге мәжбүр болады.

Сөз жоқ, бір құрылғыдағы программаны әр түрлі бөлшекке икемдеу – машақаты көп, күрделі жұмыс. Ең оңайы – Америкадағы компаниялар құсап, бір құрылғыны бір бөлшекті шығаратындай қып, бекітіп тастау. Алайда, бейімделгіш бұл құрылғының арқасында Toyota көліктің бір-біріне ұқсамайтын, сан түрлі моделін жасайтын жағдайға жетеді. Санға емес, сапаға негізделген атаулы артықшылық ауқымы шектеулі, кішігірім нишаларды жаулауға жол ашады. Уақыт оза келе, Toyota сапаны санға айналдырып, көліктің бір моделін топ-тобымен шығаратын байырқалы жағдайға жетеді. Сөйтіп, 2008 жылы бәсіре саласында жер-әлемдегі ең ордалы компания атанады.

Автор айтады, small batches-тың ең үлкен басымдығы – проблемаларды жөргегінде тануға мүмкіндік беретіні, деп. Аталмыш жүйе қазірдің өзінде Toyota-ның абырой-беделін сақтап, алапасын асырып тұр. Қандай да бір көлікте ақау байқалса, Toyota-ның жөппелдеме түзеуге тырысатыны, түзей алмаған жағдайда барлық көлікті қайтарып алатыны содан.
«Кәсіпкерлікті – менеджмент» (Entrepreneurship is a kind of management) деп білетін Эрик «MVP», «small batches» сынды қағидалармен танысса, кез келген жұмыр бастының кәсіпкерлік жолына түсе алатынына сенеді. Оның пікірінше, стартаптар шаң басқан гараждарда ғана емес, үлкенді-кішілі компаниялардың қабырғасында да өсіп шығуы мүмкін. Сондықтан тамырлы бизнестер тұтқиылдан шауып, ту-талақай қылатын қуатты стартаптардың келуін күтпей, сондай стартаптарды өздерінің босағасында жасауға басымдық берсін.

Қорыта айтқанда, Эриктің негізгі месседжі – белгілі бір өнімді нарыққа шығармақ болған стартаптар оның жұпыны прототипін жасап (build), халықтың сынынан өткізуге (measure), ақырында, қажетті сабақтарды шығаруға ден қойса (learn), ойсыраған шығынға ұшырамай, дегеніне жетеді. Түсініктірек болу үшін өзіміздің жанымыздан тағы бір мысал келтірейік. Егер 100 мектеп ашуға бекінсеңіз, және оларды айналасы бір жылда ашып тастайтындай қаражатыңыз болса, асықпаңыз. Ең абзалы – MVP-ді жасау, яғни, бір-ақ мектептің іргесін көтеріп, жарнамасын жасау. Санаулы оқушы келсе де, оқу процесін бастап, ата-аналармен қоян-қолтық араласып, олардың пікірлерін ескеріп, мектептің іші-сыртын жақсарта беру керек. Бірнеше жыл өтіп, бұл жоба әбден кемеліне келген кезде ғана басқа бір қаладан филиалын ашу керек. Ең дұрысы осы. Әрине, біздің емес, Эриктің пікірінше. Ал Эрик – қатардағы қаражаяу эксперт емес, New York Times-дың мақтауына ілінген, татымды бестселлердің Авторы.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×