Бүгін:

Отбасы бизнесінің бір кілтипаны

Бірнеше ғасырлық тарихы бар отбасы бизнестері көптеп саналады. Мәселен, Жапониядағы Hoshi Ryokan шайханасы 718 жылдан бері бір әулеттің басқаруында болса, тақау уақытта ғана (2006) банкротқа ұшырап, қатардан шыққан Kongo Gumi құрылыс компаниясы 578 жылы ірге көтеріп, он төрт ғасыр бойы дәуірлеп тұрды. Вино шығару ісін 1385 жылы жолға қойған Antinori үйелмені мен 1526 жылдан бері тапанша шығаратын Berettas-тар да бәсіре бизнестерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.

Көненің көзі есепті бұл фирмалар кейінгі капиталистік үдерістен де айрықша ұтыпты. Банк саласында тамыр жіберген Baring пен Rothschild, көлік индустриясында қанат жайған Ford пен Benz әулеттері – соның көрнекі мысалы.

Өткен ықылымда қаулап өскен қоғамдық компаниялар (public companies) отбасы бизнестерінің өрісін қиғанымен, тынысын тарылта алмады. New York Times бен Wall Street Journal журналистикада өрлесе, Ford пен Fiat көлік индустриясында өркендеді, Samsung пен LG смартфон тарабында үздік атанса, Walmart пен Aldi азық-түлік саласында салуалы биікке жетті. Бір есеп бойынша, үйелмен-негізді бизнестер жер-әлемдегі үлкенді-кішілі компаниялардың аз-кем емес, тура 90 пайызын құрайды екен.

Әрине, бір әулеттің пәрменімен құрылып, сол әулеттің мүшесі тарапынан басқарылып жатқан династиялық фирмалар айтылғандай қарақұрым емес. Бірақ Boston Consultancy Group түзген критериге сәйкес, егерде әлдеқандай бір әулет компанияның қомақты акциясын иеленіп, CEO-ны тағайындайтын құдіретке жетсе, онда аталмыш компания талассыз «отбасылық» боп саналады. Жылына 1 миллиард доллардан астам кіріс көретін мұндай бизнестер АҚШ-тағы компаниялардың 33 пайызын, ал Франция мен Алманияда 40 пайызын құрайды екен. Оның үстіне, Fortune Global 500 тізіміндегі ең айдынды құрылымдардың 19 пайызы отбасыларға тиесілі көрінеді. Бұл көрсеткіш он жыл бұрын 4 пайызға төмен болатын. 2008 жылдан бері басқа компаниялардың жылдық сатылымы 6.2 пайызға өссе, жеке отбасылар туғызған еңселі бизнестер 7 пайызға артқан. McKinsey болжамы тура шықса, аталмыш тренд жақын арада толастамақ емес.

Мұның бірден-бір себебі – қатарға тезінен қосылып, көз ілеспес қарқынмен алға ұмтылған дамушы экономикалар. 2005 жылдан бері Бразилия, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Тайвань сияқты елдерде қанаттанған үйелмен-негізді компаниялар Fortune Global 500 тізімінде де көбейіп келеді. Егер 2025 жылы ғаламдық нарықта жылдық табысы кем дегенде 1 миллиард долларды құрайтын компанияның ұзын саны 15 мыңға жетсе, оның 37 пайызы дамушы елдердегі отбасылардың жарлығында болмақ.

Ордалы компаниялар ғана емес, орташарқы бизнестердің де бірталайы үйелмен меншігінде. Консультация саласында бедел тапқан Simon-Kucher&Partners-дің зерттеуіне сенсек, Алманиядағы Миттелстандтардың үштен екі бөлігі отбасыларға тиесілі екен. Олардың қатарында – есік саудасында дес бермейтін Dorma және өндіріс миксерлерін шығаратын Ekato бар. Осы тектес фирмалардың қорамы Италияда да біршама. Көлікте (Ferrari), модада (Versace) және шоколад өндірісінде (Ferrero Rocher) бәсекелес шақ келтірмейтін шарықты құрылымдардың дені әлі күнге дейін аталы әулеттердің ғұзырында.

Ескілік есептен шығып, дәстүр-салт салмағын жоғалта бастаған жаңа ықылымда отбасы бизнестерінің берекелене түсуінің толымды екі себебі бар. Біріншіден, құбыла-бағдары айқын, бюджеті қомақты үйелмен-негізді компаниялар кез-келген бизнес жобаны ұзағынан таразылайды, яғни, бір рет кеспес бұрын жеті рет өлшейді. Ал, қоғамдық компаниялар инвесторлардың қысқа-мерзімді талаптарын орындауға еңкейгіш келетіндіктен, ұзақтан күтпей, ұсақтан ұтуға тырысады. Әрине, алысқа емес, жақынға сілтейтіндіктен, елеулі өткелектер ескерусіз қалады. Екіншіден, Нью-Йорк университеті Штерн Бизнес мектебінің соңғы зерттеуі көрсеткендей, отбасы билігіндегі компаниялар қол астындағы қызметкерлерді артықша бағалайды. 114 отбасылық және 1200 басқа компанияларды шендестіре зерттеген Mckinsey да үйелмен-негізді бизнестер корпоративтік мәдениет, қызметкерлерді ынталандыру және лидерлік қасиеттері жөнінен озғын екенін әйгіледі.

Әйткенмен, отбасы бизнесінің бір осал тұсы бар. Ол – мұрагерлік шырғалаңы. Лайықты ізбасар тауып, билік тізгінін сәтімен тапсыру қатардағы кез-келген компания үшін өтпелі кезең саналса, үйелмен меншігіндегі бизнес үшін безбеннің басы дірілдейтін, алмағайып уақыт. Болашақ басшының лидерлік қабілеті ғана емес, биологиялық жақындығы да ескерілетін себепті, таңдау мүмкіндігі қашанда шектеулі болмақ, сонымен қатар, бұл шешім үйішілік талқыда қабылданатын себепті, эмоцияға жол беріліп, бақай есептер салқын парасаттың алдына шықпақ.

Сондықтан шығар, мұрагер-СЕО-ны тегі бір туыстың ішінен ғана іздейтін қаншыл компаниялардың көпшілігі үшінші ұрпаққа жетпей қожырайтыны. Family Business Institute-тың есебі бойынша, отбасы бизнестерінің 30 пайызы екінші, 12 пайызы үшінші ұрпаққа жетеді екен. Ал төртінші, бесінші ұрпаққа аман-есен өтетіні небәрі 3 пайыз ғана. Басқаша айтқанда, 100 компания балаларға мұра боп қалса, оның отызы немереге, он екісі шөбереге, тек үшеуі ғана неменеге өтпек. Мұрагерлік мәселесі орайымен шешілмесе, арада бір ғасыр озғанда бүгінгі байлықтан жұқана да қалмайды деген сөз.

Аталмыш мәселе Парсы шығанағы елдерінде әсіресе өзекті. Өйткені, мұнай өндірісінің сыртында өнім шығаратын фирмалардың 80 пайызы отбасылар иелегінде. Осы уақытқа дейін Араб әмірліктеріндегі жұмысқа жарамды жалпақ жұрттың 90 пайызы мемлекеттік қызметте жүрген. Бірақ ел үкіметі бюджетке қараған қара нор қауымның қарасынын шектейтінін ескертті. Егер айтылғандай бюджеттік мекемелердегі міндеттер қысқартылса, тұрақты жалақыдан қағылған жастар әкелерінің компанияларынан еселі сыбаға алып қалудың жолына түседі.

«Әкелерінің» деуіміздің себебі Араб әмірліктеріндегі компаниялардың дені 1970-80 жылдары бой көтерген, балаңқы құрылымдар. Құрушылардың көбі егде тартқанымен, әлі де ат үстінде. Мұнай өнімдері мен жылжымайтын мүлік тарабындағы өрлеуден ұтысты шығып, байлыққа жеткен ақсақал бизнесмендер алдағы уақытта қолдағы тізгінді қарасақал балаларына – екінші ұрпаққа табыстауға тиіс. Бір триллион долларға бағаланатын мүліктің болашағы шешілетін аумалы-төкпелі заман келе жатыр деп біліңіз.

Жоғарыда айтылған қиындықтарға қосымша араб елдерінде дәстүрден тамыр тартатын тағы бір кеселді түйін бар. Ол – үлкен ұлдың артықша құқығы. Қабілеті кемшін, пайымы келте болса да, тұңғыш баланың жолы даңғыл, талайы өзгеше келеді. Білетіндер айтады, бизнеске қыры жоқ, жетесіз мұрагердің кесірінен сорлап жатқан компаниялар қазірдің өзінде аз емес, деп. Кеңінен етек алған полигамия да қосымша кедергілер жаратуда. Family Business Network мекемесінің есебінше, мұрагерлік мәселесінен туындайтын кикілжіңдер отбасы бизнестерінің жарымын шылпара ыдыратып, берекесін кетіреді.

Дәстүрі берік араб елдері ғана емес, сәтімен шешілмеген мұрагерлік мәселесінен капитализмнің салқынын ерте сезінген басқа жұрттар да зардап шегуде. Осы жылдың басында Италияның ең байырқалы кәсіпкері – 81 жастағы Леонардо Дель Веккио өзі құрып, өзі көтерген Luxottica атты компаниясын француздың Essilor фирмасымен бір шаңырақтың астына келтіретінін мәлімдеді. Себеп біреу-ақ – тізгінді тапсыруға болатын мұрагер-СЕО-ның жоқтығы. Бірнеше мәрте отау көтерген Леонардоның, әрине, жілігі түзу ұлдары бар, бірақ әке жолын жалғастыра алатын бір дегдар жоқ боп шықты. Үндістанның 149 жылдық тарихы бар, ең іргелі корпорациясы Tata Group та үйелмен-отбасыдан шыққан мұрагердің жоғынан булығып, былығып, бірнеше мәрте дағдарысқа түсті. Тата сойының ең соңғы өкілі – 79 жастағы Ратан Тата бел баласы болмағандықтан, тізгінді кімге берерін білмей, абдырап отыр. Осыдан бес жыл бұрын (2012) басшылық қызметке компанияның 18 пайызын иеленіп отырған Кир Мистриді (Cyrus Mistry) әкелген Ратан оның ғұзырын өткен жылдың (2016) октябрь айында қайтарып, жарты жылдық үзілістен соң, аталмыш орынға Натаражан Чандрасекаранды бекітті.

Қазақтың ескі нақылында Бала Атадан «өте туады – жете туады – кері кете туады» деген сөз бар. Бизнеске келгенде «өте туатындар» мен «жете туатындардың» аз екені аңдалады. Ордалы компаниялардың көбі үшінші буынға жетпей қожырайтыны содан.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×