Бүгін:

ТАҢДАУ АРХИТЕКТОРЛАРЫ

14

Nudge: Improving Decisions About Health, Wealth, and Happiness by Richard H. Thaler, Cass R. Sunstein

Ричард Талер (Richard Thaler) – Чикаго университеті Бут бизнес мектебінің экономика және бихэйворал ғылымдарының профессоры

Касс Санстейн (Cass Sunstein) – Гарвард университетінің заң ғылымының профессоры

Авторлар атаулы кітаптың әлқиссасын Кэролин есімді қызметкердің мектептегі тәжірибесімен бастайды да, аса тағылымды түйіндер жасайды.

Кэролин – жүздеген мектеп пен мыңдаған оқушының ішіп-жеміне жауап беретін, тамақтану (nutrition) бойынша арнайы оқу тауысқан, жаңа жобаларға, тың ойларға көп жүгінетін, креативті тұлға.

Бірде жергілікті супермаркеттер желісінде кеңесші боп істеген досы Адаммен шүйіркелесіп отырып, Кэролин: «Мектептегі ас мәзірін титтей де өзгертпей, асханадағы тағамдарды басқаша орналастырса қайтеді екен?», – деп сұрайды. Балаларға таңдау еркіндігін бере отырып, денсаулыққа пайдалы, табиғи тағамдарды алдымен тартуға бола ма, жоқ па, соны байқастамақ екен. Адам қайткенде де ойлағанын іске асыратын Кэролиннің меселдесін қайтармайды, батасын беріп, қолдасуға келіседі. Көп ұзамай, жер-жердегі асхана басшыларына тағамды жаңаша орналастыру туралы пәрмен түседі. Кей мектептерде десерт алдыңғы орынға шығып, кейбірінде соңғы қатарға ығысады, ал басқаларында ретсіз, ала-құла жайғасады.

Арада біршама уақыт өтеді. Тәжірибеге қатысқан мектептер түйінді нәтижелерін Кэролинге дүркінімен жібере бастайды. Екі дос шартараптан ағылған ойқы-шойқы сандар мен қиқы-жиқы тізімдерді көргенде мейлінше қуанады. Сірә, кей тағамдарға деген қажеттіліктің 25 пайызға азайып, кейбірінің үлесі, керісінше, 25 пайызға артқаны байқалады. Әуелгі тұспал тура шығып, бар күмән сейілді деген сөз. Тағамдардың орналасу тәртібіне өзгеріс жасалса, балалардың тұтыну дағдысы түзеліп, мінезі оңғарылады екен. Кэролин мен Адамның бірігіп түзген тәжірибесі ілгеріде үлкен өзгерістерге қозғау салады. Денсаулыққа зиянды тағамдардың үлес-салмағы қысқарып, құнарлы, пайдалы асты тұтынатын оқушылардың саны көбейеді.

«Түртпе» кітабының авторлары – Ричард Талер мен Касс Санстейн – жаңаша әдіс енгізіп, ғибраты мол тұжырым жасаған Кэролинді «таңдау архитекторы» деп атайды. Таңдау архитекторы – адамдардың шешім қабылдауына ықпал ететін контекстіні, жағдайды жасайды. Жұрттың көбі өздері білмесе де, таңдау архитекторына тиесілі міндеттерді атқарады. Ауру адамға ем-дом жасап, шипалы дәрі ұсынатын дәрігерлер, балаларына білім алу жолдарын көрсетіп, жөн нұсқайтын ата-аналар – барлығы дерлік таңдау архитекторы. Тауар сатушы да – сөз жоқ, таңдау архитекторы. Дәстүрлі архитекторлар мен таңдау архитекторларының арасында көп ұқсастық бар. Ғимарат тұрғызатын алдыңғылар есіктердің, cатылардың (stairs), терезелердің және дәліздердің орналасу тәртібі кейінде адамдардың қарым-қатынасына, әдет-дағдысына тікелей әсер ететінін жақсы біледі.

Түртпе – зиянды тағамды мүлде көрсетпеу, таңдау тізіміне қоспау емес. Қайта кісі ұлының таңдау құқығын құрметтей отырып, пайдалы дүниелерге назар аударуына түрткі болатын жағдайды жасау. Басқаша айтсақ, таңдау архитекторлары түртпе арқылы адамның таңдау мүмкіндігін шектемей, бар әрекетін ізгі бағытқа бейімдейді.

Талер мен Санстейн социологияның соңғы жетістіктеріне сілтеме жасай отырып, күнделікті тіршілікте адамдардың көбі қате, шалағай шешімдер қабылдайтынын айтады. Бұл – білімның аздығынан туындайтын кесел. Дәл сол адамдар татымды ақпар, мағналы мағлұматпен сусындап отырса, түкпірлеп ойлануды үйренсе, когнитивті мүмкіндіктерін ұштайды да, ілгеріде дұрыс шешім қабылдауға бейім тұрады.

Расында, мәнсіз, мағынасыз, қажетсіз дүние болмайды. Үстірт көзге үлкенді-кішілі үдерістер бір-бірінен тәуелсіз, жеке-дара көрінгенімен, сан-салалы жолмен сабақтасып, ұштасып жатады. Бар қимылы есепке құрылған адамның өзі көбіне-көп жанама оқиғалардың жетегінде кете барады. Назарынан қақас қалуға тиіс титімдей нәрсенің ықпалына түсіп, амалдың жоғынан ағыстың ығын алады. Бірте-бірте әрекеті, пікірі өзгереді. Ақырында, «ұшарын жел, қонарын сай білетін» қаңбаққа айналып шыға келеді.

Су жаңа ұялы телефонды сатып алуға ниет қойған адамдар бірқатар таңдау жасайды, дейді Авторлар. Телефон неғұрлым тартымды, күрделі болса, соғұрлым көп ойланып, сан толғанады. Коңырау шалғанда шығатын әуен, басқадай сан-сапалақ мүмкіндіктер таразыға салынып, безбенге түседі. Қызығы, ұялы телефонды жасайтын инженерлер кейбір функцияға автоматты таңдау жасап, алдын-ала енгізіп қояды (default). Соңғы зерттеулер көрсеткендей, қолданушылардың дені автоматты таңдауларды өзгертпей, баяғыша қалдырады. Автоматты функциялардың базбірі қолапайсыз көрінсе де, көпшілік қауым өндірушінің бұрнағы таңдауынан шықпайды. Бұдан кітап авторлары екі түрлі байып шығарады. Біріншіден, инерцияның қуаты мол, ықпалы орасан, дейді. Екіншіден, аталмыш қуат пен ықпал тежеусіз емес, жүгендеуге көнеді, ноқталауға келеді, дейді.

Екі ғалым либертарианды патернализмді жақтап сөйлейді, көлеңкесінен күнгейі көп дүние деп сыпаттайды. Оларға сенсек, қарапайым адамдардың салауатты өмір, барақат тірлік кешуіне септігі тиетін шешімдерді қабылдайтын таңдау архитекторларлары мақтауға ғана лайық. Мәселен, бизнес құрылымдар, я да үкіметтік ұйымдар халықтың игілігі үшін қандай да жолмен олардың таңдауы мен талғамына әсер етіп жатса, бұл – құптарлық, келісті іс.

2005 жылы америкалықтардың ақша салымы Ұлы Депрессия жылдарынан соңғы жерде алғаш рет құлдырап, теріс деңгейді көрсетіпті. Орта есеппен алсақ, америкалықтар аз тауып, ақшаны көп жарататын, аз үнемдеп, қарызға көп бататын болған. Соңғы уақытта зейнеткерлік салымдар да едәуір азайып, көлемі кішірейген, тіпті нөлдік көрсеткішке жақындап қалған. Бұл – АҚШ-тың Әлеуметтік Қорғау Жүйесін (Social Security System) алдағы жылдары үлкен дағдарысқа түсіретін қауіпті кесел.

Осы тарапта жүргізілген ғылыми зерттеулер қызметкерлердің дені қаржылық шешімдерді қабылдауға келгенде көбінше селқостық танытанын анықтап жүр. Зейнеткерлік жүйесін тексеруге, инвестиция тарабында ойлануға уақыт шығындағысы келмейді, бірақ теннистің құрал-жабдығы мен теледидар сатып алуға келгенде айрықша іждағаттылық, ерекше сақтық танытады. Кітап Авторлары мұның себебін толтырылмақ қағаздың көптігіне тірейді. Қат-қабат қағаздарды жіті оқу, іле-шала таңбалау – ерік-жігер тілейтін, кілтипаны мол машақатты іс.

Талер мен Санстейн қызметкердің зейнеткерлік салымы мен инвестициялық мүмкіндіктерін арттыратын екі жол бар дейді. Бірі – автоматты салым жүйесі. Компания тиесілі түртпені қолданса, жұмыскердің ертеңін қамтамассыз ете алады. Қызметкер уақыт шығындамайды, салым бағдарламасына бірден қосылады. Екіншісі – Ертең Молырақ Үнемдеу бағдарламасы (Save More Tomorrow). Қызметкер жұмысқа тұрғанда бухгалтериямен арнайы келісім жасайды. Жалақысы артқан сайын, салымының көлемі де ұлғаяды. Осылайша, ілгеріде қосымша формаларды толтырмай-ақ, зейнеткерлік салымын автоматты түрде үлкейте береді.

Содан кейін екі Автор түртпені энергияны үнемдеу үшін де қолдануға болады дейді. Халыққа энергияны аз тұтыныңдар деп үгіт-насихат жүргізгенше, заманалық технологияларды қолжетімді етіп, әрбір үйге орнатпақ керек. Мәселен, доп пішіндес Ambient Orb деген құрал энергия артығымен жұмсалса, қызыл, мүлде азайып кетсе, жасыл түсті көрсетеді. АҚШ штаттарының бірінде кеңінен қолданысқа түскен аталмыш құрал – алмағайып, пик (peak) уақытта энергияның шақтап жұмсалуына көмектескен. Себебі қызыл түсті көрген тұрғындардың бірден өжданы оянады да, электр тоғын бей-берекет қолданбауға тырысады.

Бүгінде қонақүйлердегі бөлмелердің көбі пластикалық кілтпен ашылады. Жарық пен кондиционердің қосылуы да манағы кілтке байланысты. Арнаулы ұясына қонбаса, ешқандай өзгеріс болмайды, бөлме қараңғы, қапырық қалпында тұра береді. Бөлмелердің бұлайша жабдықталу себебі айтпаса да түсінікті. Қонақүй қожайындары клиенттердің жарықты өшіруге құлықсыз келетінін жақсы біледі. Сондықтан кейінде ұтылмау үшін осындай тәсілге жығылады. Талер мен Санстейн үнемдеуге септігі тиетін аталмыш жүйені жеке үйлеріне орналастырса, қарапайым адамдардың да ұтысты шығатынын айтады.

Түйіп айтсақ, түртпенің түп мақсаты – қосалқы, үстеме мағлұмат арқылы я да басқадай құралдың көмегімен адамның дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік беру.

Осы арада, түртпе арқылы кітап оқу дағдысын қалыптастыруға болатынын қадап айтқымыз келеді. Кітап оқу қаншалық маңызды іс боп көрінсе де, мектеп жасындағы жеткін тұрыпты, бұғанасы қатқан ересектің өзі құлық таныта бермейді. Білім алатын, тағылым үйренетін кезде сан түрлі дивайстардың жетегінде жүріп, уақыт жоғалтады. Бұрын теледидар кітап оқуға кедергі болса, бүгін интернет. Кейінгісінің құрығы үзын, қойны-қонышы бай. Бұғаулап алса, оңайлықпен босатпайды. Қаншалық сөлекет естілсе де, айтайық, үйіңізге интернет орнатпаңыз, балаларыңызға IPhone әпермеңіз. Есесіне, үлкен кітапхана қалыптаңыз. Том-том кітаптарды көріп өскен баланың танымы да, қызығушылығы да басқа болады. Бұл – үлкен-кішінің кітап оқуына себесін болатын қажетті түртпе. Заманалық дивайстердің пайдасынан гөрі, зияны көп екенін Стив Джобс та білген. Балаларын сәйкесінше тәрбиелеген. Жуырда Гарвард студенттерінің алдында сөз сөйлеген атышулы Стивен Спилберг те балаларына әлеуметтік желілердің зарарын ұдайы ескертетінін айтқан. Егер балаларымыздың болашағы жарқын болсын десек, айтылмыш түртпені қолданбақ керек.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×