Бүгін:

ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ӨНІМДІЛІГІН ҚАЛАЙ АРТТЫРАМЫЗ

19

Даниел Левитиннің «The organized mind» атты кітабынан үзінді

Даниел Левитиннің пікірінше, қызметкерлердің бәрі дерлік өнімді еңбек етпейді. Айырма керенаулықтан, жалқаулықтан емес, көбінеки қабілеттердің, тұлғалық мүмкіндіктердің әркелкілігінен туындайды. Дейтұрғанмен, кейде кілтипан жұмыстың табиғатында жатады. Неврология мен әлеуметтік психологияның соңғы табыстары жұмыстағы өнімділікті арттыруда менеджерлердің ықпалы орасан, дейді. Рас, аталмыш зерттеулерде «айқын мақсат қойып», «салмақты пікір білдіру» (high-quality feedback) сынды айтыла-айтыла таптаурын болған ақыл-кеңестер де ішінара кездеседі. Сонда да көз тоқтатар, ірі жаңалықтар да аз емес. Негізгі түйін мынадай: Қызметкерлер бойларына шақ жүк көтерсе ғана көңілдері тоқ, уайымдары жоқ болады. Басқаша айтсақ, қызметкерлердің өнімді еңбек етуі (employee productivity) жұмыстан қанағаттанып-қанағаттанбауына (job satisfaction) тікелей қатысты. Өздеріне жүктелген міндетті үддесінен шыға атқарып жүргенін сезінген кісілер ғана артықша іждағаттылық танытып, қосымша күш жұмсамақ.

Осы реттегі сөзін қуаттау үшін Левитин аса дәйекті мысал келтіреді. Оның Винод Менон деген әріптесімен тізе қосып, мидың Area 47 деп аталатын маңдай бөлігін зерттеп жүргеніне аз-кем емес, 15 жыл болған екен. Айтуынша, көлемі шынашақтай болса да, бұл аймақта айрықша маңызды «ауыс-түйістер» орын алады. Area 47-дегі тармақтар мидың есте сақтау бөлігімен бірлесе қимылдап, келешекке қатысты тұспал жасайды, болажақ оқиғалардың сұлбасын қалыптайды. Аталмыш оқымыстылар осы тараптағы ғылыми табыстарын бизнес ортаға көшіреді. Мәселен, атқарылатын жұмыстың әуелде қалай басталып, қалай өрілетінін, түбінде қалай бітетінін толыққанды біліп отырса (әрине, Area 47-нің көмегімен), компания қызметкері түу бастан қызығушылық танытпайды, жүрдім-бардым қарайды, бәлкім, толайымен тәрк етеді. Ал бірақ, жарым-жартылай ғана білсе, онда «жол ұшығы қайда апарар екен» деп, тапсырманы орындап біткенше, мейлінше тиянақты, мүмкіндігінше ықтиятты жүреді. Сондықтан Автор айтады, қызметкердің өнімділігін арттыру үшін, оны белгілі бір шеңбердің ішіне түсіріп, соның шегінде бар қабілетін кеңінен қолдануына мүмкіндік жасау керек, деп.

Солайы солай. Бірақ Левитин тағы да бір мәселеге назар аударады. Оның пікірінше, адамдардың өнімді еңбек етуі – бақылау локусы (locus of control) деп аталатын факторға да байланысты. Бақылау локусы ішке қараған адамдар «әркім өз тағдырына өзі жауапты» деген қағидамен жүріп-тұрады. Өздерін лидер деп санамауы мүмкін, бірақ қандай да бір сырттағы күш жеке өмірлеріне әсер етеді деп ойламайды. Ал, бақылау локусы сыртқа қараған адамдар өздерін үлкен бір ойындағы қауқарсыз қуыршақпыз деп біледі. Олардың пікірінше, адамның өмірін өзі емес, ортасы, табиғат, ауа-райы немесе басқадай тылсым күштер қалыптайды. Айналадағы әрқилы әсер-ықпалдан қақас қалу мүмкін емес, көндігу керек.
Бақылау локусы ішке қараған адамдар әлденендей жетістікке жетіп жатса, төккен тері мен шеккен азабының қарымтасы деп біледі («жаннан кешіп жұмыс істедім»), тауы шағылып, сәтсіздікке ұрынса да, өздерін жазғырады («тиісінше еңбектенбедім»). Ал, бақылау локусы сыртқа қараған адамдар ұтып жатса да, ұтылып жатса да, сыртқы факторларға кеп тірейді («сәті түскеннен жеңдім» я да «жүлделі орындар ә бастан сатып алынған»). Өз күшіне өлшеусіз сенген алдыңғы топ мектеп кезінде сабақты дұрыс оқып, тынымсыз еңбектенеді. Нәтижесінде, елеулі академиялық көрсеткіштерге қол жеткізеді.

Бақылау локусы адамдардың құмар ойындарына деген көзқарасын да айқындайды. Сыртқы күштердің ықпалын аса жоғары бағалайтын екінші топтағы жандар «бағым жанады», «сәті келеді» деген қиял жетегінде жүреді де, букмекер кеңселерінің табалдырығын тоздыруға, үлкен соммада ақша тігіп, қарта ойнауға анағұрлым бейім тұрады. Сонымен қатар, пара-пұлға қажеттілік туа қалса, басқа жерден іздемей, тура құмарханаға тартатындар да бақылау локусы сыртқа қараған адамдар екен.

Ұзын сөздің қысқасы, бақылау локусы сыртқа қараған қызметкерлер өздерінің әрекеті әлдеқандай бір өзгеріске түрткі болады деп ойламайды. Сондықтан, қосалқы бонус алуға я да бастықтан мақтау сөз естігу құмарта бермейді. Тіпті, жазадан құтылып кетуге болады дегенге де сенбейді. Айқай, аттанға қарамай, саз беттеніп жүре береді. Автор айтады, айшықты карьера жасайтындардың көбі бұлар емес, бақылау локусы ішке қараған адамдар деп.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×