Бүгін:

«Capital in the twenty-first century» by Thomas Piketty

piketty_capital

ХІХ ғасырда өмір сүрген ғұлама ғалым Вильфредо Парето – табыс бөлінісін (income distribution) арнайы зерттеген алғашқы экономист екен. Өзінің «Cours d’économie politique» атты еңбегінде күрделі математикалық формулаларды қызметке жеккен ол табыс пен байлықтың бөлінісі кездейсоқ пайда болмайтынын, белгілі бір заңдылықтың аясында қалыптасатынын дәлелдеп береді. Англия, Ирландия сынды Еуропа елдері мен Перу сияқты шалғайдағы жұртқа қатысты табыс салығы даталарын егжей-тегжейлі зерделеген Парето табыстың 80 пайызы халықтың 20 пайызына тиесілі екенін байқайды. Сонымен қатар, Италиядағы жер телімінің 80 пайызы халықтың 20 пайызының ғұзырында екенін көреді. Ақыр соңында, байлықтың осылайша бөлінуі – адамзат шеруіндегі барлық қоғамға хас, қалыпты жағдай екенін ескертеді.

Қызығы, Вильфредо Парето байқаған заңдылықты (pattern) заманымыздың білгір оқымыстысы Томас Пикетти де аңдап, «Capital in the twenty-first century» атты еңбегінде таратып талдайды. Француздың байтақ тарихынан мысалдар, Джейн Остиннен сілтемелер беріп, және басқа да үстеме мағлұматтар келтіріп, адамдар арасындағы экономикалық теңсіздіктің титтей де кемімегенін, керісінше, күн озған сайын қорқынышты сыпат алып бара жатқанын жан-жақты дәлелдеген Томас Пикетти – жаңа ықылымда сананы шайқаған, озық ойлы ғалымдардың бірі саналады.

Академиялық карьерасын дабыралы Массачусетс технология институтында бастаған, бірақ экономикалық зерттеулерде математикалық есептің басымдығы мен қаржылық қисаптың көптігін жаратпай, екі жылдан кейін туған жері – Францияға оралған Пикетти экономикалық теңсіздікті – өмірлік, ең басты зерттеу нысаны етіп алады. Аталмыш тақырыпқа аз-кем емес, тура он жыл уақытын арнайды. Нәтижесінде, дәйекті ақпар, қат-қабат датаға толы кітап жарыққа жеткенде тақау-жырақтағы ғылыми орта алабөтен бүлініп, дүрбелеңге түседі. Мақтау айтқан дырау тұлғалардың қатарында – Нобель сыйлығының лауреаты, New York Times газетінің көрнекті колумнисті Пол Кругман да бар. Кругман мырзаның айтуында, Пикеттидің кітабы – талассыз жаңалық һәм бестселлер болуға әбден лайықты (бірден-бір еңбек).

Пикетти мырзаның ең басты уәжі – биржадағы акцияларға немесе жылжымайтын мүлікке құйылған капиталдың өсімі нарықтағы жалдамалы қызметкердің жалақысынан әманда артық болатыны жайында. Үстірт қарағанда, жұпыны, жеңіл көрінгенімен, шындап келгенде, бұл – үлкенді-кішілі саяси-экономикалық шешімдерге тіпе-тік әсер ете алатын айғақты тұжырым. Қарапайым тілге көшірсек, азды-көпті капиталы бар адам ешуақытта қайыршылық кепке түспейді, жұмыс істеп, тер төкпесе де, ел қатарлы тіршілік кешеді деген сөз. Алайда, білім-білігіне иәки қара күшіне ғана сүйенген «knowledge worker» жалақысынан жырымдап, мейлінше үнемдесе де, байлыққа бөгіп, салтанатқа жетіп, шалқып-толқып өмір сүре алмайды. Пикеттидің айтпағы – адамның қажыры емес, тумысы шешуші рөл атқарып тұрған әлемде меритократты орта қалыптастыру қиын ғана емес, мүмкін болмай тұр.

Адамзат тарихындағы әр түрлі кезеңдерге шолу жасаған Пикетти мырза табыс пен байлықтың санаулы адамдар мен шектеулі аймақтарда шоғырлану себебін таратып, бажайлы суреттемесін береді. Индустриалды революциядан басталып, бүгінге жалғасқан экономикалық теңсіздіктің сұлбасын сызып, дәйекті деректермен тұздықтаған француз ғалымы Батыс Еуропа қоғамының тап бөлінісіне ұзағынан тоқталады. Оның айтуынша, XVIII-XIX ғасырларда орын алған капиталистік үдерістердің нәтижесінде «Жеке байлық» «Ұлттық Табыстан» артық шыққан да, қомақты қаржы жекелеген адамдардың қалтасына түсіп, біржола тұрақтап қалған. Индустриаландырудың игілікті әсері шар тарапқа жайылғанымен, қарашы жұртты толайымен жарылқай алмады, дейді ол. Зауыт-фабрикалар айрықша көбейген бұл дәуір, алдымен, олардың тұтқасын ұстаған топ пен оларға қаржы құйған шарықты құрылымдардың алапасын асырды. Ғажабы, аталмыш құбылыстың жалпағынан жайылып, біржола тамырланып кетуіне бөгесін болған – тұтқиылдан киліккен әлемдік соғыстар екен. Пикеттидің айтуынша, Еуропаның байтақ империяларын бар қуатынан айырып, шылпара ыдыратқан бірінші жиһан соғысының дүмпуі – ескілікті қаржы жүйесін де тұғырынан сындырып, Ұлы Дағдарысқа ұйытқы болған. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған дүние-мүкәмал әп-сәтте егесін жоғалтып, талапайға түскен. Әйткенмен, бұл жағдай ұзаққа созылмайды, заман оңалып, саяси ахуал тыншыған кезде бұрынғы низам қайта орнайды.

Әлбетте, қаз-қалпында емес. Жекелеген тұлғалар мен дәулетті отбасылардың мүмкіндіктерін шектеген жиырмасыншы ғасыр, есесіне, мемлекеттің (welfare state) өрісін ұзартып, құдіретін күшейтеді. Басқаша айтсақ, салық мөлшерінің артуы, банкрот оқиғаларының көбеюі ерікті, еріксіз түрде экономикалық теңдікті реттейтін институттардың пайда болуына жетелейді. Бірақ көп білетін Пикетти аталмыш құрылымдар міндеттерін тиісінше атқармай жатыр дегенді айтады. Өткен ықылымның ғибратты сабақтары ұмытылып, байлықтың шоғырлануы қайта басталыпты. Тіпті, кейбір экономикаларда бірінші жиһан соғысы қарсаңындағы деңгейге жетіпті.

Тарих қойнауына сүңгіп, тағлымды түйіндер жасаған Пикетти мырза аталмыш еңбегінде капитал мен теңсіздіктің әлемет теориясын: байлықтың өсімі – экономикадағы өндіріс көлемінің өсімінен жоғары болатынын жасап шығады. Бұл ұғым r>g мәндік көрсеткіші арқылы белгіленеді: мұндағы r – байлықтың қайтарым көрсеткіші, g – экономикалық өсім деңгейі. Өзге факторлардың тұрақтылығын есепке ала отырып, жылдам артқан экономикалық өсім байлықтың қоғамдағы рөлін бейтараптандырса, аз өсім, керісінше, оның маңыздылығын арттырады (және ғаламдық өсімді баяулататын демографиялық өзгерістер капиталдың доминанттылығына ұйытқы болады). Пикетти осы тұста бір нәрсеге – байлықтың тұрақты шоғырлануына кедергі келтіретін иәки тежей алатын күштердің жоқтығына назар аударады. Тек жылдам экономикалық өсім (технологиялық прогресс немесе ұлғайған халық саны) мен мемлекеттің араласуы ғана ел экономикасын патримониальді қалыпқа бейімдейді. Пикетти мырза экономикалық һәм саяси тұрақсыздыққа тамызық болып тұрған – бүкіләлемдік теңсіздікті азайту үшін байлыққа салық салыну қажет, дейді. Әйтпесе, кедей-кепшік көбейіп, қоғамдық жағдай ауырлайды, меритократтық талпыныстар тоқырап, әсер-ықпалы жоққа саяды.

Пикеттидің теориясын сынға алып жатқандар аз емес. Кейбіреулер оның өткенге қарап, болашақты болжау талабын парықсыз санайды. Олардың пікірінше, кешегінің шындығы бүгінге де, ертеңге де жүрмейді. Пикетти қоғамдағы байлық көбейген сайын, оның қайтарымы азаяды десе, сыншылардың бір парасы бауырдағы байлықтың көбі – әкеден балаға мұра боп қалмағанын, алапат еңбекпен табылғанын алға тартады. Яғни, адал ғана емес, абыройлы жолмен жиналған. Басқа бір топ сыншы Пикеттидің бұл теориясында экономикалық емес, идеологиялық бояудың мол екенін ескертеді. Олардың айтуынша, француз ғалымы қисынға емес, адамдық өжданға тартып отыр. Сондықтан оның жаңалығы – ғылымға жат, экономикалық дамуға зиянды. Дейтұрғанмен, скептиктердің көпшілігі бұл кітаптағы датаның ауқымы мен анализдің тереңдігін жоққа шығармайды, мән-маңызы мен салмақ-үлесін бірауыздан мойындайды.

Қалай дегенмен, Пикеттидің теңсіздік мәселесіне қатысты байыпты пікірлері мен түйінді ойлары экономика ғылымының алдағы бағдары мен болмысына әсер етпей қоймайды. Бүгін болмаса да, ертең үлкен дискурстар мен дебаттарға азық, бәлкім, әр түрлі шешім-қаулыға түрткі болады.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×