Бүгін:

ТАЛАЙСЫЗ Yahoo-дың ТАҒЛЫМЫ

8

Талайсыз Yahoo-Дың Тағылымы

Кремний аңғарындағы ең шарықты компанияның бірі және бірегейі – Yahoo-дың шаңырағы құлап, оты өшті. Түтіні түтеусіз қалған алыптың қилы тағдырына үңіліп, аз-мұз сыр тартып көрейік.

1994 жылы Стэнфорд студенттері – Дэвид Фило мен Джерри Яң тарапынан дүниеге келген, әу баста «Jerry and David’s Guide to the World Wide Web» деп аталған әуесқой жоба кейінде Yahoo деп өзгеріп, көп жұрттың интернетпен жүздесуіне себесін болған-ды. Интернеттің мүмкіндіктері артып, құрығы ұзарған қай бір жылдары Yahoo-дың да беделі өсіп, атағы алысқа жетеді. Қолданушылардың қарасыны күрт молайып, пайда-түсім өлшеусіз көбейеді. Университет іргесінде туған жоба 2000 жылы 128 миллиард долларға бағаланатын берекелі бизнеске айналады. Келешектен үмітті компания алдағы уақытта 4 СЕО ауыстырып, одан да биік асқарға ұмтылады. Өкініштісі, бұрнағы айдынына жете алмайды, бағдарлы жолынан жаңылып, шытынай сөгіледі. Дабыралы компанияның шыпасы біткені, дәмі таусылғаны зайыр аңдалады. Көкжиектен қабындап келе жатқан қатердің қай күні басатыны ғана белгісіз-тін.

Айлап, жылдап жүрген сол қаралы күн де келіп жетті. Yahoo-дың мәйекті бизнесі шілденің 25-інде 4.8 миллирд долларға сатылды. Атышулы фирманы кіріптарлыққа түсірген телекоммуникация саласында тамыр жіберген Verizon компаниясы. Есіркегеннен емес, есебіне сәйкес келгеннен.

Смартфондардың саны артып, бағасы кеміген сайын Verizon-ның қарымы қысқарып, өрісі тарылып келеді. Қыспаққа түскен компания қолданушысы ырғын Yahoo-дың көмегімен жарнамадан көп түсім көруді жоспарлап отыр. Себебі онлайн жарнаманы сатып алатын компаниялар кермедегі аудиенцияның ауқымына айрықша назар аударады. Бұл тарапта Google мен Facebook-тың жұлдызы жоғары тұр. Атаулы алыптар Америкадағы мобильді-жарнама маркетінің жарымына жуығын иемденсе, 2.4 пайызы Yahoo-дың үлесінде.

Қайткенде де, Yahoo сынды даңғайыр компанияның аянышты кепке түсуі алыс-жақынды әр түрлі ойға жетелеуде. Себеп-салдарын іздеп жатқандар аз емес. Озық ойлы басылым The Economist үш қателігін байқады.

Біріншісі, фокустың жоқтығы, дейді. Yahoo әу бастан бәсіре бизнесін анықтауға жарамаған. Медиа саласында өседі ма, жоқ әлде, технология тарабында тамыр жібереді ма?! Күнікешеге дейін шеше алмай кеткен түйін. Сол себепті сәтті жағдайлар тоғысқанда еншілі сыбағасынан қағылып отырған. Мәселен, қойны-қонышы қордалана бастаған интернетте жоқ қараған адамды адастырмай, іздегенін тауып беретін бес аспап құрал қажет екені мағлұм болғанда Yahoo тобанаяқ шабандық танытқан. Мол ақша құйып, сондай құралды жасап шыққан дұрыс па, әлде бұл міндетті басқа бір компанияға аудара салған (outsourcing) абзал ма деп жүргенде, иен жатқан абат кеңістікте Google-дың қарасыны көрінген. Ол ол ма, әлеуметтік желілердің қылпуы аңдалып, мобильді интернеттің дәурені басталғанда Yahoo тағы да ұйықтап қалған.

Әсілі, бір-біріне ұқсамайтын 400 түрлі тауар шығарған Yahoo 2001 жылдың өзінде бей-берекет жайылып кетеді. Беліндегі сойылы ауыр болған себепті ширақ қимылдауға жарамай, көбінше дағдарып отырады. Ал, бар салмағын бір салаға салған Google ізденістің үздігіне, eBay болса, интернет коммерциясының көшбасшысына айналады.

Yahoo-ды жардан құлатқан екінші кінәрат – жойдасыз алыс-беріс (dealmaking). Әдетте, бағы басында тұрған қандай да компания аяққа қаз тұрып келе жатқан балаңқы бизнесті бауырға басады. Бұл көп жағдайда ықтимал бәсекелесті ерте бастан қатардан шығару үшін жасалады. Yahoo да өкшені басқан бірталай фирманы құрықтап үлгереді. Өкінішке қарай, сенім артқан көп жобасы сәтсіз шығып, қомақты инвестиция желге ұшады. Тағдырдың мазағы дейміз бе, керісінше, сатып алуға ниет қылған, бірақ шешуші сәтте бас тартқан бөтен жобалар кейінде мол түсімді бизнеске айналады. Мысал үшін, бір кезде Google компаниясы 1 миллиард долларға бағаланған екен. Бірақ Yahoo-дың «кемеңгер» СЕО-сы ырғалып-жырғалып болғанша, орайлы сәт өтіп кеткен. Осындай бағаға Facebook-ты да бөктеріп алуға болатын еді. Алайда, 1 миллиард долларды көпсінген басшылар нарқын азайту туралы тағы да бір ұсыныс түсіргенде Facebook қожайындары мейлінше шамданып, аулаққа кетеді. Соры қалың Yahoo YouTube-қа тіпті назар да салмаған. Орайы келіп тұрған алыс-берісті байқамағансып тасада қалдырған. Ұстыны орнықты YouTube кейінде Google-дың қанжығасында кетеді. Ендігі жерде, Yahoo eBay-ді құрсауға алады. Алайда, келіссөзде жүрген бастықтардың басы піспей, эголар қақтығысады. Өстіп интернет коммерциясы тарабында оқ бойы озық тұрған компания да қолдан сусып шығады.

Дей тұра, қателіктің ең үлкені 2008 жылы орын алған екен. Сол кезде СЕО боп тұрған Яң мырзаның компанияны 45 миллиард долларға сатып жіберетін мүмкіндігі болған. Бірақ өзінің абырой-беделін бір ойлап, басқаруға деген ындынын тағы байқап ұтымды ұсыныстан бас тартады. The Economist кейде компанияның негізін қалаушы тұлғалар өздері егіп, өздері өсірген мәуелі ағашты қимай, кежегесі кейін тартып тұрады дейді. Сөлі шыққанша, нәрі таусылғанша, қаусай құлағанша, қасарыса жабысып, орынсыз байланып қалады. «Артық күш жанға қас» дегендей, мөлшерден тыс махабат та жақсылыққа апармайды. Yahoo-дың талайсыз тағдыры соны әйгілеп отыр. Кезі келіп, кезеңі жеткенде қолдан шыққан дәркер дүниені басқаға тапсырудан да тайынбау керек. Әрине, төлеуі мен бодауына келіскеннен соңғы жерде.

Биіктен үміті бар әрбір компания Yahoo-дың келеңсіз кешуін ескергені, ақырын жүріп, анық басқаны дұрыс. Мұратқа көбіне-көп алшаңдап емес, сақ жылжыған жетеді. Барлық шыңды бағындыру шарт емес, біреуіне көтерілудің өзі – елеулі жетістік. Осы ретте Брюс Лидің өнегелі өсиеті ойға оралады. Атақты кәсіпқой: «Мен соққы жасаудың он мың тәсілін меңгерген адамнан емес, бір тәсілді он мың рет қайталаған адамнан қаймығамын», – деген екен.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×