Бүгін:

Басымдықты іздеуге қатысты

6

StandOut: Assess Your Strengths, Find Your Edge, Win at Work –
by Marcus Buckingham

Салқар карьера жолында адаспай, қалаулы мансапқа қол жеткізу үшін күні бұрын «Мен кіммін?» деген сұрақтың жауабын білмек керек. Бұл тарапта Маркус Букингемнің «Standout» атты кітабы – үлкен көмектес. Ықшамдалған нұсқасын төменде беріп отырмыз.

Автордың айтуынша, өзінің бойындағы басым қасиеттерді әу бастан түстеп таныған адам ғұмыр-шеруінде мейлінше аз қателеседі. Себебі шектеулі уақыты мен шақтаулы мүмкіндіктерін бей-берекет түгеспейді, қолынан келетін іске ғана кірісіп, жөн-жосығы мағлұм жобамен ғана айналысады. Айтаққа еріп, үгітке сеніп, машығы жетпейтін, білімі өтпейтін төтенше тірліктен аулақ жүреді.

Анығы, сіздің бойыңыздағы тума қасиетті туған-туысқан да, дос-жаран да шұқып көрсете алмайды. Олардың өз шаруасы жетіп артылады, сізді қайтсін?! Мектеп те анықтауға дәрменсіз. Оның міндеті – баланың бойындағы дарынды аршып алып, игілікке айналдыру емес, жоғарыдан бекітілген контентті қаз қалпында жеткізу. Аталмыш түйінді жұмыс берушіңіз де шеше алмайды. Оның жалғыз талабы – жүктеулі міндетті мүлтіксіз атқаруыңыз. Бір сөзбен қайырғанда, сізден көп нәрсе күтетін аралас-құралас жұрттың талабы мен өтініші көп жағдайда табиғи басымдықтарыңызбен қабыса бермейді. Демек, туа біткен артықша қабілетіңізді қапысыз танып, орайымен жұмсау – сіздің жеке мәселеңіз.

Осы ретте Автор NBA-дің таңдама ойыншысы Майкл Джордонның басынан өткен өзгеше бір жайды тәптіштейді. Атақты баскетболист карьерасының ең жұлдызды сәтінде одағай бір шешім қабылдайды. Әкесі марқұм оның баскетболмен емес, бейзболмен шұғылданғанын қалаған екен. Әйткенмен, сәті түспеген, орайы келмеген, әкенің өзгеше қалауы елесті арман күйінде қала берген. Орындалмай қалған осынау арман ер жетіп, баскетбол әлемінде үлкен беделге жеткен Майклға маза бермейді. Ішін кемірген жегі құрттан біржола құтылу үшін мақтаулы ойыншы карьерасының шарықтау кезеңінде NBA-ден кетіп, екінші қатардағы бейзбол командасына қосылады. Және ең қызығы – әжептәуір еңбектеніп, маусым соңында елеулі табыстарға жетеді. Жаңа бапкері: «Тағы да біраз жетілсең, бірінші лигада ойнауға мүмкіндік аласың», – деп арқасынан қағады. Алайда, алға түсіп, озықтардың ішінде Бірінші атануы неғайбыл. Мұны бапкер де, Майкл да біледі. Ұзап кетсе, алғы топтағы көп кәсіпқойдың бірі ғана. Күні кешеге дейін асқаралы биікте жалғыз тұрып үйренген Майкл бір жылдан кейін үйреншікті қотаны – баскетболға оралады. Жалғас жылдары Chicago Bulls қатарында тағы да үш рет чемпиондықты жеңіп алады.

Атақты баскетболист аулаққа кетіп, бір жыл уақыт жоғалтқандай көрінгенімен, аталмыш эксперименті жанама пайдасын тигізеді. Себебі Майкл бейзбол ойнап жүріп, бойындағы қабілет пен мүмкіндіктердің шегін көреді және тиесілі қорытындылар жасайды. Нәтижесінде баскетбол алаңындағы қимыл-қозғалысы түзеліп, ойын үлгісі жақсарады, ықылас-пейілі де артып, жауапкершілігі ұлғаяды. Атаулы өзгерісті Chicago Bulls командасының бапкері Фил Джексон да байқайды.

Маркус Букингем кісі ұлы көп жағдайда өзінің бойындағы артықшылықтан хабарсыз күн кешеді, дейді. Білген күннің өзінде оны сәтімен игеруге, толайымен іске жаратуға шорқақ келеді.

Атаулы кітапта Автор адамдарды 9 топқа жіктеп, бажайлы сыпаттамасын береді.

1. Advisor

Сіз байсал ойдың адамысыз. Қандай да істі «Ең дұрысы не?» деген сұрақпен бастайсыз. Басқаның проблемасын шешуге айрықша ықыластысыз. Ондай мүмкіндік туып жатса, көзіңіз шырадай жанып, делебеңіз көтеріліп қоя береді. Сіздің қадіріңіз ақыл-кеңесіңіздің алымдылығында. Эксперт болуға айрықша құмар болған себепті ертелі-кеш кітап оқып, қажетті ақпармен сусындап отырасыз. Ұсақ-түйектің өзін қалт жібермейсіз, жіті қадағалайсыз. Себебі көріс, қабыл кезінде жалпылама кеңестен тартынып, сұқбаттас адамның проблемасына сәуле шашатын ұрымтал факторларды тізбелейсіз. Қандай да бір дүдәмалға жол қалдырмай, батым сөйлейсіз. Көкірегін күмән жайлаған жұрт сіздің білімнен дем тартқан сенімділігіңізді көріп, дәргейіңізге асығады.

2. Connector

Сіз катализаторсыз. Екі адамды я да екі идеяны ұшқастырып, соның негізінде асқаралы жоба тудырасыз. Қандай да істі «Кімді-кіммен байланыстырсам екен?» деп бастайсыз. Сіз әлемді қым-қуыт қатынастардан құралған құтты мекен деп көресіз, сондықтан ауа жайылып, саяқ жүрген жандардың басын қосасыз. Бейтаныс жандар бір-бірімен қол жалғап, бірлікке келсе, үлкен жобалар дүниеге келеді деп сенесіз. Сәйкесінше, таныстыққа, білістікке ден қоясыз. Кез келген адаммен арыла сөйлесіп, іші-сыртын ақтарыстауға, басымдықтары мен мүмкіндіктерін байқастауға тырысасыз. Тәжірибесін, білімін, машықтарын – бәрін-бәрін жадыңызға таңбалап, үнемі есіңізде тұтасыз. Бүркеулі жатқан осынау мағлұмат ертең біреудің кәдесіне жарап қалуы мүмкін.

3. Creator

Сіз хаостан қорықпайсыз. Жоқтан бар жасауға мақырсыз (шеберсіз). Өйткені, әманда көкейіңізде артықша балама бар. Қандай да істі «Мен не түсіндім?» деген сұрақпен бастайсыз. Сіз терең ойдың адамысыз. Жалғыз жүріп, ұзағынан толғануды ұнатасыз. Егер өміріңізде шытырман оқиғалар көбейіп кетсе, бірден оқшауланып, байыбына баруға тырысасыз. Сіз креативті жансыз. Атаулы қабілетіңіз жазуда, сурет салуда, ән айтуда, жоба тоқуда, презентация жасауда иәки басқа бір салада көрініс табуы мүмкін. Қайткенде де, жаныңыздан бірдеңе тудырып, игілікке айналдырасыз. Басқалардың ой-пікірін ескеретініңіз рас, бірақ әманда өз білігіңізбен жүріп-тұрасыз. Бей-берекет жағдайдағы әлемге ойлана қарап, белгілі бір қисын іздейсіз. Сіздіңше, барлық нәрсенің түбі бір, сол себепті тіршіліктің мәні – жарқа-бөлшектерді тауып, орайымен жымдастыру.

4. Equalizer

Сіз тәртіпсүйгіш адамсыз. Қандай да істі «Ең абзалы қайсы?» деп бастайсыз. Бұл дүниеде басқадан бағымсыз, мүлдем оқшау нәрсе бар деп ойламайсыз. Үлкенді-кішілі құрылымдар, мансапты-мансапсыз адамдар – бәрі-бәрі бір-біріне тәуелді. Кімде-кім осы ақиқатты ұмытып, шет жайылса, сіздің тынышыңыз кетеді. Жөппелдеме қимылдап, кешегі жораны, ежелгі дәстүрді қалпына келтіруге ұмтыласыз. Кімнің кімге қарыздар, неге жауапкер екенін жете білетіндіктен, әркімнің өз міндетін мүлтіксіз атқаруын қадағалайсыз. Сіздіңше, әлем қашанда белгілі бір низамда жұмыс істеп тұруы керек. Әйтпесе, әреке кіріп, береке кетеді.

5. Influencer

Сіз адамдарға ықпал ете аласыз. Қандай да істі «Мен пәлен адамға қалайша қозғау саламын?» деп бастайсыз. Тобанаяқ шабандық танытатын кежірді жаратпайсыз. Тыныш өмір, келісті тұрмысқа бейімделе бастаған қамсыз жұртты тынымсыз түртпектеп, пайдаға шығатын өнімді тірлікке шақырасыз. Көнбей жатса, өтімді сөз, ұтымды үгітке жүгініп, жан-жақты дәлелдер келтіресіз. Ақыр түбінде дегеніңізге жетесіз. Тегі бөтен, машығы төтен сан-сапалақ жұртты ортақ жобаның аясында ұйыстырып, абыройлы мұратқа бағыттайсыз.

6. Pioneer

Мөлшерден тыс оптимиссіз. Жар астында жау, бөрік астында бөрі бар деп ойламайсыз. Жақсылық пен игіліктің көптігіне сенесіз. Қандай да бір істі «Жаңаша не бар?» деп бастайсыз. Бөтен елге барудан, бөтен жұртпен араласудан тартынбайсыз. Тәуекелге бел буып белгісізге ұмтыласыз. Көлденең кісінің бойын құрсап, жүрісін тежейтін күмән-күдік атаулыдан ада-күдесіз. Қол ұсыным жердегі тылсым дүниені қопара түйгештеп, іші-сыртын ақтарыстап көруден тайынбайсыз. Қатерлі іс болса да, бар қиындығын көріп алуға дайын тұрасыз. Осы бір қырыңызды жақсы білетіндіктен, таптаурын соқпақтан аулаққа кетіп, тыңнан түрен салатын мүмкіндіктер іздейсіз. Түптің түбінде, бір кетікті толтырып, бір тесікті жамайтыныңыз мүмкін. Бірақ бұл – сізді мазалайтын бірінші кезектегі мәселе емес. Сіздің мақсатыңыз – басқалар түспеген жолды таңдап, басқалар күтпеген нәтижеге жету. Сонда ғана көңіліңіз жай табады.

7. Provider

Сіз алды кең, көңілшек адамсыз. Қандай да істі «Бәрі жақсы ма?» деп бастайсыз. Басқа адамдардың не сезіп тұрғанын жақсы білесіз. Және ескерусіз тастамайсыз. Әсіресе, көңілі жабырқаулы кісіні бірден байқап, жан тартасыз. Іле-шала қоңылтақ жағдайдың себебін сұрастырып, жаймашуақтауға тырысасыз. Сіз тым ынтымақшыл адамсыз. Өзін төменшік санайтын адамға артықша қасиеттерін есіне түсіріп, ешкімнен кем еместігін әйгілейсіз. Кімде-кім басқаның шамына тиетін татымсыз әңгіменің тиегін ағытып, кеміте сөйлесе, табан астында тоқтау саласыз. Және әдептен озған тасырды тезінен оқшаулап, аулаққа жібересіз. Әрине, біржола емес. Кінәсын мойындап, қол қусырып келсе, кеудеден теппейсіз, жақын тартасыз. Себебі сіздің пейіліңіз түзу, жүрегіңіз кең.

8. Stimulator

Өзіңізді көлденең жұрттың көңіл ауанына жауапкер сезінесіз. Қандай да істі «Қалайша серпін берсем екен?» деп бастайсыз. Бөлмедегі жұрттың қандай күйде отырғанын кәміл білесіз, сондықтан позитивті энергия берудің жолдарын ойластырасыз. Мәселенки, тұқыра ошарылған халықтың жүзіне күлімсірей қарап, көңілді әңгіме шертесіз. Еңсесі басылған тыңдарман бар уайымын ұмытып, шат-шадыман күйге енеді. Сіздің позитивті ауаныңызды білетін таныс-біліс қайғы басқанда сізді іздеп, емен-жарқын сұқбаттасуға асығады. Бірақ сіз жұмсақ, мейірімді адам емессіз. Сіздіңше, басы салбырап келген пұшайман адамның қайраттанып, шыңыраудан өз күшімен шыққаны дұрыс. Қажетті мотивацияны басқадан емес, өз бойынан тауып, біржола беркінсін дейсіз. Сондықтан қабағы пәс, көңілі жарымжан жандарды қамшылап отырасыз. Әйткенмен, қатқыл мінезіңіздің астарында жомарт болмысыңыздың барын білетін жамағат кералаң, қыстау жағдайда басқаға емес, бәрібір сізге келеді.

9. Teacher

Қандай да істі «Ол бұдан не үйренуі мүмкін?» деп бастайсыз. Айналадағы аралас кісілердің өресі көтеріліп, ойы өссе екен деп жүресіз. Олардың дәп қазір не сезіп, не ойлап тұрғанына емес, білім-білігі мен қарым-қабілетіне баса назар аударасыз. Сіз перфекционист емессіз, кез келген жұмыр бастының кемістік-кінараты барын білесіз. Алайда «толық адам-ның» өмірде болатынына және қалыптасуы мүмкін екеніне құлай сенесіз. Сәйкесінше, жаныңызда жүрген жеткіннің иәки ересек кісінің білім жағынан аршындап ілгері басуын жіті қадағалайсыз. Өткен айда қандай еді, осы уақытқа дейін не үйренді деп салғастырасыз. Әлдеқандай бір жақсылықты өзгеріс байқасаңыз, бірге қуанып, бірге жұбанасыз. Жаңсақ жерге жетелемеу үшін таңбалы «шәкіртіңіздің» түсінік-пайымын ғана байқастамай, өмірлік, басты мұратын да сұрап білесіз. Бүгінгі әрекеті мен арманды биігінің арасында сабақтастық түзіп, түпкі мақсатына жетуіне жәрдем бересіз.

Жоғарыдағы 9 қасиет азды-көпті мөлшерде бір адамның бойында тоғыса береді. Бірақ мақсат – анағұрлым басым екі рөлді анықтау. Сол себепті Автор арнайы тест сұрақтарын дайындап, www.standoutassessment.com сайтына орналастырған. Мұндағы сұрақтарға жауап беріп, өзіңіздің қай топтарға жататыныңызды біле аласыз. Тек бір ғана кілтипан – тестіні бастау үшін қолыңызда аталмыш кітаптың өзі немесе электронды нұсқасы болуы қажет.

Автор өзінің қарым-қабілетін жақыннан түсініп, соның негізінде карьера жолын таңдаған адамның «басқа шауып, төске өрлейтінін» айтады. Керісінше, тума болмысын танымаған, бойындағы артықшылықты ескермеген, оған қайшы салаға түскен адам мұратына жете алмайды екен. Атаулы тұжырымды дәйектеу үшін Автор ежеттес досының басынан кешкен абыржы ахуалды тәптіштейді.

Айтуынша, университетті сәтімен тәмамдаған Майкл есімді жігіт карьерасын програмист ретінде бастайды. Айрықша еңбекқор болғандықтан, көп ұзамай, мансабы көтеріліп, дүрмекті топты басқаратын өкімге жетеді (teamleader). Бұл міндетті де қапысыз атқарады. Күрделі тақырыптарды түсіндіре алатын қабілеті мен таусылмас сабырының арқасында қарауындағы қызметкерлердің көңілінен шығады. Майкл табиғатында «Teacher» һәм «Equalizer» еді, дейді Автор.

Майклдың қызметіне тәнті болған басшылық анағұрлым күрделі міндет жүктейді: жаңа программаның дизайнын жасау (Pioneer) және клиенттің талабына сәйкестігін қамтамасыз ету (Provider). Не керек, күні кешеге дейін барлық тапсырманы мүлтіксіз орындап келген ықыласты қызметкер осы кезде сыр береді. Тыңнан түрен салып, соны программа жасау, содан соңғы жерде оны клиенттің тексерісіне жіберу, екі ортада қалың уайымға бату – Майклдың жүйкесін жұқартады. Әрине, ол шыдайды, өзін өзі қамшылап, алға қарай тынымсыз сүйрейді. Бірақ ай өтіп, жыл озбай тірі аруаққа айналады. Тозақы мехнаттан шаршағаны, рухани түгесілгені сонша, күндерде бір күн машинаны оталдыруға да жарамай қалады («One morning I just couldn’t put my key in the car door»). Бұл – 15 жыл бұрынғы оқиға екен. Бар күшін сарқып алған Майкл кейінгі жылдары да оңала алмай, құсамен өмір кешеді.

Майклдың қилы тағдырын мысал етіп алған Автор тыныс-тіршілігіңізді қарым-қабілетініңізге орайластырмасаңыз, бақытты болмайсыз дегенді айтады. Ойға алған ісіңіз орындалып, мұратыңыз баян табуы үшін бар ісіңіз табиғатыңызбен үндес болуы керек, дейді.

Жоғарыдағы 9 рөлдің ішінде жаныңызға жақын екеуін анықтап алған соң, аталмыш кітапты жіті оқып шықсаңыз, қандай салада карьера жасап, қандай тарапта бизнес құру қажеттігін білесіз. Автор өзінің алымды кеңестерін жинап-топтап, сәйкесінше тізбелеп, ретімен орналастырған. Ой салатын орынды насихат.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×