Бүгін:

ФРИДРИХ ЛИСТТІҢ мақтаулы ТЕОРИЯСЫ

list

Ордалы университеттер англо-саксон елдерінде шоғырланып, зерделі зерттеулер ағылшын тілінде жарияланатын себепті, Жаһан журналында шығатын мақалалардың көбі біржақты көзқараспен жазылады. Бірақ бұл – уақытша жағдай. Қарым ұзарып, мүмкіндіктер ұлғайған сайын, затымыз да атымызға сай болады деп сенеміз. Ағылшын тілді дүниелер ғана емес, журнал бетінде басқа тілдерде жазылған еңбектер мен зерттеулер де көрініс табады. Немістің ойшыл ғалымы Фридрих Лист турасындағы бүгінгі баянымыз – соның бір мысалы.

Жер-әлемнің іргелі оқу орындары ірге тепкен англо-фонды елдерде тиісінше бағаланбай келген Фридрих Листтің есімі Азия елдерінде үлкен құрметпен аталады. Неге олай? Адам Смит әулие саналып, айрықша мадақталатын қазіргі дәуірде Листтің пікірлері неліктен жадағай қалып, шетке қағылған да, дәстүрі бөлек бөтен жұртта бедел тапқан? Осы және жанас сұрақтардың ықтимал жауабын төменде беріп отырмыз.

1789 жылы Алманияның Ройтлинген қаласында туған Фридрих Лист – бүгінде Ұлттық Инновация Жүйесі (National Innovation System) деп аталатын айшықты теорияның авторы. Өзінің еңбектерінде экономикалық өрлеудің озғын әдістерін тәптіштеп, жан-жақты бажайлаған Лист бар игіліктің басы, дамудың тұтқасы – кәсіпкер қауымы екенін атап көрсетеді де, оларды – саудагерлер (Die Kaufleute, Merchant) һәм өндірушілер (Die Fabrikanten, Manufacturers) деп екі топқа жіктейді. Оның айтуында, саудагер – қалаулы затты бір жерден арзан бағаға сатып алып, басқа жерге қымбатқа өткізетін аралық делдал. Ал өндіруші – табиғат заңдары мен қоғамның қажеттіліктерін жақсы білетін, ғылыммен таныстығы бар, ақылман адам. Ол жаратылыстану ғылымдары мен математиканы түкпірлеп оқып, қажетіне жаратуға тырысса, саудагер арифметика, бухгалтерия және ақша айырбас құнын ұғынып, күнделікті кәсібінде пайдаға асыруға талпынады. Лист айтады, елдің экономикалық тұрғыдан тұрақты дамуы – өндірушілердің көптігі мен қарым-қуатына байланысты, деп. Себебі прогресс – ғылыми жаңалықтардың ашылуы, технологиялық ілгерілеу, транспорттың жақсаруы, білім объектілерінің молаюы, тәртіптің сақталуы сынды құндылықтардың жиынтық көрінісі.

Листтің пікірінше, бір елдің аграрлы өндірістен өтіп, шағын қолөнершілердің шаруашылығына жетіп, ақыр соңында индустриясы қуатты ұлтқа айналуы – өз пайдаларын ғана көздеген мың сан саудагердің жеке-дара әрекетінің түйінді нәтижесі емес. Мұндай дәрежеге жету үшін тереңнен тартылған жоспар мен тұрақты нұсқау және осы екеуін қалтқысыз қадағалайтын орталықтанған билік қажет. Адам Смиттің еркін нарық, тежеусіз сауда туралы әйгілі ойларын ту етіп ұстаған анло-саксон елдері іс жүзінде керағар саясат ұстанған, дейді ол. Мәселен, бизнесте шекара танығысы келмейтін Британ үкіметі бір кездері елдегі өндірісті қасақана ынталандырып отырған. Сол сияқты, Американ үкіметі де шет жұрттан сұғынған бәсекелес компаниялардың өрісін шектеуге күш салған.

Лист ғұмыр кешкен заманда тақау-жарыққа еркін сауда идеясын таратып, бар жағынан толықсып тұрған ел – өндірісі қарпымды Британия болатын. Бір тудың астында ұйыспаған, бытыраңқы Алмания бұл жағынан көршісімен бой таластыруға жарамайтын. Сол себепті өзге елдермен сауда-саттықты жақтаған Лист Британиямен алыс-берісте абайшылдық, сақтық қажет екенін ескертеді. Оның пікірінше, Алманияның балаңқы өндірісін жөргегінде жоғалтып алмай, алым-қайратын арттыра беру үшін шетелден ағылатын ауылшаруашылық өнімдері мен шикізатты ешбір тарифсіз кіргізіп, ал дайын өнеркәсіп өнімдерін жолатпау керек. Сонда ғана, салымды жобалар жүзеге асып, Алманияның болашағы нұрлы болмақ екен.

Протекционизм саясатының өлермен жақтаушысы болған Лист сыртқы кедергілерді көбейтіп жатқанда, ішкі бөгесіндерді тақыр таза жою қажет деп біледі. Бір шаңырақтың астына қараған алман шаһарлары өзара саудада үлкенді-кішілі салықты алып тастағанда ғана елдің өндірістік потенциалы өлшеусіз артады. Бұл ғана емес. Тақау-жырақтағы елдердің экономикалық «шапқынын» біржола тежеу үшін Лист кедендік салықтың 100 жыл бойы сақталуы қажеттігін ескертеді.
Өндірісі күшті ел еркін сауданы жақтап жатса, бұл жағынан қалық ел тарифтерге жығылып, етек-жеңін жинап алуға басымдық беруге тиіс, дейді ол. Елдегі өндірісті тарифтермен қорғау, әу баста, әжептәуір шығын әкелгенімен, келешекте орасан пайда келтірмек.

Листтің парықты ойларын дер кезінде қабылдап, кәдеге жаратқан елдердің алдыңғы қатарында Шығыстың жұлдызы – Жапония тұр. Екінші Жиһан соғысында күйреп құлаған жапон экономикасының аз уақыттың ішінде оңалып, қарқынды даму жолына түсуі содан екен. Атап айтқанда, жергілікті өнеркәсіпті қолдап, мейлінше арзан кредиттер сайлаған ел үкіметі жеке бір министрлік (MITI – Ministry of International Trade and Industry) құрып, кәсіпкерлердің мүддесі мен мемлекеттің мүддесін ұшқастыруға тырысады. Барлық импортты жіті бақылауға алған MITI шетелдік валюта қорларын да қадағалап отырады. Оның үстіне, MITI құрған Жапон Даму Банкі жеке секторға аз-шығынды капитал үлестіріп, ұзақ-мерзімді жоспар құруына жағдай жасайды. Аталмыш министрліктің арқасында экономика жанданып, балаңқы өндіріс күн озған сайын өркендей береді. Чалмерс Джонсонның «MITI and Japanese Miracle» атты атақты еңбегі бұл жағдайды егжейлі-тегжейлі сыпаттайды.

Неміс оқымыстысын тыңдап, сара жолға түскен Оңтүстік Корея да стратегиялық өндірістерді қорғап, экспорттық мүмкіндіктерін арттырып алады. Мысалы, ұлттық әлуеттің бірден-бір бунағы саналған болат өндірісі – өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап тәуелсіз өсуге рұқсат алады. Нәтижесінде, корейлік POSCO компаниясы әлемде болат өндірісі бойынша, озықтардың ішінде төртінші атанады. Жапония құсап, Корея да шет жұрттың дайын өнімдеріне жоғары тарифтер қойып, жергілікті кәсіпорындарды экспорттауға мәжбүрлейді. Қалайша дейсіз ғой?! Ел шегінде бет жыртысқан шынайы бәсекелестік тудырады да, озық шыққан мықтылардың одан әрмен дамуы үшін қаржылық көмек көрсетеді.
Капиталистік үдеріске кешеуілдеп қосылған Қытай да Листтің пікірлерін мақұл көріп, экономикалық жаңғыруда протекционизмді ұстанады. Бір ғана дәлел – қарақұрым Қытай нарығына өнім сатқысы келетін шетелдік компаниялар атаулы тауарды сыртта емес, іште өндіріп, жергілікті бір фирмамен ортақ кәсіпорын ашуға міндеттеледі. Бұл талапқа көнбегендерге Қытай нарығы жабық боп қала береді. Тағдырдың мазағына қараңыз, бір кезде бәсіре өндірісін Британиядан сақтап қалу үшін әрқилы заңды кедергілер жаратқан Алмания – бүгін дәл сондай қадамдарға барып отырған Қытайға өкпелі көрінеді.

Алманияның экономика министрі Зигмар Габриельдің Қытай үкіметі өкілдерімен өткізген соңғы бірнеше кездесуінің сәтсіз аяқталуы – соның айғағы. Шешімін таппай жатқан мәселе – сыртқы компанияларға қойылған кедергілер мен жоғары талаптардың көптігі мен ауырлығы. Алман үкіметін алаңдатып отырған тағы бір жағдай – Қытай кәсіпкерлерінің жоғары технология компанияларын топ-тобымен сатып алып жатқандығы. «Made in China 2025» жоспарымен қаруланған, өндіріс тарабында тәуелсіздікті мақсат еткен Қытай үкіметі барлық компанияларды шетелге өнім шығаруға мәжбүрлеп отыр.

Жапонияның үлгісінде өндірісін дамытып алған Малайзия тәрізді басқа елдер де «басқа шауып, төске өрлеуі» мүмкін еді. Алайда, олар жергілікті компанияларды экспорттауға мәжбүрлемегендіктен, дамыған елдердің қатарына қосыла алмады. Елде шыққан сапалы заттар эспортқа кетпеді, қара жұртта қалып қойды деген сөз. Оның үстіне, Малайзия ертең ұтысқа шығаратын ең ұрымтал өндірісті анықтауға, шетелдік импортты шектеуге жарамады. Сингапурмен қаржылық секторда тайталасамын деп жүріп, одан да маңызды өнеркәсібін, ел үшін өзекті индустриясын дамыта алмай, қалбалақтап қалды.

Өнеркәсібі дамыған Алмания мен Жапония тәрізді елдердің тәжірибесінен тағы да байқайтынымыз – банктер өндіріс жобаларын қалтқысыз қолдап отырған. Өндірушілерге емес, ақшаны тұтынушыларға төгіп, ұсақтан ұтуға тырысқан Филиппиннің көш соңында қалуы да содан.

Қорыта айтқанда, бөгесінсіз, еркін сауда (Laissez fair) – тек өндірісі дамыған алдыңғы қатарлы елдерге қажетті деп жазған Лист мұндай саясаттың өндірісі кейіндеп қалған мешеу мемлекеттер үшін тиімсіз екенін жазды. Прогресте кенжелеп қалған жұрттар протекционизмге жығылып, өздерінің өндіріс орындарын тарифтер арқылы қорғап қалмаса, ешуақытта индустриалды-экспорттаушы елге айналмайтынын ескертті. Басқаға сататын битімдей заты болмаған соң, әлбетте, тұтынушы кебін киіп, алдағы уақытта да аларманның міндетін атқармақ. Қаншалық қасиетті һәм абыройлы естілсе де, аларманның рөлі сатарманнан көп төмен екенін айтып жатудың өзі артық.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×