Бүгін:

МИТТЕЛСТАНД ҮЛГІСІ

Logo_German-Mittelstand

Қазақ «Көп түкірсе – көл» деген. Мағнасын ашып жату қажет емес. Балаға да түсінікті жайт. Жал-жал толқындарын жағаға лақтыратын теңіз де жылғалы өзендерден құралады. Кейінгінің бастауы құрғап, арнасы ортайса, алдыңғының да айбары азайып, дабырасы кемиді. Үлкеннің саулығы кішінің саламатына байланысты деген сөз. Дәп солай ел экономикасы да шағын-шәрке бизнестердің көптігімен, ірілігімен, тірілігімен өлшенетін кездер болады. Қарымы қысқа болса да, алымы артық мұндай компанияларды Алманияда – Миттелстанд деп атайды.

Миттелстанд санатындағы компаниялар орташарқы болғанымен, тамыры тереңде, дауыл тұрғанда, боран соққанда мызғымайды. Соңғы уақытта алыс- жақын жұрттың жаппай қызығып жатқаны содан. Сырына қанығып, құпиясын білгісі келеді. АҚШ пен Ұлыбританиядағы деңгейі жоғары басылымдар Миттелстандардың моделін ертелі-кеш мақтап жатса, Қытай кәсіпкерлері толайымен сатып алуға көшкен. Азиялықтардың ықыласы жойқын екені аңдалады. Өткен жылдың өзінде 36 Миттелстандты құрықтауға жараған. Қанжығада кеткен көп олжаның ішінде Privatbank Hauck & Aufhäuser (200 миллион еуро) және Мюнхендік машина құрастырушы компания – Kraus-Maffei (925 миллион еуро) бар.

«Hidden Champions: Aufbruch nach Globalia» атты кітап жазған Херман Саймонның айтуынша, бүгінде жер әлемде дабырасы аз болса да, қуаты зор 2700 компания бар екен. Оның жарымына жуығы (1300-і) Алманияда. Салғастыру үшін айтайық, байлығы шалқыған Америкада мұндай компаниялар ¬– 360.

Шындап келгенде, Миттелстанд ұғымы біршама кең. Арнаулы алман мекемелері атаулы санатқа жылдық айналымы 50 миллион еуроға жетпейтін ортақолды компанияларды жатқызады. Десе де, басқа бір бағам бойынша, Миттелстанд деген топқа қызметкер саны 20 мен 499 аралығындағы шағын фирмалар кіреді.

Әсілі, халықтың 80 пайызын жұмыспен қамтыған Миттелстандтар машықты мамандардың жетімсіздігінен жарым күшін ғана жұмсап отыр. Ernst &Young-тың зерттеуіне сенсек, күні кеше ғана олардың басым көпшілігі (62 пайызы) қажетті адам таппай, сала-құлаш вакансияларды бос қалдырған. Сәйкесінше, тең жарымы (49 пайызы) салымды келісімдер мен татымды тапсырыстардан бас тартуға мәжбүр болған. Қосымша 326 000 маманға зәру өндіріс орындары 46 миллиард еуролық саудадан қағылып отыр деген дерек бар.

Озық ойлы басылым Der Spiegel тақау төңіректен төгіліп жатқан жүз мыңдаған келімсек Миттелстандтардың бизнесін берекелендіруге тиіс дейді. Өкіметке жалғас Bundesagentur für Arbeit намындағы жұмыс агенттігі де 380 000 босқынды шашау шығармай, Миттелстандтардың бауырына салып беретінін айтады. Әлбетте, бұл бір күннің шаруасы емес. Әуелде машығы кем келімсектерді тиісті дайындықтан өткізіп, неміс тіліне бастықтыру керек. Өкімет тарапынан емеурін болса, Миттелстандтар қажетті қаражатты шығарып беруге тастүйін дайын отыр.

Дүние екі дай болып, толықсып тұрған уақытта Миттелстандтар болашаққа сеніммен қарайды. Неге дейсіз ғой?! Ең үлкен үш себепті келтірейік.

Біріншіден, Миттелстандтарда бірнеше ұрпақ бойы қордаланған бағасыз тәжірибе бар. Атадан балаға өткен үйелмен-негізді бизнестер (family-run businesses) уақыт тезінен өтіп, әбден шыңдалған. Тұғыры тас, ұстыны орнықты. Үлкенді-кішілі дағдарысқа төтеп беретін жете қалыптасқан. Сонымен қатар, олар асықпай-аптықпай, байсалды жылжиды. Тізгін ұстаған бүгінгі ұрпақ байлықты бей-берекет шашпайды. Ұл мен қыздың ғана емес, немере мен шөберенің де сыбағасын ойлайды. Сәйкесінше, ұзақ-мерзімді жобаларға инвестиция жасаудан қорықпайды. Зерттеу мен дамыту (Research and Development) тарабына қомақты ақша құйып, инновацияны құшақ жая қарсылайды. Инвестицияның бір тармағы – клиенттермен жақсы қатынас құруға тырысады. Аралыққа сызат түспес үшін барынша сақ қимылдайды. Бейнелі тілмен айтқанда, жемісін көрмейтінін біле тұра, ағашты молынан егеді. Үйелмен-негізді бизнестердің ең айшықты артықшылығы дер едік.

Екіншіден, Миттелстандтардың басым көпшілігі бір тауар ғана шығарады. Бұл – қарапайым бөлшек, жұпыны техника болғанымен, дүниеде теңдесі жоқ, мейлінше сапалы. Мәселен, Jungbunzlauer CocaCola-ға лимон қышқылын жеткізумен ғана айналысады. Бұл тарапта бәсекелес шақ келтірмейді. Сол сияқты, Tetramin де балық өндірісінде ешкімге дес бермейді. Фармацевтика саласындағы даңғайыр компанияларға қорап (package) шығаратын Uhlmann да озықтардың ішінде Бірінші саналады. Ал, 120 қызметкері, 208 жылдық тарихы бар PWM компаниясының LED дисплэйлері тек жанармай құю станцияларында тұрады. Сондай дәріпті. Айтылмыш Миттелстандтар өздерінің бәсіре индустрияларын анықтап алған да, алға озғындап кеткен.

Үшіншіден, Миттелстандар шулы, дулы қалалардан аулақта, халық жиын отырған елді-мекендерде тамыр жіберген. Төңіректегі мектептер, университеттер көбіне көп Миттелстандардың қажетін өтеуге бейімделген. Түлектер жергілікті компанияға керек болатын машықтарды артығымен үйренеді. Мектеп жасындағы жеткіндер оқу бітірмей жатып, қалаулы Миттелстанд та тәжірибеден өте алады екен. Екі-үш жылға созылатын дайындық кезеңінен соңғы жерде толыққанды жұмысқа тұрады. Мұндай маманға университеттік дипломның қажеті шамалы. Білім-білігі, қабілет-машығы жетімді болған соң, жалақысы да мол кесімді болады.

Миттелстандардың қаншалық беделді екенін Е-коммерция гиганты Amazon мен Алманияның пышақ шығаратын компаниясы – Wusthof арасындағы текетірестен байқауға болады. Айтылмыш фирмалар бір кезде екі жаққа да алапат түсім әкелетін серіктестік орнатуға бекінеді. Алайда, Amazon ежелгі әдетіне басып, Wusthof-қа тауардың нарқын түсіру туралы ұсыныс жібереді. Алман компаниясы бірден шалқалап түседі. Amazon-ның интернет дүкенінде тұрған пышақтарын тезінен алғызып, тізгінді теріске бұрады. Елеусіз Wusthof-тың Amazon сияқты алпауыт компаниямен нығыз сөйлесуі бекер емес. Іргесі 1814 жылы көтерілген Wusthof бәсіре тауарының айрықша сапалы екендігін біледі, сондықтан бағасын кемітуді ойламайды.

Жылдам пайданы көздейтін, қысқа-мерзімді түсімді ойлайтын берекесіз бизнестер көбейген қазіргі толқымалы заманда Миттелстандар дәуірлей береді. Себебі олар ұсақтан ұтпай, ұзақтан күтеді. Зерттеу мен дамыту (R&D) жағын жадағай тастамайды. Үлкенді-кішілі бизнес жобаны тереңнен ойластырады да, ептеп-септеп жүзеге асырады. Бірден байып кетуді жоспарламайды, аз-маз табыс көрсе де, ұзақ уақытқа жалғасқанын қалайды. Сол себепті көлденең бір жетістікке шүбәлана қарайды. Тұрақты түсімді бір сәттік өсімнен артық бағалайды. Миттелстандар қарыз алуды жаман ғадет деп біледі. Егер әлейім-тәлейімде қарызға кіріп кетсе, созғыға түсірмей, тезінен қайтаруға тырысады. Құрығы ұзын банктер мен басқадай қаржы инсититуттарынан алшақ, мейлінше тәуелсіз тұрады. Неміс тіліндегі «schuld» сөзі «қарыз» және «кінә» деген екі түрлі мағына береді. Бекер емес.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×