Бүгін:

«Ego is the enemy» by Ryan Holiday

screen-shot-2017-02-24-at-2-31-55-pm

«Ego is the enemy» by Ryan Holiday

Бестселлер санатындағы «Ego is the enemy» кітабының авторы Райан Холидей адаммен бірге жаратылған эгоның кешірімсіз ғана емес, тойымсыз екенін айтады. Ешнәрсені қанағат қылмайды, қайдағы-жайдағыны ойға түсіріп, сағымға жетелейді. Дәмесі зор, ынсабы кемшін пендені бір бұғаулап алса, болды, тынымсыз сүйрелеп, жардан құлатуға дейін барады. Жігерлі жас, қажырлы жасамыс өмірдің бір белесінде тәубасынан жаңылып, эгоның арбауына түссе, тұрмыста барақаттан, кәсіпте берекеттен айырылады.

Автор айтады, адамдардың дені іші тар эгоист болмағанымен, өмір жолындағы көптеген проблемалар мен бөгесіндер осы, эгоның жүгенсіздігінен туады да, амалсыз ерікті түрде тұлғалана көтеріледі. Біреудің жете алмадым деп кеитіні, біреудің әупіріммен жеткенін әп-сәтте ұмытып болмашыға налитыны, енді біреудің арыстан атанайын деп айға шауып мертігетіні – бәрі-бәрі ноқтасыз эгоның «шарапаты».

Райан Холидейдің «Ego is the enemy» кітабы үш тараудан тұрады. Әрқайсына ретті кезегімен тоқталып, негізгі тұжырымдарын таратып көреміз. Айта кетерлік жайыт, Райан адамның өмір кешуінде қайталанып тұратын етене құбылыстарды – талпыну (ASPIRE), жету (SUCCESS) және құлауды (FAILURE) – тәптіштейді. Сол себепті төменде сөз болатын кезеңдер мен кеселдер біреуге таныс, біреуге таңсық. Әйтсе де, көрмеген – көреді, татпаған – татады, бәрі де уақыттың еншісінде. Тек көрген кезде, татқан кезде қайтеді?! Райанды оқығандар айран-асыр боп саспайды, эгоны ауыздықтауға жарайды деп сенеміз.

Ал, кеттік…

ASPIRE немесе Шырқау биікке қол созғанда

Ірі іс бітіруді көздеп, шырқау биікке қол созған адам жолай неше түрлі қиындыққа кезігеді; шаршайды, шалдығады, тауаны шағылып, жігері мұқалады. Әманда солай бола бермейді. Бірақ ұзақ жолдың басында шөңге мен істік, ор мен жыра молынан ұшырасады. Біреулер алмағайып бұл кезеңді заңды сыбаға деп қабылдап, сабырмен өткереді. Алайда, қат-қабат проблемалардың салмағына шыдай алмай, ағынан жарылатындар да аз емес. Уақытша шырғалаңға шала бүлініп, безгек қағатын мұндай жандар, көп жағдайда, тақау төңіректен медет қана емес, мақтау да іздеген болады. Райанның пікірінше, бұл – жақсылыққа апармайтын, келіссіз әдет. Себебі жұмыс пен әңгіменің арасында бір-ақ байланыс бар, ол – бір-бірінің басын жоятыны. Яғни, іс бар жерде сөз, сөз бар жерде іс болмайды.

Басқалар бірін-бірі көтермелеп, демеп жатса, сіз үйреншікті соқпағыңызға түсіп, әдепкі тіршілігіңізді жалғастыра беріңіз. Кеше қандай едіңіз, бүгін қандайсыз, ертең қандай болуды армандайсыз. Біліміңіз бен машығыңызды ұштаудың, жаңа өреге жеткізудің жолдарын қарастырыңыз. Райан: «Ірі істі атқарып шығуға қажетті ішкі қуатты сүрдей сақтаңыз, шақтап жұмсаңыз, көлденең біреумен сырласып жүріп сарқып алмаңыз», – дейді.

Елге жағып, абырой табуды емес, асқаралы жобаны жүзеге асырып, пайдалы іс бітіруді мақсат еткен адамның айнымас дұшпаны – туа біткен эгосы. Шынайы жағдайды бүркемелеп, асыра мен әсіреге толтырып жіберетін эго – ұсақты ұлы, майданы мықты етіп көрсетудің қас шебері. Оның әзәзіл сөзіне елтіген адам өзінің көтерем стартапын теңдесі жоқ шедевр көріп, күні бұрын қанаттануы, жөнсіз қайраттануы, бір-ақ күнде кәсіпкер боп шығуы мүмкін. Әрине, мерейлі шақ ұзаққа созылмайды. «Мастық» тарқап, бәрі орнына келгенде, ашшы шындықтың беті ашылады. Кеше ғана мінсіз көрінген бизнес жоба ілдалдаға да жарамайтын, жарымжан дүние екені андағайлап тұрады. Күтпеген «жаңалық» арынды «кәсіпкердің» жігерін жасытып қана қоймай, өзіне деген сенімін түгесіп, түкке тұрғысыз адам ретінде сезінуіне себепкер болады.

Мұндай жағдайды болдырмаудың жолы – тынымсыз оқу, үздіксіз үйрену. Райанның айтуынша, бастамасының баянды болғанын қалайтын адам кінәрат пен кемістікті дер кезінде байқап, білім мен біліктің көмегімен бүтіндеп отыруға тиіс. Бұл оншама қиын шаруа емес. Себебі соңғы жылдары іскерлік әдебиет пен ақысыз курстардың саны ғана емес, сапасы да артып келеді. Оқимын, білемін, өзімді дамытамын, бизнесімді жетілдіремін деген адам шығанға шығып, ел араламайды, офисте отырып-ақ, қажетті ақпарға қол жеткізе алады. Замана кеңшілігі.

Ал, оқу-тоқуды тоқтатып, толайымен бизнесіне берілген кәсіпкер қанша тырбанса да, ұзаққа шаппайды. Белесті бизнес әлемінде ұтысқа шығаратын қасиет – ынтызарлық (passion) емес, реализм (realism). Бұл реализм шынайы жағдаймен жанас сұрақтарды қойып, риясыз жауаптаудың нәтижесінде ғана келеді. Біз неден бастаймыз? Бірінші нені бітіреміз? Дәп қазір не істейміз? Атқарылып жатқан жұмыстардың бізді алға жылжытып жатқанын қайдан білеміз? Автордың пайымынша, алапат жобаны сәтімен жүзеге асыру үшін ұзақ толғаныс (deliberation) пен жіті тексеріс (consideration) керек, көзсіз ынтызарлық (passion) емес.

Барлық ісінде салқын парасатқа сүйенетін адам өзінен жоғары тұрған мансапты қызметкерге тиісінше құрмет көрсетеді. Бұл – үлкеннің алдында құрдай жорғалап, аяғын сүю емес, жолын сыйлап, қолына су құю деген сөз. Себебі мансапты тұлғаны елеп-ескеріп, алға шығаратын бәкене кісінің де қарымы ұзарып, несібесі артады. Райан: «Дәрежелі бастық мансабындағы адамның қажетіне жарасаңыз, жеке соқпағыңыздың кенересін одан әрмен кеңейтуге мүмкіндік аласыз», – дейді (Clear the path for the people above you and you will eventually create a path for yourself).

Әлбетте, салынған соқпақ – жетістіктің өзі емес, қақпасы ғана. Қанша жерден дарынды, ақылды, дәулетті болсаңыз да, дәріпті жобаны жүзеге асыру кезінде сан түрлі қиындыққа кезігесіз. Дос-жар, таныс-тамыр, туыс-туған төрт аяғын тең басқан бастамаңыздың өзін менсіне қоймайды, ұмыт қалдырады. Сіз өзіңізді артықша туған өзгеше адаммын деп есептейтін шығарсыз, бірақ айналадағы халықтың көзінде көлденең көптің бірісіз. Еркелігіңізді көтеріп, реніш-кейісіңізді кешіру қайда, күші жетсе, жұлып жеуге дайын тұрады. Рәуішсіз мұндай сәтті бастан кешпес үшін әу бастан жұртқа жағамын деп шаршамаңыз. Мінеу, шенеу сөздер айтылып қалса, міз бақпауды үйреніңіз. Намысыңызға тиетін қитықты коменттер кетсе де, торығып қамықпаңыз, жұмысыңызды жалғастыра беріңіз. Өзіңізді оқшаулап, жалғыздықта тіршілік кешу – өте қиын машық, бірақ ерте бастан игерілсе, көптеген игілікке мұрындық болады.

Әділін айту керек, алғашқы бастамаңыздың тәлкекке ұшырауы қисынды ғана емес, пайдалы да. Себебі ерте келген атақтың есеңгіретіп тастайтын дуалы күшінен аман қалатындар некен-саяқ. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген. Зәредей жетістігін зорайтып, тоқмейіл тарта бастаған жеткіннің бірте-бірте тегеурінін тежеп, қарқынын қайыратыны бар. Егер үлкен істі атқарып шығуды қаласаңыз, қамсыз өмірге, жайуат тіршілікке бейімделген бойкүйез адамдардың емес, жанарында оты сөнбеген, жалынды азаматтардың (strivers) дәргейіне асығыңыз. Құзар шыңды бағындыруды мақсат еткен жырынды жан әдепкі белесті қанағат қылмауға тиіс.

Бәрін айт та, бірін айт дегендей, үлкен істі бітіру үшін, әлбетте, ертелі-кеш тер төгу керек. Басқалар бораннан, бұрқасыннан қашып, үйді-үйіне тығылып жатқанда сіз аянбай еңбек етіңіз. Басқалар мадаққа ілініп, құрмет көріп жатса, сіз міндетті жұмысыңызды ықыласпен, іждағатпен жалғастыра беріңіз. Тіпті, мақтау сөз сізге айтылып жатса да, таңды кешке қосып, талмай, талықпай, алға қарай омбылай беріңіз.

Success немесе Биікке шыққанда

Сәті келді, еңбегіңіз өтелді, арманды тұғырға көтерілдіңіз дейік. Көңіл тоқ, сенім асқақ – мерейлі шағыңыз. Өзіңізді дүниенің тұтқасы санайсыз. Солай шығар. Бірақ асқар биікте тұрған адамның жағдайы шатқаяқ келетінін, тепе-теңдігін жоғалтса, сырғып төмен түсетінін ұмытпағайсыз. Райанның айтуынша, талапкердің көбі жетістікке жеткеннен соңғы жерде жолдасты тыңдауды, жаңаны үйренуді түбегейлі тоқтады.

Мұндай тоғышар сезімге бой алдырмау үшін өзіңізді оқу-тоқуы таусылмаған бозөкпе шәкіртпін деп біліңіз. «Always stay a student» деген Франк Шамрок та осыны меңзеген. Әрине, эгоның тізгінін тартып, түк білмейтін топастың кебіне түсу оңай емес. Әсіресе, айналадағы жұрт басына көтеріп, ертелі-кеш ұлықтап жатса. Әйткенмен, жетістікке жету бар да, ұстап қалу бар; биік асқарға аяқ арту бар да, тұрақтап қалу бар. Алғашқысы қаншама мехнатпен келсе, кейінгісі соншама азаппен сақталады.

Ұлық бола тұрып, кішіктік танытудың бір әдісі – жаңа саланы меңгеру. Өзіне етене тақырыптан алыстап, бөтен тарапқа бой ұрған адам бұрынғыша арқырап тұрмайды, монтаны қалыпқа түседі. Райан: «Ауыр еңбекпен келген барақаттың баянды болғанын қалайтын жұмыр басты өзін бейтаныс аймаққа сүйреп отырсын», – дейді. Бақытқа мастанбай, шынайы өмірмен байланысты үзбей, ұдайы сергек қалудың жалғыз емі – бұлдырға түсіп, бұлыңғырға ұмтылу, басқаның түртпегімен емес, өз ықтиярымен.

Жетістікке жеткен жетелі жандар жүріп өткен жолдарына қарап, қисын іздейтіні белгілі. Және көп жағдайда кездейсоқтықты қақас қалдырып, бастан кешкен барлық оқиғаны тәртіппен жымдастыруға, бас-аяғы бүтін, әдемі әңгіме түзуге бейім тұрады. Райан мұны жаман ғадет деп біледі. Себебі арқауы берік, ұнасымды хикая бірте-бірте менмендікке жетелеп, эгоны семіртеді. Ал шындап келгенде, жер бетіндегі күндер әлі түгесілген жоқ, көбі бітіп, азы қалса да, тіршілік саяхаты тәмамдалған жоқ. Өткен даңқты күндерді ойлап көңіл делбегенше, бүгінгі шаруаға назар аударып, машықты ұштауға, білімді тереңдетуге мән берген абзал.

Құзар шыңда тұрып құлап қалмаудың тағы бір жолы – мақсат-мұратты қайыра пысықтау. Өмірдегі ең маңызды нәрсе не еді?! Ереуіл атқа ер салынған болса, не үшін? Тебінгі терге шіріген болса, терлігі майдай еріген болса, не үшін? Арғымақтың талдай мойнын талдырған аттаныстың мәні неде? Осындай сұрақтарға татымды жауап табылмаса, бүгінгі жетістік толымды болмайды, ең сорақысы – ұзаққа созылмайды, орта жолдан үзіледі. Бұл әсіресе ақшаға қатысты. Егер өзіңізге қажетті қаражаттың мөлшерін әу бастан анықтауға жарамасаңыз, КӨБІРЕК (MORE) деген сөздің жетегінде кетесіз. Обырлықпен асай бересіз, ашкөздікпен баса бересіз. «Көп асқанға бір тосқан» деген. Шегін білмеген пенденің әлейімде тиянағынан айырылып, тоңқалаң асып түсуі әбден ықтимал.

Кәсіпкерлер ғана емес, біліміне сүйенген дипломды жандар да бетегеден биік, жусаннан аласа болуды үйренуі керек. Әйтпеген жағдайда, «Entitlement», «Control», «Paranoia» сынды жарамсыз мінезге бой алдырып, құты қашады. «Entitlement»-ты жұқтырып алған адам барлық нәрсеге «менікі» деп қарайды. Қолдағы барлық игілікке өзінің маңдай терімен жеткендей желігеді. Ең өкініштісі, өздеріне тиесілі дүниені қызғыштай қоритын мұндай кісілер басқаның уақытын онша бағалай бермейді. Ал, екінші мінез – «Control»-ды сіңіріп алған адам барлық істің өзінің мақұлымен ғана жүзеге асқанын қалайды. Тіпті, кәкір-шүкір тірліктің өзіне араласып, бастан-аяқ қадағалап отырғысы келеді. Соңғы дерт – «Paranoia»-ға тап болған адам ешкімге үміт артып, сенім білдірмейді, айналаға шүбәлана қарайды. Кез келген жұмысты өзім ғана атқаруым керек деп біледі. Сірә, жапырлаған жұрттың ішінде көмек жалғайтын тірі пенде бар деп ойламайды. Аталмыш мінез – сенімсіздіктің, әлжуаздықтың көрінісі болғандықтан, аралас адамдардың наразылығын тудырып, қарсылығын күшейтеді.

Бизнесінің тегершігін сәтімен дөңгелетіп, азды-көпті түсім көре бастаған кәсіпкер ендігі жерде әуір, аптығын басып, сақ қимылдауға тиіс. Себебі компанияның іргесін көтеру кезеңі тәмам, алда оның болашақ талайын айқындайтын сан түрлі шешімдер тұр. Ақыл күшін керек ететін өткелектерден аман өтіп, өсіп-өркендей беру үшін бизнестің тұтқасын ұстаған лидер басқаларды ғана емес, өзін де басқарып үйренуі керек. Райанның айтуынша, қарауындағы қызметкерлерді орайымен ұйыстыра алмаған себепті барлық істі өздері жасайтын микроменеджерлер де, ғаламат стратегия тоқитын, бірақ оны іске асыруға келгенде шабандық танытатын көреген басшылар да қайырсыз. Біріншісі, бүгінгімен жүреді де ертеңгі несібесінен қағылады, екіншісі, ертеңгі сыбағасын уайым қылады да бүгінгі еншісінен айырылады. Бірақ ең бақытсыз басшы – айналасына қайшы пікір айтуға жарамайтын, момақан қалыпта бас шұлғып қана отыратын жәреуке адамдарды (yes-men) жинап-топтаған адам екен. Сірә, ақиқат ауылынан алыстатып, қиялдың көркем әлеміне жетелейтін парықсыз қосшылар – салиқалы шешімдердің қабылдауына кесірі тиеді. Алғашқы бизнесін құрған кәсіпкер аталмыш кепке түсіп, пұшайман болмау үшін кешегі – қидаласқа түсетін аламан күндерін ұмытып, бүгінгі – сырттай бақылайтын қолбасшылық міндетіне ден қойсын. Қолбасшының міндеті – қылыш сілтеп, найза ұру емес, ұрыстың барысын аңдап, ұтысқа шығаратын сындарлы шешімдер қабылдау. Ал, сындарлы шешімдерді өзін де, өзгені де тәртіпке келтіре алатын байыпты басшы ғана қабылдамақ.

Айталық, төртеу түгел болып, төбедегіні келтірдіңіздер, яғни, бірігіп көтерген жүктеріңіз межелі жерге жетті. Енді, сіздерді ел-жұрт таниды, жетістіктеріңізді естіп қоғам дүрлігеді. Шартарап мақтау сөздерге, көтерме мадаққа толады. Міне, дәп осы кезде уыздай ұйыған ынтымақты топтың шырқы бұзылады. Тыныштықта тыпыр етпеген бұйығы эголар дүбірде алабөтен бүлініп, бас көтере бастайды. Себебі жетістікке ұйытқы болған команданың әрбір мүшесі өздерінің қосқан «еселі» үлестерін есептеуге көшеді. Пэт Рэли әу баста барлық істі риясыз атқарған адамдардың ерте ме, кеш пе «Disease of me» деген дертке душар болатынын айтады. Төбедегіні келтірген төртеудің төрт тарапқа кетіп, ауыздағыдан айырылып жататыны содан. Райан бұл кеселді дерттен құтылудың жолы бар деп, футбол бапкері Тони Адамстың ұстанымын келтіреді. Әреке әкелетін эгоның дауысын тұншықтырып, қашанда бірлесе әрекет етуге мән берген ол клубтың абыройы үшін жан алып, жан берген ойыншының аты тарихта қалатынына имандай сенген екен.

Атаққа шығып, салтанатқа бөккен сайын, адам баласы менмендікке бой алдырып, айналаға паңдана қарайды. Мұхаммед Әли: «Мен сияқты даңққа жетіп, асқақтап тұрсаңыз, кішіпейіл боп қалуыңыз неғайбыл», – депті. Райан айтады, жұлдызға айналған адам өзінің құдірет-күшін тежеусіз санап, аспандап кетпес үшін оқта-текте жападан-жалғыз қалып, қалың ойға шомсын, деп. Кеше кім еді, бүгін кім, ертең кім болады, – шындап парықтасын. Керек болса, ұшы-қиыры жоқ теңіз жағасында сейіл құрып, алапат толқындарға көз жіберсін. Жал-жал толқындарын жағаға лақтыратын теңізге қарсы тұрар шамасы бар ма, жоқ па, – байыптасын.

Жетістікке жеткеннен кейін бас айналып кетпес үшін әманда қарапайым тіршілік кешуге пейіл болу керек. Райанның айтуынша, әлеміш салтанаттан бойларын аулақ ұстайтын дәулетті, дүмді кісілер қазір де аз емес. Мәселен, Алманияның өкімді канцлері қанша жерден бай, бағлан болса да, жұпыны тұрмысты тәуір көреді. Сәулетті сарайда емес, қатардағы қоңырқай апартаментте тұратыны содан. Қарапайымдылық – эгоны ноқталап ұстауға үлкен себесін.

Failure немесе Сырғып төмен түскенде

Сәтсіздік – жетістік жолындағы әдепкі құбылыс. Құзар шыңға қол созған адамның алдынан шығатын бірден-бір талқы. Бірақ әуелгі кезеңдерде илікпеген эго бұл тұста да шындықтың өңін айналдырып жібереді. Биікке көтеріліп бара жатқан кәсіпкердің әлдебір қалтарыста шалыс басып, төмен құлауы мүмкін ғой?! Эго олай демейді. Көзге қызылды-жасылды перде түсіріп, жайбарақаттыққа шақырады. Ал шындап келгенде, таудан сырғып төмен түскен кісіге бейқамдық емес, салқынқандылық (poise) пен шыдамдылық (patience) керек, дейді Райан.

Қазіргі ұғымда, сіз жасаған дүниені жұрт қабылдамаса, тиісінше бағаламаса, сәтсіздікке ұшыраған боп есептелесіз. Толымсыз ғана емес, толайымен теріс пікір. Райанның айтуынша, көлденең кісілердің жақсы-жаман бағасы – негізгі емес, қосымша олжа. Атқарылған жұмыстың құнын сырттағы адамдар емес, автордың өзі анықтауға тиіс. Керісінше, автор қолдағы өнімін өзі үшін емес, көлденең біреудің сөзі үшін ғана жасайтын болса, онда «дарынсыз» ретінде датталуға да, жер болып тапталуға да дайын жүрсін.

Райан: «Сәтсіздікті жеңіл өткерудің жолы – дүние бұзылып, айқай-аттан көбейіп кетсе де, міндетті жұмысты жалғастыра беру», – дейді. Бұл оңай емес. Жұртшылық тарапынан айтылатын сын пікірді мүлдем ескермеу шалағайлыққа ұрындырады. Абзалы – дәтіңізді бекітіп, ауыр критиканы тыңдауға үйрену. Жақындағы жанашыр не деп жатыр, сөздері қаншалық қисынды, уәждері қаншалық толымды?! Ақыл елегіне салып, түкпірлеп ойлану керек. Белгілі, симптомдар – аурудың бар екенінің айғақты нышаны.

Бірақ аурудың стадиясы әр түрлі боп келетінін жадыңыздан шығармаңыз. Біреулер ем қабылдаймыз деп жүреді де, қараптан қарап ауруды асқындырып алады. Американың құрушы тұлғаларының бірі Александр Хамилтон қаржылық дағдарысқа түсіп, айран-асыр болған ежеттес досына мынадай хат жібереді: «Егер бұдан былайғы істердің сәтімен аяқталатынына күмән келтірсең, тәрк ет. Әйтпесе, қорыс батпаққа бата түсесің. Тоқтай білу де – үлкен батылдық». Жасы келген, қайраты қайтқан боксшы карьерасына нүкте қоймаса, ерте ме, кеш пе, ортақолды қарсыластан жеңіліп, аруағын сындырып алатыны сияқты, бизнесмен де кезі келіп, кезеңі жеткенде тегеурінін тежемесе, бауырындағы барынан айырылып қалады. Сәтсіздікке ұшырағанда жөнсіз ышқына бергенше, алдымен жан-жақты ойлану керек деген сөз. Бәлкім, барлық проблеманың төркіні – белге байланған сойылдың ауырлығында шығар.

Сәтсіздік кезінде үмітті үзбей, қайта көтерілу үшін әу бастан жетістік турасында өзіндік пайымыңыз, жеке өлшеміңіз болсын. Халық мақтаған, жұрт қостаған деңгейге емес, өзіңіз белгілеген деңгейге жеттіңіз бе, жоқ па? Сол маңызды. Ертең тоңқалаң асып құлағанда жасымайсыз, біреулер сәтсіздік деп бағалайтын қолапайсыз жағдайды да оңай өткересіз. Өзіндік өлшемі бар адам ұзақ-мерзімді жоспар құрады, сәйкесінше, бүгінгі сәтсіздіктерді сәтсіздік деп білмейді, даңғыл жолдағы қалыпты бөгесін деп көреді. Сонымен қатар, жетістік турасында өзіндік түсінігі қалыптасқан адам ынтымақты топта жұмыс істеуге де ықтиятты жүреді. Өзінің емес, ұжымның ұтысын артық санайтындықтан, «аты шықпаса да, жер өртемейді».

Белгілі, сәтсіздікке ұшыраған адамдар көп жағдайда кінәліні іздеп, аз-кем қатысы бар жұртты күстана қылады. Бүткіл дүние бірлікке келіп, өзіне қарсы шапқандай, жөнсіз табалайды. Райанның пікірінше, бұл – парықсыз, жаман мінез. Кінәны басқаға артатын шікәмшіл адам өзінің дамуын шектеп, тұйықталып қалады. Райан аспан айрылып, жерге түссе де, сүйіспеншіліктен айнымау керек деп кеңес береді. Себебі алмағайып, сын кезеңде тағдырына мойын ұсынып, бар қиындықты көтеріп алатын бітімі ізгі, пейілі жомарт, мінезі дарқан адамдар кең өріс таппаса да, тың тыныс, ерекше құрмет табады.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×