Бүгін:

Технология алыптарының алымды екі сабағы

Жаңа ғасырдың ең үлкен жаңалығы – технология тарабында бой көтеріп, қанат жайған балаңқы стартаптардың азғана уақытта қуатты әрі байтақ компанияларға айналуы болды. «Дата» (ақпарат) деп аталатын төтенше құндылықпен қаруланып, жер-әлемнің жымдаса ұйысуына ұйытқы болған – Alphabet (Google-ды бауырға басқан үлкен шаңырақ), Amazon, Apple, Facebook және Microsoft сынды титандар өткен ықылымда мұнайдың арқасында байлыққа жетіп, дәурен сүрген – Exxon Mobil, Chevron сынды компанияларды санаттан шығарғаны әмбеге аян.

Екі ғасыр тоғысында пайда болған «датаның» маңызы артқан сайын, аталмыш титандардың күшейе түсетіні және ақиқат. Бір есеп бойынша, 2017 жылдың алғашқы тоқсанында олардың жинақты табысы – 25 миллиард долларды құраған екен. Үлкенді-кішілі басқа зерттеулер АҚШ-тағы онлайн төлемнің жарымын бақылап отырған Amazon, электронды жарнаманың түгелге жуығын қамтып отырған Google мен Facebook көлденең бөгесіндер өсіп шықпаса, алдағы жылдары да еңселене беретінін растайды.

Технологияның мүмкіндіктерін дер кезінде танып, пайдаға асырған Қытайдың – Baidu, Alibaba және Tencent – компаниялары да айналасы он жылда тежеусіз шарықтап, шырқау биікке жетті. Мәселен, электронды коммерцияда көтерілген Alibaba қазірдің өзінде транзакцияның көлемі жөнінен тетелес құрылымдар – Ebay мен Amazon-нан оқ бойы озық тұр. Өкімді қожайын Джек Маның айтуынша, Қытайдан тамыр тартқан дәріпті бизнес алдағы 20 жылда жалпағынан жайылып, 2 миллиард адамға қызмет көрсететін жағдайға жетеді. Онлайн ойындар мен әлеуметтік желілер бағдарында өсіп-өркендеген Tencent те «датаның» арқасында 275 миллиард долларға бағаланып, әлемдегі ең құнды он компанияның қатарына кірді. Оның тұтқасын ұстаған Пони Ма да барға мейірленіп отырған жоқ, ілгеріде іргелене түсуді, тіпті, жаһандық деңгейде алшаң басуды армандайды. Google-дың кетісімен еңсесі жазылып, тынысы кеңіген Baidu дәп қазір «туыстас» екеудің қарқынына ілісе алмай, аз-мұз бүгежектесе де, Кремний аңғарындағы тұрғылас компаниялардан көш ілгері.

Солайы-солай. Бірақ Батыс пен Шығыста бірдей өсіп, монополияға жақын үстем жағдайға жеткен технология алыптарының төтенше жетістігіне күдікпен қарайтындар көбейіп келеді. Бұрнада бұл құбылысты қайрылмас, заңды деп сыпаттап, ел-жұртты тыныштыққа келтіріп жүрген бүйрегі бұрыс басылымдардың өзі соңғы уақытта алабөтен қауіпті байқап, әбігерлене бастады. Олардың айтуында, бұл салаға ерте келіп, тамыр жіберген ересек компаниялар бәсекелес санатындағы жаңа стартаптардың үлкен қуатқа жетуіне ырық бермей отыр. Ұзақ жылдар бойы жиналған салақұлаш датаның (ақпаратты) негізінде өз өнімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндігі бар үлкен компаниялар бюджеттері қомақты, түсімдері көп болған себепті, жаңалығы мол жас стартаптарды қызыл шақа күйінде сатып алуды әдетке айналдырған. Бәсекелестікті тежеп отырған жойдасыз бұл жағдай алдағы заманда экономикалық қожырау мен жаппай тоқырауға жетелеуі ықтимал.

Біз төменде аталмыш екі факторды таратып, олардан қандай сабақ шығаруға болатынын байқап көреміз.

Айтылғандай, дата – мұнаймен шендес, өте құнды тауар. Мәселен, кермедегі қолданушылары коммент жазып, «Like» қойған сайын, Facebook олар туралы көп нәрсеге қанығады. Талғамы мен таңдауын, түсінігі мен пайымын, нені жақсы, нені жаман деп білетінін, нендей тақырыпқа қызығып, нендей тақырыптан жиренетінін – бәрін-бәрін ой-жотамен емес, нақты, айқын деректің негізінде қапысыз таниды. Алдағы уақытта ұшан-теңіз бұл мағлұматты жарнама тарабында толайымен іске асырады. Қай топқа қай уақытта қандай жарнаманы ұсыну қажеттігін белгілеп, тиісті түземге келтіреді. Дәп солай, әлемнің түкпір-түкпірінде отырған сан-сапалақ жұрт Google-дың қызметіне жүгінген сайын, компания өзінің мақтаулы өнімін жақсарта түсудің жолдарын байқастайды. Әлдеқандай бір мағлұматты табуға көп уақыт жұмсаған клиенттің келесі жолы мұндай шырғалаңға түспей, қалаулы информацияға тезірек жетуіне жағдай жасайды.

Facebook та, Google да қолда бармен шектеліп қалуды ойламайды. Ақпарат алудың басқа да жолдарына жығылып, қордалана түсуді көздейді. Мысал үшін, Facebook қолданушыларды «сурет қоюға», және сол суреттегі барлық адамды тегтеуге «үйретіп» қойды. Клиенттердің физикалық ерекшеліктерін айқындауға жол ашқан бұл алгоритмнің арқасында көптеген компьютерлер миллиондаған адамды түстеп танитын жағдайға жетті десек шындықтан алыс кетпейміз. Қалай дегенмен, технология саласында тамыр жіберген, сәйкесінше, аумақты дата орталықтарын (data centre) ашып үлгерген өктем компаниялар, сөз жоқ, басқадан бұрын өздерінің жағдайын күйттейді, яғни, ақпаратты басқаға сатпас бұрын, өздерінің игілігіне жаратуға тырысады.

Такси көліктерін бір кермеге байлап, орайымен басқарып отырған Uber де «датаның» көмегін керегінше пайдалануда. Білетіндер айтады, егер ол тап қазір 68 миллиард долларға бағаланып отырса, ең басты себеп – жүргізушер мен клиенттер туралы телегей датаға қол жеткізгендігі. Басқаша айтсақ, Uber-дің бағасын арттырып, құнын көтеріп тұрған негізгі тауар – бірнеше жыл орайында қордаланған, салмағы ауыр мағлұмат. Электронды машиналар шығаратын Tesla да датаға сүйеніп кемістік-кінәратты уақтылы түзеп, алгоритмдерін орайымен бейімдеуге машығуда. Мәселенки, өткен жылы жинаған барлық ақпараттың құны – 2 миллиард-шақырымдық жолды құраған екен. Ниһаятсыз көп бұл датаны шып-шырғасымен, бүтін күйінде егжей-тегжейлі саралап, қажетті сүзгіден өткізсе, Tesla-ның білікті инженерлері барлы-жоқты кетікті бүтіндейді, үлкенді-кішілі кемістікті толтырады, ақырында, өздігімен жүретін көліктерді (self-driving cars) шығаруға талап қылып жатқан Waymo мен Alphabet сынды бәсекелестерден озғындап кетеді деген сөз.

Анығы, смартфондар мен интернеттің қарымы ұзарған сайын, ақпараттың да көлемі арта түспек. Адамның қай жерде жүгіретіні, қандай телеарнаны көретіні, қандай ресторанда нендей тамаққа тапсырыс беретіні – бәрі-бәрі таңбаға түсіп, технология компанияларының базасында тіркеле бермек. Келе жатқан жылдары қолымыздағы сағаттан астымыздағы машинаға дейін барлық құралдардың интернетке жалғанып, технологиялық жаңаруды бастан өткеретінін ескерсек, жастың да, жасамыстың да күнделікті өмірі алақанға салғандай, андағайлап тұрады. Нысаналы нарықты зерттейтін (market-research firm) IDC фирмасының есебі бойынша, 2025 жылға қарай «электронды әлем» (digital universe), яғни, жаратылып, көшірілетін барлық ақпараттың қоры – 180 зетабайтқа жететін көрінеді. Бұл – 180-ге 21 нөлді қойғанда шығатын ғаламат сан. Ақпараттың құндылығы сонша, соңғы кездері General Electrics пен Siemans өздерін ақпаратпен қамтамасыз ететін тегеурінді компания ретінде таныстыруға ойысты.

Технология алыптарының дес бермей тұрған екінші себебі – елеулі күшті жолатпайтыны, пайда бола қалған жағдайда жөргегінде тұншықтырып, жоқ қылатыны. Басқаша айтсақ, Google, Amazon, Apple, Facebook және Microsoft сынды ірілер қандай да бір стартап жұртшылыққа жағып, өріс ала бастаса, мол ақша ұсынады да, бірден құрықтап алады. Бүгін балаңқы күйінде сатып алмаса, ертең бой бермей кететінін, тіпті, өздеріне шауып, құтын қашыратынын әлден біледі. 2014 жылы 60 қызметкері бар Whatsapp-ты 22 миллиард долларға сатып алған Facebook та осы тұрғыдан қимылдаған. Бәсекелесті қанаты қатаймай тұрған қызыл шақа кезінде қармап, бауырына салған.

Әрине, ғұзырлы орындар алдағы уақытта технология алыптарының өрісін қиып, тынысын тарылту үшін барын салады. Әр түрлі тәсілдерге жығылып, оларды аталмыш артықшылықтан айыруға, сөйтіп бәсекелестікті қалпына келтіруге тырысады. Алайда, шағын-шәрке стартаптардың аз уақытта далиып кетуіне ұйытқы болған екі фактор – өз тауарларын жақсарту талабы мен қарымы артық жаңа бизнесті сатып алу әдеті – кез келген салада ұтысқа шығаратын көрнекі формула екені аңдалады. Егер сіз әлдеқандай бір компанияның тізгінін ұстасаңыз, біріншіден, клиенттердің ой-пікірін біліп отыруға басымдық беріңіз. Бұл – өніміңіздің кемістігін байқап, уақтылы түзеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, төтенше идеялары бар жастарды кездестіріп қалсаңыз, бірден жұмысқа шақырып, мол кесімді жалақы тағайындаңыз. Бұл – компанияңызды қожыраудан сақтайтын, инновацияға серпін беретін ақылман қадам.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×