Бүгін:

НӘТИЖЕ ШЫҒАРУ ҮШІН

photo-2-1024x768

«The One Thing» by Gary Keller with Jay Papasan

Гери Келлердің бестселлерге айналған «The One Thing» атты кітабы өнімді еңбек етудің тағы да бір жолын ұсынады. Оның айтуынша, күнделікті өмірде маңызды саналатын көптеген мәселелер, шын мәнісінде, мәнсіз, пәруайсыз дүниелер. Бәріне теңдей назар аударып, жеріне жеткізе орындау – абырой әпермейді, шақтаулы қуатты бей-берекет тауысып, дүдәмалға сүйрейді. Көзеген мұратқа жету үшін бір нәрсемен – уақыт озған сайын тұлғалана түсетін, берекелене түсетін салиқалы жұмыспен айналыспақ керек. Асқар биікке көтерілуді ниет еткен талапкер бағдардан жаңылып, теріс бағытқа маңып кетпес үшін даңғыл жолға емес, кенересі тар соқпаққа түскені дұрыс.

Кіріспе тарауда домино әсері басқа тұрғыдан түсіндіріледі. Қаз-қатар тігінен тізілген доминоларды құлатудың оңай екені белгілі. Басындағы біреуін түртіп қалсаңыз болды, басқасы ретті кезегімен бірінен соң бірі «жер құшады». Алайда шын өмірде доминолар қатар-қатар тізбектеліп тұрмайды. Ала-құла орналасады. Біріншіні, яғни, маңызды, приоритетті мәселені анықтау – ең қиыны. Автордың айтуынша, жетістіктің дәмін татқан дырау тұлғалар бұл ақиқатты жақсы біледі. Сол себепті доминоларды күн сайын жаңа түземге келтіреді. Шешуші күші бар доминоны алдыңғы сапқа шығарады да, ол біржола құлап, басқаларды өзімен бірге әкеткенше, тоқтаусыз төмпештей береді.

Бұл ұстанымды Парето Қағидасы да дұрысқа шығарады. Оған сәйкес, аз күш жұмсап-ақ, көп нәрсеге жетуге болады. Тек көзін таппақ ләзім. Көп жағдайда таңдай қақтыратын ғаламат табысқа алапат еңбек емес, орнымен атқарылған шағын жұмыстар жетелейді.

Безымянный

Автор айтады, өнімнің 80 пайызын жұмыстың 20 пайызы беретін болса, сіз сол жиырманы тағы да жиырмаға жіктеп, жарқа-бөлшектерді және жиырмаға бөліп, содан қалғанын ғана жасаңыз, деп. Әрине, әуелде маңызды істердің тізімі мейлінше ауқымды болсын. Ең айдынды жобадан ең жұпыны тірлікке дейін түк қалдырмай таңбалаңыз. Көңілде тұрған айшықты мақсаттарыңыз, қалауларыңыз, армандарыңыз түп-тұқиянымен қағазға түскен соң, оларға мұқият көз тастап, өмірлік мәні бар санаулысын анықтап алыңыз. Бірақ бұларды қанағат қылмаңыз, ең маңыздысын белгілеп болғанша, азайта беріңіз, азайта беріңіз. Ақыр түбінде, таңдау біреуіне ғана түседі. Соншама іріктеуден қалған осы, жалғыз – сіздің ең басты нысанаңыз. Бар ғұмырыңызды соның жолына бағыштаңыз.

Автордың сөзіне сенсек, даңғайыр компаниялардың көбі бір тауардың арқасында ғана атаққа шығып, салтанатқа жеткен. Мәселен, KFC-дің бағын көтерген Полковник Сандерс ойлап тапқан сиқырлы рецепт болса, Coors компаниясының табысын 1947-1967 жылдар аралығында 1500 пайызға өсірген сыраның бір ғана түрі еді. Сол сияқты Intel компаниясының да негізгі бизнесі – микрочиптер. Басқа жобалары бар, бірақ мұншама түсімді емес.

Уақыт барда неліктен көп жұмыс бітірмеске деп ойлауыңыз мүмкін. Орынды пікір. Жүйелі жоспар болса, бір күнде талай шаруаның басын қайыруға болады, әйтсе де, бұл – артықша қайрат, мөлшерден тыс қуат керек етеді. Бүгін үддесінен шыға орындасаңыз да, ертең дәп сондай іждағатпен атқаруыңыз неғайбыл. Жұмыстың шегі болмайтынын, ал уақыт дегеннің қайткенде де кесімді екенін ұмытпағаңыз жөн, дейді Автор.

Автордың «The one thing» концептісі шешуші жобаны, жетекші мамандықты ғана емес, ұрымтал сәтте кездесіп, қолғабыс көрсеткен «бір адамды» да меңзейді. Автордың айтуынша, университеттің тәмамдағаннан кейін дизайнер ретінде жұмысқа орналаса алмай, әбден қиналған Уолт Диснейге орайлы студио тауып берген туған ағасы Рой болатын. Ал, Сэм Уолтонның жолын ашқан адам – оның өгей әкесі Л.С. Робсон. Ол 20 000 доллар қарыз беріп, талапты жастың алғашқы бизнесін құруға ғана септеспейді, кейін Wal-Mart супермаркеттер желісінің бірінші дүкені ашылғанда тағы да сондай сомма көмек жалғайды. Дәп солай, Алберт Эйнштейіннің қалыптасуында үлкен рөл атқарған адам – Макс Талмуд болды. Алты жыл бойы әр апта сайын Алберттің үйінде түстеніп отырған Макс он жасар баланы математикадағы, философиядағы тырнақалды еңбектермен таныстырады. Гери Келлер осы тараптағы сөзін «бәйгеден көтермесе ат келмейді» деген мағнада түйіндейді. Айтпағы – тарихта бедерлі із қалдырған тұлғалардың ешқайсы асқаралы биікке өздігімен көтерілмеген, «бір адамның» демесіні арқылы шыққан.

Геридің тағы бір байқағаны – жетістіктің дәмін тату үшін тәртіппен жүріп-тұрудың қажеті жоқ. Керісінше, тәртіп-рәсім (дисциплина) неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы. Мұратқа барлық істі дұрыс жасаған талапты адам емес, дұрыс нәрсені жасаған ақылман адам жетеді. Себебі қайрат та, ақыл да қолданылған сайын, түгесіле беретін есептеулі ресурс. Ауырды көтеріп, діңкесі құрыған атлет біршама уақыт тынықпаса, бұлшық еттері қалпына келмейтіні сияқты, мыйдың талшықтарын дамылсыз қосқан адам да аулаққа кетіп тыныс таппаса, өндіріп еңбек ете алмайды.

Атаулы тұжырымды бекіту үшін Автор атақты жүзуші Майкл Фелпстің жаттығу тәсілін мысал етіп алады. Майкл қаршадайынан елгезек болған екен. Мектеп кезінде бір орында тапжылмай отыру дегенді білмейтін, үнемі қозғалақ қағып, ұшып-қонып жүретін. Оған 11 жасынан бері бапкерлік жасаған Боб Баумен де Майклдың суға түспей, бассейнді бейсауат төңіректеп жүретінін, назары ұдайы шашыраңқы болатынын растаған. Бұл мінез ер жеткен шақта да өзгермеген.

Әйткенмен, дисциплинасы жұтаң бала 2004 жылғы Афины олимпиадасында 6 алтын, 2 күміс жүлдені еншілесе, төрт жылдан кейін Пекинде 8 алтынға қол жіткізеді. Жалғас олимпиадаларда да қанжығасын майлап отырады. Тумысы өзгеше баласы туралы сөз еткенде туған анасы: «Оның жетістігінің сыры – фокуста», – екенін айтады. Боб Баумен де: «Фокус – Майклдың ең шешуші қасиеті», – дейді. Кішкентей кезінде фокус дегенді білмеген, әрнеге бір қызығып жүрген бала бұл дәрежеге қайтіп жетті? Автордың айтуынша, Майкл 14 жасынан бастап, Пекин Олимпиадасына дейін аптасына 7 күн, жылына 365 күн үздіксіз жаттығып отырған. Бәсекелестерінің бәрі жексенбіні демалысқа арнайтынын ескерсек, америкалықты оздырған жексенбілердің жиынтығы – 52 күн екенін түсінеміз. Өмірін бір нәрсеге арнаған Майкл сол саланың биігіне шығу үшін бір-ақ әдет қалыптастырған – күнделікті жүзіп отырған.

Әлбетте, бар тіршілігін бір нәрсемен байланыстыруға бел байлаған адам қалыпты өмір ағысынан шығандап кетеді. Автор мұндай жағдайды дәріпті ғана емес, қажетті санайды. A balanced life, яғни, таразы басын тең ұстаған, келісті тұрмыс бір салада нәтиже шығарамын деген адамға жараспайды. Бұл – ұсақ-түйектің бәрін жадағай тастап, бір тарапта ғана ойлану керек деген сөз емес. Ең өнімді сағаттар мен күндерді ертең пайдаға шығатын салиқалы іске арнап, қалдық уақытты қалған жұмыстарды тәмамдауға жұмсау қажет деген сөз. Кейінгілерді жеріне жеткізе орындау да міндет емес, ілдалдаға жараса болды.

Автор айтып отырған тақырыптың түбінде – «фокус» жатыр. Кітаптың бір тарауы осы сөзге арналады. Геридің айтуынша, төтенше тіршілік кешкісі келетін жұмыр басты ерте ме, кеш пе, төтенше әдістерді қолдануға тиіс екенін пайымдайды. Фокус жасау, яғни, назарды бір нәрсеге аудару – сондай төтенше тәсілдердің бірі. Қағидалар мен ережелер тоқтаусыз өзгеріп жатқан бүгінгі құбылмалы заманда бір салаға толайымен берілу – шиыртпақты барлық сұрақтың жауабын табуға септеседі. Сол үшін фокус жасауды әдетке айналдыру керек. Ғұмыр шеруінің ұзына бойында қалтқысыз қайталанатын ең көрнекі әдетке.

Өнімді еңбек пен мол түсімді бизнес – егіз ұғым. Қызметкерлері өнімді еңбек етпейтін компанияның әлдеқандай бір пайда көруі екіталай. Әрлі-берлі шапқылап, тау қопарып жатқандай көрінсе де, негізгі міндетін анықтай алмаған, оны бой салып атқара алмаған қызметкер бизнестің ілгері емес, кейін кетуіне себепкер болады. Автор айтады, өнімді еңбектің бір-ақ кілті бар деп, ол – тайқымас фокус.

Безымянный

Тоқ етерін айтсақ, Өмірлік, ең басты мақсатын түсінген адам, ендігі жерде соған жеткізетін бір әдетті қалыптастыруға тиіс. Яғни, биік асқарға бастайтын тар соқпақты белгілеуге міндетті. Мәселен, жазушы болуды арман қылған өспірім күн құрғатпай жазып тұруы қажет. Бальзактың өмірбаянын хатқа түсірген Стефан Цвейгке сенсек, француздың ұлы жазушысы өзі ашқан осы бір ақиқатты ұмытып, жазумен қатар тағы да басқа істерді (антиквариат жинау сияқты) атқарып жүрген жылдары тәуір шығарма тудыра алмаған екен. Шектеулі уақытыңыз бен шақтаулы қуатыңызды бір нәрсеге бағыттауды үйренбесеңіз, сіз де арманды тұғырға шыға алмайсыз, орта жолда барлыға тоқтаған көптің бірі боласыз.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×