Бүгін:

ТҮКПІРЛЕП СЫПЫРА ОҚУ

Untitled

«Оқыған» жастардың карьерасы әр түрлі өріліп жатады. Еңбекпен келген дипломды қимай, пешенеге жазылған осы деп, бір салада жылдар бойы қызмет атқаратындар да, университеттегі оқуды қанағат тұтпай, өмірдің әр белесінде белгісізге түсіп, төтенше тірлікке жегілетіндер де, айналып келгенде, карьера жасайды. Бір қарағанда, екеуі де әдепкі тіршілік кешіп, жұрт қатарлы еңбек етіп жатқан сияқты. Әйтсе де, қалыпты даңғылдан аттап баспайтын, дипломына адал қызметкер мен оқтын-оқтын жаңаға ұмтылып, соныға тартатын шешімтал кісінің тәжірибесі мен көрген-білгені ғана емес, көп жағдайда, табысы да сәйкес келе бермейді.

Калифорния университетінің кәсіпкерлік орталығын басқаратын Энди Хэргадонның көп жұрттың CV-сінде көрініс беретін «жиырма жылдық тәжірибе», шындап келгенде, «жиырма мәрте қайталанған бір жылдық тәжірибе» дейтіні содан. Түсінік-пайымның өзгеріп, білім-біліктің қордалануына ұйытқы болатын жаңа леп пен төтенше жаңалықтар болмаса, «баяғы жартас – сол жартас» дерлік сұрқай күндер мен солғын айлар ғана менмұндалайды.

Анығы, осы уақытқа дейін бейкүнә көрінген бұл кінәратты құрығы ұзын автоматизация дәуірі кешірмейді. Бүгінгі күн кешегі күнге ұқсас болса, төбедегіні алу қайда, қолдағыны ұстап қалу қиынға соғады.

Өткен ғасырда университет тауысқан, жоғары білімді азаматтардың карьерасы салқар, тұрмысы келісті болды. New York Federal Reserve-дің есебіне сәйкес, 1982-2001 жылдар аралығында бакалавр қағазы бар қарақты қауымның жалақысы 31 пайызға дейін өскенде, орта білімді қатарластарының табысы бастапқы, жұпыны күйінде қала берген. Әйткенмен, содан кейінгі 12 жылда үлкен өзгерістер орын алып, дипломы бар жамиғаттың табысы тоқыраған да, бұрнағы артықшылығы жоққа сайған.

Сөз жоқ, университет оқу – әлі де ұтымды қадам саналады. Бірақ, дипломды адамның жалақысы дипломсыз құрдасымен салыстырғанда, әжептәуір артық болады деген тамырлы түсінік өзгеріп келеді. Pew Research Centre жүргізген соңғы зерттеу америкалықтардың 16 пайызы ғана төрт жылдық оқудың шарапатына сенетінін анықтаған. Себептер сан салалы. Әйткенмен, жиілеп кеткен қаржылық кризистер, «оқыған азаматтардың» қарақұрым көптігі, және қарпымы кең автоматтандыру үдерісі – ең жетекші факторлар қатарында.

Канадалық ғалымдар Пол Бедри, Дэвид Грин және Бенжамин Сандтың дәйекті мысалдары жоғарғы білімді керек ететін жұмыстардың азайып бара жатқанын қуаттай түседі. Олардың айтуынша, IT индустриясының шаңырағы көтерілген 1980 жылдардан бастап когнитивті қабілетті дамытатын мамандықтар қаулап өсті. Алайда заманалық технологиялар қоғамның ажырамас, құрамды бөлшегіне айналған жаңа ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап IT мамандарына деген сұраныс кәдімгідей төмендеп келеді. Сәйкесінше, мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай жатқан дипломды азаматтар орта-білімді замандастарының үйреншік мекені – зауыт-фабрикаларды торуылдауға көшті.

Ең сорақысы – күрделі машықты керек етпейтін, қоңыртөбел жұмыстар да күн озған сайын азайып барады. Бір есеп бойынша, Америкада 1996-2015 жылдар аралығында аталмыш міндеттер 25.5 пайыздан 21 пайызға төмендеп, 7 миллион адамның шетке қағылуымен тынған. Соңғы қаржылық дағдарыс та кері әсерін тигізіп, онсыз да қиын жағдайды одан әрмен ушықтырған. 2007-2015 жылдар аралығында машығы кеміс қарашы жұртқа ашылмақ жұмыс орындары 55 пайызға дейін қысқаруы сондықтан.

Білетіндер айтады, жұмыс нарығы танымастай боп өзгеріп жатқан толқымалы заманда ірі боп қалудың, тірі боп қалудың жалғыз жолы – білім-білікті шыңдай беру, деп. Бірақ бей-берекет емес, мақсатты түрде, жан-жақты. Жоғарыда сыпатталған ахуал бір жұмысты қанағат қылып, байыздап отырудың қауіпті екенін ескертеді. IT оқыған университет түлегі өмір бойы программа жазып, жан бағамын десе қателеседі. Әдебиет оқыған гуманитар да маңдайыма жазылған осы деп, бөтен салаға түспесе, кейіндеп қалады. Білім-білігіне сүйенген бүгінгінің адамы бірқанша саланы меңгеріп, орайымен ұшқастыруға тиіс.

Атақты инвестор Уоррен Баффеттің қанаттас серігі Чарли Мунгер де білімнің жан-жақты әрі терең болғаны дұрыс дегенді айтады. Оның пайымынша, бір саланы бүге-шігесіне дейін меңгеруден бұрын, дүние танымды кеңейтетін жалпы білімді (general education) алуға басымдық беру керек. Себебі ғылым тарамданып, мамандықтар жарқаланған қазіргі заманда қанша жерден зерек болса да, бір тарапта маманданған кісі кеңінен ойлануға жарамайды. Мәселенки, маркетингті ғана игеріп, бүткіл ғұмырын тауар сатуға арнаған қызметкер кез келген бизнес проблеманы өзінің тұрғысынан ғана байыптайды, яғни, қалай ышқынса да, төрт аяғын тең басқан, орнықты шешім ұсына алмайды. Ал егер ол білгір маркетолог қана емес, басқарудың қалтарыс-бұлтағына жетік менеджер, қаржы ағымына жүйрік финансист болса, компанияның басындағы қара бұлтты сейілтудің түрлі жолдарын ұсынады. Яғни, қажетті адам болады. Ал, қажетті адамдардың жалақысы мол кесімді болатыны айтпаса да түсінікті.

Көңілге медеу екі жаңалық бар. Біріншісі, технологиядағы алапат өзгерістер білім-білікті арттыратын дәріпті құралдардың пайда болуына да себепкер болды. Онлайн дәрістер платформасы (MOOC) аясында алпауыт университеттерде өтетін тағлымды лекциялар интернетке көшіп, қолжетімді жағдайға келтірілді. Дабырамен басталып, үлкен үміт күттірген, алайда бірте-бірте есептен шыға бастаған Coursera, Udacity сынды онлайн курстар соңғы уақытта жұмыс табуға көмектесетін үстеме қызметтер енгізіп, бастапқы қарқынын қайта тапқандай. Сол сияқты LinkedIn да екі жыл бұрын бизнес тренингтер жүргізетін Lynda фирмасын сатып алып, қажетті машықтарды күні бұрын анықтайтын жағдайға жетті. Amazon компаниясы да ұқсас стратегияға жығылып, «зәру машықтарды тезінен үйрететін» құралдарды меншіктеуге кірісті.

Екінші бір жаңалық, психолог ғалымдар адамның жасы ұлғайса да, «fluid intelligence» – жаңа проблемаларды шешу қабілеті және «crystallized intelligence» – жинақталған білім қоры төмендемейтінін анықтап отыр. Оларға сенсек, когнитивті қабілет кері кетсе де, білікті маман мол тәжірибесінің арқасында күрделі тапсырмаларды баяғыша орындай береді екен. Немістің ойшыл ақыны Гөтенің 79 жасында парсы тіліне қызығып, екі-үш жыл орайында меңгеріп шыққанын ескерсек, аталмыш зерттеулердің шындықтан алыс еместігін аңдайсыз.

Тоқ етерін айтсақ, ғалам ұштасқан жаңа дәуірде жұмыс нарығы тұрақсыз, тауансыз. Мызғымас ережелер мен айнымас қағидалар жоққа тән. Қасиеті де, қасіреті де осы. Қасиеті – бір жерде ұзағынан отырып, қалтқысыз қызмет қылу міндет емес. Кез келген уақытта бетбұрыс жасап, қалаулы жолға түсуге болады. Ал, қасіреті – жұмыс орны мәңгілік сақталмайды, жалақы шырғалаңсыз өспейді. Ұзақ-мерзімді жоспар құрып, бір қалыпты ғұмыр кешу мүмкін болмай қалды деген сөз. Кремний аңғарының талайлы кәсіпкері Питер Тил: «Үйрету (education) деген ұғым бәсең тартып, үйрену (learning) деген ұран алға шықты, білімді бей-берекет тықпалайтын заман өтіп, өздігімен үйренетін кезең туды», – дейді. Жалғаны жоқ, ақиқат шындық.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×