Бүгін:

ФУТБОЛ ӘЛЕМІНІҢ ФЕРГЮСОНЫ

shutterstock_115100236

Еуропа – ала доптың ұйықты мекені. Іргедегі Азия ғана емес, қиырдағы Латын Американың жұлдызды футболшылары өнімді жылдарын кәрі құрлықта өткізеді. Әлемнің атышулы ойыншыларымен қайшы топта қаржыса, бір сапта селбесе қимылдау мүмкіндігінен ғана емес, жалақының өлшеусіз артықтығынан. Өңшең мықтының басы қосылатын Еуропада еңбек етіп жүрген бапкерлер де талай сыннан өтіп, көп тәжірибе жинақтаған, ақылман адамдар. Әсіресе, анталаған сыншының орайлы-орайсыз сөздеріне мызғымай, білгені мен түйгенін қапысыз іске асыратын, өзіндік пәлсапасына ақырына дейін адал боп қалатын жырындысы.

Экономика саласында магистрлік дәрежесі бар, көп жылдар бойы Арсеналды баптап жүрген Арсен Венгерді, атағы дабыралы Жозе Мауриньоны жер жүзі түгел біледі. Олардың түр-тұлғасы ғана емес, мінез-құлқы да әлемге әйгі. Екеуі де талай жеңістің дәмін татқан талайлы бапкер. Дейтұрғанмен, Англияның дүбірлі чемпионатында Венгердің де, Мауриньоның да бағын байлап, бірқанша жыл қабатынан бәйге алған Алекс Фергюсон – ерен тұлға, орайымен келіп, сәтімен кеткен бірегей бапкер.

Манчестер Юнайтедті жиырма бес жылдан астам уақыт басқарған Фергюсонның жетістігін Еуропада ешкім қайталаған жоқ. Бұлай деп Делойт компаниясының зерттеуі тұжырады. Құрлықтың ең дәулетті он клубының 1992-93 жылдардан басталатын көрсеткішін салғастыра қарағанда, Ман Юнайтедтің шоқтығы биік, қарымы қатты болғанын аңдайсыз. Ішінде ел кубогын ең көп ұтқан Ман Юнайтед қана. Барселона мен Реал Мадрид Еуропалық кубоктарды бірқанша рет олжаласа да, арасында талай бапкер ауыстырып, әбден қиналған. Мәселен, Реалдың жаңа бапкерге көп жығылғаны сонша, таратып қарасаңыз, жыл сайын бір менеджер ауыстырған боп шығады. Қызығы, Ман Юнайтед ең соңғы кубогын 1967 жылы ұтып алса, ең іргелі неміс, италиян және испан клубтары өз жұртында көп уақыт бойы басым боп келген. Фергюсон Ман Юнайтедтің тізгінін алғанда Англиядағы ең дәріпті және ең атақты клуб Ливерпуль болатын.

Ендеше, Сэр Алекс Фергюсон Манчестер Юнайтед футбол клубының аты аңызға айналған, теңдесі жоқ жаттықтырушысы десек артық болмайды. Қызметінен біржола кетіп, демалысқа шықса да, футбол төңірегіндегі қызу тартыстан тартынып қалмайтын шотландық бапкердің жетістік сырын ақтара зерттеп, кеңінен жазған кітаптар ондап саналады. Олардың бірқаншасы өзінің қаламынан туған. Соның бірі –Алекс Фергюсон: Менің ғұмырнамам (Alex Ferguson: my autobiography) деп аталады. Автор өмірінде шешуші рөл ойнаған жайттарға арнайы тоқталады.

Тамырын Шотландиядан тартатын Фергюсон әулетінің «Қиындықтардың соңы тәтті» (Dulcius ex asperis) деген ұраны бар. Әлдебір газет «Фергюсон Гованда (Глазгоның кеме құрастырумен айналысатын өңірі) туып-өскенімен керемет жетістікке жетті» деп жазғанда дарабоз бапкер қатты шамданған. Оның пайымында, адамның шыққан ортасы әлеуметтік жағынан төмен саналғанымен, келешекте үлкен жетістікке жетуіне бөгесін емес, қайта себесін. Тұрмысы жадау отбасында туған баланың биікке ұмтылуы – үйреншікті, заңды. Адамды жетістікке жеткізетін негізгі фактор – талант емес, жанкешті еңбек. Басқаша айтсақ, ол бақ емес, бап шабады деп біледі. Мұратқа жету үшін жастар күн сайын 14 сағат тер төгуі керек. Бұл футболға ғана қатысты кеп емес. 5-6 сағат ұйықтап машықтанған Фергюсон бапкер боп жүрген жылдары таңғы 6 немесе 6.30-да оянып, сағат 7.00-де жаттығу алаңында жүретін.

Жетістіктің ауылы пәлен жерде екен, оған түген жолмен жетесің деп ешкім дәлді айта алмас. Стив Джобстың «адам не іздеп жүргенін тауып алған кезінде ғана түсінеді» деген сөзі бар. Құзар шыңға құлшынған жан қашанда сенім мен күдік арасында далбаса күй кешеді. Жеңістен жеңіске жетіп, атағы дүрілдеп тұрған мерейлі уақытта Фергюсон де «кейде өзімді түкке жарамсыз, құнсыз адам сезінемін» деп ағынан жарылған.

Қандай да кездесудің тағдыры аумалы-төкпелі келеді, алдын-ала кімнің жеңетінін біліп болмайсыз. Әсіресе, ағылшын чемпионатына болжал жүрмейді. Өткен жылы Премьер-Лигамен қош айтысуға шақ қалған Лестер сити осы мақала(№1 2016 ж.) жазылып жатқан уақытта бірінші орында тұр, ал чемпион атанған Челси алғашқы ондыққа да іліне алмай, шаң жұтып төменде жүр. Алекс Фергюсонның басшылығындағы команда да ортақолды клубтардан әредік жеңіліп отырған. Алайда, тәжірибелі бапкер ауыр жеңілістің өзін жақсылықты күндерге баспалдақ деп білген. Сәтсіз кездесуден кейін еңсе тіктеген ойыншылар бес-алты матчта қатарынан жеңген кездер көп еді. Дағдарыс кезінде сабырлы, байсалды қалыбын жоғалтпайтын әккі жаттықтырушы жеке «шайқаста» жеңілсе де, жалпы «соғыста» үстем шығуға айрықша мүдделі болыпты.

Фергюсонды жете тану үшін шотланд жұртының болмыс-бітімін азды-көпті білмек керек. Атаулы ғұмырбаянда ол тума халқының ең елеулі қасиеті деп қажымас қайраты мен мұқалмас жігерін (strong will) атап айтады. Туған жерін айрықша сүйетін көлденең шотландық бөтен елге бір-ақ мақсатпен баруы мүмкін: жетістікке жету үшін дейді автор. Елінен жыраққа кеткендер әуелде білімдерін тереңдетуге, жаңа машықтарды үйренуге күш салады. Көп ұзамай, өзгеден барынша озғындап, алға шығудың қарекетін жасайды. Ата қонысты тастап кеткеннің қарымтасы есепті. АҚШ пен Канадаға жер аударып, тамыр жіберген шотланд текті қауымның айрықша дәулетті, төңірегінен биік тұратыны содан.

Автордың сөзіне сенсек, тіршілігінде әзіл-қалжыңды түсінетін шотландықтар жұмысқа келгенде аса байсалды, мөлшерден тыс еңбекқор. Атаулы қасиеттің арқасында осы жұрттан «басқа шауып, төске өрлеген» өркеуде бизнесмен, тындырымды қызметкер көп шығыпты. Фергюсонның ойын барысында қатқыл пішінге мініп, сазара қалатын мінезін байқаған журналистер себебін сұраған екен. Сонда марғасқа бапкер: «Мен стадионда күлу үшін емес, атаулы матчты жеңу үшін жүремін», – деп жауап берген.

Ол бапкердің орнын айрықша қасиетті деп біледі. Сөзі атылған оқ, қағылған қазық болуы керек. Билігі шектеулі бапкер команданы алға жетелей алмайды. «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген. Өзін жаттықтырушыдан артық санайтын ойыншы командаға көп зиян келтіреді. Қия басқан футболшыны сабасына түсіре алмаған менеджер қызметінен кетсе игі. Сірә, ондай дүдәмал атмосферада жарытып ештеңе жасай алмайды. Абыройдан айырылған бапкердің сөзін ешкім тыңдамайды. Жозе Мауриньоның Челсидан кетуіне себеп болған басқа емес, ойыншылармен арадағы салқындық, дүрдараздық екені жасырын емес.

Фергюсонның өзі аса қатал, талабы зор бапкер еді. Оның бірінші таймнан кейінгі немесе тұтас ойыннан соңғы жерде ойыншыларды жігерлендіру үшін айтатын жалынды сөздері менеджменттегі ең соқталы инновация деп танылған. Сірә, көкірегі көк тіреген, мультимиллионер ойыншылардың мысын басып, қандай да ойын алдында тәубеге келтіретін әдет шетін саналса керек. Бірде ашуға мінгені сонша, қолға түскен аяқкиімді толғай тастап Бекхэмның маңдайына тигізген екен. Сол жылдары елдің ықыласына бөленіп жүрген Бекхэм әжептәуір бұзылған, көп ұзамай дабыралы клубтан біржола кеткен.

Фергюсонның ендігі бір артықшылығы – футболшылардың жас шамасына қарамай, мейлінше меритократ болғандығы. «Бозбалалармен чемпиондықты жеңіп алу мүмкін емес» деген сыншылардың сөзін жадағай тастап, Райан Гигз, Пол Скоулз және Дэвид Бекхэм сынды қабілетті жастарға сенім артқан. Сонымен қатар, күні еңкейген, карьерасының соңғы жылдарын өткеріп жүрген Лоран Блан, Теди Шерингем, Едвин Ван Де Сар сияқты айтулы ойыншылардың соңғы қуатын сарқа жұмсауына да мүмкіндік тудырған.

Фергюсон – мінезі әр алуан футболшыларды бір топта ойната білген әмбебап бапкер. Болмашыға шамданғыш Ерік Контана сияқты ойыншылар былапыт сөз айтқан көрерменді ұрып-соғып жатса да, командаға көп пайда әкелетіндіктен, алғы сапта ойнады. Ұқсас мінез Уейн Руниден де аңдалатын. Бірақ ол Фергюсонның таңдама тізімінен түскен емес.

Айта кету керек, атақты бапкер жеңіліп тұрса да, жеңістен үміт үзбеуге, соңғы минуттардың өзін тиімді пайдалануға ықтиятты жүретін. Қосымша уақытқа әсіресе көп мән беретін. Қандай да матчты қадарынша ұзартуға тырысатын. Фергюсонның атаулы мінезін таныған төрешілер де айрықша жомарт келеді. Көпке созылатын үстеме уақыт кейінде «Ферги Тайм» деп аталып кеткен.

Фергюсонды басқадан оздырған тағы бір қасиет – жаһандану үдерісін мейлінше ұтымды пайдаланғандығы. Оған мұра боп қалған клубта екі даниялық, төрт ирландық және он сегіз британдық бар еді. Алайда ол клубпен қош айтысқан уақытта артында ала-құла команда қалды. Ойыншылардың арасында жапондық, сербиялық, эквадорлық футболшылардың да қарасы көрінетін.

Жасыратыны жоқ, Фергюсон қатардағы қарапайым клубты басқарған жоқ. Манчестер Юнайтедтің бюджеті аса қомақты еді. Соңғы жылдары Манчестер Сити мен Челсидің бағын асырған елеулі инвестиция Фергюсонға да үлкен көмек болды. Әуелгі жылдары клубтың ең айтулы жанкүйерлері америкалық қожайын, Глейзер әулетінен, біржола құтылуға талап қылғанда Фергюсон қарсы шығып, қаржылық жағдайдың жақсаруы Юнайтедтің болашағын жарқын ететінін дәлелдеп баққан-ды. Әсілі, соңғы жиырма жылда ағылшын чемпионатына өте көп ақша құйылды. Бақсақ, 1991-2010 аралығында ойыншылардың апталық орташа жалақысы 1500 пайызға өскен. Осындай қолайлы жағдай Фергюсонның аса жырынды команда ұйыстырып, жеңістен жеңіске жетуіне себесін болды.

Дейтұрғанмен, Фергюсонның бағын асырып, Манчестер Юнайтедтің алапасын арттырған ең елеулі фактор – сабыр пен уақыт еді. Егер бірнеше мәрте сәтсіз кездесу өзкізген бапкер жанкүйерден бірден қағажу көріп, мансаптан қағылатын бүгінгі үрдіс бұрын басталғанда, онда 1989 жылдың қыраулы қысында Сэр Алекс Фергюсон жұмысынан қуылып, оның орнын, бәлкім, Лео Бинхакер басуы мүмкін еді. Солай болғанда, 1980 жылдары мерейі үстем боп тұрған Ливерпуль мен Эвертонның дәурені бітпес еді. Ел кубогын ең соңғы рет 1967 жылы көтерген Манчестер Юнайтед, бәлкім, 2017 жылға дейін, жарты ғасыр бойы чемпиондықтың не екенін білмес еді. 1989 жылдың ызғарлы айында Фергюсонның ғана емес, дабыралы клубтың тағдыры оң шешілді. Сүріне берген бапкер жанкүйердің де, клуб қожайындарының да қаһарына ұшырамады, өз орнында қалды. Ұзағынан қалды. Бүгінде бір клубты 26 ай баптайтын жаттықтырушылар әредік кездеседі, ал Фергюсон болса, Манчестер Юнайтедтің тізгінін 26 жыл бойы ұстап, өз атын алтын әріппен жазып кетті.

Фергюсон еңбек демалысына шыққанда клуб қожайындары «сабақтастық», «сабырлылық», «уақыт» турасында ұзағынан толғады, атаулы ұғымдарды «киелі», «қасиетті» деп бағалады. Өкінішке қарай, көрермен де, клуб иелері де атақты бапкердің орнына келген Дэвид Мойес пен қазірде болашағы бұлдыр Ван Гаальдың қателігі мен еркелігін көтере алмады. Адалын айтқанда, 1989 жылы Фергюсонға жасалған кеңшіліктен мақрұм қалған екі бапкер жағдай мен заманның құрбаны болды.

Салғастыру үшін айтайық, 1988-89 жылғы маусым аяқталғанда Манчестер Юнайтед турнирлік кестеде 11-ші орында тұрды. Олд Траффардта футбол тамашалайтын көрерменнің жиын саны 25 мыңға дейін түсіп кетті. Сырттай қарағанда, Мойестың да, Ван Гаальдың да нәтижелері анағұрлым тәуір. Бірақ ол кезде заман басқа еді. Жанкүйерлер бүгінгідей түтіп жемейтін, ойына келгенді жазу, аяусыз сынау атымен жоқ. Әлеуметтік желілермен қаруланған қазіргілер шыдамсыз, шамданғыш боп алды. Қателікті кешірмейді, ес жиғызбайды, әлсіз жерден тоқтаусыз төпелеп, тентіретіп жіберуге мүдделі жүреді.

Қалай десек те, Фергюсонмен бірге Ман Юнайтедтің дабыралы жылдары қоса кетті. Оның орнын басқан Дэвид Мойес қат-қабат қателікке ұрынып, мақтаулы клубтың салын суға кетірді. Ізінше, тізгінді алған Ван Галь да баяғы биікке шыға алмай, қалбалақтап қалды. Атақты клуб ұқсас жағдайға 1969 жылы жеңімпаз бапкер Сэр Мэтт Бэсби кеткеннен кейін түскен-ді. 1968 жылы Еуропа чемпионы атанған клуб 1974 жылы екінші дивизионға сырғып, бар абыройынан бір-ақ айрылған.

Хакім Абай: «Адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват», деген екен. Фергюсонның заманы бөлектеу болды. Бәсеке-жарыс мұншама жойқын емес еді, жанкүйерлер мұншама шалдуар емес еді, ағылшын чемпионаты мұншама дабыралы емес еді. Оны ұлылыққа жеткізген ұрымтал факторлар бүгінде тапшы. Оның жолын қуып, ұзағынан аялдайтындар да некен-саяқ. Ендеше, Арсен Венгер – могиканның соңғы тұяғы.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×