Бүгін:

НАҒЫЗ ЛИДЕР КІМ?

12

ДАНИЕЛ ЛЕВИТИННІҢ «THE ORGANIZED MIND» АТТЫ КІТАБЫНАН ҮЗІНДІ

Даниел Левитиннің атаулы еңбегі бестселлер санатында. Түсінікті де. Бүгінгідей екпінді заманда шектеулі уақыттың ішінде қыруар іс бітіруге себі тиетін қандай да кітап бағалы саналады. Ондай кітап үлкен тиражбен шығып, тезінен тарайды, қолдан қолға көшіп, көшелі кісілердің мақтауына ілінеді.

«The Organized Mind» – дерегі бай, мазмұны қорабалы, қалың кітап болғандықтан, кей тұстарына жекелей тоқталып, журналымыздың жалғас сандарында дербес-дербес беріп отырамыз. Таңбалы ретіне емес, мәніне, маңызына қарай жіктеп, кей тарауларын бұрын ұсынамыз. Осы санымызда Даниел Левитиннің лидерлікке қатысты толғамын келтіреміз.

Нағыз лидер кім ?

Қас лидердің кім екендігі турасында әр қилы байып бар. Әр халықтың өзіндік өлшемі, түсінік-пайымы қалыптасқан. Ел билеген Томас Джефферсон да лидер, General Electrics компаниясының тұтқасын ұстаған Джек Уэлч те. Біреу лидер деген жақсы атқа жүрісімен жетсе, біреу тумысымен жеткен. Қарауындағы қауымды біреу қорқытып, бөріктіріп ұстаса, біреу кеңдігімен, кемеңгерлігімен меңгерген. Дейтұрғанмен, қазіргі ғылым нағыз лидер кім деген сұраққа орнықты жауап тапқандай. Осы тарапта бірталай кітап қопарған Автордың айтуынша, бүгінгі лидер – қатардағы қызметкердің өз мүмкіндіктерін жете тануына, оны компанияның мүддесі жолында қалтқысыз қолдануына ұйытқы болатын, жалынды да жылы сөздері көп, көреген кісі. Мұндай басшыға жолыққан адам өзіндегі бүркеулі жатқан қасиеттерді байқап, еппен аршып алады да, фирманың игілігі үшін сарқа жұмсайды.

Десе де, лидердің кемел сыпатын Гарвард психологы Ховард Гарднер берген екен. Оның пайымдауынша, халықтың ақыл-ойына, таным- түсінігіне, талғам-таңдауына ықпал ететін сүбелі туындылар жасаған шығармашылық адамдары да лидер деп аталуға тиіс. Сірә, өлмес мұра қалдырған – Пикассо, Луи Армстронг, Мэри Кури т.т. сынды тұлғалар топ бастамаса да, сол топтың өресін көтеріп, өрісін кеңейтуге айрықша үлес қосқан. Бұлар корпоративтік әлемнен жырақта жүріп, жетістіктің басқа бір жотасына шыққан, жеңістің басқа бір шыңын бағындырған. Экономикалық салмағы кемшін болса да, әлеуметтік маңызы зор құбылыстарға түрткі болған аталмыш адамдар бизнесте бағы көтерілген дәулетті, дүмді кісілерге ұқсамаса да, мүлде бөтен емес.

Әсілі, корпоративтік әлемнің ішінде ойқастап жүрген іскер лидер мен сыртында байқастап жүрген креативті лидердің арасында психологиялық ұқсастық көп. Екеуі де жаңа жағдайға бейімделуге, көлденең проблеманы жан-жақты салмақтауға мейлінше машықты келеді. Ал, мұндай қасиеттер екі түрлі когницияны керек етеді: әлеуметтік интеллект (social intelligence) пен терең әрі иілгіш аналитикалық интеллектіні (deep and flexible analytical intelligence). Тындырымды лидер қайшы көзқарастағы адамдардың пікірлерін қалыптастырған факторлармен етене таныс. Сондықтан, дүрдараз екі топтың тілін оңай табады, орынсыз жерден от шығармаудың жөнін біледі. Алымды лидер мүддесі бөлек кісілерді – жабдықтаушыларды (suppliers), ықтимал дұшпандарды (potential adversaries), бәсекелестерді (competitors) жоба аясында ұйыстырып, қолдаса қимылдауын қамтамассыз ете алады. Енді қараңыз, жоғарыдағының бәрін сәтімен іске асыру үшін лидердің ойы тұнық, тілі жатық болуы керек. Яғни, оқуға ұғымды, жұртқа жұғымды.

Қас лидер қызыл көз бақталастың өзін дос, одақтас көреді. Автордың айтуынша, BMW компаниясының басшысы Норберт Райхофер мен Toyota-ның қожайыны Акио Тойода – бітіспес бәсекелес бола тұра, 2011 жылы экологияға зиянсыз көлік шығару үшін бірлесе жұмыс істеуге келіскен. Стив Джобс пен Билл Гейтс арасындағы үзіліп, қайта жалғанып отырған серіктестік ақырында Apple-ға да, Microsoft-қа да пайдаға
шыққан.

«Соңғы жиырма жыл орайында Америкада орын алған корпоративтік дау-дамайлар қабілетсіз басшылардың қателігінен кез келген компанияның оңай сөгіліп, омақаса құлайтынын көрсетті» – дейді Даниел Левитин. Бұл – жеке басты көп ойлағаннан, ұйымдағы қызметкерлердің тілек-талабын ескермегеннен және компанияның үзақ-мерзімді даму жолын алдын-ала екшеп, сызбағаннан туындайтын белгілі кесел.

Ендеше, өткеннен дұрыс құрытынды шығару, бүгінгі күн орайынан ертеңді тану – басшылардың ісі. Оларға елгезек іскерліктен гөрі, парасат пен көрегендік көбірек қажет. Барар жерін байыптай алмаған басшы ұжымды ұйыстыра алса да, ұшпаққа шығаруы қиын.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×