Бүгін:

ТАЙМ МЕНЕДЖМЕНТтің мағнасы

2

Уақытты тиімді пайдалану тарабында жазылған, жазылып жатқан әдебиет қисапсыз көп. Әйткенмен, байыпты байламның, тұшымды тоқтамның жоқ екені аңдалады. Бестселлер санатындағы кітаптар анаған сілтейді, мынаған нұсқайды, көбіне көп жарытымды ештеңе айта алмай, қойыртпақ кесте, күлдібадам тәртіп ұсынып, құтылған болады. Санының молдығын сапасының кемдігінен деп біліңіз.

Рас, әу баста жұпыны нұсқаулықтың өзі елесті арманға жетелейтін құтты құбыланама есепті ұшырайды. Айтқанын бұлжытпай орындасаңыз, қалаулы тұғырыңызға күмәнсіз қондыратындай көрінеді. Өкінішке қарай, арада ай өтіп, жыл озбай, барлық жоспарыңыз адыра болады. Күні кеше құдіретті көрінген тайм менеджмент кітабы шаң басып сөреде, құм басып далада қалады. Әйтсе де, үміт үзілмейді, жіптікке ілініп тұрады. Амалды-амалсыз үйреншік дүкенге қайта барасыз. Уақытыңызды үнемдеуге септігі тиетін тағы бір бестселлерді сатып аласыз. Сенім зор, көңіл хош. Қолыңыздағы кітап Америкада мадаққа ілініп, мықтылардың бағасын алған. Өшкеніңіз жанып, өлгеніңіз тірілгендей болады. Әрине, олай емес екенін ішіңіз сезеді, бірақ «үмітсіз шайтан» деген. Кезекті нұсқаулықтың іші-сыртын ақтарыстап, түйінді тұстарын іждағатпен оқып, шынайы өмірге көшіре бастайсыз. Тегершік айналды, өмірге мән келді деген сөз. Алайда көп ұзамай, баяғы жартастың сол жартас екенін, дәріпті кітаптың ескілікті сүрлеуге қайта салғанын қапысыз түсінесіз.

Жоғарыдағы кепке көп адам түседі. Әсіресе, салқар карьера жасасам дейтін жайдақ қызметкер мен берекелі бизнес құрсам дейтін жырынды кәсіпкер. Екпіні зор, шабысы қатты жиырма бірінші ықылымда уақытын жоспарлай алмайтын жанның ырысы кем, өрісі шектеулі болатыны баршаға аян.

Атаулы тақырып маңызды болған себепті біздер де бір мақала арнауды жөн көрдік. Бестселлер кітаптар құсап толайым шешім ұсынбаймыз, мықтылардың кәдесіне жараған қағидаларды ғана тізбектейміз. Көкейге қонымдысы ұшыраса, жүзеге асырып көріңіз, бәлкім, тіршілігіңізді тәртіпке келтіріп, несібеңізді арттырар. Кім біледі?!

Айта кету керек, тайм менеджмент бағдарламалары көбінше микро-менеджментті насихаттайды. Әрбір күнді минуттарға бөлшектеп, қаза жібермеуге шақырады. Сырттай қарағанда, қисынды ғана емес, мейлінше ұтымды ұшырайды. Талай шаруаның басын қайыруға мүмкіндік беретін берекелі кесте дерсіз. Алайда, микро-менеджменттің ғұмыры шолақ, пайдасы шектеулі. Себебі барлық нәрсеге үлгеремін деген адам маңызды мәселелерді тиісінше тексермейді. Ананы бітіремін, мынаны тәмамдаймын деп, сан-сапалақ жұмыстың астында булығып, былығып, ақыр соңында аталмыш кестені тәрік етуге мәжбүр болады. Енді қайтпек керек?!

Анығы – барлық адамның қажетін өтей алатын бес аспап тайм менеджмент формуласы жоқ. Біреудің шабысын арттыратын жұмыс кестесі, басқаның жүрісін тежеуі мүмкін. Ойлаптапқыш адам мен тәртіпсүйгіш менеджердің жұмыс істеу жоралары басқа-басқа келетіні содан (бұл туралы журналымыздың төртінші санында шет жағалап айттық). Алдыңғы топтағы қызметкерлер күндерін сағатқа, минутқа бөліп жатпайды. Әлдеқандай бір жобаға кіріссе, өздерін толайымен арнайды. Көлденең біреудің орта жолдан киліккенін жаратпайды, жиылыстар мен басқосуларды ұнатпайды. Керісінше, өкімді менеджерлер жұмыс күнін жарқа-бөлшектерге бөліп, әрбір минуттың зая кетпеуін қадағалайды. Көріс, қабыл мезгілдерін әу бастан бекітіп, қиыс кетпеуге тырысады. Екеуінің міндеті бөлек болған себепті тіршілік кебі де үйлеспейді.

Жасаушы мен менеджердің жұмыс кестесі әр түрлі болғанымен, өнімділік (productivity) – екеуіне де ортақ мәселе. Питер Друкердің айтуынша, тайм менеджментті жасап жатқанда келешек қадамдарды алдын ала есептемеу керек. Менеджер тындырымды, жасаушы креативті боламын десе, әуелі, еншілі уақытының қалай жұмсалып келгенін тексерсін. «Қай іске қанша минут кетіп отырды?», «Олар қаншалық пайдалы еді?» деген сұрақтар қойсын. Егер толымды уәжі болмаса, маңызы төмен шаруаның бәрін ысырып тастап, қиынды-жиынды минуттарды мәйекті істерге арнасын. Және осындай тексерісті мейлінше жиі жасасын. Мәселен, Друкердің пікірінше, жиналыстың мәні зор болған себепті 15 минут аздық етеді. Күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен қамтылмайды, тереңінен тексерілмейді, үстірт айтылып, қарадүрсін талқыланады. Ат үсті өткен жиналыс ертең келеңсіз жайттарға жетелеуі әбден мүмкін. Сол себепті оны приоритетті шаруаның қатарына қосып, уақытты молынан бөлу керек. Түйіп айтқанда, Друкер сызған тайм менеджмент мынадай үш сатыдан тұрады: Бірінші, уақыттың жұмсалуын бақылап отыру, екінші, қажетсіз істерден (time-wasters) тезінен құтылу және соңғысы, бос қалған минуттар мен сағаттарды маңызды саналатын жұмыстарға бағыштау.

Друкердің сөзін дұрысқа шығарып жүрген тындырымды кәсіпкерлердің қатарында – Илон Маск бар. Екі бірдей компанияны (SpaceX, Tesla Motors) басқаратын ол приоритетті мәселелермен ғана айналысуды үйренген. Асығып, аптықпай, бірқалыпты жылжитыны, сенбі-жексенбі күндерін бала-шағасымен өткізетіні содан. Қызығы, Илон Маск тайм менеджмент туралы арнаулы кітап оқымаған. Атаулы салада жылдар бойы қордаланған ресурстан мүлдем бейхабар. Оның пайымында, тайм-менеджмент деген – міндетті жұмысты абыроймен атқару және өнімділікті арттыра беру. Басқаша айтсақ, алуан түрлі істерді үддесінен шыға орындаудан гөрі, аса маңызды бір-екі шаруаға көңіл бөліп, оларды мейлінше тез, мүмкіндігінше сапалы бітіруге тырысу. Масктің тағы бір тәсілі – отыра қап эмейл жазу. Жиналыстардан мойны босаса болды, әр түрлі тапсырмаларды электронды қалыпқа түсіріп, алыс, жақын жұртқа жөппелдеме жөнелте бастайды. Үлкенді-кішілі қызметкерлерді ұзын арқан, кең тұсауда ұстаудың ұтымды жолы дерсіз.

Facebook қожайыны Марк Цукерберг те уақытты үнемдеудің өзіндік жолын тапқан. Мәселен, үйде де, түзде де, жазда да, қыста да бір киіммен (сұр тишерт) жүретін әдеті бар. Бұл тарапта тіпті ойланғысы да келмейді деген сөз. Таңдап, талғап жатса, алтын минуттары зая кетпек. Киімде ғана емес, басқа мәселелерде де мейлінше қарапайым болуға тырысады. Айтуынша, сөйтсе ғана, ең маңызды істермен шұғылдануға мүмкіндігі болмақ.

Көпшілік таралымды кітаптары мен лекцияларында татусыз тірліктен алыс болуға шақыратын Уоррен Баффет те іргелі жобалар мен іребдел проблемалар төңірегінде ғана бас қатырады. Уақыт жейтін ұсақ-түйектің бәрін басқаға тапсырады. Virgin Galactic компаниясының егесі Ричард Брэнсоннан да үйлес мінезді байқауға болады. Көп уақытын әлемет жобалардың сұлбасын сызуға жұмсайтын ол әкімшілік істерді топ менеджментке жүктейді (delegation).

Білдей бизнесмендерге ақыл айтып, беделге жеткен Роберт Грин уақыттың екі түрі болатынын ескертеді. Біріншісі, құрғақ қиялмен, бос сандалмамен өткен «өлі» уақыт. Екіншісі, үйренуге, өсуге кеткен «тірі» уақыт. Гриннің пікірінше, адамның ырқынан тыс қалып, бей-берекет түгесілген барлық уақыт өлі санатында. Игерілмеген, меңгерілмеген, ғұзырдан шығып кеткен күндер бар болса да, жоқ есепті. «Сол себепті қадір-қасиетін танып, абыройлы жолда қолданбақ керек», – дейді ол.

Грин дұрыс айтады, бірақ, уақыт деген капиталдың нарықтағы құны әр түрлі келетіні және ақиқат. Бір елде айрықша жоғары бағаланса, басқа жұртта қаперге де алынбайды. Корей экономисті Ха Джун Чангтың айтуынша, алдыңғы қатарлы, дамыған елдерде уақыт – үлкен құндылық саналады. Халықтың дені бейсауат жүрісті ұнатпайды, келісімді жерге кешігіп келгенді жаратпайды. Керісінше, өркениеттің есігінен ғана сығалаған, мешеу дамыған мемлекеттерде уақыт айтарлықтай бағаланбайды. Мағнасыз қыдырыс пен кенеусіз отырыс көп кездеседі. Буынға түсіп, қанған сіңген жаман ғадет. Корей оқымыстысы бұдан құтылудың жолдары бар екенін атап өтеді. Сүйекке біржола басылған, мәңгілік таңба емес. Өзгереді, тек қана азды-көпті талап керек.

Түйіп айтсақ, корпоративтік әлемде атаққа шыққан дырау тұлғалар ұсақ істерден бойын аулақ ұстауға тырысады. Ертең ұтысқа шығаратын кәсіпке иәки жобаға ғана бой салып кіріседі. Джеймс Клиэр: «Адам уақыттың тапшылығынан емес, жүйелі ойлау жүйесінің жоқтығынан мақсатына жете алмайды», – деген.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×