Бүгін:

CEO және КОГНИТИВТІ ДИССОНАНС

shutterstock_72130540

2007 жылы басталып, тұтас екі жылға созылған ғаламдық қаржы дағдарысы бірсыпыра компанияның бас директорларын (әрі қарай CEO-Chief Executive Officer) мансаптан қағып, есептен шығарды. Базбірі қатерлі апатты алыстан танып, алдын-ала қам жасамағаны үшін кетсе, енді біреулері қаптаған қиындықтан азғана шығынмен шығудың жолын таппағаны үшін. Дағдарыстың алғашқы маусымында танымал 125 CEO-нің ғұзыры қайтарылған екен. Әлбетте, мұндай аянышты кепке барлық басшы түскен жоқ. Бірақ түскендері бірдей қателікке бой алдырыпты. Бейбақ СЕО-лардың ортақ сыпатына арнайы талдау жасаған Гарвард Бизнес Ревью сондай тоқтамға келіпті.

Заманның түзу кезінде қабылданған стратегиялар мен шешімдер алмағайып уақытта тезінен өзгеріп, жаңа талаптарға бейімделіп жатады. Бұрнада пайдаға асқан әрқилы әдістер дүрбелеңге толған нарықта себесін емес, бөгесін болуы әбден ықтимал. Алайда, талайсыз СЕО-лардың дені дағдарыстың қылпуын көрсе де, бірден илікпей, кешегі саясатына қасарыса жабысып, өздерінің туралығына өлшеусіз сенімді боп қала берген. Толғағы жеткен мәселені жадағай тастап, әуелгі бағдардан айнымауға тырысқан. Көштің жүре түзелетіні бар. Өкініштісі, түзелуді жеке басының осалдығы деп таныған өркеуде СЕО-лар компанияларының бағын байлап қана қоймай, өздерінің де болашағын тұманға айналдырған.

Расында, түпкі есепке сәйкеспейтін қандай да өзгерісті кісі ұлы қиын қабылдайды. Үйреншікті сораптың теріс нәтижеге жетелейтіні анық аңдалса да, оны толайымен тәрк ету қашанда артық қайрат, қосымша ақыл керек етеді. Дейтұрғанмен, соқталы зерттеулер ұтықсыз ой мен парықсыз практикадан СЕО деңгейіндегі өкімі зор тұлғалардан гөрі, қатардағы қарапайым жанның оңай арылатынын анықтап жүр. Талай қауғаны бастан өткеріп, әбден шыңдалған, тәжірибесі мен өзіне деген сенімі мейлінше бекіген СЕО қауымы үлкенді-кішілі қателікті мойындауға асықпайды. Абыройға көлеңке түсіріп, кейінгі карьераға кесірі тиеді деп қорқады. Мұны ғылымда когнитивті диссонанс деп атайды.

Когнитивті диссонанс ұғымын ғылыми айналымға алғаш түсірген – Леон Фестинжер (Leon Festinger) деген оқымысты. Фестинжер Когнитивті Диссонанстің Теориясы атты еңбегінде диссонансқа жетелейтін екі жағдайды әйгілейді. Оның бірі – ауыр диссонанс. Әдетте, ол жаңа, қайшы мағлұматтар үсті-үстіне төгіліп немесе әлдебір тосын оқиға тұтқиылдан тиісіп, тұқыртқанда пайда болады. Ондайда тізгінде отырған тегеурінді тұлға бірден теңселіп қалады. Ойдағы жоспар ыдырап, жүректегі сенім тоқырады деген сөз.

Фестинжердің айтуынша, ендігі бір дисонантты хал қолайсыз ақпар, ыңғайсыз жағдай орын алмай-ақ пайда болады. Күнделікті қабылданатын ірілі-уақ шешімдердің көбі біз ойлағандай аяқтала бермейтіні әмбеге аян. Мысалы, инвестиция құюға қамданып жүрген адам түбінде дұрыс таңдау жасаса да, қалаулы нәтижеге жетудің қиын болатынын көңілмен танып отырады. Сірә, ырқынан тыс жатқан жалпы экономикалық ахуал бұзылса, салиқалы бизнесі банкротқа ұшырауы бек мүмкін. Ендеше, қандай да жоспар құрылып, шешім қабылданып жатқанда жауапкер жанның диссонанттық, абыржы халді айналып өтуі қиын.

Сау адам когнитивті диссонанс кезінде кереғар екі пікірдің арасында қамалып, сарсаңға түседі. Рационалды ойлауға шамасы келмей қалады. Мұндай диссонанс өзіміз шындап сенген қағидаға қайшы әрекетке баруымыздан туындайды. Ғылыми зерттеулер, адам баласы ішкі дүниесінде тұрақтылыққа ұмтылатынын, пікірлері мен көзқарастары кластерлерге жіктелетінін анықтап жүр. Алайда, әрдайым емес. Мәселен, базбіреулер темекі шегудің зиянды, жаман ғадет екенін біліп тұрса да, оны тастауға асықпайды. Немесе баланың сыпайы болғанын қалайтын кейбір ата-ана оның тентек әрекеттерін ерсі көрмейді. Көбінше, қызығып, мейірлене қарайды.

Гарвард Бизнес Ревьюдің айтуында, бизнесте шешім қабылдайтын тұлға өзі қаламаса да, когнитивті диссонансқа бой алдырып отырады. Қабылданған шешімнің авторлығы, әдетте, өзіне тиесілі болғандықтан, ұтымсыз екені аңдалғанда жүйкесі сыр береді. Сірә, адамның миы көпе-көрнеу қателікті елемеуге, қажетті өзгеріс жасамауға тырысады. Әу баста көп шығын кеткендіктен (sunk cost), тиімсіздігі көзге ұрып тұрса да, келеңсіз істі жалғастыра беретініміз содан (Мәселен, алдын-ала төленіп қойғандықтан, іш пыстырса да, фильмді соңына дейін қарап жатамыз).

Сөз жоқ, когнитивті диссонансқа түскен CEO компанияны құрдымға жіберуі мүмкін. Сондықтан нақты бизнес ортада когнитивті диссонанстың қылпуы көрінсе, кешеуілдетпей, мейлінше тезінен қимылдау керек. Бизнес әдебиеттер, компаниядағы жағдайды түзеудің ең ұтырлы тәсілі деп – шешім қабылдаушының қызметтен кетуін атайды. Алайда, мұндай тәсілдің тездігі мен тиімділігіне қарамастан, Гарвард Бизнес Ревью компанияның директорлар кеңесі мен инвесторлары СЕО-ларға қашанда түсіністікпен қарағаны абзал дейді. Осындай жағдайда ғана СЕО-лар жасаған қателіктерін дер кезінде мойындап, жөппелдеме түзеуге тырысады. Мұның көрнекі бір мысалы – General Electric басшысы Джэк Уэлч. Компанияның басына бұлт үйірілген сын сағатта қызметінен босамаған ол кейінде өзінің ағат кеткен жерлерін байқап, жыртықты жамауға, кетікті толтыруға асыққан.

Екінші бір жол – басшы (шешім қабылдаушы) өзінің бастапқы ойлары мен жойдасыз жобаларынан бас тартып, жұрт алдында жазықты екенін мойындауы. Адам пенде болған соң, әрдайым дұрыс шешім қабылдауы, ұдайы ұтысқа шығуы мүмкін емес. Алайда, шалыс кеткен жерлерін күнілгері көріп, басқаша жол таңдауға батылы, уақыты жететін жан бәрінен артық. Ондай басшы қарауындағы қызметкерлердің мейлінше сақ, мүмкіндігінше ізденімпаз болуына қозғау салады. Мұндай ұжым ұтымсыз шешімді қорғауға емес, қысталаң жағдайдан жұмыла құтылуға ұмтылады.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×