Бүгін:

«Mindset: The New Psychology of Success» by Carol S. Dweck

lewis-and-virginia-eaton-professor-of-psychology-at-stanford-university

Кейбір адамдар интеллектуалдық, профессионалдық һәм кәсіпкерлік қасиеттері жөнінен қатарынан озық, төңірегінен биік тұрады. Осы уақытқа дейін ғалымдар атаулы артықшылықтың төркінін – өскен орта, алған тәрбие, көрген мектеп, ата-бабадан жалғасқан генетикалық код және басқа да ұқсас факторлардан іздеп, сан түрлі теория жаратты. Бәрі де жөн, бәрі де мәнді. Әйтсе де, Кэрол Дуектің пікірінше, ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалып, тиісінше тексерілмеген бір фактор бар. Ол – өзгермейтін сана (fixed mindset) мен дамуға бейім сана (growth mindset) төңірегіндегі толғамдар.

Өздерінің болмысын біржола қалыпқа түскен, тұрақты деп білетін жұртта «fixed mindset» – мызғымас сана бар. Олар адам баласының тума табиғаты мен интеллектуалдық өресі ұзақ ғұмыр кешуінде әлдеқандай бір өзгеріске ұшырайды деп ойламайды. Дүниеге қайтіп келсе, сондай қормен бақиға аттанып кете барады деп біледі. Керісінше, екінші топ – growth mindset-і, яғни, дамуға бейім санасы бар жандар өздерінің бітіс-болмысын құбылмалы, толқымалы көреді. Сол себепті өмір жолында кездесетін үлкенді-кішілі мүмкіндіктерді қалт жібермейді, мейлінше кәдеге жаратуға тырысады. Дүние бұзылып, астан-кестен заман басталса да, мұндай кісілер титтей де кірәжімейді, түнектің ішінен сәуле тапқанша, тырбаңдай береді, тырбаңдай береді.

Сананың салмағы (The impact of Mindset)

Көп жұрт аталмыш мәселені жақсы білмегендіктен, сананың қай түрі қандай жағдаяттарға ұйтқы, себеп болуы мүмкін екенін ескере бермейді. Ал шындап келгенде, көп нәрсе адам баласының өмірде орын алып жататын жағдаяттарды қайтіп бағамдап, қайтіп тәпсірлейтініне тікелей байланысты. Мәселен, дейді автор, мызғымас санасы бар адамдар қапелімде сәтсіздікке ұшыраса, ертелі-кеш өздерін жазғырады. Әдетте, олар битімдей жеңілістің өзін көтере алмайды. Сондықтан қағылған қақпаның құлыбы ашылмай қалса, екінші бір есікке жақындауды ойламайды, тұрған жерде құмығып, томырылып түседі. Басқалардан қағажу көріп, аз-мұз шетке қағылса, болды, өздеріне деген сенімі азайып, күн озған сайын жұқара береді.

Ал, дамуға бейім, прогрессивті санасы бар кісілер ғұмыр шеруінде сәт-сәт кездесіп тұратын стрес атаулыны оңай өткереді. Өйткені, қашанда бойларына шақ жүк, белдеріне сай сойыл көтереді. Ал егер иықтағы батпан жүктің ауыр екенін байқаса, айран-асыр боп саспайды, бұлшық етті шынықтырып, машықты ұштай беруге ден қояды. Мұндай адамдар ойда-жоқта сәтсіздікке ұшырай қалса, жабықпайды, алды-артын байыптап, еңсені жазудың басқадай жолдарын қарастырады.

Автордың айтуынша, сананың түрі адамның көшбасшылық қасиеттерінің бар-жоғын да айқындайды. Бір зерттеу бойынша, медицина университетіндегі бір топ студент маңызды бір сабақтан 3 деген баға алып қалады да, алдағы уақытта оны мүлдем оқымай қояды. Бұлар – «fixed mindset»-і бар, біртоға жандар еді, дейді Автор. Алғашқы белесте беті қайтып қалған бұл студенттер қайыра жігерленудің орнына отырған жерде опырылып түскен-дағы, бар игіліктен мақрұм қалған. Санасы бөлек екінші топтағы жастар болса, нашар баға алып қалса да, бастарын салбыратпаған. Аталмыш пән қиындаған сайын, өздерін одан әрмен қамшылаған да, ақыр соңында ұтысты шыққан.

Оның үстіне, тағдыр сыйы – таланттың да өсіп-жетілуі, ұшталып-қырналуы сананың түріне байланысты екен. Зерделі бір зерттеу атаққа шыққан көптеген спортшылар мен музыканттардың өз бойларындағы қабілет пен таланттан әу баста хабарсыз болғанын, тек практика кезінде көріп дамытқанын айғақтап отыр, дейді Автор. Мәселенки, Моцарт татымды бір шығарма туғызғанға дейінгі оншақты жыл бойы жаннан кешіп еңбек еткен. Моцарт деңгейлес басқа тұлғалар да қолдағы бармен шектеліп қалмай, биік асқарға көтерілген сайын, машықтарын арттырып, білімдерін тереңдете берген. Яғни, бойдағы талантты қанағат қылмай, бәсіре салада алға қарай жылжи беруге ықтиятты болған.

Автор оқушылардың өздеріне қарата айтылған мақтау мен мадақты басқаша түсініп-қабылдайтынын ескертеді. Оның айтуынша, бір тәжірибе кезінде мұғалім: «Өте қабілеттісің, тума дарынсың», – деп көтермелеген мектеп балалары бірден бәлсініп, сабаққа селқомсоқ қарайтын мінез шығарады. Мұғалімнің қапелімде айтылып кеткен сөзіне малданып, алдағы уақытта да барлық тапсырманы артық қиындықсыз, бойдағы қабілетпен еңсеріп кетуге тырысады. Ал мұғалім асыра мақтамаған, тек: «Талабың күшті екен», – деп қостаған өспірім жастар болса, бойкүйездікке бой алдырмайды, жаңаны үйреніп, соныға тартудан жалықпайды. Уақыт өткен сайын алдыңғылардың IQ деңгейі кері кетіп, құлдыраса, кейінгілердің өресі өлшеусіз артып, шарықтай береді.

Автор осы тараптағы ойын адам баласына айдар тағып, қандай да бір анықтама беру – қате деген тұрғыда тәмамдайды. Бұғанасы қатпаған балаға сен «дарындысың» (gifted), «өзгеше туған еренсің» (exceptional) деп көтермелеу – жақсылыққа емес, жамандыққа жетелейді. Мадаққа толы салиқалы сөздер ғана емес, тұқыртуды көздейтін татымсыз тіркестер де талайдың бағын қайтарып, қарқынын тежейді. Өйткені алда-жалда ауыздан шығып кеткен айқындама лепеске сеніп қалған кәрі, жас дамуды, өзгеруді толайымен тоқтатады. Мен осындай екем деп, ешбір талап қылмай, стереотиптің жетегінде татусыз тірлікке жегіледі. Жапсырма лақап қыр соңынан қалмай, өмірдің әр белесінде төбе көрсетіп, берекесін кетіреді.

Ендеше, компанияның тізгінін ұстаған СЕО мен балаға тәлім-тәрбие беретін мұғалім ауыздан шыққан сөзге абай болсын. Алдыңғылар қызметкердің талантын емес, талабын ескеріп, еселі сыбаға үлестірсін, кейінгілер оқушының қабілетін емес, талпынысын ескеріп, үздік баға берсін. Әсіресе, балаға қаратыла айтылатын сөздер сүзгіден өтсе игі. Өйткені, өзін де, өзгені де танып білмеген жеткін «Сен алғыр болғандықтан, жылдам үйренесің» (You learn quickly since you are so smart) деген мақтаудың өзін басқаша тәпсірлеп, «баяу үйрену – жаман ғадет» деген түйін жасайды.

Сонымен қатар, Автор балаларды сәтсіздіктен қорғамау керек, дегенді айтады. Себебі бәйгеге түскен жұрттың бәрі оза шаппайды. Тіпті, шаң қауып, тезек теріп қалатындардың қарасыны мәреге жетіп, мәз болатындармен салыстырғанда, қашанда көп болады. Ендеше, баласын жеңімпаз рухта тәрбиелейтін ата-ана оның мүмкіндік шеңберін шектеп, өрісін тарылтып тастайды. Мұндай бала өмірдің бір белесінде сәтсіздікке ұшырап қалса, санасы дағдарысқа түседі, және ең сорақысы – бейтаныс күйден құтылатын жолды білмегендіктен, құлаған жерінде құлазып қалады.

Ашық және Жабық: Сана мен Көшбасшылық (Open and Shut: Mindset and Leadership)

Санасы өзгермейтін, тұрақты СЕО-лар өздері басқарып отырған компанияның тамырына балта шабады, дейді Автор. Бұл тараптағы ойын тұздықтап, бекемдеу үшін әлдебір зерттеушінің тағлымды бір табысына сілтеме жасайды. Кейінгінің айтуынша, жеке бастың репутациясын көбірек ойлайтын басшылар компанияның басына қара бұлт үйірілген сын сағатта жанқиярлыққа бармайды, бақытсыз кемені дым болмағандай шыңырауға қарай жетелей береді. Бір кезде Chrysler-ді кеселді соқпақтан құтқарып, құрмет пен атаққа бөленген, алайда кейінде өзінің репутациясын көбірек күйттеп, көпе-көрнеу жолсыздықтарға көз жұмған, сөйтіп айдынды корпорацияны тығырыққа тіреген Ли Якокка (Lee Iacocca) – соның көрнекі мысалы.

Ол ол ма, аталмыш зерттеуші өздерін «гений», «көреген» (visionaries) санайтын СЕО-лардың ынтымақты ұжым қалыптастыра алмайтынын да ескертеді. 1996 жылы Sunbeam компаниясының басшылығына келген Алберт Дунлоп өзін «кереметпін» деп санайтын. Сәйкесінше, ешкімнің қабағына қарамайды, келген бойда қызметкерлердің жарымын жұмыстан кетіреді. Мұнымен де тынбайды, қайшы пікір айтқан үлкен-кішіні алдағы уақытта да қара тізімге қосып, топ-тобымен шетке шығарады. Аз адаммен көп шаруа бітіруге мәжбүр болған, ақыр соңында, пайда-түсімді бұрынғы деңгейіне жеткізе алмаған Алберт арада үш жыл озғанда қызметінен босайды.

Ал, дамуға бейім санасы бар СЕО-лар болса, мұндай аянышты күйге түспейді. Соның ең жарқын мысалы – General Electric (GE) басшысы Джек Уэлч. 1980 жылы тізгінді қолға алғанда GE 14 миллион долларға бағаланатын-ды. Ал, Джек қызметтен кеткен 2000 жылдары тамырлы компанияның құны 490 миллиардты төңіректейді. Жиырма жылда алапат шаруа бітіріп, әлменді фирманы ұланғайыр компанияға айналдыруға жараған Джек – жаңалыққа ашық, өзгеріске бейім, дамуға ықтиятты СЕО болатын.

Алберт ешкімді тыңдамай, кекірт астамшылыққа бой алдырса, үлкен қызметке келген Джек үлкен-кішіні жинап, өзінің «гений» емес, үйренуге талабы бар басшы екенін айтады. Бастық дәрежесіндегі менеджелерді ғана емес, қатардағы қаражаяу қызметкердің өзін құрмет тұтқан Джек оқтын-оқтын олардың да пікірлерін біліп, кішіктік танытады.

Сыйластыққа құрылған бұл қатынас бірте-бірте өзінің жемісін бере бастайды. Бірде Джек топ менеджментті шақырып алып, нендей жоспарларыңыз бар деп сұрайды. Өздерінің бастықтарын қатты құрметтейтін әріптестер арада бір ай өткенде волонтерлік ұйым құрғандарын және алдағы уақытта жаңа мүшелерді қабылдайтындарын мағлұм етеді. Құр уәде күйінде қалмай, үлкен іждағаттылықпен жүзеге асқан аталмыш жоба жиырма жылдан кейін 42 000 адамды қатарға қосады. Growth mindset-ы бар, кішіпейіл басшыны тақау төңірегі ұлық тұтады, жай сөзінің өзін жадағай тастамайды, жарлық есепті қабылдайды, дейді Автор.

Әрине, Джек Уэлч қателіктен ада емес еді. Ол да, Алберт сияқты, қызметкерлерді жұмыстан кетіреді. Бірақ бар-жоғы төрт-ақ адамды. Және оларды қолайына жақпағаны үшін емес, өздерінің жүктеулі міндеттерін мүлтіксіз орындай тұрып, компанияның құндылықтарымен санаспағаны үшін шығарады. Оның үстіне, Джектің кезінде GE Kidder, Peabody&Co., сынды компанияларды сатып алып, ойсыраған шығынға ұшырайды. Алайда бірнеше жүз миллион доллар жоғалтып, бармақ шайнаған Джек ешкімді күстана қылмайды, ғапыл ісінен қажетті сабақ шығарып, алдағы уақытта қайталамауға тырысады.

Сонымен, қорыта айтқанда, келешегінен үміт күттіретін лидер – үйренуден жалықпайтын, ел-жұртқа жұғымды адамдардың арасынан шығады. Сол себепті, Автор айтады, басшылық қызметке СЕО іздеп жатқан компаниялар кандидаттың «тума қабілетіне» емес, жүре қалыптасқан мінез-құлқына қарасын, деп. Тізгінді ұстамақ адам бұрын қайтіп еді, қателіктерден үйреніп, жаңа жолға түсуге жарады ма, жоқ па?! Осыған қарасын. Қатып қалған СЕО-лар қанша жерден қарымды болса да, алысқа шаппайды, алғашқы бекетте тауы шағылып, тоқырайды. Ал тоқыраған адам өзін емес, көп жағдайда төңірегін жазғыруға бейім тұрады.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×