Бүгін:

Табандылық – жетістіктің кілті

New-photo-of-Angela-in-color-799x1024

«Grit: The Power of Passion and Perseverance» by Angela Lee Duckworth

«Жетістік – табандылықта». Бұл – өткен жылы New York Times-дың мақтауына ілінген «Grit: The Power of Passion and Perseverance» кітабының негізгі тұжырымы. Авторы – Анжела Ли Дакуорт.

Кітаптың алғашқы беттерінде талант пен жетістіктің ара қатынасы былайша түсіндіріледі:

Талант*талап=машық (talent*effort=skill)

Машық*талап=жетістік (skill*effort=achievement)

Осыдан-ақ «талапты» ұлықтап отырған Анжеланың «талантты» жоққа шығармайтынын аңдайсыз. Жетістікке жету үшін, табандылық қана емес, талант та керек екен. Алайда, арнасын таппаған теңіз суы ұзын аққан өзенге айналып, төңіректі жарылқауға жарамайтыны сияқты, тағдыр сыйы – талант та орнымен игеріліп, орайымен қолданылмаса, әлдеқандай бір нәтижеге жеткізбейді, жырмыштала түгесіліп, босқа рәсуа болады. Автордың айтуынша, құры талантты егеп, екшеп, дәріпті машыққа айналдыратын қайрақ – талап екен. Бірақ машық (skill) – жетістік емес, жетістікке бастайтын құрал ғана. Атаулы құралды қырнап, өңдеп іске жарамды жағдайға келтіретін тетік – тағы да талап екен. Анжеланың табандылыққа мұншама маңыз беріп жатқаны содан. Талап – бар игіліктің басы, бар жетістіктің тұтқасы екен. Анжела: «Потенциял бар да, оны қолдану бар», – дейді. (Our potential is one thing. What we do with it is quite another)

Айта кету керек, Автор сыртқы факторлардың (ұлағатты ұстаз, данагөй бапкер) әсер-ықпалын кемітпейді. Өмірдің бір қалтарысында шешуші рөл атқаруы мүмкін екенін мойындайды. Әйтсе де, әңгіме жетістік психологиясына қатысты болса, талаптан (effort) артық демесін, табандылықтан өткен сүйесін жоқ. Бұл деген – бес жасыңызда пианиноның құлағында ойнамасаңыз да, алдағы уақытта бұл бағдарда талап қылсаңыз, белгілі бір дәрежеде меңгеріп шығасыз деген сөз. Ал егер тырысып көрмесеңіз, кінәрат – сізде, сіздің кежір психологияда.

Анжела жүргізген зерделі зерттеулер мектеп жасындағы балалардың үлгерімін белгілейтін бірден-бір көрсеткіш – grit scale, яғни, табандылық деңгейі екенін анықтаған. «Grit Scale»-і жоғары балалар тест сынағында «Мен оп-оңай бас тартпаймын» (I don’t give up easily) және «Мен асқар биікке көтерілу үшін барлық кедергілерді еңсердім» (I have overcome setbacks to conquer an important challenge) сияқты жауаптарды таңдайтын көрінеді. Мектеп қабырғасындағы әр түрлі сайыстарда оза шауып, жүлделі орындар алатындардың дені дәті берік, осындай жеткіндер екен. Мәселен, West Point кадет корпусында «grit scale» бойынша жоғары ұпай жинаған жастар Beast Baracks аталатын жеті-күндік жаттығулардан сүрінбей өтеді екен. Анжела Beast Baracks-ты денсаулығы мықты, SAT (біздің ҰБТ) ұпайы толымды өспірімдер емес, табандылық тестінде (grit scale) үздік шыққан талапкерлердің еңсеретінін шегелеп айтады.

Оқу мен жұмыстан тысқары, күнделікті өмірде де талап шешуші рөл атқарады. Анжеланың айтуынша, денсаулықты нығайту үшін үйлеріне спорт жабдықтарын сатып алатын жұрттың 40 пайызы, көп ұзамай, райынан қайтып, күйбең тіршілік соңына қайта түседі. Басқаша айтсақ, еңкейіп, шалқайып күн құрғатпай жаттығу жасауды ниет еткен он адамның төртеуі талаптың аздығынан ұзақ уақыт жалғастыра алмай, толайымен тәрік етуге мәжбүр болады. Ал шындап келгенде, қандай да бір спорт түрінде нәтижеге жету үшін бір-ақ жолға жығылу керек, ол – күнделікті шынығып отыру. «Тасты жаратын тамшының ауырлығы емес, үздіксіз ағып тұратындығы» деген сөздің мәні осында.

Анжеланың тағы бір байқағаны – талаптың тұқымын егетін, уақтылы суғарып тұратын басқа емес, ата-ана екен. Ақылман кеңестер айтып емес, іс жүзінде көрсетіп. Осы ретте Автор «imitation», «emulation», яғни, «ұқсау», «еліктеу» деген терминдерді қолданады. Алған бетінен қайтпайтын ата-ананың балалары ержеткенде сондай «болмаса да, ұқсап бағады». Қайрат пен табандылықтың қадірі мен салмағын қаршадай кезінен танып білгендіктен, арманды тұғырға әке-шешесі құсап, еңбекпен көтерілуге тырысады.

Анжела мақтап отырған ата-ана – балаларының психологиялық тұрғыдан дұрыс жетілуін қадағалайтын жоғары сауатты, білімдар кісілер емес, алға қойған мақсаттарына жетіп үйренген жігерлі де табанды адамдар. Осындай ата-ана ғана кейінгіге өнегелі үлгі тастайды. Басқаша айтсақ, ұрпағының рухы биік, көңілі бекем болғанын қалайтын үлкендер өмірдің әр белесінде үлкенді-кішілі мақсат қойып, соларға жету жолында жаннан кешуді үйренуі керек.

Ата-ананың тәрбиесіне жалғас ортаның, қоғамның «тәрбиесі» бар. Адам баласы амалды-амалсыз айналадағы халықпен қоян-қолтық араласып тұрады. Сөйтіп жүріп, әрине, жарамды-жарамсыз әр түрлі мінезді жұқтырып алады. Автордың айтуынша, «талап» деген құндылықты ұлықтайтын мәдениет – озғын мәдениет. Меритократты мұндай ортада қалыптасқан адам «басқа шауып, төске өрлейді». Керісінше, еңбекті бағаламайтын, «артық қайратты жанға қас» деп білетін мәдениет – кертартпа мәдениет. Кежегені кейін тартатын мұндай ортада өскен адам исалмас, бозөкпе боп өседі. Өзін де өзгені де жарылқай алмайды. Автордың айтуынша, келешектен үміті бар жас талап өзінің еңбек жолын озғын мәдениет қалыптастырған қабырғалы компанияда бастағаны дұрыс (If you want to be grittier, find a gritty culture and join it).

Айтылғандай, кітап Авторы қабілет пен потенциал сияқты туа бітетін құндылықтардың салмағын кемітпейді. Алайда, оларға артығымен маңыз беру жаңсақ дейді. Талант деген ұғымды мөлшерден тыс дәріптейтін бүгінгі ғылым ғаламат жетістіктерге ұйытқы болған табандылықты тиісінше насихаттамайды деп қамығады. Жарайды, талапты ескермесін, бірақ биікке жеткізетін – кішіпейілділік (humility), әлеуметтік интеллект (social intelligence), мейірбандық (kindness), т.т. – қасиеттер де назардан тыс қалады. Құдды, талант – барлық қақпаны ашатын аспани құдірет те, басқаның бәрі кәдеге жарамайтын, әшекей үшін берілген артық жүк қана.

Рас, Анжеланың табысы – ғылыми жаңалық емес. Табандылық категориясының қатпарлы табиғатын зерттеп, ел-жұртқа жарлап жүрген оқымыстылар біршама. Мәселен, «conscientiousness» ұғымының ұңғыл-шұңғылын сыпаттап, дәйекті мақалалар жазған Брент Робертс назарды пышыратпай, бір нәрсеге аударудың игілікті нәтижелерге жеткізетінін түсіндіріп келеді. «Passion» (ынтызарлық) деген терминнің бүге-шігесін тегжейлеп, оны «harmonious» (байсал) һәм obsessive (тежеусіз) деп екі топқа жіктеген Роберт Валлеранд алдыңғысына баса назар аудару керек дейді. Креативтілік төңірегінде тағлым таратып, абырой тапқан Джозеф Рензули, Пол Торранс сынды зерделі зерттеушілер де «тапсырмаға адалдық» (task commitment) пен қайсарлық (persistence) категорияларының баға жетпес артықшылығына тоқталады.

Дей тұра, Анжеланың ұтысы – талапты өшіріп алмаудың тәсілдерін ежіктей алғандығында.
Талаптың төрт элементі:

1. Қызығушылық (Interest): Кісі ұлы өзіне қызықты жұмыспен айналысқанда ғана делебесі көтеріліп, ынтызарлығы артады. Бірақ қызығушылық өздігімен ояна бермейді, сәт-сәт түртпектеуді керек етеді. Өзінің сүйікті ісін тапқан адам өмірінің бір белесінде жалығып кетпес үшін қызығушылығын жаңартып, жаңғыртып тұрғаны дұрыс.

2. Жүзеге асыру мүмкіндігі (The capacity to practice): Міндетті жұмысты уақыт өткен сайын жақсырақ орындауға тырысу – талапты өшіріп алмаудың бірден-бір әдісі.

3. Себеп (Purpose):
Ынтызарлықты арттыратын тағы бір жағдай – атқарылып жатқан істің айрықша мәнді екеніне сенім.

4. Үміт (Hope): Бүгінгі іс пен ертеңгі нәтиженің арасындағы көрінбейтін арқауды «үміт» деп атайды.

Демек, өршіл талапты өшіріп алмау үшін 4 нәрсе қажет. Біріншіден, қызығатын істі таңдап алу, екіншіден, сол істі уақыт өткен сайын жақсырақ орындауға тырысу, үшіншіден, аталмыш істің мән-маңызы орасан екенін білу, төртіншіден, күнделікті бейнеттің зейнеті болатынына илану

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×