Бүгін:

Ғаламат идеялардың ұйығы – Бэлл лабораториясы

3

Күні кеше дүниені дабылдатқан Exxon Mobil, Chevron сынды даңғайыр құрылымдардың дабырасы көмескі тартты. Табиғи байлықты өндіретін еңселі компаниялар сырғи жылжып, бәйгені технологиялық серпіліске күш қосқан іргелі фирмаларға ұстатты. Ірікті, таңдаулы компаниялардың алғы легінде – Apple, Microsoft, Facebook сынды бизнестердің жүруі – соның айғағы.

Идея дәріпті тауар болған себепті соңғы уақытта оны тудыратын жолдар да ғылыми зерттеулердің өзегіне айналған. Біреулер оны шабытпен бірге келеді десе, басқалар күнбе күн қырналып, өңделіп, ұштала беретін машықтың сығындысы дейді. Алдыңғысы аспани күштерге, кейінгісі қажырлы еңбекке тірейді. Кремний аңғарында беделге жеткен Пол Грэм де тың ойлардың төркінін тануға айрықша құмартып жүр. Әр түрлі идеялармен қаруланған балаңқы стартаптарды саралаумен айналысатын Y Combinator акселераторы – соның айшықты көрінісі. Грэмнің айтуынша, санасы ашық, зердесі тұнық адамға бір мезетте әлденеше ой келеді. Кілтипан – көп жобаның ішінен сүбелісін таңдап, ары қарай дамытуда.

Жаңа идеяларға деген ынтызар құмарлық өткен ықылымда ғылым-білімнің құтты босағасы – Бэлл Лабораториясының да маңызын айрықша арттырып отыр. Әлемді төңкерген ғылыми жаңалықтарға ұйытқы болған Бэлл Лабораториясының болмыс-бітіміне қызығып жүрген кәсіпкерлер әсіресе көбейді. Атаулы мәселені бажайлап түсіндіретін Джон Гертнердің «Идея Зауыты» (The Idea Factory) атты кітабының бестселлерге айналуы содан. Бұл еңбекте көп жұрттың көкейін тескен «Идея қалай пайда болады?» деген сұраққа тиянақты жауап бар. Жіті оқып шыққан оқырман инновацияның желкеніне жел беретін жетекші факторлармен танысып, құрғақ идея мен нақты істің ара қатынасын біржола түсінеді. Ежіктемесек те, Гертнердің толғамдарына сүйене отырып осы мақаламызда Бэлл Лабораториясының негізгі тұрғыларын таратып өтеміз.

Ғаламат жобалардың қайнар көзі – Бэлл Лабораториясы өткен ғасырдың алғашқы үшегінде бой көтереді. Жоспарлы жоба емес, әр түрлі жағдайлар тоғысында туып, кейінде сенімді ақтаған қажетті бунақ болатын. Американың алпауыт компаниясы AT&T Нью-Йорк пен Сан Францисконы жалғайтын трансконтинентальді телефон линиясын өткізуді ойлаған екен. Алайда мұндай жобаны инженерияның жадағай тәсілдерімен жүзеге асыру қиын екені бірден аңдалады. Асқаралы проектіні қатесіз атқарып шығу үшін ғылымның бірнеше саласын ұйыстыру қажет-тін. Сөйтіп, 1925 жылы теоретиктер мен практиктер, металургтар мен салалық инженерлер бірлесе жұмыс істейтін Бэлл лабораториясы пайда болады. Мұрат – ойшыл теоретиктер мен елгезек практиктерді бір шаңырақтың астына жинап, қолдаса жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Алмағайып кезеңде іргесі көтерілген Бэлл Лабораториясы ілгеріде айрықша маңызды жаңалықтардың ашылуына себепші болады. Транзистор ойлап табылып, лазер мен ұялы телефония қарыштап дамиды. 1925-1980 жылдар аралығында Бэлл Лабораториясының технологиядағы үлес салмағы өлшеусіз артады. Лабораторияда туып, ілгеріде игілігі мол басқадай жобаларға демесін болған – телефон, транзистор, жартылай өткізгіш, радар, С программинг тілі, ұялы телефон іспетті дәріпті құралдардың қатары қалыңдай береді. Ғылыми жаңалықтардың салмағы мен Нобель сыйлығы иегерлерінің саны жөнінен Бэлл Лабораториясы дабыралы университеттердің бәрінен озғындап кетеді.

Гертнердің айтуынша, Бэлл Лабораториясы жетістігінің астарында теориялық білім мен практикалық инженерияны сәтімен ұшқастыруы жатыр. Қияли жобалар жөргекте қалмай, бірден практикаға көшкендіктен, жолшыбай жонылып, түзетіліп, шынайы қалпын тауып отырады. Басшы Мервин Келли лабораторияның жанындағы Креативті Технологиялар Институтында есіктердің айқара ашық, дәліздердің мейлінше ұзын болғанын қадағалаған екен. Бұл – зерттеушілердің инженерлермен, физиктердің химиктермен телефондасып қана қоймай, емен-жарқын сұқбаттасып, етене араласып тұруына жол ашады. Келли бетбұрысты идеяның бір адамнан келмейтіндігін ерте түсінген. Сол себепті ғалымдар арасындағы ынтымақтастық пен ықпалдастықты бекітіп, жаңғыртып отырады. Оның үстіне, Келли болашақтың сұлбасын тануға ұмсынбайды. Қарауындағы ғұламалардың пайдаға шығатын жобаларды өз беттерінше анықтап, жүзеге асыруына жағдай жасайды. Пайдалы жобаның қандай болатындығы турасында мейлінше кең түсінігі болғандықтан, ұзақ-мерзімді проектілерді де қолдап отырады. Келлидің ізбасарлары Джон Пиерс пен Билл Бейкер де тәуекелге жүгініп, келешегі күмәнді жобаларға ақша құюдан қорықпайды. Жауапкершілігі жоғары, қайтарымы белгісіз зерттеулерді ынталандырып, олар да Бэлл Лабораториясына құт-береке әкеледі.

Бүгінгінің тех компаниялары кеңседегі есіктерді ашық, дәліздерді ұзын етіп жасауды Бэлл Лабораториясынан үйренген. Себебі горизонтальді басқару құрылымы ғана әр түрлі қызметке жауапты адамдардың емін-еркін араласып тұруын қамтамасыз ететінін түйсінген. Гертнердің айтуынша, Бэлл Лабораториясының тағылымын таныған Google компаниясы қызметкерлердің 20 пайыз уақыттарын тек өздеріне қызық жобаларға арнауына рұқсат береді.

Бэлл лабораториясының басымдығын айта келе, Гертнер креативті идеялардың біркелкі емес, әркелкі ортада туатынын ескертеді. Елден ерек жобаларға үйір Стив Джобс та үйлес пікір білдірген. Ол да креативті проектілер қайшы заттардың сәтімен жымдасуы нәтижесінде пайда болады деп сенген. Көп көрген, көп естіген кісілер креативті жобалар тудыруға мейлінше бейім тұрады. Солар ғана А-ны Ә-мен ұшқастырады да, екеуін Б-ға жалғап, В-ны табады. Мұнымен шектеліп қалмайды, жолай Г-ға, Ғ-ға соғады да, кейінгілерді де көктей өтіп, төменнен бір-ақ шығады.

Зады, Гертнердің кітабы «Инновация деген не?», «Оның түр-әлпеті қандай?», «Ол қалай пайда болады?» деген сұрақтардың айналасында өрілген. Себебі атышулы лабораторияның тұтқасын ұстаған Мервин Келли инновацияға жетелейтін жетекші фактормен етене таныс болған. Сұрап келген адамға Келли: «Сәтсіздік аса қажет», – деп жауап береді екен. Теңдессіз технология инноватордың сәтсіздігіне көз жұма қарайтын ортада ғана туады. Ғалымдардың сәтсіз эксперименттерді өткізуіне мүмкіндік беретін компания ғана ғаламат жаңалықтардың ұйықты ордасына айналады.

Кейін, қолы тізгінге жеткен Джон Пиерс ең басты факторларды тиянақтауға тырысады. Сөйтіп, төртеуін табады. Инновацияның өсіп-өркендеуі үшін біріншіден, техникалық машығы бар менеджерлер керек. Бэлл Лабораториясындағы менеджерлердің бәрі дерлік зерттеуші болған. Екіншіден, ғалымдар грант іздеу, тендерге қатысу сияқты істерден алыс тұруы керек. Үшіншіден, ғалымдарға бірнеше жыл бойы қаржылық қолдау көрсетілуі қажет. Егер де компанияңыздың озық болғанын қаласаңыз, онда қарауыңыздағы зерттеушілерді ұзақ уақыт бойы қолдап отыруыңыз керек. Төртіншіден, жоба кез келген уақытта тоқтатылуы мүмкін. Ондайда зерттеушіге ешқандай кінә артылмауы керек. Зерттеуші ғалымдар қателік жасасақ, басшылықтың кәріне ұшыраймыз деп қорықпауы керек. Сонда ғана еркін қимылдап, көз көріп, құлақ естімеген керемет дүние жасайды. Бэлл Лабораториясында бір кезде 12 000 ғалым жұмыс істеген екен. Олар грантқа құжат тапсыру немесе дәріс беру тәрізді шырғалаңы мол, берері аз берекесіз істерден әманда аулақ тұрған. Есесіне, ойды еркін ұстауға, тәуекел етіп, салдары ауыр рисктерге баруға міндеттелген.

Түйіп айтсақ, Бэлл Лабораториясы әр түрлі саланың мамандарын бір ұйымның төңірегінде ұйыстыру – ғажайып жобалардың дүниеге келуіне жол ашатынын көрсетеді. Әрине, мүдде бір, тілек түйіс болуы керек. Және, бұл адамдар қысымнан ада, ықпалдан ұзақ тұрғаны дұрыс. Жаза басса да, жазаға тартылмайтынын білетін ғалымдар ғана одағай қадамдар жасауға бейім келеді. Оның үстіне, жоғарыдан түсетін жобалармен емес, өздері қызығатын проектілермен айналысатын зерттеушілер мейлінше жасампаз келеді екен. Бэлл Лабораториясының бағын асырған елеулі фактордың бірі осы.

Дей тұра, аталмыш қағидалар үлкен құрылымдарға ғана тән емес. Жеке адамның да пайдасына жарайтын құбыланама бола алады. Танымы кең, білімі терең, тәжірибесі мол жан өзінің білігімен әрекет етуді үйренсе, және ең бастысы, қателік жасаудан қорықпаса, ерте ме, кеш пе, алыс, жақынды елең еткізетін алабөтен жоба тоқиды. Немістің ойшыл қаламгері Гөте де осы бір ақиқатты ерте танып, өмір бойы ұлықтап өткен. Оның «Білу жетпейді, біздер іске асыруымыз керек.

Қалау жетпейді, біздер жасауымыз керек», деген мәшһүр сөзі – соның дәлелі (Ағылшын тіліндегі қотармасы: Knowing is not enough; we must apply. Willing is not enough; we must do).

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×