Бүгін:

ҰЖЫМДЫ ҰЙЫСТЫРУДЫҢ БЕС ҚАҒИДАСЫ

4

Даниел Левитиннің «The organized mind» атты кітабынан үзінді Даниел Левитин келеңсіз жайттарды болдырмаудың 5 қағидасын ұсынады. Өзі тапқан даналық емес. Ғалымдар растап, CEO-лар қостаған, жолбасшылыққа жарайтын салиқалы құбылнама.

1. Өзара-сенімділік арқылы ынтымақты ұжым қалыптастыру (build cohesive teams through mutual trust)

Көпке белгілі, СЕНІМ ә дегеннен пайда болмайды. Уақыт керек етеді. Толды, толысты деген күннің өзінде сан мәрте сыналып, сан түрлі қалыпқа түседі. Кейде өлшеусіз зорайса, кейде жұқарып, жұтаң тартады. Кейде бар сөлінен айырылып, бір-ақ күнде жоғалады. Автор қызметкерлер арасындағы сенімділік күнделікті жұмыс барысында туады да, бірте-бірте жетіліп, тұлғалана түседі, дейді. Сәтімен біткен ортақ жоба, бірлесе жеткен мақсат, байсалды өткен пікіралмасулар мен ойласулар – бәрі-бәрі СЕНІМ деп аталатын ғимаратты көтеруге тиіс кірпіштер.

2.Ортақ түсінік қалыптастыру (create shared understanding)

Компания менеджменті түпкі мұратты барлық сатыдағы қызметкерлерге ұғымды етіп жеткізсе, ортақ түсінік қалыптасады. Бағыт-бағдарды әу бастан дұрыс парықтаған қызметкерлер төтенше бір жағдайға ұшырай қалса, айран-асыр боп саспайды, межелі жерге жетудің басқа жолын қарастырады. Ал егерде басшы қарауындағы кісілерді қажетті ақпардан мақрұм қалдырса, және мұны жеке билігін күшейтудің ұтымды тәсілі деп білсе, онда қызметкерлердің танымы шектеулі (tunnel vision), түсінігі жұпыны болмақ. Керекті мағлұматпен қаруланбаған мұндай жандар қысталаңда қателік жасап, компанияға өлшеусіз зиян келтіреді.

Осы ретте Автор жоғарғы оқу орнында өткен әлдебір бастаманы үлгі-өнеге етеді. Бірнеше жыл бұрын Макгил университетінің деканы STARS (Science Talks About Research for Staff) деген жоба бастаған екен. Атаулы жоба аясында оқымысты ғалымдар факультеттегі қызметкерлерге атқарып жүрген жұмыстары туралы кеңінен әңгімелейді. Әлбетте, ғылыми терминдерді мейлінше жайдақтатып, жалпақ, қарапайым тілде жеткізеді. Автордың айтуынша, ғылыми талқыға емес, қарапайым сұқбатқа жақын манағы кездесулер кейінде үлкен өзгерістерге себесін болады. Мәселен, ғалымдардың ағымдағы жобаларына мейлінше қаныққан кітапханашы өзінің міндетіне басқа қырынан қарай бастайды. Оның жауапкершілігіндегі ескілікті лаборатория қатардағы көп лабораторияның бірі емес, адам ағзасындағы әлдебір ақауды түзеу бағдарында зерттеу жасап жатқан құтты орда боп шығады. 2011 жылғы цунамидің себеп-салдарын анықтаған басқа емес, төл факультеті екенін таныған хатшы да қызметін аса ықыласты орындауға кіріседі. Бір сөзбен қайырсақ, үлкен жобалардың қасында жүргенін пайымдай бастаған қызметкерлер тасада қалмай, азды-көпті үлес қосуға бекінеді. Ізінше, факультеттің жалпы ауаны жақсарады, адамдар арасындағы қатынас сыйластық шеңберінен өтіп, бауырластық шегіне жетеді. STARS жобасы осылайша игілікті көп іске ұйытқы болады. Даниел Левитин осы тараптағы ойын: «Алысты көздеп, биікке ұмтылған компания қызметкерлерді қажетті ақпармен сусындатып отырса игі», – деп тәмамдайды.

3.Қысқа әрі түсінікті мақсат қойып, қисынды нәтиже күту (Provide a clear and concise set of expectations and goals

Компанияны тұғырға қондыратын, жетістікке жеткізетін төрт аяғын тең басқан, мінсіз стратегия емес, сәтімен біткен күнделікті ұсақ-түйек шаруалар екені белгілі. Ұжымға қысқа әрі ұғымды мақсат қойып, қисынды нәтиже күту – үлкен мұратқа жетелейтін үшінші қағида. Атқарылмақ шағын шаруаның мақсат-мұратын жақсы түсінген қызметкерлер менеджердің орта жолдан килігіп, жөн сілтеуін керек етпейді. Әрқайсы өз міндетін жеріне жеткізе орындайды. Бәрі қолға ұстатқандай айқын болған соң, үстеме ақпар, қосалқы көмек мүлде қажетсіз.

4.Барлық сатыдағы қызметкерлердің белгілі бір тәртіппен инициатива танытуына мүмкіндік тудыру (Allow workers at all levels to exercise disciplined initiative)

Автордың айтуынша, тиянақты менеджер қол астындағы жұмысшыларға тапсырманы түу бастан түсінікті етіп жеткізеді де, әрекет шеңберін белгілеп, бостан жібереді. Жөнсіз ұрынбайды, тықақтап тексермейді, алыстан бақылайды. Ұзын арқан, кең тұсау қызметкердің тынысын кеңейтіп қана қоймай, «disciplined initiative» деп аталатын, аса бағалы құндылық жаратады. Желкесінен ежірейе қарайтын менеджердің жоқтығын түсінген қызметкер тар қысаңға тап келсе, дағдармайды, өз білігіне жүгініп, инициатива танытады, мүмкіндік шегінде шешім қабылдап отырады.

5.Ақылға сыйымды тәуекелді қабыл алу (Accept prudent risks)

Қатардағы қызметкердің сәтсіздіктің салмағын бағамдай отырып, дұрыс болған жағдайда үлкен пайдаға шығатын батыл қадамға баруын – ақылға сыйымды тәуекел деп айтады. Бұл – қолдағы жобаның ұтысты һәм ұтылысты тұстарын ұзағынан таразылауды, салмақтауды қажет етеді. Өнімділік эксперті Марвин Уейсборд: «Жұмыс орнында жеке бастың жауапкершілігі (personal responsibility) мен ынтымақтастықты (cooperation) алмастыра алатын техникалық баламалар жоқ. Сондықтан басын қатерге тіге алатын адамдар керек», – деген екен.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×