Бүгін:

Coffee Challenge

6

Facebook-тың 30-шы қызметкері, Sumome стартапының егесі Ноа Каган – көргені көп, түйгені мол кәсіпкер. Өрелі лекциялары мен сарабдал сабақтарына алыс-жақын жұрттың тасқын боп төгілетіні содан. Оны тыңдауға жас жеткіндермен таласа-тармаса жасамыс кісілер де келеді. Сірә, Ноа бизнесті ғана қозғамайды, өмірлік мәні, қоғамдық маңызы бар басқа да мәселелерді қаузайды. Мысал үшін, мақтаулы көп дәрістің бірі – жүгенсіз үрей мен кенеусіз уайымнан арылудың жолдарына арналған. Кәсіпкерлік сүрлеуіне түскеннің де, түспегеннің де кәдесіне жарайтын қажетті тақырып. Ең ғажабы, Ноа құрғақ кеңестер мен жадағай нұсқауларды ғана тізбектемейді, тыңдарман жұртқа тағлымды тапсырмалар береді. Пәлен жерге барып, түген нәрсені жүзеге асырыңыз дейді.

Белгілі, комфорт аумағынан шығуға талап қылмайтын адамның іргелі компания құрып, тамырлы бизнес негіздеуі қиын. Дәп солай, қалыпты жорадан айнымайтын қызметкердің де қатарынан озып, таңдай қақтыратын карьера жасауы екіталай.

Шектеулі шеңберден аттап баспайтын үлкен-кішінің мақсат-мұраты да бәкене келеді. Өсіп, өркендеуді емес, көбінеки қолдағыны қорғап қалуды көздейді. Әйткенмен, батыл қадамнан тартынатын адам бауырындағы барын сақтап қалуға да жарамайды, ай мен күннің аманында айырылып қалады. Себебі неде? Айырылып қалу себебі емес, үйреншікті соқпақтан қиыс кетпеу себебі. Көп жағдайда бар кілтипан ішкі сенімнің жоқтығында иәки жұтаңдығында жатады. Өзін қор санайтын адам қандай да бір салада топтан озып, зор боламын демейді. Жүлдесі жұпыны, салтанаты төмен бәйгенің өзінде шаң қауып, тезек теріп қаламын деп ойлайды. Ноа көрінгеннен бұғып, құты қашатын осындай тартыншақ, қорғаншақ адамдарға да жөндем кеңестер ұсынады.

Айтуынша, буынға түскен кертартпа әдеттен арылу үшін оқтын-оқтын одағай мінез көрсетіп, ыңғайсыз жағдайға түсу керек. Сонда адам өзін таниды, өзгені біледі, санасында бекіген кейбір стереотиптердің қаншалық орайсыз екенін түсінеді. Мәселенки, ұшақта я болмаса халық жиналған әлдебір жиылыста басқа біреуге тиесілі жерге отыра қалсаңыз, көп ұзамай, бірталай қызыққа қанығасыз. Заңды иесінің нендей күй кешетінін көресіз, айналадағы жұрттың қандай халге түсетінін аңдайсыз. Бәсіре орнын іздеп келген кісі біреу басынан балғамен ұрғандай ошарыла тоқтай ма, әлде дым болмағандай, өте шыға ма?! Шетін жағдайға куә болған халық сізге күдіктене қарай ма, әлде ешнәрсені байқамағансып, іштен тына ма?! Осындай сұрақтарға орнықты жауап табасыз. Бірте-бірте ішіңізді жегідей жеген үрейден, күмәннан арыласыз. Шынында да, «қорыққанға қос көрінетінін» ұғынасыз.

Ноа: «Жаңаны тану үшін де орашолақ істерге бару керек», – дейді. Мәселен, көше бойында жөн-жосығы белгісіз біреумен табан астында танысып, шүйіркелесіп кету, ақыр соңында бірге суретке түсу. Немесе, «Coffee Challenge» – көлденең бір кофеханаға бас сұғып, көңіліңіз қалаған затқа 10 пайыздық жеңілдік сұрау. Сөз жоқ, көзге қораш, құлаққа тосаң «біртүрлі» талап. Өзін төменшік санайтын адам мұндай әрекетке бармайды, батылы жетпейді, дәті шыдамайды, жүрегі дауаламайды. Міне, сол үшін маңызды.

«Су түбінде жатқан тастың жел толқытса ғана шығатыны» сияқты, кісі ұлының ішкі мүмкіндіктері мен қатпарлы болмысы да шер толқытса ғана ашылады. Қамсыз ғұмыр барқадар таптырмайды, беймаза тіршілік қана белгісізді тануға себепкер болады. Ұзақ ғұмыр кешіп, көпті көрген Гөте: «Адам баласы өзін тек қуаныш пен өкініш кезінде ғана таниды», – деген екен. Ноа сондай абыржы ахуалды тағдырдың талғамымен емес, өзіңіз іздеп табыңыз дегенді айтады.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×