Бүгін:

Тындырымды тұлғаның жеті әдеті

3

«THE 7 HABITS OF HIGHLY EFFECTIVE PEOPLE» BY STEPHEN COVEY
Стивен Кови

Данагөй Аристотель: «Біздер – күнде қайталанатын істердің жиынтығымыз. Ендеше, шеберлік (excellence) – әрекет (act) емес, әдет» деген екен. Расында, дағдылы әрекеттер мінезімізді айқындайды, болмысымызды қалыптайды. Қалтқысыз қайталанатын қандай да іс бірте-бірте қанға сіңіп, буынға түседі, ілгеріде ұнасымды-ұнасымсыз толып жатқан жағдаятқа себесін болады.

Стивен Ковидің пайымында, әдет – білім (knowledge), машық (skill) және тілектің (desire) ортақ сығындысы, үшеуінің тоғысында жатқан дәркер дүние. Білім – нені және неліктен жасау қажетін анықтайды, машық – оны қалай іске асыру керегін көрсетеді. Ал тілек болса, ынта, ықылас, қалау сынды рухани серпін жаратады. Қандай да бір істі әдетке айналдыру үшін осы үштікті теңдей жегіп, бірдей қолдану керек.

Автор бажайлаған 7 әдет – ішінара бөліп – жаруға келмейтін, біртұтас жүйенің ажырамас бөлшектері. Бұлар тәуелділікті азайтады, тәуелсіздіктен құтқарады, адамдар арасында өзара-тәуелділік деп аталатын құндылық жаратады.
Кови мұны былайша түсіндіреді. Тәуелділік – басқаның қолдауына, жол сілтеуіне деген зәрулік. Тәуелді адамдар қалағанына қол жеткізу үшін әманда басқаларды сүйеніш, тірек етеді. Тәуелсіздік– жеке бастың артықшылығына деген өлшеусіз сенімділік, физикалық, ментальді, эмоционалды һәм қаржылық азаттық. Тәуелсіз жандар барар жерін дербес анықтайды да, басқаның көмегінсіз, дара қимылдап, өздігімен жетуге тырысады. Ал, Автор айтып отырған өзара-тәуелділік – адамның білімі мен қабілетін жекелей жұмсамай, басқаның бойындағы мүмкіндіктермен ұшқастыра, қабыстыра отырып, ортақ мақсатқа бағыттауы. Өзара-тәуелділіктің мәнін түсінген адамдар мақсат-мүдделерін, талап-тілектерін ұжымдаса, бірлесе тоқиды, қашанда екі-жақтың, үш-жақтың қайраты мен қуатын бір арнаға тоғыстыруға тырысады.

Ковидің айтуынша, кіріптарлық оншама ұнасымды сөз емес. Ойға бірден езгі, қысас, қорлық сынды сорақы ұғымдар оралады. Адам баласы табиғатында бағыныш білдіруден гөрі бостан жүруді ұнатады. Сондықтан барынша ауа жайылып, бөлек көшуге тырысады. Заманалық трендтер де жеке тұлғаның ментальді, қаржылық және басқадай тәуелсіздігін дәріптеп жүр. Автор тәуелсіздікті – толысудың, дамудың белгісі, мәуелі жемісі, деп біледі. Жеке адамның ментальді, физикалық һәм қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуі – ғаламат жетістік. Әйткенмен, мұндай тәуелсіздік – ең әспетті меже, ең мақтаулы тұғыр емес. Бұдан да зоры бар.

Әдетте, басқаның жәрдемінсіз, өз бетінше әрекет ететін тәуелсіз кісілер индивидуалды тұрғыда үлкен жетістікке жеткенімен, ілгеріде көреген басшы, елгезек қосшы (team player) болуға жарамайды. Ал, жалқы жүрген бір адамнан гөрі, ұжымы берік он адамның көп іс бітіре алатыны айтпаса да түсінікті. Бір басына жететін шалқар ақылы, телегей білімі бар адам басқамен бірлесе қимылдауға бекінсе ғана, қиын асуды еркін еңсеріп, бәлкім, тіпті, тау қопарады.
Өзара-тәуелді адамдар – қысталаңда сыр бермейтін сабырлы, өздерінің бағыт-бағдарын анықтай алатын білімді ғана емес, атаулы қасиеттерді бөтен біреудің игілігіне жұмсай алатын ықыласты келеді. Өзара-тәуелді адамдар – интеллектуалды өресі биік, білім-білігі жетік бола тұра, басқаның парықты пікірі мен мағналы мәжілісіне мұқтаж екенін жете біледі.

Автор айтатын 7 әдеттің алғашқы үшеуі адамның еркін, бұла тіршілік кешуіне көмектеседі. Тәуелділіктен құтқарып, тәуелсіздікке жетелейді. Тәуелсіздікке ұмтылған адам ғана кейінде өзара-тәуелділік парадигмасын түсініп- қабылдайды. Себебі қуаты қабындап, ақылы толысқан кісі ғана қарымын ұзартып, өрісін кеңейтуге, мүмкіндік шеңберін ұлғайтуға ұмтылады Топтық жұмыс, ынтымақтастық және байланыс сынды құндылықтардың мәні мен маңызын тәуелсіз адамдар ғана түсінеді. Бұлар – Стивен Кови түзген 4, 5 және 6-шы әдеттер. Ал, 7-шісі – жаңару, жаңғыру әдеті. Алдыңғы 6 әдетті игерген жан ендігі жерде «толдым, болдым» деп тоқмейілси бастаса, бітті, барлық жағынан кері кетіп, божырауға бет алады.

1-ші әдет. Проактивті болу/Be Proactive

Автордың үғымында, проактивтілік (proactivity) – кісі ұлының елден бұрын қимылдап, инициатива таныту қабілеті ғана емес. Проактивтілік – әрбір адамның өз өміріне жауапкер екендігін сезінуі, басына түскен қандай да халдің себебін сырттайғы шарттарға тіремей, өзі қабылдап отырған әр қилы шешімдердің жемісі, нәтижелі түйіні деп білуі.

Осы ретте, Кови адамдарды екі үлкен топқа жіктейді. Бір топты – проактивтілер (proactive), екіншіні – реактивтілер (reactive) деп атайды. Реактивті кісілер сана-сезімі, ой-пікірі, қимыл-әрекеті, жұмыс дағдысы күн райына я да айналадағы ортаның аужайына қарай өзгеріп, құбылып тұратын тұрақсыз, тауансыз келеді. Керісінше, проактивті адамдар өздері жоғары тұтқан құндылықтарды қысталаңда арзанға сатпай, ақырына дейін адалдық танытатын, істері насырға шауып, әбден күйзелсе де, қабақ шытпайтын қайсар, табанды болады. Оларды қандай да қиындықпен қорқыту, жолдан тайдыру, біржола майыру мүмкін емес. Өздеріне жүктелген міндетті тиянақты атқаратын, биік мақсат қойып, оған жету үшін барын салатын проактивті тұлғалар мүмкіндіктері мен күш-жігерін шақтап жұмсайды, қолдарынан келетін іске ғана (Circle of Influence) құлшына кіріседі. Өздерінің шама-шарқын жете танитындықтан, бойларына шақ жүкті ғана көтереді. Есесіне, уақыт озған сайын иықтағы жүктің салмағын арттырып отыруды ұмытпайды.

Ал, реактивті адамдар болса, бойдағы қуат пен білім-білікті қажетсіз істерге (Circle of Concern) сарп етеді. Көбінше, басқаның мінін іздеп, көпе-көрнеу проблемаларды орынсыз ақтарып, қауқары жетпейтін, билігі жүрмейтін мардымсыз мәселелерге мейлінше көп тоқталып, босқа шаршайды. Мұндай адамдар әманда басқаны айыптауға, өздерін қолапайсыз жағдайдың жазықсыз құрбаны етіп кейіптеуге бейім тұрады. Өстіп жойдасыз жұмысқа жегіледі де, күн озған сайын зиянды, зарарлы энергияны жинап-топтай береді. Қолдан келетін істі жадағай тастап, алыстағы түйінді тарқатуға ұмтылатын реактивті кісілер, әдетте, ешнәрсеге жете алмай, жолда қалады, пұшайман күй кешеді.

2-ші әдет. Іске кірісер де ақырғы нәтижені елестету/Begin with the End in Mind

Бұл фәни дүниеден көшкенде кейінгілер сізді қай ісіңізге қарап бағалайды?! Сізді қандай адам еді деп біледі?! Игі қасиеттеріңіздің қайсыбірі ел аузында қалады?! Кови осы тектес сұрақтарды қоя отырып, аса мәнді бір мәселені түсіндіреді.
Автордың айтуынша, тындырымды жандар өмірдің соңғы сәтін елестете отырып, өмірлік қағидаларын (принциптерін) белгілейді де, ілгеріде бар нәрсеге атаулы ұстаным- қағидалардың тұрғысынан қарайды. Басқаша айтсақ, бүгінгі тыныс-тіршілігі мен бақиға аттанар алдындағы ақырғы халінің арасында берік арқау, сабақтас жалғастық түзеді.

Сөз жоқ, қандай да адамның шаршағанда панасын, сүрінгенде сүйесін болатын құндылықтары болады. Стивен Кови мұны құндылықтар қазығы (value center) деп атайды. Оның қатарында ерлі-зайыптылар қазығы (spouse centeredness), отбасы қазығы (family centeredness), ақша-қаржы қазығы (money centeredness), жұмыс қазығы (work centeredness), дүние-мүлік пен атақ-абырой қазығы (possession centeredness), көңіл көтеру (pleasure centeredness), дос/дұшпан қазығы (friend/enemy centeredness), мешіт қазығы (church/mosque centeredness) және жекебастың қазығы (self-centeredness) бар.

Әлбетте, жоғарыдағының бәрі маңызды, берері мол құндылықтар. Автор олардың әрқайсына арнайы тоқталып, таратып түсіндіреді. Алайда, оның пікірінше, тындырымды адамдардың қазығы мүлде басқа. Олардың бойына күш құйып, қимыл-әрекетіне нәр беретін түпкі қазық – ұстаным қазығы (principle centeredness). Ұстаным – тамыры тереңде жатқан фундаменталды, классикалық ақиқаттар жиынтығы.

Автор осы тарапта аса мәнді анықтама береді. Айтуынша, ұстаным – айналадағы өзгерістерден тысқары, бағымсыз, дербес келеді. Ол қысталаңда тастап шығатын жаман досқа ұқсамайды. Ұстаным көңіл-күй, жақсы орта таңдамайды. Ол – мәңгілік, баянды. Бір күнде пайда болып, іле-шала ғайып болмайды. Отқа салсаң жанбайды, суға салсаң батпайды.
Жанының сірілігі сондай!

Белгілі ұстанымы бар проактивті адамдар айналадағы айқай, аттанға міз бақпай, мейлінше байсалды ғұмыр кешеді. Көлденең біреудің сөзі мен ісі, қуатты қоғамдық үдерістердің әсер- ықпалы олардың өмірлік қағидаларын өзгертпек емес. Жаз кетіп, күз келгенде, ізін ала қыс түскенде ағаш жапырағынан айырылғанымен, діңі орнында, тамыры тереңде қала береді ғой?! Адамның ұстанымы ағаштың діңі, тамыры іспеттес, қандай боран соқса да, мызғымай, бәз-баяғы қалпында тұра береді.

3-ші Әдет. – Маңызды істерге басымдық беру/Put First Things First

Бірінші әдет – адамның инициатива танытуы, проактивтілігі.

Екінші әдет – ой-жотамен болса да, атқарылмақ істің, жасалмақ жобаның сұлбасын сызу, ықтимал бедерін белгілеу. Қиялдың бар қуаты жегілетін атаулы интеллектуалдық толғаныстың нәтижесінде ертең іске асатын асқаралы шаруаның жөргектегі халі айқындалады.

Үшінші әдет – мидың терең қатпарында пайда болып, пісіп-жетілген жоталы жобаның сыртқа ақтарыла төгіліп, физикалық қалыпқа енуі, сомдалуы, тұлғалануы. Басқаша айтсақ, үшінші әдет – бірінші және екінші әдеттердің өмірдегі көрінісі. Әуелгі әдеттің арқасында өз күші мен талабын жұмсап үйренген, екінші әдеттің көмегімен барар жерін, түпкі мақсатын анықтап, құбылнама есепті ұстанымдар мен қағидалар жасаған адам, енді, әрекетке көшіп, осының бәрін іске асыруы керек.

Автор күнбе-күн атқарылуды тілейтін кәкір-шүкір шаруалар көз аштырмайды, дейді. Ананы бітірем, мынаны тындырам деп, адам өмірі мәнсіз тірліктің жетегінде өте береді. Тезінен тәмамдаймын деп әлдебір ұсақ іске құлшына кіріскенде, аяғыңыздың қалай оралып, қолыңыздың қалай тұсалғанын байқамай қаласыз. Бірде есіңізді жиып, артыңызға қарасаңыз, бітірген түгіңіз жоқ; зая кеткен күндер мен айлар, тіпті жылдар ғана менмұндалайды. Қураған ағашқа қанша су құйсаң да, жеміс бермейтіні сияқты, бос тірлікке жегілген босбелбеу кісінің өсуі, жетілуі, жапырағы мол бәйтерекке айналуы неғайбыл.

Кішігірім істер кішірейтеді, рухани аздырады, тұшымды тірліктен біржола алыстатып, болмашы оқиғалардың жетегіне береді. Ал, адамды мұратқа жеткізетін пайдалы істер артық қайрат, өлшеусіз жігер, проактивтілік тілейді. Сондықтан Автор айтады, берері аз берекесіз істерді қақас қалдырып, назарыңызды ертең пайдаға шығатын тірлікке аударыңыз, деп. Көлденеңнен пайда болатын тығыз шаруалардан құтылудың жолы – үшінші әдетті меңгеру, яғни, әу баста белгіленген ұстаным мен қағидаларды өмірде қалтқысыз қолдануға, көңіл соқпаса да, қажетті жұмыспен ғана шұғылдануға бекіну.
Осы арада, Стивен Кови тындырымды тұлғалар проблемаларға емес, (problem-minded), мүмкіндіктерге (opportunity-minded) көбірек мән береді, дейді. Олар әманда мүмкіндіктер жаратып, жаңа өріс іздеуге, тың соқпақ салуға мүдделі жүреді. Маңызды істерге көңіл бөліп үйренген адамдар келешекте пайда болуы мүмкін ұсақ- түйек проблемаларды жөргегінде жоқ қылады. Түу бастан пайдалы іспен айналысқандықтан, алдарынан шығатын керексіз кедергілердің тамырына балта шауып, межелі биікке тезінен көтеріледі, арманды жерге жеделінен жетеді. Босқа шаршап, құр шалдықпайды деген сөз.

4-ші әдет. – Win-Win ойлау жүйесі /Think Win-win

Айтылғандай-ақ, өзара-тәуелділік парадигмасын тәуелсіз адам ғана түсініп-қабылдайды. Ал, жеке бастың жеңісі – бүкіл қоғамның жеңісінің алғышарты, жоралғысы (private victory precedes public victory). Адамның өзіне деген құрметі (selfrespect) – 1, 2 және 3-ші әдеттерді бойға сіңірудің нәтижесінде пайда болады. Тәуелсіздік – үлкен жетістік. Интеллектуалдық, қаржылық және эмоционалды тәуелсіздік болмаса, жетістік боп көрінген қандай да дүние дарымайды, ерте ме, кеш пе қолдан сусып шығады. Сірә, тәуелсіздік – барлық жақсылықтың басы, іргетасы.

Ал енді кімде-кім (компания президенті, қаражаяу жұмысшы) «тәуелсіздікке» жеткен соң, «өзара-тәуелділікті» мақұл көріп, сол тарапқа бет бұрса, ондай адам лидер деп аталуға лайық, дейді Автор. Өзін-өзі билеп үйренген, өз бойына шақ жүкті көтеріп көрген адам ғана басқамен жұмыс істейтін халге жетеді. Ковидің пікірінше, адамдар арасындағы қатынасты екі-жаққа да пайдалы қылатын – Win-Win (ұтыс-ұтыс) ойлау жүйесі.

Win-Win– әдіс-тәсіл емес, қарым- қатынастың толымды философиясы. Анығы, winlose (ұтыс-ұтылыс), lose-win (ұтылыс-ұтыс), loselose (ұтылыс-ұтылыс), win (ұтыс), және win-win (ұтыс-ұтыс) немесе No Deal (келісімге келмеу) – өзара альтернативті парадигмалар. Автор атаулы бестіктің әр түрлі басымдығы мен маңызын атай келе, win-win-ды (ұтыс-ұтыс) айрықша бағалайтынын қадап айтады.

Win-lose – сізге жайлы, басқаға жайсыз нәтиже. Сіздің компания ұтысқа шыққанымен, қарсы тараптың есесі кетеді, сіздің компанияға деген ілтипаты азаяды. Қысқа-мерзімде орасан пайдаға кенелесіз, бірақ ұзақ-мерзімде сенімді серігіңізден айырылып, жалғыз қаласыз. Дәріпті көрінген win-lose ертең lose-lose-ға айналуы бек мүмкін.

Lose-win – қайшы топқа оң, сізге теріс нәтиже. Бизнес келісім бойынша қарсы тарап керегін алады да, үлкен ұтысқа шығады. Ал ойдағы нәтижеге қол жеткізе алмаған сіз ше? Орайсыз шарт пен келісімді жаратпай, уәде-сертке әу бастан немқұрайды қарайсыз, кейінде ықылассыз орындайсыз. Сірә, көңілде кірбең, кірне бар. Үлкен қиындықпен атқарып шыққанмен, атаулы ықпалдастықты жалғастыруды қаламайсыз. Ендеше, бұл да ұтылысқа жетелейтін кеселді жол (lose-lose).

Lose-lose – әлбетте қандай жағдайда болмасын мұндай нәтижені ешкім қаламайды.

Win – сіз қарақан басыңызды ойлап, басқаның есебін ескермейсіз. Ұтымды байланыс құруға үлкен бөгесін.
Әділін айтқанда, ұзақ мерзімде екі жақты да ұтысқа шығармайтын (win-win) қандай да қатынас адыра болады.
Автор, егерде әлдебір келісімнің win-win-мен бітпейтіні айқын аңдалса, «No Deal»-ге жығылған жөн, дейді. Яғни, екі жақты да қанағаттандыратын шешім шықпаса, онда ешқандай байлам жасалмасын, тақа тоқтатылсын. No Deal-ге сәйкес, ешқандай уәде берілмейді, болажақ келісім шартсыз, жадағай келеді. Құндылықтар мен мақсат-мүдде басқа-басқа болған соң, байыпты келісімнің жасалуы мүмкін емес.

No Deal – екі жаққа тиімді. Керек десеңіз, win-win-нің жалт беріп түрленген өзгеше кейпі. Мүдделер қайшы келгендіктен, ұзақ ырғатылмай, ортақтаса жұмыс істеуден бірден бас тарту – ертеңгі мүмкін ықтимал көптеген келеңсіздіктен құтқаратын келісті, ұтымды тәсіл. Екі тарап ренжіспей, бейбіт кеткендіктен, келешекте басқа бір жобаның аясында ұйысады. Есік жабылмады, көңіл бәз-баяғы.

5-ші әдет. – Әуелде өзгелерді түсінуге ден қою/Seek first to understand, then to be understood

Автордың айтуынша, көлденең біреумен байыпты қатынас құрып, оны баянды қылу үшін әуелі оны тыңдап үйрену керек.
Стивен Кови дұрыс байқаған. Адамдардың көбі жазу, оқу және машықтарын ұштауға айрықша мән береді де, тыңдау мәдениетін мүлде меңгермейді. Қажетсіз көреді. Сондықтан назардан тыс қалдырады. Дәп соны үйрену үшін арнайы курсқа баруды, тренингке қатысуды тіпті ойламайды. Күлкілі көрініп, сөлекет естілсе де, айту керек, қазіргі заманда тыңдай білу – семинардың нәтижесінде игерілетін дәріпті қабілет.

Сұқбаттас адам – жұбайыңыз, әріптесіңіз немесе оқыстан кездесе қалған көлденең біреу, – сіздің қалай тыңдап отырғаныңызды бірден сезеді. Көңіл қойып, риясыз тыңдасаңыз мәжілістес кісінің ішкі әлемін ғана танымайсыз, бұйымтайыңызды да орайымен жеткізесіз. Басқаның бойын құрсаған сан түрлі сезімді сезе алмаған адам өзінің пікірін ойдағыдай білдіре алмайды. Түбінде, екі тарап та екі күй кешеді, қандай да бір келісімге келуі қиындайды.

Осы арада Автор ежелгі гректердің үш сөзден тұратын тиянақты қағидасын келтіреді. Олар – ethos, pathos және logos.
Ethos – басқалардың сізге деген сенімі, тұлғалық қасиеттеріңізге деген құрметі. Pathos – сіз бен сұқбаттас адамның арасындағы ой, сезім үйлестігі. Logos – екеуара әңгімедегі қисынды желі, логикалық арқау.

Автордың айтуынша, кез келген ой немесе бизнес жоба келесі тәртіппен – ethos, pathos және logos (тұлғалық қасиет, байыпты қатынас және логика) жеткізілсе, ілтипатқа алынады, қолдау табады. Атаулы тәртіп бұзылса, болашағы зор жобаның өзі дұрыс байыпталмай, тәлкекке түседі. Мәселен, logos-ты алға шығарып, ойдағы жобаңызды мейлінше түсінікті етіп жеткізсеңіз де, пейілі түзу тыңдаушының өзі қабылдамайды, аулаққа кетуге тырысады. Оның айызын қандырып, мақұлын алу үшін әуелі өзіңіздің кім екеніңізді білдіресіз, әрине, сөзіңізбен һәм ісіңізбен, содан кейін тыңдаушының мінез- құлқына, көзқарасына қанығасыз, жарасты қатынас құрасыз, міне, осы екі сатыдан сәтімен өткеннен соңғы жерде мақтаулы жобаңызды я да ұтырлы ұсынысыңызды тілге етесіз.

Түйіп айтқанда, басқаны тыңдауға, барынша тануға тырысыңыз. Әңгімесіне құлақ тоссаңыз, көңіл ауанын аңдайсыз, көзқарасын танисыз. Бәлкім, ірілігіне, кісілігіне куә боласыз. Сөйтіп бірте-бірте бейтаныс жандарды құрмет тұтып үйренесіз, дейді Автор.

6-шы әдет. – Синергия/Synergize

Стивен Ковидің айтуынша, Ұстанымға (principle) негізделген Лидерліктің түбінде синергия жатады. Синергия – адам бойындағы күшті ұйыстырып, тың серпін жарататын, сергектік беретін катализатор. Қарапайым тілге көшірсек, синергия – бір бастан екі бас жақсы, немесе кез келген нәрсенің жарқа-бөлшегінен біртұтас халі артық деген ұғым. Синергия – креативті ынтымақты қалайтын тындырымды жандардың қалыпты әдеті. Бұл – топта жұмыс істеу (teamwork), еркін ойлану (open-mindedness) және ескілікті проблемаларды мүлде басқаша байыптауға ұмтылудың нәтижесі.

Синергия ә дегеннен пайда болмайды. Бір идея төңірегінде ұйысқан адамдардың өмірлік тәжірибелері мен білім-білігін бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа бағыттау ұзаққа созылатын үдеріс (process). Ал, бірқанша адам қандай да іске жұмыла кіріскенде жекелей алғандағы нәтижеден әлдеқайда мол табысқа жететіні айтпаса да түсінікті.

Осы ретте, Стивен Кови айтады, адамдар арасындағы айырма-ерекшеліктерді дұрыс бағамдау – синергияның пайда болуына ғана емес, түбінде ұжымды топтың жетістікке жетуіне көмектеседі. Себебі, ментальді, эмоционалды және психологиялық әркелкілік – ортақ идеяның аясында біріккен адамдардың кемшілігі емес, керісінше артықшылығы. Әрбір ұжым мүшесі өзіндегіні езбей, ортаға салса, басқаға ұқсамай, өзіндік үлесін қосуға талпынса, мұндай топтың несібесі артық болады.

Ата Қазақ «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген. Төртеу төрт түрлі болса да, уақа емес. Тізе қосып, бірлесе қимылдауға бекінсе болды, бағы көтеріледі, мерейі өседі.

7-ші әдет. – Бойдағы қабілетті ұштау/Sharpen the Saw

Жетінші әдет – физикалық, рухани, ментальді және әлеуметтік-эмоционалды мүмкіндіктерді дамыту. Адамның қолындағы ең бағалы қазына – өзі. Олай болса, қайтарымы мол, қарымтасы көп, ең ұтымды инвестиция – өзіңізге жасалған инвестиция.
Автор тындырымды адамдар дұрыс тамақтанады, уақтылы демалады һәм дене жаттығуларын ұдайы жасап тұрады, дейді.

Жаттығу. Уақыттың тапшылығын алға тартып, жаттығу жасаудан жалтармаңыз. Себебі деннің саулығы проактивтілікке де игі әсерін тигізеді. Шамалы шаруа бітірсе, шаршап қалатын адамдар шалымды бола алмайды. Елгезек іскерлік ертемен тұрып жаттығу жасауды керек етеді. Үлкен іс бітіремін деген кеудесі зор кісінің қол-аяғы қарпымды, дене-бітімі келісті болғаны дұрыс. Сонда ғана ұзақ жолға түсіп, мұратты жеріне жетпек.

Руханият. Лидер болуға бет бұрған адам қиналғанда демесін, тарылғанда панасын болатын, орталаса да, сарқылмайтын рухани байлық жинасын. Халықтың көбі ішкі емес, сыртқы келбетін келісті етуге тырысып бағады. Өкініштісі, тығырыққа тірелгенде, күйреп, құлағанда сыртқы сұлулық тіреуіш бола алмайды. Рухани жаңару – уақыт тезінен өткен құндылықтармен сусындау, халық даналығымен танысу, ескілікті өсиетке қанығу деген сөз. Стивен Кови өзін кітап оқу арқылы жаңартады.

Ментальді қабілет. Тұрақты жаңғыртуды, толықтыруды тілейтін келесі бір сала – ментальді қабілет. Бұл міндет бүгінде мектептер мен университтерге берілген. Орта және жоғарғы оқу орнын тауысқан адамдардың ментальді қабілеттері әжептәуір артық болады. Алайда, оқу орындарын тәмамдаған соң, көп жұрт кітапқа жоламайды. Аналитикалық ойлануға, креативті жобалар тудыруға себі тиетін шығармашылықпен айналыспайды. Әлбетте, татымсыз теледидар шоуларын сағаттап көретін мұндай адамдардың ментальді күші әлсіз, түсінік-пайымы жұпыны келеді.

Сонымен ментальді жаңарудың бір-ақ жолы бар. Ол – үздіксіз үйрену, тынымсыз оқу, тоқтаусыз іздену. Автордың айтуынша, проактивті адамдар өздерін дамытудың әрқилы жолдарын іздеп, табады. Әсіресе, кітап оқуға айрықша мән береді. Олар тырнақалды шығармаларды, әр түрлі өмірбаяндарды, National Geographic сияқты салмақты журналдар мен байыпты басылымдарды ежіктеп, бойлап оқиды. Сонымен қатар, оқылған кітаптарда кезіктірген ұтықты ойларды тіркеп отырады, күнделік жүргізеді, көрген-білгендерін таңбаға түсіреді.

Стивен Кови айрықша тоқталған төртінші мәселе – адамның қоғамдық-эмоциялық өмірі. Адами қарым-қатынастағы лидерлік (interpersonal leadership), эмпатикалық коммуникация және креативті ынтымақтастық (cooperation) – қоғамдық-эмоциялық әлемімізді жақсартатын игі әдеттер. Бұл тарапта көп күш жұмсау қажет емес. Жұмыстағы әріптестермен, достармен, бала-шағамен арадағы қатынасты үзбей, үнемі жақсартып, жаңғыртып отырсақ жеткілікті.

8-ші әдет. – Тындырымдылықтан Ірілікке/From Effectiveness to Greatness

Ия, таң қалмаңыз! 8-ші әдет те бар екен. Стивен Кови бұл турасында арнайы кітап та жазған. Алайда, 8-ші әдет – абстрактілі ұғым. Оның негізгі мағынасы – әркім өзінің сара жолын сызып, өмірдегі орнын табуы керек дегенге саяды. Хакім Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дегеніндей. Бұл дүниедегі міндет-парызыңызды – бойыңыздағы дарын, қызығушылық, ортаның қазіргі қажеттіліктері мен ішкі дауыс тоғысқанда айқындайсыз. Өзіңіздің жолыңызды табу және өзгелердің де өз жолдарын табуына көмектесу – қазіргі заманда ең үлкен жетістік боп саналады, дейді Автор.

Түйіп айтсақ, тындырымды адам болу үшін әуелі тәуелсіз болу керек. Бірақ тәуелсіздік – ең үлкен меже емес. Басқамен бірлесе қимылдамаған жағдайда, тәуелсіз адамдардың қарымы қысқа, мүмкіндігі шектеулі боп қала береді. Ал егер тәуелсіз кісілер ұжымдаса әрекет етуге келіссе, өзара-тәуелділік деп аталатын құндылық жаратады, ғаламат жетістіктерге жетеді. Стивен Кови түзген 7 әдеттің алғашқы үшеуі адамды тәуелсіздікке жетелесе, кейінгілер өзара-тәуелдікке баулиды. Ал 8-ші әдет – бәрінің жиынтық көрінісі. Негізгі мәні – өмірде өзінің орнын тапқан адам басқаның да бір кетікке кірпіш боп қалануына қолғабыс жасасын дегенге келеді.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×